- •Оттегі гомеостазының бұзылыстары
- •Гипоксия
- •Экзогендік (гипоксиялық) гипоксия
- •Эндогендік гипоксиялар
- •Тіндерде оттегінің пайдаланылмауынан дамитын гипоксия
- •Тіндерде қоректік заттардың тотығуы мен фосфорлану үрдістерінің бір-біріне ұласпауынан дамитын гипоксия
- •Гипоксия кезіндегі зат алмасулары мен физиологиялық міндеттемелердің бұзылыстары.
- •Гипероксия
- •Өкпенің газ алмастыру қызметін сипаттайтын қалыпты көрсеткіштер
- •Су мен электролиттер алмасуының бұзылыстары
- •Гипогидратация немесе сусыздану.
- •Гипогидрияны емдеу жолдарының негіздері.
- •Гипергидрия немесе сулану.
- •Гипернатриемия
- •Гипонатриемия
- •Кальций, фосфор, магний иондары алмасуының бұзылыстары
- •Гипокальциемия және гиперкальциемия
- •Фосфор иондары алмасуының бұзылыстары
- •Қышқылдық-сілтілік үйлесімділіктің бұзылыстары
- •Қандағы қышқылдық-сілтілік үйлесімділіктің реттелу жолдары
- •Жасуша ішілік қышқылдық-сілтілік үйлесімділіктің реттелу жолдары
- •Қышқылдық-сілтілік үйлесімділіктің (қсү) артериалық қандағы калыпты көрсеткіштері
- •Қышқылдық-сілтілік үйлесімділіктің бұзылыстары
- •Гиперкапния кезіндегі жүйелердің бұзылыстары
- •Семіздіктің жіктелулері
- •Біріншілік (идиопатиялық) семіру
- •Семірудің зардаптары
- •Гиперлипопротеинемиялар. Атеросклероз
- •Атеросклероз
- •Бауырда бос май қышқылдарынан үшглицеридтер мен бете-липопротеидтер түзілуі
- •Атеросклероздың патогенезі
- •Қан плазмасындағы майлар мен липопротеидтердің алмасулары
Біріншілік (идиопатиялық) семіру
Біріншілік семірудің негізінде липостаздық жүйенің шеткері май тіні мен гипоталамустың арасындағы өзара қатынастардың бұзылуы маңызды орын алады. 1994-жылы Дж. Скотт «тоқтық» жағдайда май жасушалары пептидтік гормон – лептин өндіретінін ашты. Оның жалпы мөлшері организмдегі май тінінің мөлшеріне тікелей байланысты және әйелдерде, еркектерге қарағанда, көбірек болады. Май жасушаларымен лептин өндірілуін инсулин және глюкокортикоидтар (аз мөлшерде) сергітеді. Лептин гипоталамустың вентромедиалдық ядроларына әсер етеді де тойыну сезімін туындатады. Сонымен бірге, ол жылу өндіру орталығын сергітіп, симпато-адренергиялық жүйенің белсенділігін көтереді. Осыдан термогенез артып, норадреналиннің әсерінен май тіндерінің ыдырауы күшейеді. Оның әсерінен негізгі алмасу көтеріліп, оттегіні пайдалану жоғарылайды және липолиздің басқа жолдары да артуы ықтимал. Лептиннің әсерінен аштық сезімінің орталығында (вентролатералдық ядроларда) нейропептид Y өндірілуі азаяды. Бұл нейропептид:
● аштық сезімін туындатып, тәбеттің ашылуына әкеледі;
● кейбір эндокриндік бездердің гипофиз арқылы және гипофизден тыс реттелулеріне қатысады;
● инсулин өндірілуін арттырады;
● тамақ қабылдауға түрткі болады;
● адипоциттерде май жиналуына әкеледі.
Осылай май жасушалары мен гипоталамустың өзара байланыстарымен денедегі май тінінің тұрақтылығы қалыпты мөлшерде ұсталынып тұрады.
