Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Казахский учебник.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
753.66 Кб
Скачать

А.С.Сағымова, м.Н.Жакипова, ә.Ж.Баялиева, г.Ә.Имаханова, б.С.Бөпішева

КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІ

«Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы», «Тоқыма бұйымдарын жобалау технологиясы», «Дизайн» мамандықтарына арналған оқу құралы Алматы

2010

УДК 811.512.122 (075.8)

ББК 81.2 Каз - 923

Т 38

Пікір жазғандар:

Нұржасарова М.Ә., техника ғылымдарының докторы, профессор

Канафина Ф.Қ., филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Т 38 Техникалық жоғары оқу орындарының «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы», «Тоқыма бұйымдарын жобалау технологиясы», «Дизайн» мамандықтарына арналған “Кәсіби қазақ тілі”: Оқу құралы /Құрастырғандар: Сағымова А.С., Баялиева Ә.Ж., Жакипова М.Н., Имаханова Г.Ә., Бөпішева Б.С./ - Алматы: АТУ, 2010. - 93 б.

ISBN 978-601-263-067-1

Қазақ тілінен ұсынылып отырған бұл оқу құралы техникалық жоғары оқу орындарының «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы», «Тоқыма бұйымдарын жобалау технологиясы», «Дизайн» мамандықтарында оқитын студенттерді кәсіби деңгейде оқытуға арналған. Аталған оқу құралында қазақ тілі грамматикасының барлық саласы қамтылып, тапсырмалар мамандық деңгейіне сәйкестендіріліп құрастырылған.

ББК 81.2 Каз - 923

Алматы технологиялық университетінің оқу-әдістемелік секциясы

Басуға ұсынған

ISBN 978-601-263-067-1

© Сағымова А.С., Баялиева Ә.Ж., Жакипова М.Н.,

Имаханова Г.Ә., Бөпішева Б.С., 2010

АЛҒЫ СӨЗ

Қазіргі үш тұғырлы тіл саясатының астарында ана тілімізді мемлекеттік тіл ретінде ғана емес ұлтаралық және халықаралық тіл дәрежесіне көтеру міндеті тұр. Тіліміздің дамуы өзге тілдер көлеңкесінде қалып қоймай қарыштап дамып, барлық сауатты адамдардан бастап, білікті мамандар тіліне айналдыру міндеті түрлі салада мамандар дайындайтын еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының басты қызметі мен парызына айналып отыр.

Ұсынылып отырған оқу құралының басты мақсаты – қазақ тілін жоғары оқу орындарының техникалық мамандықтарында, орыс тілді аудиторияларда оқитын студенттерге кәсіби деңгейде оқытып-үйрету.

“Қазақ тілі” оқу құралының құрылымы 2 блоктан, 4 модульден тұрады. Блоктар мен модульдер арасында тақырыптық үндестік, мазмұндық жалғастық бар. Тіл білімінің грамматика саласы тілді сауатты үйренуге, ал лексика саласы тіл байлығын жетілдіруге қызмет ететіндіктен, осы қос сала “Қазақ тілі” оқу құралында бір арнаға тоғысқан.

“Қазақ тілі” атты оқу құралының басты ерекшелігі - техникалық мамандықтар бойынша кәсіби тілді үйретуі. Басты бағыт – сөйлеудің ең қарапайым түрінен күрделіге жету жолдары, яғни дайын үлгідегі жекелеген сөздер мен сөз тіркестері арқылы ойын айтудан бастап, өзі мәтін құрып, өз сөзімен белгілі тақырыпты кеңейтіп, дамыта айтуға дейін жеткізу. Кәсіби деңгейде оқытудың принципі – тілдік материалдарды кәдімгі өмір шындығындағы жағдайлардың негізінде ұйымдастырып қолдану.

Алматы технологиялық университетінде қазақ тілі кредиттік жүйе бойынша 6 кредит оқытылады. Сондықтан оқу құралының құрылымында бір курстың толық бағдарламасы барлық қажетті мәтіндер мен тапсырмалар және өзін-өзі тексеру тестерімен, сұрақтарымен топтастырылып, мәтіндер Алматы технологиялық университетінің жеңіл өнеркәсіп және дизайн факультетінің мамандықтары жайлы мәліметтерді қамтиды.

Шартты белгілер:

- глоссарий

- мәтін бойынша орындалатын тапсырмалар

- тест тапсырмалары

1-тақырып

Грамматика: Жай сөйлем түрлері

Лексика: Жеңіл өнеркәсіп.

Тиянақты ойды білдіре алатын сөздер тобын (кейде жеке сөзді де) сөйлем дейміз. Мысалы: Мен Алматы қаласында тұрамын.

