Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
сми.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
480.77 Кб
Скачать

2.2. Дәріс сабақтарының тезистері

1-тақырып. Бұқаралық ақпарат саласындағы құқықтық реттеуге жататын қоғамдық қатынастар.

Ақпараттық сала – ақпаратты қалыптастырумен, таратумен, қайта құрумен және пайдаланумен байланысты қызмет саласы. Құқықтық реттеу саласы ретінде ол осы қызметті жүзеге асыратын құқық субъектілерінің және соларға қатысты жоғарыда аталған қызметтер жүргізілетін құқық объектілерінің және құқықпен реттелетін немесе құқықтық реттеуге жататын әлеуметтік қатынастардың жиынтығы.

Ақпаратты қалыптастыру, тарату, қайта құру және пайдаланудың негізінде мынадай ақпараттық үрдістер жатыр:

  • мемлекет пен қоғамда ақпаратты қалыптастыру, жинау, өңдеу, топтастыру, сақтау, іздеу, алу, тарату және пайдалану үрдістері;

  • ақпаратттық жүйелерді, ақпараттық технологиялар мен оларды қамтамасыз ету құралдарын, ақпараттық қауіпсіздік құралдары мен механизмдерін қалыптастыру және қолдану үрдістері.

Құқықтық реттеуге жататын әлеуметтік қатынастар осы үрдістердің негізінде пайда болады. Мұндай қоғамдық қатынастар ақпараттық қоғамдық қатынастар деп аталады, ал ақпараттық үрдістерді жүзеге асыруға байланысты қызмет – ақпараттық қызмет болып табылады.

Ақпараттық саладағы құқықтық қатынастардың ең негізгі объектісі ақпарат болып табылады. (Латын тілінен аударғанда – танысу, түсіндіру, мазмұндау).

Философиялық ойлау тұрғысынан «ақпарат» сөзіне Н.Винер түсінік берген: ақпарат – бұл энергия да, материя да емес. Ақпарат ұғымына қарапайым және түсінікті мағынаны С.И.Ожегов берген: бұл – 1) қоршаған әлем және онда болып жатқан үрдістер туралы мәліметтер; 2) белгілі бір жағдайлар туралы мәлімдейтін хабарламалар.

Ақпаратты құқықтық қатынастардың пәні ретінде талдай отырып, ол туралы жалпы және нақты емес түрде айтуға болмайды. Қарастыру пәні ретінде ең алдымен әкімшілік, азаматтық немесе басқа да қоғамдық айналымда болатын, соның негізінде құқықпен реттеуге жататын қоғамдық қатынастар пайда болатын ақпарат қызмет етуі тиіс.

Ақпараттық сала үш негізгі пәндік аймақтарға жіктеледі.

Біріншіден, бұл – негізгі және туынды ақпаратты қалыптастыру және таратудың пәндік аймағы, екіншіден – ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, ақпараттық өнімдерді дайындау, ақпараттық қызметті ұсынудың пәндік аймағы.

Бұл екі облыс негізгі ақпарат шығарушы бола отырып, ақпаратты тұтынудың пәндік аймағына (ақпаратты іздеу, алу, басқаға беру, ұсыну құқықтарын жүзеге асыру) ықпал етеді. Қазіргі кездегі ақпараттық технологиялардың көптеп дамуы ақпараттық үрдістердің даму қарқынын үдетіп, ақпараттық қызмет көрсетудің сапасын арттырды. Жаңа ақпаратты тасымалдаушылар пайда болды.

Осылардың негізінде ақпаратты өңдеу ерекшеліктерімен байланысты жаңа қоғамдық қатынастар қалыптасты. Бұл, мәселен, телекоммуникация жағдайындағы шығармашылық нәтижелеріне интеллектуалдық меншік құқығы, т.б. авторлық және интеллектуалдық меншік құқықтары.

Дегенмен жаңа ақпараттық технологиялардың қалыптасуы және оларды қолдану жағымсыз құбылыстардың да – құқыққа белгісіз жаңа қылмыстардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Бұлар көбінесе мұндай құрылымдардағы ақпаратқа санкциясыз және құқыққа қайшы қол сұғу сипатында болады – компьютерлік вирустар, логикалық бомбалар, ақшаларды «электрондық ұрлау» мақсатында ақпараттық желілерге заңсыз түрде кіруге мүмкіндік беретін бағдарламалар, сонымен қатар «электрондық» ақпараттық шпионаж және т.б.

Осының барлығы жаңа ақпараттық технологиялар жағдайында дәстүрлі ақпараттық қатынастардың кешенін қайта қарау қажеттілігін тудырды. Негізгі пәндік облыстарды қамтамасыз ететін қосымша пәндік аймақ – ақпараттық технологияларды қалыптастыру мен қолданудың облысы пайда болды.

Ақпаратты қалыптастыру, қайта өңдеу және пайдалану ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуды талап етеді. Ақпараттық қауіпсіздік ең алдымен ақпаратты санкцияланбаған қол сұғудан сақтауға; азаматтардың ақпараттық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, мемлекет пен қоғамды сапасы жоқ ақпараттан қорғауға негізделеді. Бұл тағы да бір қамтамасыз етуші пәндік аймақтың – ақпараттық қауіпсіздік құралдары мен механизмдерін қалыптастыру мен қолданудың пәндік облысының пайда болуына негіз болды.

Ақпараттық ортаның пәндік аймақтарға жіктелуі шартты сипатта, себебі олар өзара өте тығыз байланысты. Негізгі ақпарат қоршаған ортаның ықпалымен, сонымен қатар ақпараттық ресурстардағы туынды ақпараттар мен мәліметтердің негізінде қалыптасады. Туынды ақпарат негізгі ақпараттың негізінде де және ақпараттық ресурстардағы мәліметтердің негізінде де қалыптасады. Ал ақпараттық ресурстар ретроспективті ақпараттардың «қорлары» ретінде негізгі және туынды ақпараттардың негізінде құрылады. Және, соңында, ақпаратты қолдану нәтижесінде жаңа негізгі және туынды құжатталған ақпараттар құрылып, ақпараттық ресурстар қалыптасып, толықтырылады. Осылайша, ақпараттың ақпараттық ортадағы қозғалысы тұйықталады.

Ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологиялар мен оларды қамтамасыз ету құралдарын қалыптастыру мен қолданудың пәндік аймағы басқа пәндік аймақтардың қажеттіліктеріне байланысты пайда болып, дамуда. Сонымен қатар бұгінгі күні басқа пәндік аймақтардың Ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологиялар мен оларды қамтамасыз ету құралдарын қалыптастыру мен қолданудың пәндік аймағынсыз әрекет етуі мүмкін емес. Ақпараттық қауіпсіздік құралдары мен механизмдерін қалыптастыру мен қолданудың пәндік аймағы тұлғаның, мемлекеттің, қоғамның ақпараттық саладағы қауіпсіздігі талаптарының тұрғысында ақпараттық ұрдістердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Ол жоғарыда аталған төрт пәндік аймақтың мүдделеріне байланысты әрекет етеді және олардың қауіпсіз қызмет етуін қамтамасыз етеді.

Ақпараттық салада құқықтық реттеуге жататын қоғамдық қатынастардың қатарын анықтау үшін ең алдымен жоғарыда аталған пәндік аймақтардың әрқайсысының жекелеген ерекшеліктерін анықтап алған жөн.

Ең алдымен негізгі және туынды ақпаратты қалыптастыру және таратудың пәндік аймағы. Бұл салада пайда болатын және құқықтық реттеуге жататын қоғамдық қатынастар субъектілердің ақпарат түрлерін қалыптастыру және таратуы бойынша әрекеттерін талдау негізінде көрініс табады.

Субъектісі ақпаратты туындатушылар болып табылады. Бұлар – азаматтар мен олардың бірлестіктері, ғалымдар мен мамандар, журналистер мен ізденушілер, кәсіпорындар мен мекемелер, жергілікті басқару органдары және мемлекеттік билік органдары.

Ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, кітап баспалары арқылы белгілі бір нормативтік құқықтық актілерге сәйкесзаңды және жеке тұлғалардың әрекеттерінің нәтижесінде таратылады. Бұлар – ғылыми-зерттеулер есептері, статистикалық мәліметтер, декларациялар, азаматтар туралы мәліметтер және т.б.

Ақпарат адамның кез келген интеллектуалдық қызметінің нәтижесінде қалыптасады. Қалыптасқан негізгі және туынды ақпарат оның құқықтық режиміне сәйкес мынадай түрлерге жіктеледі:

  • шығармашылық нәтижесі ретіндегі ақпараттар (шығармалар, туындылар, жаңалықтар);

  • міндетті түрде ұсынылатын ақпараттар, яғни заңды және жеке тұлғалардың жеке қызметі туралы есеп түріндегі құжатталған ақпараты және ол уәкілетті органдар мен мекемелерге ұсынылады, сонымен қатар құжаттардың міндетті даналары;

  • өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру кезінде дайындалатын азаматтар туралы құжатталған ақпараттар (персоналды мәліметтер);

  • мемлекеттік билік органдарымен және жергілікті басқару органдарымен, сот органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен дайындалып, таратылатын құжатталған ресми ақпараттар;

  • тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен дайындалып, таратылатын, ақпараттық мәліметтерден тұратын бұқаралық ақпарат;

  • басқа да негізгі және туынды ақпараттар.

Мемлекет пен қоғамда өндірілетін, құқықтық реттеу саласына енгізілетін ақпараттар құжаттандыруға жатады. Бұл тікелей эфирді қоса алғанда бұқаралық ақпарат құралдарымен дайындалып, таратылатын ақпараттарға қатысты.

Оқиғалар мен деректер туралы ақпараттық сипаттағы құжатталған ақпараттар ашық түрде жарияланады. Дегенмен, егер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы авторлық құқықтармен қорғалған авторлардың шығармалары таратылса шығарманы пайдалану кезінде авторлық құқықтың сақталуы талап етіледі.

Бұқаралық ақпаратты өндіру және дайындау кезінде мемлекет пен заңды тұлға ретіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының арасында, бұқаралық ақпарат құралдарының өздерінің араларында, бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтардың, заңды тұлғалардың арасында ақпаратты құру құқықтарына қатысты, сенімсіз, толық емес, жалған ақпараттарды таратқаны үшін жауапкершілікке байланысты қатынастар туындайды.

Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, ақпараттық өнімдерді дайындау, ақпараттық қызметтерді ұсынудың пәндік аймағы алдыңғы пәндік аймақ сияқты ретроспективті ақпаратты жинау мен жинақтауға солар арқылы құжатталған ақпараттардың массивтерін сақтауға, солар арқылы ақпараттарды түрлі нысандар мен үлгілерде ақпараттарды таратуға негізделген ақпараттың күшті генераторы болып табылады.

Бұл пәндік аймақтағы құқықтық реттеудің негізгі объектілері болып ақпараттық ресурстар негізінде қалыптасып, пайдаланушыларға ұсынылатын құжат массивтері, ақпараттық өнімдер мен қызметтер түріндегі ақпараттық ресурстар табылады. Бұл аймақтағы құқықтық реттеудің субъектілері ретінде мемлекет, мемлекеттік билік органдары, заңды және жеке тұлғалар – ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің меншік иелері мен басшылары, ақпараттық өнімдерді шығарушылар қатысады.