Осы жағдайларға байланысты біріншілік семірудің даму патогенезінде май жасушаларында лептиннің жеткіліксіздігі маңызды орын алады-деп тұжырымдауға болады. Оның жеткіліксіздігі гендік ақаулардың нәтижесінде:
● май жасушаларында лептиннің аз түзілуінен;
● гипоталамустың вентромедиалдық ядроларының нейрондарында лептиннің әсерін қабылдайтын рецепторлар болмауынан немесе аз болуынан - байқалады. Соңғысында май тіндері лептинді жеткілікті өндіруіне қарамай оның гипоталамусқа әсері болмайды. Содан гипоталамустың аштық сезімінің орталығы ұдайы нейропептид Y-ді артық өндіреді.
Осыдан адамдардағы идипатиялық (біріншілік) семіру дамуында тұқым қуалаушылықтың маңызды екенін байқауға болады. Біріншілік семіруді, тамақтанудың бұзылыстарымен қабаттасатын, полигендік дерттік жағдайға жатқызады. Ата-анасының біреуінде семіздік болса, онда олардан туған балалардың 56%-ында семіруге бейімдік байқалады. Ал, екі бірдей толық адамдардан туған балалардың 78%-ында артынан семіру пайда болады.
Біріншілік семірудің даму негізінде, тұқым қуалауға бейімділіктің нәтижесінде май жасушаларында лептиннің аз түзілуінің маңызы зор дегенмен де, организмге түсетін энергия мен оның шығындалуының арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына мән бермеуге болмайды. Бұл кезде адипоциттер мен гипоталамустың арасындағы байланыстардың өзгерістерінен, денедегі май тінін жеткіліксіз деп қабылдайтын, дене салмағын орнықтыратын нүкте жоғарылап ығысып кетуі болады. Содан оны нейропептидтік реттеудің жаңа сапалы деңгейіне сәйкес организмге түсетін энергия оның шығындалуынан басым болып кетеді. Энергия шығындалуының азаюы адамның гиподинамиясынан байланысты. Сол себепті адам ішетін тамақты азайтып, қимыл-қозғалысты көбейту арқылы дене салмағын қалыпты мөлшерде ұстап тұра алады. Семіру ішкен тамақтың мөлшерінен ғана емес, оның сапалық құрамынан, қоректену тәртібінен де көп байланысты болады. Тамақтың құрамында нәруыздардың аздығы семіріп кетуге ықпал етеді. Тамақ ішу сирек және бір ішкенде мол болса, олда семіруге әкеледі. Бұл кезде организмдегі инсулиннің деңгейі жоғары деңгейде ұзақ ұсталып тұрады. Тамақты тым кеш, жатар алдында ішуде дененің толуына қауіп төндіреді.
Сонымен сайып келгенде, липостаздық жүйеде гипоталамус, ішек гормондары, бүйрек үсті бездері, ұйқыбездің β-жасушалары және май тіні аралық қатынастарының маңызы өте зор. Олардың өзара әсерлері дене салмағының тұрақтылығын және организмнің метаболизмдік мұқтаждығына сәйкес қоректену тәртібін қамтамасыз етеді.
Салдарлық (екіншілік) семіру
Этиологиясы мен патогенезі. Жүйкелік-эндокриндік бұзылыстардың дамуы нәтижесінде байқалатын семірулерді салдарлық семіру дейді. Қазіргі күні оны май тінінде өндірілетін лептиннің немесе лептинді қабылдайтын гипоталамустағы рецепторлардың жеткіліксіздіктерімен байланысты емес семіру деуге болады. Семірудің бұл түрін:
● гипоталамустық-гипофиздік (орталықтық) семіру
● басқа эндокриндік бездердің қызметтерінің бұзылыстарымен байла- нысты (шеткерілік) семіру – деп ажыратады. Әрине бұлай ажырату шартты түрде ғана дұрыс болады. Өйткені гиперкортицизм кезіндегі семіру әрі орталықтық, әрі шеткерілік бездердің бұзылыстарымен байланысты болады.
Салдарлық семірудің орталықтық түрі гипоталамус пен гипофиздің көптеген бүліністері кездерінде байқалады. Бұл бүліністерге: гипофиздің базофильдік аденомасы (Иценко-Кушинг ауруы), жекеленген гипопитуитаризм, гипофиздік ергежейлілік т.б. көптеген арнайы синдромдар кездеріндегі гипоталамустың вентромедиалдық орталығының жарақаттан, өспе өсуінен, қан құйылуынан, энцефалит дамуынан бүліністерін келтіруге болады.
