Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Казахский учебник.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
753.66 Кб
Скачать

Жүн және одан жасалатын бұйымдар

Жүн – мал терісінің түгі. Жүннен жіп иіреді, мата тоқиды, ол матадан түрлі киімдер тігеді, алаша тоқиды, киіз басады, т.б. бұйымдар жасайды. Елімізде өндірілетін барлық жүннің 90-99 % – қой жүні. Ол түбіттен, қылшықтан, құрғақ және өлі талшықтардан тұрады. Жүн биязы жүн, қылшықты және жартылай қылшықты болып бөлінеді. Биязы жүннен жоғары сапалы көйлектік, костюмдік және пальтолық маталар тоқылады. Қазақстанда биязы жүнді қой тұқымдарынан өндіріледі. Биязы жүннен тоқыма және шұға тоқылады. Республикада мұндай жүн дегерес, цигай, кросебрд қойларынан алынады. Жартылай қылшықты жүннен кілем, киіз тоқылады. Жартылай қылшықты жүнді қойларды Ақтөбе және Қарғалыда өсіреді. Қылшық жүн қаракөл, елібай қойларынан алынады.

Жүн – қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізаттың бірі және ең бастысы. Материалды терең зерттеп, оның бар сырын, бар мүмкіндіктерін аша білу – қолөнері үшін маңызды жайт. Халық шеберлері материалдың табиғи қасиетіне зер салып, оны өңдеуде техникалық тәсілін барынша тиімді және күнделікті тұрмысқа ең қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әсемдік, әдемілік дүниесіне де көңіл бөле білді.

Халқымыздың қолөнерінде мал жүнін пайдалануының табиғи негізі ғасырлар бойы мал шаруашылығымен шұғылдануы болды. Өйткені көшпенді тұрмыс қажетін өтейтін өнімдерге мұқтаж еді. Жүннен жасалған бұйымдар мықты, шыдамды, тұрмысқа қолайлы, денсаулыққа пайдалы (суықтан, ызғардан, күн көзінен қорғайды), алып жүруге жеңіл. Бұл өнімдер тұрмыс тәжірибесі барысында сараланып, дамып отырды. Осы негізде пайдаланылған баспана, төсеніш, үй жабдығына қажетті заттарды көліктерге (атқа, түйеге) артып-тартуға, беріктеу, сәндеу, мініс көліктерін, сауын малын, төлдерін қолда ұстау, жұмысқа жегуге арқан-жіп, бау-шу, ноқта сияқтылардың да алуан түрі жасалынды. Жүннен киіз басылып, үй жабылды. Текемет, сырмақ сияқты төсеніштер мен қабырғалық дорбалар, мүліктердің қабы – барлығы дерлік киізден жасалды.

  • Жүннің қандай түрлері бар?

  • Олардан қандай бұйымдар жасалады?

  • Халық шеберлері материалды таңдағанда неге көңіл аударған?

  • Жүннен жасалған бұйымдардың қандай артықшылығы бар?

  • Жүннен тігілетін қандай киімдерді білесіз?

  • Табиғи талшықтан жасалған киімді ұнатасыз ба, әлде аралас талшықтан жасалған киімді ұнатасыз ба? Неліктен?

  • Мәтіннің жоспарын құрастырып, жоспар бойынша мәтінді мазмұндап беріңіз.

4-тапсырма. Берілген сөйлемдерді толықтырыңыз (мәтін бойынша).

1) Жүн – қазақ қолөнерінде пайдаланылған ... ... бірі. 2) Елімізде ... барлық жүннің тоқсан пайызы – қой жүні. 3) ... жүннен жоғары сапалы маталар тоқылады. 4) Жартылай ... жүннен кілем, киіз тоқылады. 5) Халық шеберлері материалдың ... қасиетіне зер салған. 6) Халқымыз ғасырлар бойы ... шұғылданды. 7) Жүннен жасалған ... суықтан, ызғардан, күн көзінен қорғайды. 8) Бұл өнімдер ... тәжірибесі барысында сараланып, дамып отырды. 9) Материалды ... зерттеп, оның бар ... аша білу – қолөнері үшін маңызды жайт. 10) Өйткені ... тұрмыс қажетіне өтейтін өнімдерге мұқтаж еді.

5-тапсырма. Берілген екі жай сөйлемнен әр түрлі себеп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем құраңыз.

