
Болашақ мамандарға кеңес
* «Жұлдыз ауруынан» сақ бол. Бұл бекер сөз емес, сені даусыңнан танып, тікелей эфирде рақмет айтып жататын болса, туған-туыс, дос-жарандарың сенің радиода жұмыс істейтініңді жұртшылыққа құрметпен айтып жүрсе... Мұндай жағдай кез келгеннің басын айналдырып, өз буына өзін мас қылуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда адам өсуден қалады. Сондықтан табысқа қуана біл, бірақ жеткен жетістікті малданба. Ізден, тоқтама, шеберлікті жетілдірудің шегі жоқ.
* Бірден үлкен жобаны немесе радиобағдарламаны қолға алма. Бұған дейін радиода жұмыс істемесең, ондай жұмысты атқарып кетем деу бос әурешілік. Ол үшін радионың ішкі «шеберханасымен» («кухнясы») танысып ал. Оның қалай жұмыс істейтінін, өзіндік иірімдерін, «тілін» меңгер. Ең дұрысы, алдымен диджейліктен баста.
* Өзіңнің ең жақсы, икемді, бейім тұстарыңды, асыл қасиеттеріңді ізде. Бәлкім, сенің дауыс ырғағың ешкімге ұқсамайтын, ерекше шығар. Мүмкін тарихты өте қызықты жеткізе білетін боларсың. Сен өте сезімтал, адамның ішкі көңіл-күйін дөп баса білетін шығарсың. Мүмкін күлкің ешкімге ұқсамайтын өзгеше болар. Даусың адамның ішкі жан сарайына тым жақын тұмба дауыс болар. Әйтеуір кез келген адамның өзіндік ерекшелігі, ешкімге ұқсамайтын жағы болады. Сол өз ерекшелігіңді тауып, өз имиджіңді қалыптастыр. Бірақ ол имидж радиостансаның форматынан ауытқымауы тиіс екенін ұмытпа.
* Жұмысқа жаңа ғана кіріссең, онда өз жазбаларыңды жазып жүруден ерінбе. Бұл өзіңді «сырттан» тыңдап, нені өзгертуге, қай жерді түзету керек екенін білуге, өз жұмысыңды мұнан да қызықты етіп жасауға мүмкіндік береді.
* Сенің эфирдегі бейнең өмірдегі бейнеңе ұқсамай-ақ қойсын. Радионың бір ерекшелігі, сені ешкім көрмейді, сондықтан онда кімнің бейнесінде болсаң да бәрібір. Әрине, нағыз, яғни өз бейнең әйтеуір бір су бетіне қалқып шығуы мүмкін. Сенің образыңды тыңдаушылардың өздері-ақ жасап алады. Мысалы, сен өзіңді эфирде батылмын деп ойлауың мүмкін, ал тыңдарман сені арсыз деп есептейді, даусым жағымды деп ойласаң, тыңдарман тақылдаған біреу деуі мүмкін, т.т.
* Біреулерге қатты ұнауға тырыспа. Егер біреу саған телефон шалып, ұнамайтыныңды айтып жатса, көңіл аударма. Өйткені барлық аудиторияғы жағу мүмкін емес. Тіпті, бір радиостансаның өзінде әр диджейдің өз «тілеулесі», өз «жауы» бар. Әрбір диджейдің ондаған, жүздеген, мыңдаған өз аудиториясы, өз тыңдарманы бар. Сондықтан тым құрығанда бір «тілеулес» тыңдаушың болса, микрофон алдындағы өмірім бос кетпеді деп ойлай бер. Бұл жерде өз басымнан өткен мына жағдайды айтқым келіп отыр. Бір кездері эфирде менің айтып қалған бір сөзім өмірмен қоштасқысы келген біреуді райынан қайтарыпты. Кейінірек ол кіс маған арнайы телефон шалып, рақметін айтты.
Эфирдегі диджейге арналған ереже
* Эфирге дайындықсыз шықпа. Менен көбіне «айтарыңызды алдын ала жазып аласыз ба?» деп сұрайды. «Суырып салып айтқан кез келген сөз жақсы, егер ол алдын ала дайындалған болса» деп жауап беремін оларға. Жүргізетін бағдарламаңа дайындалу үшін осы тақырып төңірегінде соңғы жаңалықтарды, қызықты фактілерді, цитата, афоризмдерді қарап, көріп, жазып ал. Ол эфирге шыққанда сенің басты көзірің болады. Ойыңды толықтырады, «багажыңды» кеңейтеді, ой-өрісіңді арттырады. Дайын адам – эфирдің гүлі, жұрт сонда ғана сені қызығып тыңдайды. «Көргенімді ғана айтамын» деген бұл жерде жүрмейді.
Әрбір әннен кейін де не айтатыныңды ойлап отыр. Радиода жұмыс істеген алғашқы кездері әрбір ән арасындағы мәтінді жазып жүр. Кейінірек оның көмегі көп болады. Онда сен не айтып, не қою керек екеніне бас ауыртып жатпайсың, «сайрап» тұратын боласың. Аузыңа сөздің өзі құйылып келіп тұрады. Мұны «кәсіпқойлық» дейді.
