Радионың тілі туралы.
* Радионың мәнерлеу құралы – сөз, әуен, шу, монтаж. Мұнда басты қызмет ететін – сөз. Қалғандары толықтырушы.
* Қазіргі кездегі ең негізгі сөйлеу формасы ол – монолог. Бұл, біріншіден, өз-өзіңмен сөйлесу. Әңгімелесушінің реакциясына бағытталмайды. Бірақ радиодағы монологтың қашанда нақты адресі бар, оның мақсаты – аудиторияға ықпал ету. Радиосөздің басты мақсаты да осы.
* Жүргізуші кез келген уақытта белгілі бір адамға қарап сөйлейді. Сондықтан ол сол адамның тілінде сөйлеуі керек. Радиотілі газеттің де, кітаптың да тіліне ұқсамайды. Ол – ауызекі сөйлеу тілі. Ол өте қарапайым, онда күрделі сөздер мен сөз тіркестері, сөз орамдары жоқ. Сондықтан да ол қарапайым адамға жақын, түсінікті.
Сонымен, радиотілі дегеніміз не? Ол:
Біріншіден, қарапайым, түсінікті, қысқа да нақты. Радиодағы сөз белгілі бір адамға, тыңдаушыға арналса да, ол барлық аудиторияға жақын болуы тиіс. Сондықтан микрофон алдында күрделі сөйлеп, көп ақыл айтатын жүргізушіге қарағанда, тыңдаушыға түсінікті, жарқын, қысқа сөйлейтін жүргізуші тартымды көрінеді. Қысқа сөйлеу жақсы ойды қырқып, жүнін жұлған тауықтай ету емес, елге түсінікті, санасына жетімді ете түсу. Мысалы, «сәлеметсіз бе?» дегеннен гөрі «сәлем, қалайсың?» деген әлдеқайда жетімділеу, жұртқа жақындау ма. Әрине, жұртқа жетімді етем деп сөзді тым жұпыны етіп жіберуге де болмас.
Екіншіден, радиотілі образды (бейнелі) болуға тиіс. Өйткені сені тыңдаушы көрмейді, ым-дымыңды, мимикаңды байқамайды, тек даусыңа, жүргізушілік шеберлігіңе қарап қана бағалайды. Осы жетіспеушіліктің орнын толтыру үшін бейнелі сөйлеудің, ойды астарлы етіп жеткізудің мәні зор. Сөз мәтіні тыңдаушының эмоциясын, ассоциациясын туғызуы тиіс. Ішкі жан-дүниесін ақтарып, сезімін «сергелдеңге» түсіруге тиіс.
Үшіншіден, жүргізушінің (журналист, диджей) жеке тұлғасы, оның сөйлеу ерекшелігі. Өйткені әр адам бір мәтінді түрліше оқып, тыңдаушыға түрліше жеткізуі мүмкін.
Төртіншіден, сауаттылық. Жазылған мәтінді түзеу оңай, ал ауызекі тілде қате сөйлесең, оны қайта жөндеймін деу бекершілік. Мұндайда тыңдарманның саған қарап бой түзейтінін ұмытпау керек.
Радионың форматы (пішімі) туралы
* Кез келген радиостансаның өз форматы бар. Формат ол – радиостанцияның бет-пішіні, кескіні, мазмұны. Әр радиостансаның өз тыңдаушысы бар, формат сол тыңдаушыны өзіне тарту, қызықтыруға бағытталады. Егер «орта» тыңдарман (басым бөлігі солар) өзгерсе, формат та өзгереді. Сондықтан кез келген «ақылды» радиостанса тыңдарманның жеке өзінің, оның қызығушылығы мен ықыласының өзгеруін ұдайы анықтап отыру мақсатында маркетингтік зерттеу жүргізеді.
Форматтың құрамы:
- аудитория (орта тыңдаушы – оның жасы, жынысы, қызығушылығы, әлеуметтік, отбасылық жағдайы және т.б.);
- музыка (әуен, жанры, орындаушы, әннің тілі, стилі, бағыты, бағдарламаны әуенмен ресімдеу, имидждік бейне (отбивка) – музыкалық қысқа қайырым (уақыттан ұту үшін), жаңалық берерде, айдардың немесе бағдарламаның атауын айтар, т.т. кезде беріледі);
- жаңалықтар (шығу уақыты, тілі, ақпаратты іріктеу жән үйлестіру, беру);
- дауыстар (журналистер, диджейлер, бағдарлама жүргізушілер. Тембр (ырғақ), темп (екпін), интонация (бұл да – ырғақ);
- бағдарламалар (жанрлары, тақырыптары, шығу уақыты, ұзақтығы, мақсаты, міндеті);
- беру (ақпаратты берудің формасы, мәнері, стилі);
- аумағы (Республика, облыс, қала, ауыл).