1) Халқымыз ғасырлар бойы мал шаруашылығымен шұғылданды. Қолөнерінде мал жүнін пайдаланды. 2) Жүннен жасалған бұйымдар мықты, шыдамды, денсаулыққа пайдалы болды. Көшпенділер одан тұрмыс қажетіне өтейтін өнімдерге жасады. 3) Халық шеберлері материалдың табиғи қасиетіне ерекше көңіл бөлді. Оның бар сырын, бар мүмкіндіктерін аша білді. 4) Жүннен жасалған бұйымдар суықтан, ызғардан, күн көзінен қорғайды. Жүннен киіз басылып, үй жабылды. 5) Биязы жүн нәзік, жіңішке, жұмсақ болады. Одан жоғары сапалы көйлектік, костюмдік маталар тоқылады. 6) Жартылай қылшықты жүнді қойларды Ақтөбе облысында өсіреді. Қалада жүн өңдейтін киіз фабрикасы жұмыс істейді. 7) Жүннен жасалған өнімдер тұрмыс тәжірибесі барысында сараланып, дамып отырды. Осы негізде пайдаланылған баспана, төсеніш, үй жабдығына қажетті заттардың алуан түрі жасалынды.

6-тапсырма. Сұқбатты толықтырып, үлгі бойынша диалог құраңыз.

– ... ... ?

– Жүннен нымша, қолғап, бөкебай сияқты бұйымдар жасайды.

– Иә, естігенім бар. Бірақ ... ... .

– Ендеше тыңда. ... дегеніміз кеудеге киетін жеңсіз киім, кеудеше. Оны кейде көкірекше деп те атайды. Қолғап дегеніміз қолымызды ... қорғайтын бұйым. Ол ... ... жасалады. Ал ... дегеніміз жұмсақ жүннен, түбіттен тоқылған орамал, шәлі.

– Саған көп рахмет. Мен біраз пайдалы ақпарат алдым.

– Оқасы жоқ. ... ... ?

– Әрине ұнатамын. Жүн – табиғи талшық қой. Одан жасалған ... өте әдемі. Мысалы еденге төсейтін ..., түрлі төсеніштер, көрпе, жүн матадан тігілген ... өте қызықтырады.

– Мен саған тағы бір қызық нәрсе айтайын. Біздің бөлмеде Шымкенттен келген ... тұрады. Олардың айтуынша, Шымкент жақта әр отбасы жаз бойы 15-20 кілем ... екен.

– Қандай ... . Өзің жасаған ... сондай әдемі де ыстық емес пе?

– Жарайды, екеуіміз бүгін біраз жақсы ... . Келесі жолы тағы да осындай ... нәрселер болса, айтармын.

7-тапсырма. Киіз үйге байланысты тұрақты сөз тіркестерімен танысып, оларды есте сақтандыр.

1) Киіз үй әбзелдерінің (снаряжение) ішінде «шаңырақ» сөзі – ең қасиетті сөз. Олар мынадай мағынада қолданылады:

шаңырағың биік болсын – дос-құрбыңның алды бол

шаңырағың шайқалмасын – тату-тәтті, берік отбасы болыңдар

бір шаңырақтың астында өмір сүріңдер! – бір үйде тұрыңдар

алтын шаңырақ – отан, туған жер

қара шаңырақ – ата-баба тұрған үй

шаңырағы құлады – үйге ие болатын адам қалмады

шаңырағы ортасына түсті – үй-жайы ыдырады, құлады

шаңыраққа қара – өз үйің емес, бөтен үй, байқап сөйле

шаңырақ көтерді – (әйел алып, өз алдына үй болды, отбасын құрды.

2) Киіз үйдің екінші бір әбзелі – «босаға» сөзі де – киелі сөз.

қос босағаң берік болсын – берік отбасы болыңдар

босаға аттау (ақ босаға аттау) – ең алғаш келін болып түсу

босағасын аттап көрмеу – еш уақытта үйіне бармау.

босағасында жүру – кісі үйінде жалшылықта жүру.

босағасы үңірейіп қалды – орны үңірейіп бос қалу, үй иесінің жоқ екені көрініп тұру.

1. Себеп бағыныңқылы сабақтастың аудармасын табыңыз: «Так как последнего урока не было, мы пошли в библиотеку»

А) Көктем келіп, күн жылынды

В) Соңғы сабақ болмағандықтан, біз кітапханаға бардық

С) Әкесі қатыгез болғанмен, шешесі өте мейірімді адам еді

Д) Мен келгенше, сен ешқайда кетпе

Е) Баласы жақсы оқысын деп, әкесі көп оқулық әкеліп берді

2. Себеп бағыныңқылы сабақтас сөйлемді табыңыз

А) Ол кеткелі, біз оны көрмедік

В) Дала салқын болғанмен, үй іші жылы

С) Ел сүйсінетіндей етіп, ол керемет ән салды

Д) Сен көмектессең, біз жұмысты тез бітіреміз

Е) Уақытым болмағандықтан, қонаққа бармадым

3. Себеп бағыныңқы сабақтастың сұрағын табыңыз

А) қашаннан бері

В) қайдан

С) не себепті

Д) қайда

Е) қанша

4. Себеп бағыныңқылы сабақтасқа жатпайтын сөйлемді табыңыз

А) Ол бұрын бізде болған соң, бүгін үйімізді тез тапты

В) Ол бізде бұрын болмаса да, бүгін басқаларға жол көрсетті

С) Ол бұрын бізде болмаған себепті, жолда адасып кетіпті

Д) Ол үйімізге алғаш рет келгендіктен, өзін ыңғайсыз сезініп отыр

Е) Ол бізді жақсы танымаған соң, қонаққа келмеді

5. Себеп бағыныңқылы сабақтас сөйлемді дұрыс аяқтаңыз: «Табиғи мата болмаған себепті, ...»