Ақпаратты іздеу, басқаға беру және тұтынудың пәндік аймағында маңызды құқықтардың бірі – кез келген заңды әдіспен ақпаратты іздеу, алу, басқаға беру және тарату құқықғы жүзеге асырылады. Ақпарат құқығы тек конституциялық құрылым негіздерін, өнегелікті, басқа тұлғалардың құқытары мен заңды мүдделерін, денсаулығын, мемлекеттің қорғанысын және қауіпсіздігін қорғау мақсаттарында ғана шектеледі. Ақпарат құқығы міндеттермен өте тығыз байланысты. Тарихи және мәдени мұраларды сақтау, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау әркімнің міндеті екендігі мәлім.

Бұл саладағы құқықтық реттеу субъектілері ретінде ақпаратты пайдаланушылар – азаматтар, ғалымдар, мамандар, заңды тұлғалар, мемлекеттік билік органдары қатысады. Пайдаланушының мақсаты шешім шығару үшін қажетті ақпараттарды алу болып табылады.

Бұл пәндік аймақтағы құқықтық реттеудің негізгі объектісі - негізгі және туынды ақпаратты қалыптастыру және таратудың пәндік аймағы мен ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, ақпараттық өнімдерді дайындау, ақпараттық қызметтерді ұсынудың пәндік аймағынан алынатын немесе сұралынатын кез келген ақпарат болады. Ақпарат құқығын қамтамасыз етудің бірден-бір талабы ақпарат құқығын жүзеге асыру тәртібін бұзған тұлғалардың жауапкершілігі болуы тиіс.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Нормативтік құқықтық актілер: [1, 2, 3, 8, 9, 13, 14, 16, 18]

Негізгі әдебиеттер: [21, 22, 25, 31]

Қосымша әдебиеттер: [16, 17, 34]

2-тақырып. Бұқаралық ақпараттық қызметті халықаралық-құқықтық реттеу.

Халықаралық – құқықтық нормалардың тікелей имплементациясы Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында бекітілген. Осы арқылы тек қана мүмкін болатын қақтығыстардың шешу жолы ғана емес, сонымен қатар халықаралық құқықтың жалпылай мойындалған қағидалары мен нормаларының, халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасы территориясында тікелей әрекеті де бекітіледі.

Бұқаралық ақпарат бостандығына қатысты конституциялық нормалар Қазақстан Республикасының территориясында Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық Пактінің 19-бабы мен Адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық Конвенцияның 10-бабының тікелей әрекетін білдіреді.

Үшінші мыңжылдықтың басталуы бұқаралық ақпараттың дүниежүзілік қауымдастық өміріндегі ерекше маңызы және рөлімен сипатталады. Осы заманғы әлемді ғаламдандыру мен әмбебаптандыру ақпарат және оны таратумен байланысты елдің ұлттық қауіпсіздігі дәрежесі мен оның азаматтарының қорғалу жағдайын айқындаушы стратегиялық ресурс ретінде қарауға жеткізді.

«Ақпараттық қауіпсіздік», «ақпараттық айқас», «ақпараттық кеңістік» сияқты ұғымдар саяси лексиконға мықтап еніп тұр. Ақпараттың таралу шапшаңдығы, оның шынайылығы мен қол жетімділігі жоғары технология немесе табиғи байлықтарға қол жеткізгеніміздей, әлеуметтік дамудың елеулі параметрі болып табылады.

Кез келген мемлекеттің экономикалық, идеологиялық және әскери қуаты бірінші кезекте оның ақпаратты ала және тарата білу проблемасын шеше білуіне байланысты десек, бұл асыра айтқандық емес. Осыған орай, аталмыш проблема біршама уақыттан бері интернационалдық мәртебеге ие болып, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуымен тікелей байланысты күй кешуде. Осы контексте мемлекеттер арасында туындайтын «ақпараттар ағыны» қатынасын реттейтін осы заманғы халықаралық - құқықтық нормаларға талдау жасау қажеттіліг туындайды.

Бұқаралық ақпараттың халықаралық деңгейде таралуы халықаралық құқық субъектілерінің ең кемі екі аса маңызды проблема блогын бірігіп шешуге ұмтылдырады.

Оның біріншісі, ақпаратты алу және берудің техникалық аспектілерімен байланысты бірқатар мәселелерді қамтыса, екіншісі – таратылатын бұқаралық ақпараттың мазмұн жағын алға тартады. Әлбетте, мұндай бөлу шарттық сипатты бейнелейді. Себебі, проблеманың екі тобын эмпирикалық деңгейде ажырату мүмкін емес. Кей жағдайда ақпаратты таратудағы техникалық мәселелер бойынша мемлекетаралық ынтымақтастық оның мазмұнымен айқындалады. Соған қарамастан қолданыстағы халықаралық құқықтың талдауы көрсеткеніндей, мемлекет проблемаларды шешу үрдісінде әрқайсысына тән қиыншылықтармен бетпе-бет келеді. Демек, оларды шешу үшін шын мәнінде түрлі амалдар қарастырылды.

Қазіргі кездің ақпараттық қызмет саласындағы әлемдік дәрежедегі өзекті мәселелердің бірі – халықаралық ақпарат алмасуды өрістету, батыстан келетін ақпараттар легінің шырмауында қалмау болып табылады. Бұл, әсіресе, кезінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция қарамағында болып келген Азия,Африка, Латын Америка елдерінің қазіргі ақпарат саласындағы теңсіздігінен де айқын көрінеді. Сондықтан араб елдері Бұқаралық ақпарат құралдары саласын кешенді ұлттық саяси негізде құруды көздеп, халықаралық қарым-қатынастарға, ақпарат алмасуға белсене кірісуде.

Тарихқа көз салсақ, ақпаратты трансшекаралық беру техникалық аспектілерін халықаралық құқықтық реттеу бірінші пайда болған. Беруші стансалардан туындайтын өзара бөгеуілдерді болдырмау қажеттігі, кең мағынада – радиожиілікті пайдалануды реттеу – 1906 жылы халықаралық радиотелеграф одағын (1906 жылғы Берлин Конвенциясы) құруға мүмкіндік болды. Мадрид конференциясы нәтижесінде 1932 жылы Халықаралық электр байланысы одағы құрылды, араға алпыс жыл салып, 1992 жылы Женевада қазір қолданылып жүрген Жарғысы қабылданды.