* Қызқа әрі қызықты етіп сөйле. «Қысқалық – таланттың сіңлісі» деген Чеховтың сөзі бар. Сол шын. Сенің бір жақсы ән тыңдағың келіп отыр, ал жүргізуші бір сөзді мыжып, ұзақ сөйлеп тұрып алады. Біресе ананы, біресе мынаны айтып. Сен осындайда қандай күйде боласың: әрине, «тез бітірсе екен, не деген мылжың еді?» деп өз-өзіңнен күйінесің. Диджей 20-30 секундтан артық сөйлемеуге тиіс. Тіпті, 30 секундтың өзі тым көп. Әрбір мәтінді алдын ала жазып, дайындалып жүру туралы неге қайта-қайта ескертіп отырмыз, эфирде лағып кетпес үшін.
* Микрофон алдында не айту керек екенін білмей немесе ұмытып қалсаң, өшіріп таста. Бостекі сөз эфирді лайлайды. Егер айтатының болмаса, одан да музыка қой. Ел музыка тыңдасын. Сенің «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп айналсоқтатқан бос сөзіңнен гөрі ол әлдеқайда тиімді.
* Күліп отырып, жанып, жандырып сөйлеңіз. Микрофон эмоцияны «жеп» қояды. Сондай жақсы, керемет тың сөйлеп тұрмын десең де, эфирдегі үнің міңгірлеп, бірсарынды (монотонды) болып шығуы мүмкін. Сондықтан барынша «тірі», жанды, барыңды салып сөйлеуге тырысу керек. Ол үшін өз даусыңды эфирден тыңдап көр. Сонда ғана өзіңе не жетіспейтінін: қай жерің артық, қай жерің тыртық болып шыққанын біле қоясың. Қысқасы, эфирде эмоцияңды екі еселеуге тырыс.
Дауысты жандандыратын басты құрал – езу тарту. Екі езуіңді екі құлағыңа жеткізіп өзіңше мәз бол. Қуан, көңіл-күйің тым көтеріңкі болсын. Бәрібір сені ешкім көріп тұрған жоқ. Есесіне сен жүргізген бағдарлама көңілді әрі шын жүректен шыққан дүние болады.
* Эфирдегі күлкі жақсы, бірақ жақсының да шегі болады. Эфирде күл, бірақ күлкіңнің қысқа болғаны жөн. Егер күлкіңнің өте әсерлі екенін білсең, оны пайдаланып қал. Ал нашар болса, күлу деген ұғымды ұмыт. Эфирде күлкілі жағдайлар көп кездеседі: адамның күлкілі аты-жөні, кейде әріптестерің әзіл тастайды, өзің қателесіп кетесің дегендей. Күл, бірақ уақтысында тоқтай біл. Өзің көп күлетін адам болсаң, тіпті, абай бол мұндайда. Басшың қалжыңды түсінбейтін біреу болс ше?!. Микрофонды өшір де күл. Сосын қанша күлсең де өз еркің.
* Кетіп бара жатып микрофонды өшіруді ұмытпа. Жаңа бастаушылардың жиі жіберетін қателігі осы. Ең қауіптісі, ашық қалған микрофон арқылы эфирге талай нәрсе шығып кетуі мүмкін.
* Диджейдің қалжыңы түсінікті болуға тиіс. Нағыз қалжың сол, оны айтқан диджей емес, тыңдап отырған көпшілік күлетін болуы керек.
* Эфирдегі олқылыққа қайта соқпаңыз. Эфирде бәрі болуы мүмкін: ән шырқалмай, әуеде қалықтап тұрып қалады, журналист ықылық атады, тіпті, диджейдің өзі қателесіп кетеді. Бұл мәселеге қайта оралма, кешірім де сұрама, ақталма да. Көпшілік оны байқамай да қалуы мүмкін. Ал кешірім сұрау, ақталу арқылы сен тыңдарманның есіне сол бір күңгірт тұсты қайта саласың. Одан да түк болмағандай, ары қарай жалғастыра жөнел.
* Эфирде өткен шақ деген болмайды. Эфирде бірнеше минут бұрын болған нәрсені еске салудың қажеті жоқ. Оны ешкім есіне алмайды әрі ондай ұмтылыс тыңдаушының ашуына тиеді.
* Эфирда «жабық» тақырып жоқ. Жалпы, радиостансада ондай тақырып болғанның өзінде оның есігін ашқан күні-ақ есіңе салады. Негізінен қай жерде болса да диджейлер саясат, экономика, соғыс, лаңкестік іс-әрекеттер, ұлттық, нәсілдік мәселелер, дін, сексуалдық бағыттар туралы әңгіме қозғай қоймайды. Бұл тақырыптар тек жаңалықтар мен бадарламаларда айтылады. Диджейдің ол тақырыптарға баруға құқы да жоқ (басшылардың кейбір тапсырыстары болмаса). Диджей осы мәселелер төңірегінде қойылған сұрақтарды айналып өтуге құқы бар. Ал енді боқтық пен балағат сөздер өз-өзінен эфирде айтылмауға тиіс, этикет солай. Тыңдарман да, диджей де бұл жағдайдан аттап өте алмайды.