А) іске бірден кірісіп кеттім

В) ыстық шай іштім

С) барлығының көңілі орнына түсті

Д) көйлекті жасанды матадан тігуге тура келді

Е) автобусқа отырдым

СОӨЖ: Киіз үй

Киіз үй Орталық және Орта Азия көшпенділерінің негізгі баспанасы болған. Ол тез жығып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықты, жазда ауасы таза, салқын. Қыста қазақтар киіз үйдің сыртқы киіздерін қос қабаттап жауып, қыстап шыға береді. Киіз үй ұйытқып, қатты соққан дауылға жығылмайды, нөсерлеп жауған жаңбырдың суын өткізбейді. Халқымыз 18 ғасырдың екінші жартысында ғана балшықтан, шымнан қыстық үй (қыстау) сала бастағанымен, киіз үй осы күнге дейін бірге жасасып келе жатыр.

Киіз үй қола дәуірінде пайда болып (б.з.д. 3 мың жыл бұрын), біздің заманымыздан бұрынғы VII ғасырда киіз басу белгілі бір еңбек кәсібіне айналды. Киіз үйдің сол кезден бастап кең таралғанын сол заманда тасқа түсірілген суреттерден айқын байқауға болады. Ол суреттер Гоби Алтайынан, Сібірдегі Баярқия тасынан, Қырымнан табылған. Көшпелі скифтердің киіз үйде тұратынын алғаш рет ертедегі грек тарихшылары Герадот, Страбон, т.б. жазды.

Қазақтың киіз үйі ішкі сүйегі (ағашы), сыртқы жамылғышына (киізі) қарай 4 қанат, 6 қанат, 8 қанат, 12 қанат болып бөлінеді. Киіз үйді тігушінің әл-ауқатына қарай «ақ орда», «алтын орда», «хан орда», «қараша үй», «қара лашық», «абылайша», «жолым үй» сияқты үйлер тігілген.

Киіз үйдің сүйегі (ағаш жабдықтары): кереге, уық, шаңырақ, маңдайша, табалдырық, сықырлауық (жарма есік), босаға, бақан (шаңырақты көтеретін ағаш). Киіз үйдің сыртқы киіздері: туырлық, үзік, түндік, іргелік, киіз есік. Киіз үйдің баулары: құр, басқұр, уық бау, аспа бау, жел бау, түндік бау. Баулар тоқылған, есілген түрлі түсті жіптерден жасалып, киіз үйге сән беріп тұрады. Киіз үйдің дәл ортасында тамақ пісіру, шай қайнатуға арналған темір ошақ, мосы (үш аяқты таған) болады.

Киіз үйдің безендірілуі: оң жақта ағаш төсек тұрады, оның үстіне төсек-орын, көрпе-жастықтар жиналады. Төсектің тұсына тұскиіз, алдына шымылдық ілінеді. Сол жаққа жүқаяқ қойылып, оның үстіне абдыра, абдыраның үстіне қонақтарға, бала-шағаға арналған көрпе-жастықтар жиналады. Киіз үйдің төменгі жағына азық-түлік салатын кебеже қойылады. Ал ыдыс-аяқ салатын аяққап керегенің басына ілінеді. Сол бұрышқа саба қойылады. Бұлардың бәрі тоқылған шимен қоршалып қойылады.

Міне халқымыз ғасырлар бойы киіз үйдің әбзелдерін жетілдіре отырып, осындай үйде тұрып, сән-салтанат құрған.

Мәтін бойынша орындалатын тапсырмалар:

  • Киіз үй неліктен ыңғайлы баспана болып есептеледі?

  • Киіз үй иесінің әл-ауқатына қарай қандай түрлері болады?

  • Киіз үйдің сүйегіне не жатады?

  • Мәтін бойынша жоспар құрастырыңыз.

  • Жоспар бойынша мәтіннің мазмұнын айтып беріңіз.

  • Екеуара сұқбат құрастырыңыз.

  • Мәтіндегі сөйлемдерді пайдалана отырып, себеп бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем құрастырыңыз.

СӨЖ: Тақырыпқа байланысты тұсаукесер ұйымдастырыңыз.

14-тақырып

Грамматика: Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем.

Лексика : Тоқыма өнеркәсібінің даму тарихы.

Құрамындағы бағыныңқы сыңар басыңқыда айтылған ойдың мақсатын білдіретін сабақтастың түрін мақсат бағыныңқылы сабақтас (СПП с придаточным цели) құрмалас сөйлем дейміз.