ХЕБО радиожиілік спектрін бөледі, иемденілген жиілікті тіркейді, электр байланысын халықаралық стандарттаумен айналысады. Осыған орай радиожиіліктермен геостационарлық серіктер орбитасы шектеулі табиғи ресурстар болып табылады (ХЭБО Жарғысының 44 - бабы)., одақ бұл жиіліктерге және экономикалық дамуы мен жағрафиялық жағдайын ем\скере отырып, барлық мемлекеттің орбитасына әділетті түрде ену мүмкіндігін қамтамасық етеді. Сайып келгенде, ХЭБО Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі болып табылады. Яғни өз қызметін бүкіл ғаламшар кеңістігінде жүзеге асыра алады.

Жалпы ақпараттық кеңістікті құрумен байланысты басты қиыншылықтардың бірі – мемлекеттер арасындағы кедендік шекараларлдың болуы дер едік. Сондықтан да 1949 жылы ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен Білім, ғылыми және мәдени сипаттағы көзбен шолу және дыбыстық материалдарды халықаралық алмасу ісін жеңілдеті жөніндегі келісім қабылданған болатын. Осы Келісімге сәйкес оған қатысушы мемлекеттердің көрсетілген материалдарды тасымалдауда өзара кедендік жеңілдіктер жасауға кепілдіктер беруі көзделген. Ағарту және ғылыми-техникалық сипаттағы басылымдарды халықаралық алмасу жөніндегі 1958 жылғы Конвенция қабылданғаны белгілі. Бұған қоса, сол жылы ресми басылымдар мен үкіметтік құжаттарды алмасу туралы Конвенция да осындайц қажеттіліктерден қабылданды.

Осындай арналармен қатар бұқаралық ақпаратты таратудың техникалық аспектілері спутниктер арқылы берілетін сигналдар бағдарламасын тарату туралы Конвенциямен (Брюссель, 1974ж.), ұлттық аумақтан тыс жерлердегі стансалардан хабар жүргізуді болдырмау туралы келісіммен (1965ж.) және басқа да халықаралық – құқықтық құжаттармен реттелуде. Халықаралық ақпаратты берудің техникалық проблемасын шешу кезінде қол байлам болып отырған ең басты кедергі – бұл мемлекеттердің техникалық дамуының түрлі деңгейде болуы және осымен байланысты олардың олардың мүдделерін теңгерімдеу қажеттілігі. Мемлекеттердің осы саладағы ынтымақтастығының нағыз айқын сипатын байқаймыз және алдағы уақытта тиісті халықаралық байланыстарды тереңдету және кеңейту үрдісі сақталады деп айтуға толық негіз бар.

Берілетін ақпараттың мазмұнына байланысты проблемалар кешені – басқа мәселе. Мұнда халықаралық құқық объективті және субъективті қайшылықтармен шарттасылған халықаралық үрдістің елеулі қиыншылықтарымен кездеседі. Бұлардың ең бастысы барлық тұлғалардың кез келген қолайлы тәсілемн ақпаратты алуы, таратуы және белгілі бір мазмұүндағы ақпаратты таратуға тыйым салу жөніндегі жұрт таныған құқық арасындағы қайшылық деп есептеу ләзім.

Осы мәселеге арналған халықаралық – құқықтық құжаттар арасынан мыналарды анағұрлым белгілі деп атауға болады. 1923 жылы бейәдеп (порнографиялық) басылымдардың айнылымға түсуін және сатылуын тыю жөніндегі Халықаралық Конвенция қабылданды. Оның негізгі мақсатын атауынан да байқауға болады.

Бұдан кейін 1936 жылы Женевада радиохабарларды әлем мүддесі үшін пайдалану туралы Конвенцияға қол қойылды.(1983 жылдан бастап КСРО оған қатысушы болды). Конвенцияға сәйкес мемлекеттер өз аумағында өзге елдердің қауіпсіздігіне қарсы іс-әрекеттерге мүмкіндік туғызар радиохабарлар жүргізбеу туралы міндеттеме қабылдады.

Сонымен қатар, Конвенцияға қатысушылар хабар беру субъектісінің қандай екеніне (үкіметтік радио қызметі, ұлттық мекемелер, концессиондық не өзге меншік компаниялар, т.б.) қарамастан қз аумағынан мұндай хабардың берілуіне тыйым салу жөнінде іс-шаралар қабылдауға міндеттенді. 1947 жылғы 3 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы халықаралық бейбітшілікке және қауіпсіздікке қауіп төндіру мақсатындағы кез келген насихатты айыптайтын 110 – қарар қабылдады. 1947 жылғы 15 – қарашадағы 127-қарар мемлекеттер арасындағы нұқсан келтіретін жалған хабарлардың таралу жолын кесу үшін іс-шаралар қолдану жөнінде мемлекеттерге ұсыныснама болып табылады.

Халықаралық деңгейде таралатын ақпараттың мазмұнына қатысты бірқатар нормаларда халықаралық құқықтың түрлі салаларын қамтитын халықаралық – құқықтық құжаттар баршылық. Мәселен, 1965 жылы қабылданған нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы халықаралық Конвенция нәсілдік теңсіздік деген идеяға немесе теорияға негізделген қандай да болсын насихатқа шын мәнінде тыйым салады. 1966 жылы қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 20-бабында соғысты насихаттауға заң жүзінде тыйым салу талабы бар.

Соңында, халықаралық қатынастардың сөз болып отырған блогы аймақтық және екі жақты келісімдермен реттелуде. Атап айтқанда, Еуропа шеңберінде трансшекаралық телевизия туралы 1989 жылы қол қойылған Конвенция басшылыққа алынуда. Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы елдеріне келсек, Достастық Жарғысының 19-бабында бірыңғай ақпараттық кеңістік құру жөнінде мемлекеттердің ұжымдық сүш салуы көзделген.

Ақпараттың жекелеген түрлерін таратуға халықаралық құқық салатын шектеулер халықаралық тәртіп пен қауіпсіздікті, халықтың денсаулығы мен адами қасиетін қорғау мүддесінен туындағанын байқау қиындық тудыра қоймаса керек. Мемлекеттердің көпшілігі мұндай шектеулердің мақсаттығын мойындайды және тұтастай алғанда осы салада табысты түрде ынтымақтасуда. Сонымен бірге классикалық либералдық құқндылық басым бірқатар елдер (мәселен, АҚШ және т.б.) ақпаратты еркін алу және таратуға араласушылыққа өте сақтықпен қарайды.

Мұндай мемлекеттердің халықаралық саясаты «ақпараттардың еркін ағыны» концепциясын есепке ала отырып құрылғандықтан тіпті елеулі шиеленістің өзінде өзара түсініспеушілік тудырады. Мәселен, АҚШ Нәсілдік кемсітушілікті және арандатушылықты қолдаушы ұйымдарға тыйым салу туралы Конвенцияны нәсілдік артықшылықтарға негізделген сенімді тарату еркіндігіне шын мәнінде кепілдік беру сияқты қосымша түсінік жасаумен бекітті. Мұндай мысалдар ақпарат саласында индивидтердің субъективті құқықтары қоғам мүддесінен жоғары қойылуы мүмкін екенін көрсетеді.

Екінші жағынан алғанда, айтылған шектеулердің тиімділігі ақпараттың мазмұнын айқындауда елеулі түрде кемітіледі.

Шын мәнінде, ақпараттың соғыс немесе бейәдеп қылықтарды насихаттауға жатқызылуының нақты өлшемі қандай. Тиісті баға беруде субъективизмнің белгілі бір үлесі идеологиялық алыпсатарлық пен саяси қысым жасауға негіз болатыны белгілі.

Мұнда осы заманға бұқаралық ақпарат құралын дамытудың өзекті проблемасымен бетпе-бет келеміз. Әңгіме төркіні тікелей телевизиялық хабарлар мен бүкіл әлемдік Интернет - компьютер жүйесінің өмірге келуімен озық ақпарттық технологиясы бар мемлекеттердлің соңғыны идеологиялық күрес үрдісіне пайдалану мүмкіндігі туғанында болып отыр. Бұл контекстегі идеологиялық күрес дегенде белгілі бір өмір салтын, діни және мәдени құндылықты, әлеуметтік жүйені, тіпті тауар тұтыну құрылымына дейін жарнамалайтын өзінің ақпараттық ағымын таратуға тырысушылықты түсіну ләзім.

Сонымен қатар ақпараттық қызмет саласын халықаралық құқықтық реттеу туралы құжаттардың қатарына Виндхукте (Намибия, 1991ж.), Алматыда (1992ж.), Сантьяго-де-Чилиде (1994ж.), Санеде Йемен, (1996ж.) және Софияда (Болгария, 1997ж.) ЮНЕСКО-мен өткізілген аймақтық семинарларда тәуелсіз және плюралистік баспасөзді дамытуға ықпал ету туралы декларациялардың бірсыпырасын жатқыза кеткен жөн. Аталмыш декларациялар сәйкес аймақта баспасөз бостандығын бекіту бойынша әрекеттердің кеешенді жоспарын құрайтын нақты нормаларынан тұрады.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Нормативтік құқықтық актілер: [1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10]

Негізгі әдебиеттер: [4, 6, 11, 15, 17, 30]

Қосымша әдебиеттер: [4, 10, 20, 24, 34, 37, 38, 48]

3-тақырып. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттеудің конституциялық-құқықтық негіздері

Тәуелсіздіктің қалыптасып, нығаюының негізінде қол жеткізілген жетістіктердің бірі – сөз бостандығының қамтамасыз етілуі мен бұқаралық ақпарат құралдарының еркін дамуы екендігі сөзсіз. Сөз бостандығын қамтамасыз ету мен бұқаралық ақпарат қызметінің негізі ақпараттану болып табылады.

Қоғамның ақпараттануы - оның прогрессивті дамуы мен өркениеттілігінің маңызды факторы. Азаматтарды, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарды олардың өз функцияларын жүзеге асыру, мүдделерін қанағаттандыру үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, бір жағынан, ақпарат жүйелерін, екінші жағынан, осы үрдістің шарттары мен кепілдіктерін құқықтық реттеу жолымен мүмкін болады.

Ерекше көңіл арнайы көпшілік және жеке мекемелермен өз жиынтығында бұқаралық ақпарат құралдары деп аталатын газеттермен, журналдармен және басқа да мерзімді басылымдармен, радио және теледидармен алынып, таратылатын бұқаралық ақпаратқа бөлінеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары - адамдарды демократия мен өркениет құндылықтарын, өз құқықтары мен міндеттерін білуге және құрметтеуге тәрбиелейтін аса маңызды ақпараттық, инновациялық функцияларды жүзеге асыратын институт. Олар түрлі саяси элементтермен, солардың ішінде ең алдымен мемлекетпен және саяси партиялармен өзара қарым - қатынаста болады.

Мемлекет пен саяси партиялар көбінесе бұқаралық ақпарат құралдарының құрылтайшылары ретінде әрекет етеді және солар арқылы өз бағдарламаларын, ұстанымдарын мәлімдейді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін құқықтық реттеудің тағы да бағыттарының бірі - олардың қызметіне мемлекеттік бақылау орнату екендігі сөзсіз. Олардың қызметіне үш түрлі мемлекеттік бақылау орнатылады: олар тікелей мемлекеттік басқару, жанама басқару және арнайы мемлекеттік органдар арқылы бақылау.

Билік органдары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара байланыс қоғамдық қатынастардың аса күрделі салаларының бірі. Оның үстіне қазіргі заманғы жаһандану мен ақпараттар үрдістері бұқаралық ақпарат құралдарының беделін едәуір көтергені шындық. Мемлекеттік билік органдарының жұртшылықпен байланысының маңызды арнасы - БАҚ-мен арақатынасы бұрынғыдан да күрделеніп, қоғамдық маңызы артып, сипатталып отырғаны белгілі.

Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе, телевизия, қоғам және мемлекет туралы ақпараттың негізгі көзіне айналды. Мұны мемлекеттік билік органдары өз қызметінде ерекше сезінеді және оған объективті түрде мүдделі.

Бұл мәселенің бірнеше қыры бар. Біріншіден, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарынсыз еліміздегі қоғамдық - саяси жүйенің қалыпты қызмет жасауы мүмкін емес. Екіншіден, олар қоғамның демократиялық жолмен дамуының аса маңызды құралы болып табылады. Үшіншіден, демократия мен азаматтық қоғамның құқықтық және әлеуметтік үрдісінде дамуы сөз жоқ, бұқаралық ақпарат құралдарына да құқықтық өріс ашып қызмет жүйесін заңмен реттеуге мүмкіндік береді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі міндеттерінің бірі – қоғамды барлық жағдайлармен ақпараттандыру. Дегенмен бұл міндет бұқаралық ақпарат құралдарымен таза күйінде сирек қолданылады. Ақпаратты жинау мен оны беру әдісі оқырмандардың көрермендер мен тыңдаушылардың санасына белгілі бір идеяларды орнықтыру үшін қолданылады. Бұл міндетті идеологиялық немесе саяси міндет деп сипаттауға болады. Қоғамның саясаттану деңгейі неғұрлым жоғары болса, бұқаралық ақпарат құралдарының саяси үрдістегі атқаратын рөлі соғұрлым арта түседі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін ұйымдастыру мен құқықтық реттеудің ең негізгі қағидасы – бұқаралық ақпарат бостандығы болып табылады. Бұл қағида бұқаралық ақпаратты іздеу, алу, өңдіру және тарату, бұқаралық ақпарат құралдарын құру, оны иелену, пайдалану және билік ету, бұқаралық ақпарат құралдарының өңімдерін өңдіру мен таратуға арналған техникалық құрылымдар мен жабдықтарды дайындау, иелену, сақтау және пайдалану салаларындағы шектеулердің болмауын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының 20- бабы ақпарат еркіндігін бекіткен: Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Бұл бостандықты 20-баптың 2-тармағы толықтыра түседі: Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар.

Еркін ақпаратты іздеу және алу құқығы әркімнің Конституциямен бекітілген негізгі құқықтары мен бостандықтарына қатысты мәселелері бойынша мемлекеттік билік органдарына, қоғамдық бірлестіктерге, органдар мен ұйымдарға, жеке ұйымдарға және басқа да құрылымдарға жүгіну және сұралған ақпаратты алу құқығын білдіреді.

Ал ақпаратты тарату құқығы дегеніміз әркімнің кез келген тұлғамен ақпарат алмасуы. Сөз бен шығармашылық еркіндігі әркімнің ақпаратты туындатуы және оны тарату құқығын анықтайды.

Барлық деңгейдегі - орталық және жергілікті билік тармақтары және ондағы мемлекеттік саяси, әкімшілік қызметкерлері үшін жұртшылықпен байланыс олардың қызметінің аса маңызды жағы болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға сәйкес азаматтар, журналистер, ақпарат құралдарының меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдардан заң жүзінде тыйым салынбаған жағдайларда ақпарат алуға және таратуға құқылы. Бұл құқықтар тек заң жолымен ғана шектеледі.

Мемлекеттік органдар мен басқа да құрылымдардан ақпарат алу құқығы оларға сұралған ақпаратты дайындау мен ұсыну міндетін жүктейді, бұл 18-баптың 3-тармағында қарастырылған: «Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

Бұқаралық ақпаратты өндіру мен тарату бостандығына кепілдік беріледі: Цензураға тыйым салынады .( 20- бап, 1- тармағы).

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Нормативтік құқықтық актілер: [4, 7]

Негізгі әдебиеттер: [2, 4, 5, 25]

Қосымша әдебиеттер: [6, 9, 27, 31, 34]

4-тақырып. Қазақстан Республикасында бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін құқықтық ұйымдастыру

Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының тарихына шолу жасайтын болсақ осы уақытқа дейін алуан түрлі көзқарастар болғаны анық. Оған түрлі себеп-салдармен қатар шынайы ақпараттың жетіспеуі басты кедергі десек қателеспейміз. 751 жылы Тараз төңірегінде Қытай мен араб арасында өткен шайқаста алдыңғысы жеңіліс тауып, қытайдың бірнеше қағаз жасау шеберлері құпиясын ашуға тура келді. Ол кезде қытай өркениетіне иек арта алған мемлекеттер ғана қағазды қолдана білсе, қалғандары папирус, пергамент сынды материалдарды пайдаланған. Содан қолға түскен қағаз шеберлері Тараздан Самарканд асырылып,одан әрі батысты бетке алды. Алдымен бұл жаңа ақпарат құралын Халифат елдері мойындап, сосын Европа құшағын жая қарсы алды. Соның арқасында Испания мен Италияда – XII ғасырларда, Венгрияда – XIII ғасырларда Германияда – XIV ғасырларда, Англияда – XV ғасырларда, Ресейде – XVI ғасырда ақ қағаз арқылы ақпарат кеңістігіне батыл қадам басады.

