
Радиожурналистиканың қыр-сыры Радиода жұмыс істеудің плюсы мен минусы
* Қазіргі радиода, әсіресе, жеке қолдағы радиода, ақпарттық бағдарламалардан (талдау, әлеуметтік мәселелер, т.т. өте аз) гөрі ойын-сауық бағдарламалары (сәлем айту, ән-жырға тапсырыс беру, анекдот айту, сұрақ-жауап қою арқылы сыйлыққа ие болу, т.т.) басымдау. Аудитория солай. Рейтинг аудиторияның санына орай қойылады. Жеке болған соң ол радио нарыққа бейім, жарнамаға сүйенеді. Мұның бәрі, әрине, сұранысқа байланысты. Радиода мұндай ток-шоулар, ойын-сауық бағдарламары бар болса, оны тыңдайтын құлақ аз болмағаны ғой. Ең бастысы, мұндай бағдарламалар елге жақсы көңіл-күй сыйлайды, эмоционалдық әсер береді. Көңіл көтереді. Ендеше мұның пайдасы бар деген сөз ғой, бұл – уақыт талабы.
* Телевидение мен мерзімдік басылымнан гөрі радиоға арнап кадр даярлау әлдеқайда күрделілеу. Бұл, енді – минус. Себебі, біріншіден, радиостанса шағын (бар болғаны оншақты адам), бос орын аз. Екіншіден, онда стажировка мен өндірістік тәжірибеден өткізу өте қиын. Студент немесе жас журналист үшін хабар жүргізуге, микрофонда отырып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік бола бермейді. Ол орындар, негізінен, қызметкерлердің өздерінен босай қоймайды.
* Радиожурналист болу үшін арнайы білім соншама қажет те емес. Бұл, енді, жағымды жағы. Сенің жасыңа да, мамандығыңа да, біліміңе де қарамайды. Ең бастысы, сенің даусың. Ал қалғаны, техниканың ісі: ізден, үйрен, радиожурналистиканың қыр-сырын меңгер.
* Өзге БАҚ-тарға қарағанда радио өте шұғыл, тез, жедел хабар тарата алады. Ақпаратты дайындау және беру уақыты өте қысқа. Көп уақыт алмайды. Тыңдаушыға тез жетеді әрі қолжетімді, уақыт талғамайды: мейлі жолда бол, үйде отыр, офисте жүр, демалысқа шығып кет, кез келген уақытта, кез келген жерде радио қасыңда, жат та тыңдай бер. Жат дегенде, оны отырып та, тұрып та, жүріп бара жатып та тыңдауға болады дегеніміз. Алайда интернет те оны ептеп ығыстырып бара жатқан сыңайлы. Дегенмен интернетке арнайы желі керек, ал радиоға толқын, яғни жиілік болса болды.
* Радионың жұмыстары, негізінен студияда атқарылады (радиорепортаж, кейбір барып жазатын акциялар болмаса, олар өте аз).
* Радиода сыртқы бейне: киім-киіс, жүріс-тұрыс, күй талғау деген мүлде жоқ. Ешқандай комплекс керек емес, отыр да жұмысыңды істей бер, сені ешкім көрмейді. Тіпті, мұнда директорды да жиі көрмейсің. Оның түрін мүлде білмейтіндер де бар. Бірақ бір жаман жері, әбден отырып үйренген адамның жүргісі келмей қалатын кезі де болады.
* Радио акустикаға байланған. Мұнда негізгі мәселе – дауыс. Адамның бетбейнесін көрмейсің. Көру қабілеті азаяды, оны сырттан толтыруға тырысасың. Бір қызығы, радио арқылы адамдармен жанды қатынас жасайсың, тонның ішкі бауындай болып, сырласасың, қан-жының араласады, эмоционалдық байлыққа бөленесің.
* Радио бір сәттік. Басқа БАҚ секілді қайта оқып, қайта көре алмайсың. Айтты – кетті. Радионың мұрағатын ұзақ сақтау мүмкін емес. Бірақ сенің сөзің жанды әрі жұртқа тым жақын. Бұл, енді, плюс жағы.
* Радиодағы хабар жүргізушінің образын ашатын мүмкіндіктері:
- дауыс (тембр (ырғақ), темп (екпін), интоннация);
- мазмұн (айтатын сөздің мазмұны);
- тіл (сөз орамы, сленг);
- арақашықтық (дистанция, тыңдаушыға қатысты қандай позиция ұстайды);
- харизма (тұлғалық ерекшеліктері).
Байқаған шығарсыздар, бұл жерде мазмұн бірінші орында тұрған жоқ. Ендеше радиода не айтылғаннан гөрі қалай айтылғаны маңыздылау.