Салдарлық семірудің шеткерілік түрі: Иценко-Кушинг синдромы, инсулинге тәуелсіз қантты диабет, гипотиреоз, гипогонадизм, инсулинома т.с.с. шеткері бездердің дерттері кездерінде байқалады.
Салдарлық семірудің орталықтық түрін біріншілік семіруден айырып тану қиындыққа ұшырайды. Оларды ажырату үшін науқастың көктамыр ішіне люлиберин енгізіп, сынама өткізеді. Бұл кезде біріншілік семіздігі бар адамдардың 1 литр қанына шаққанда пролактиннің деңгейі жарты сағаттан кейін 200-300 халықаралық өлшемнен астам көтеріледі. Ал, орталықтық салдарлық семіру кезінде енгізілген люлиберинге организм пролактиннің көп өндірілуімен жауап қайтармайды. Көпшілік жағдайда гипоталамустық семіру белгілі мөлшерде гипогонадизммен қабаттасады және бұндай адамдар тамаққа қомағай болып келеді.
Гипоталамустық семірудің кейбір түрлері тым ерекше өтуіне қарай бірнеше аурулардың жекеше түрлерін (синдромдарды) ажыратады.
Прадер-Вилли синдромы. 15-хромосоманың ұзын иығының q12 бөлігі жоғалудан (делециясынан) дамиды. Бұл кезде ауыр семіздік, гипогонадотроптық гипогонадизм, гипотензия, терінің түссізденуі, аяқ-қол ұштарының кішкене болуы, көз қылилығы және омыртқалардың қисаюы т.с.с. белгілер байқалады. Сонымен бірге тамаққа қомағайлық, қантты диабет дамиды. Теріде атрофиялық жолақтар және гинекомастия байқалуы ықтимал.
Лоуренс-Мун-Барде-Бидл синдромы. Бұл синдром кезінде пигменттік ретинопатия, ақыл-естің дамымауы, бас сүйектің бұзылыстары, полидактилия мен синдактилия, инсулинге төзімділік, гипергликемия, гипогонадотроптық гипогонадизм гипоталамустық семірумен қабаттасады. Ол тұқым қуады және аутосомдық-бәсеңкі жолмен ұрпаққа тарайды.
Стюарт-Морганьи-Морель синдромы. Алдыңғы синдромнан бас сүйектің қатты сүйектенуімен және оның қойнауларының бітеліп қалуымен ерекшеленеді. Өйткені оларда аутоиммундық синусит дамиды. Гипоталамус пен гипофиздің бүліністерінен семірумен қатар қантсыз диабет байқалады және қатты бас ауыруы болады. Гипофизде майда аденомалар жиі кездеседі. Бұл синдроммен қыз балалар ауырады және оларда эстрогендер мен андрогендердің деңгейі жоғары болады, май негізінен іште андроидтық түрде жиналады. Бұл синдром кезінде де инсулинге төзімділік және қантты диабет дамиды.
Альстрем синдромы. Аутосомдық-бәсеңкі жолмен ұрпаққа тарайтын тұқым қуатын ауру. Бұл кезде семіру инсулинге тәуелсіз қантты диабетпен, үдемелі нефропатиямен, ауыр пигменттік ретинопатиямен және ерте дамитын кереңдікпен қабаттасады. Ақыл-естің дамымауы және полидактилия бұл синдром кезінде байқалмайды.
Карпентер синдромы. Аутосомдық-бәсеңкі жолмен тарайтын ауру. Бұл кезде семіру ақыл-ес дамуының кешеуілдеуімен және гипогонадизммен қабаттасады.
Бұл келтірілген дерттер өз беттерінше артық тамақ ішпеген және аз қимыл-қозғалыста болмаған адамдарда семіруге сирек әкеледі. Бұлардың ішінде Кушинг синдромы, гипотиреоз, гипогонадизм және гиперинсулинемия жиі семіру туындатады.