Қазіргі кезде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерде бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мемлекетеркімен сай келеді. Мәселен, Қырғызстанда 750 түрлі бұқаралық ақпарат құралдары әрекет етеді, олардың 78-і мемлекеттік болып табылады және 800-ден астам веб-сайттар бар. Лицензиялау жүйесі бекітілмеген. Баспасөзбен соттық іс жүргізу тәжірибесі кең таралған. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекетке және жеке секторға, сонымен қатар түрлі қаржылық-өндірістік және саяси топтарға тәуелділігіне байланысты. Нақ осындай жағдай Тәжікстанда да қалыптасқан.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметтері бойынша 2006 жылдың қараша айына дейін Қазақстанда 1455 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Сол жылы мемлекеттік тапсырысты республикалық деңгейдегі 31 газет, 21 журнал орындаған. Тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының 651-і респуликалық мәртебеге ие, 645-і қалалық және облыстық, 159-ы аудандық мәртебеге ие. 342 бұқаралық ақпарат құралдарының құрылтайшылары мемлекеттік органдар болып табылады. Жалпы республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайызын мемлекеттік емес нысандағы бұқаралық ақпарат құралдары құрайды. Экономикалық, аналитикалық, жарнамалық және ойын-сауықтық сипаттағы жаңа басылымдар тектері пайда болды. Ай сайын 25-30 жаңа ақпарат құралдары пайда болады.

Осы мерзім ішінде мемлекетте баспасөз бостандығын қамтамасыз ететін негіздерде қызмет атқаратын ақпараттық нарық қалыптасты. Ол ұлттық экономикамен заңды үйлесімін тауып, оның маңызды бөлшегіне айналды.

Бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің қызметінің құқықтық жағдайын Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң, Қылмыстық, Азаматтық Кодекстердің және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің сәйкес нормалары, «Байланыс туралы», «Лицензиялау туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» және «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңдары реттейді.

Мемлекет Конституциясы цензураға тыйым салады, сөз бен шығармашылық бостандығына кепілдік береді, заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілдермен ақпаратты еркін түрде алу және тарату құқығын жариялайды.

Қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының үлес салмағы орыс тілдегілерге қарағанда аз. Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңдағы 3-баптың 2-тарауында телерадиохабарлардың мемлекеттік тілдегі ауқымы басқа тілдерге қарағанда кем болмауы керек делінген.

Республикада идеологиялық және саяси плюрализм мойындалады, саяси бағыттарына байланысты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын белгілі бір нысанда шектеуге, наным-ұстанымдары үшін қудалауға тыйым салынады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізімі замен анықталады делінген. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңда бұл ережелер нақтылана түседі.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі жалақорлық пен жала жабушылық үшін жауапкершілікті қарастыратын 6 бапты қарастырған. 129 және 130 баптар азаматтарға жала жабушылықты қарастырса, 318-бап Қазақстан Республикасы Президентінің ар-намыс мен қадір-қасиетіне қолсұғушылық үшін жауапкершілікті бекітеді.

319-бап депутаттық ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұққаны және оның қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті, 320-бап – билік өкілінің қадір-қасиетіне қол сұққаны үшін, 343 – бап – судьяға, прокурорға, тергеушіге, анықтама жүргізуші тұлғаға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабушылық үшін жауапкершіліктерді қарастырады.

155 – бапта журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін үш жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі күшіне енген кезеңнен бастап бұл бапты бірде – бір қолдану жағдайы тіркелмеген, дегенмен кедергі келтіру деректері жыл сайын байқалып отырады.

Азаматтық Кодестің 143-бабы жеке және заңды тұлғалардың ар-намысы мен қадір – қасиетін , іскерлік беделін қорғауға арналған. Кез келген азамат немесе заңды тұлға журналисті немесе редакцияны ондағы жарияланған белгілі бір жарияланым тікелей немесе жанама түрде оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзды деп айыптай алады – және мұның жалған екенін журналист дәлелдеуі тиіс , яғни шындықты дәлелдеу ауыртпашылығы толығымен жауапкерге жүктеледі.

Жеке және кәсіби қадір-қасиеттердің, коммерциялық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің іскерлік беделін дифференциациялау туралы ережелер еліміздің заңнамасында қарастырылмаған. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінде бұқаралық ақпарат құралдарының кінәнің болу-болмауына қарамастан, егер жарияланған мәліметтердің шынайылығы дәлелденбесе де моральдық зиянның орнын толтыру міндеттемесін жүктейтін норма қарастырылған. Ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талаптар қою мерзімдері де, моральдық зиянды өтеу сомасы да шектелмеген.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекс айыппұл түріндегі, бұқаралық ақпарат құралын шығаруға алты айға дейінгі мерзімге тыйым салу, бұқаралық ақпарат өнімдерін дайындауға және таратуға қолданылатын тираждар мен техникалық құралдарды тәркілеу түріндегі жауапкершіліктерді қарастырады.

Кодекстің 342-бабы әкімшілік құқықбұзушылықтың құрамы ретінде бұқаралық ақпарат құралын тіркеуден бас тартқан жағдайдан кейін өнімді дайындау мен таратуды қарастырады. 346 – бапта бұқаралық ақпарат құралдарының сотқа ықпал еткендігі үшін жауапкершілік көрсетілген. Баспа және ақпарат саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша істерді қарастыру юрисдикциясы соттарға берілген, дегенмен мұндай істерді сәйкес хаттама толтыру арқылы қозғауға Мәдениет және ақпарат министрлігі органдарының лауазымды тұлғалары құқылы.

2003 жылы Қазақстан Республикасында 5 заң және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін 21 нормативтік құқықтық акт қабылданған. Наурыз айында қабылданған «Әскери жағдай туралы» Заңмен әскери жағдай кезінде цензураны енгізуге рұқсат етеді. Қыркүйек айында қабылданған «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес Қылмыстық Кодекстің 129-бабына өзгерістер енгізілген. Осылайша сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстарды тергеумен айналысып жүрген журналистерге қосымша жауапкершілік жүктеледі.