Сөйлем құрылысына қарай жай сөйлем және құрмалас сөйлем болып екіге бөлінеді. Бір ғана ойды білдіріп, бір ғана интонациямен айтылатын сөйлем жай сөйлем деп аталады. Екі немесе одан да көп жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлемді құрмалас сөйлем дейміз.

Қазақ тілінде сөйлемдер айтылу мақсаты мен интонациясына қарай хабарлы (повествовательные), сұраулы (вопросительные), бұйрықты (побудительные) және лепті сөйлемдер (восклицательные) болып бөлінеді.

Айтылу мақсаты хабарлау, суреттеу, баяндауды білдіретін сөйлемді хабарлы сөйлем дейміз. Мысалы: Студенттер сессия тапсырып жатыр. Хабарлы сөйлемнің соңында нүкте қойылады.

Сұраулы сөйлем – біреуден жауап алу мақсатымен айтылатын сөйлем. Мысалы: Жиналысқа кім қатыспады? Сұраулы сөйлемнің соңында (?) сұрау белгісі қойылады.

Лепті сөйлем – айтушының түрлі көңіл-күйін білдіру мақсатында айтылатын сөйлем. Мысалы: Неткен ғажайып көрініс! Лепті сөйлем ерекше әуенмен айтылып, соңына леп (!) белгісі қойылады.

Біреуге бұйыру, тілек, өтініш ету мақсатында айтылған сөйлемді бұйрықты сөйлем дейміз. Мысалы: Дүкеннен мата ала кел. Бұйрықты сөйлемде интонация біркелкі бола бермейді. Бірде хабарлы сөйлем интонациясымен айтылса, бірде лепті сөйлем интонациясымен айтылады да, соған сәйкес сөйлем соңында не леп белгісі, не нүкте қойылады.

1-тапсырма. Сөйлемдердің соңына тиісті тыныс белгілерін қойып, айтылу мақсатына қарай талдаңыз.

Студенттік өмір қандай ғажап Терең білім алуға талпыныңдар Бүгінгі жаңалықтарды тыңдадың ба Адам өз ана тілімен бақытты болады Қап барлық еңбек далаға кетті-ау Ардақты жауынгерлеріміздің ерлігін ұмытпайық. Туған жердің ауасы да шипа Ертең біздің үйге қонаққа келіңіздер Бәрекелді өзің нағыз шебер екенсің Сіз театрға баруды ұнатасыз ба Онда мен кешкі қойылымға билет алайын Халық еңбекті әрқашан жоғары бағалайды Ойпырмай күннің суығын-ай Жерімізде ешқашан соғыс болмасын Біздің қазақ жері неткен бай десеңізші Сабаққа неге кешіктің

2-тапсырма. Берілген сөйлемдерді бұйрықты, лепті, сұраулы сөйлемге айналдырыңыз.

1) Экономика – «Үй шаруашылығын жүргізу өнері» деген грек сөзі. 2) Экономика дегеніміз – өзіміздің тұрмысымыз. 3) Нарықтық экономиканың өзінің ерекше заңдары жеңіл өнеркәсіптің дамуына өзіндік әсер етіп отыр. 4) Экономикалық ғылым – ең ертедегі ғылымдардың бірі. 5) Күнделікті өмірде мамандарға сұраныс көп. 6) Бағдарламаны жүзеге асыруда адам өмірі үшін пайдалы заттар өндіруі басты мақсат болып табылады. 7) Бұл бағытта елімізде көптеген игі істер атқарылып жатыр.

Галантерея айна, тарақ, ине-жіп сияқты ұсақ-түйек заттар, сол заттарды сататын дүкен.

Зығыр – сабағынан тоқыма талшық, дәнегінен май алатын екпе дақыл.

Нарық заттың келісімді бағасы.

Шаруашылық – белгілі бір кәсіп саласы.

Өнеркәсіп – халық шаруашылығының шикізатты өңдейтін және одан жаңа бұйымдар жасайтын саласы, кәсіпорын.

Өндіріс – тұтынуға қажетті материалдық игіліктерді, құнды заттарды жасап шығаратын өнеркәсіп саласы.

Тауар – адам қажетін қанағаттандыруға, сатуға, айырбастауға арналған өзіндік құны, бағасы бар еңбек өнімі.

Трикотаж – жіптің тұзақталып, өзара айқасуы арқылы тоқылған мата.

Экспорт – өнеркәсіп өнімдері мен басқа да тауарлардың, сондай-ақ капиталдың шетелдерге шығарылуы.

3-тапсырма. Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіз.