Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
2. гипоксия-обмен-КЩС, липидный обмен,атероскле...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.66 Mб
Скачать

Семірудің зардаптары

Семіру зат алмасуларының эндокриндік реттелулерінің біршама ауытқуларына әкеледі. Солардың ішінде қанда инсулиннің көбеюі ең жиі байқалады. Өйткені тамақты артық ішуден дамитын гипергликемия ұйқыбезде инсулин өндірілуін арттырады. Гиперинсулинемияның нәтижесінде:

● қанда глюкозаның деңгейі ұзақ азаюынан адамның тәбеті артады;

● инсулинді қабылдайтын жасуша рецепторларының төзімділігін көтереді (былайша айқанда сезімталдығын азайтады); осыдан семіру кезінде инсулинге тәуелсіз қантты диабет дамиды;

● организм деңгейінде аминқышқылдарынан нәруыздар түзілуін арттырады; ол өз алдына артериялардың қабырғасында тегіс салалы ет талшықтарының артық өсіп-өнуіне әкеледі. Содан шеткері қан тамырларының кедергілік қасиеті көтерілуінен артериалық гипертензия дамиды.

Тамақты артық қабылдаудан және организмнің гиподинамиясынан қанда липидтер мен атерогендік липопротеидтердің деңгейі көтеріледі. Содан атеросклероз дамуына қолайлы жағдай пайда болады. Артериалық тамырлардың атеросклерозы шеткері тамырлардың саңылауын тарылтып, артериалық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, мыйдың ишемиялық инсульті дамуына себепкер ықпал болады. Организмде холестерин алмасу қарқыны артады. Холестерин өтпен көптеп шығарылуы нәтижесінде өт қабында тас байлануы болады. Сондықтан семіруді сүлде калькулездік холецистит дамуына әкелетін қауіп-қатерлі факторға жатқызады. Осылармен бірге, семіздік кезінде қан ұюы артып кетуінен тромбоздар дамуына бейімділік болады.

Семіруден алдын-ала сақтандыру мен емдеу тәсілдерінің негіздері

Семіруден алдын-ала сақтану мен емдеу тәсілдерінің негізінде, қоректенудің тәртібін сақтаудың маңызы өте зор. Тамақтың құнарлылығын, ондағы ас тұзын, тәтті және ашты тағамдарды шектеп, бөлшектеп, жиі (күніне 5-6 рет) қоректену қажет. Тамақтың құнарлылығын күн бойына дұрыс бөлу ерекше маңызды. Тамақпен түсетін энергияның 70%-ы күннің бірінші жартысына (ауыз ашар, екінші ауыз ашар, түскі ас) келуі керек, Оның тек 30%-ы түстен кейінгі астануларға (түстен кейінгі, кешкі және жатар алдындағы ас) келгені дұрыс. Жатар алдындағы астану ұйықтардың алдында 2 сағат бұрын болуы қажет. Тамақтанудың осындай тәртібінде организмге тамақпен түсетін энергияның негізгі бөлігі жұмыс уақытындағы кеткен шығынын толтырады да, май түрінде қорға жиналуы азаяды.

Дұрыс қоректенудің негізінде — сапалық құрамы жағынан организмге қажетті мөлшерде нәруыздармен, витаминдермен және микроэлементтермен жабдықталған тамақтану жатады. Тағамда өсімдік және жануарлар майларының арақатынасы 1:2 болуы қажет. Өсімдік майларында көп қанықпаған май қышқылдары басым болуына байланысты организмдегі майлардың ыдырауы күшейеді. Тамақта жеңіл қорытылатын көмірсулары (тәтті және ұннан жасалған тағамдар) өте аз болуы керек.

Сонымен бірге, гиподинамияны шектеу, дене шынықтыру мен спортпен шұғылдану қажет. Семіз адамдарда май алмасуы бұзылуын жөнге келтіру үшін арнайы (тәбетті азайтатын: диетрин, сибутрамин, фепранон, липаза ферментінің бәсеңсіткіші орлистат, қантты алмастыратын аспартам, ксилит, сахарин, сорбит, фруктоза) дәрілер, оның ішінде бүгінгі зерттеліп жатқан лептин, сонымен бірге балық майынан алынған «эйконол» қолданылады. Ол қанда майдың мөлшерін, артериалық қысымды төмендетеді, қанның ұюын ретке келтіреді.

Бұл кезде есте сақтайтын бір жәйт ол біріншілік семіру кезінде артық салмақтан арылу әлі адамның толық сауығуы емес. Бұл кезде көптеген дерттік өзгерістер сақталып қалады және олар әртүрлі бұзылыстарға әкелуі ықтимал. Артық салмақтан арықтаған адамдарда:

● зат алмасуларының бұзылыстары, соның ішінде лептиннің жеткіліксіздігі, содан нейропептид Y ұдайы артық түзілуі сақталып қалады;

● адипоциттер бұрынғыша май қышқылдары мен глицеринге өте үйір болады және оларда липолизден босаған май қышқылдарын қайта әтірлеу жоғары деңгейде болады;

● май тінінде липопротеидлипаза ферментінің белсенділігі көтеріңкі болады;

● тойыну сезімі орталығының серотонинге сезімталдығы төмен болады;

● адипоциттердің β-адреномиметиктерге сезімталдығы аз болады;

● гипоталамустың инсулинге сезімталдығы төмендеген;

● гиперплазиялық және аралас семірулер кездерінде май жасушаларының саны көбейген.

Осыдан артық салмақтан арылған адамдардың қызметтік көрсеткіштері біршама нашарлайды.

√ гипоталамус қалыпты дене салмағын азсынып, арықтауға қарсы жауап қайтарады;

√ гипофизде тиреотропин өндірілуі азаюдан гипотиреоз дамиды. Содан бұндай адамдардың суыққа төзімділігі төмендейді;

√ негізгі алмасу төмендейді;

√ әсіресе әйелдердің жыныстық қабілеті азаяды, етеккір келу оралымының бұзылыстары байқалады. Өйткені адипоциттерде эстрогендер түзілуі азайған;

√ арықтау үшін еркінен тыс қоректену адамның жан-дүниелік күйзелістеріне әкеледі;

√ кейбір адамдарда лейкопения, брадикардия, гипотензия дамиды;

√ қатты арықтаудың нәтижесінде иммунитет әлсіреуі мүмкін.

Осы келтірілгендерге байланысты семірудің бұл түрін емдеу қоректенуді азайту мен емдік гимнастикаларға ғана бағытталып қоймауы керек. Негізгі патогенездік емшаралар организмде лептиннің деңгейін көтеруге бағытталғаны жөн.

Салдарлық семіру кезінде негізгі себепкер ықпалды анықтап, емдеу шараларын сол эндокринопатияны емдеуге бағыттау қажет.