5 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен бұқаралық ақпарат құралдарының, олардың меншік иелері мен лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі арттырылған. Бұқаралық ақпарат құралының өнімін есепке алмай тұрып немесе бұқаралық ақпарат құралын шығаруға тыйым салу мен тоқтата тұру туралы шешім шығарылғаннан кейін жариялағаны үшін, сонымен қатар эфирлік хабаоламалардың тілдік балансын бұзғаны үшін айыппұлдың көлемі өсірілді. «Тілдер туралы» Заңды қайталап бұзғаны үшін таратылым құқығына лицензияны қайтарып алумен жазалануы мүмкін.

2003 жылдың 19 желтоқсанында «Жарнама туралы» Заң қабылданды. Қабылданған заңға сәйкес теледидар мен радиомен жарияланатын жарнамалар мемлекеттік тілде және орыс тілдерінде, қажет болағн жағдайда басқа да тілдерде жүргізілуі мүмкін. Заңмен 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап алкогольдік өнімдерді теледидар мен радио арқылы жарнамалауға тыйым салынады.

2002 жылы «Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заңның жобасын дайындау жұмыстары басталды. Және 2003 жылдың ақпан айындағы Қазақстан журналистерінің екінші Конгресінде алғашқы үлгісі ұсынылды. Көптеген толықтырулардан кейін 25 желтоқсанда Парламент Мәжілісі заң жобасын бірінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Жоба Қазақстан Республикасының Ақпарат Министрлігіне уәкілетті орган ретінде меншік нысанына қарамастан бұқаралық ақпарат құқралдарының саласында мемлекеттік саясатты жүргізуге құқық беруді көздеген. Аталмыш Заң жобасына Президентпен вето қойылған болатын.

Сонымен қатар Ақпарат министрлігіне сөз бостандығын теріс пайдалануға күмән болған жағдайда бұқаралық ақпарат құралын есепке алудан превентивті бас тартуға мүмкіндік береді. Бас редактордың лауазымын шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың иеленуіне тыйым салады.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының заңдылықты сақтауын бақылауға, бұқаралық ақпарат құралдарын есепке алу туралы куәлікті беру немесе күші жойылды деп тану мәселелерін шешуге құқықты бекітеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары мерзімді баспасөз басылымы радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз жария тартудың басқа да нысандары болып табылады.

Бұқаралық ақпараттың құралдарының негізгі объектісі бұқаралық ақпарат тұлғалардың шектеусіз топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлар мен материалдардан тұрады.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметін жүзеге асыру кезінде заң нормаларымен бекітілген негізгі қағидаларға сүйенеді. Ең алдымен сөз бостандығы, Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алу және тарату қағидасы. Сөз бостандығы, шығармашылық, өз көзқарастары мен сенімдерін баспасөз беттерінде немесе басқалай түрде білдіруге, бұқаралық ақпаратты кез келген, заңмен тыйым салынбаған жолмен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік береді. Цензураға тыйым салынады. Мүдделеріне немесе міндеттеріне бұқаралық ақпаратқа цензураны жүзеге асыру кіретін органдарды құру мен қаржыландыруға жол берілмейді. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды тұлғалар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа оның құқытары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысуына мүмкіндік беруді қамтамасыз етуге міндетті.

Жариялылық қағидасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының жариялайтын хабарлары мен материалдары жария түрде, яғни бұқаралық сипатта болуы тиіс.

Таратылатын ақпараттың шынайылығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау міндеттемесін жүктейді.

Заңдылық қағидасы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының ұйымдастырылуы, әрекет етуі және бұқаралық ақпаратты алу және тарату қызметтері Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары өз қызметін жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдесіндегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңын негізгі басшылыққа алады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі қызметі қоғамдық пікірді қалыптастыру мен қоғамдық санаға ықпал ету болып табылғандықтан олар әрекет ету барысында жалпы көпшілік иойындағын мораль және қоғамдық имандылық нормаларын сақтау қағидасын ұстанады.

Бұқаралық ақпарат бостандығын асыра пайдалануға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңымен бұқаралық ақпаратты таратуға біршама шектеулер қойылған.

Бұқаралық ақпарат құралын Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігін бұзуды, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлықты, порнографияны насихаттайтын материалдарды таратуды немесе жарнамаларды насихаттау және үгіттеу үшін пайдалануға жол берілмейді. Бұлардың барлығ бұқаралық ақпараттың мазмұнына қойылатын тыйымдар болса, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік сырды құрайтын мәліметтерді немесе заңмен қорғалатын басқа да құпияларға жататын мәліметтерді жария етуге, лаңкестік пен экстремизмді насихаттау мен ақтауға, Қазақстан Республикасындағы лаңкестікке қарсы операциялардың жүргізілу барысында осы операциялардың техникалық әдіс-тәсілдерін, тактикасын ашатын ақпараттарды таратуға, есіркі құралдары, психотропты заттар мен прекурсорларды тарату мен насихаттау үшін жол берілмейді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен олардың өнімдерінде адамдардың сана-сезімдеріне ықпал ететін және олардың денсаулығына зиянды әсер ететін жасырын енгізулерді пайдалануға тыйым салынады.

Қызметі Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу мақсатында жүргізіліп жатқан жағдайлардан басқа кезде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, олардың лауазымды тұлғаларының бұқаралық ақпарат құралының, оның құрылтайшысының, меншік иесінің, баспагердің, таратушының, журналистің қызметіне араласуына жол берілмейді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі ретінде мемлекеттік және басқа тілдер бекітілген. Бұқаралық ақпарат құралының, теледидар және радио хабарларының мемлекеттік тілдегі апталық көлемі уақыт жағынан басқа тілдердегі хабарларының жиынтық көлемінен кем болмауы тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралын құруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар құқылы болады. Бұқаралық ақпарат құралы заңды тұлға нысанында да, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі нысанында да құрылуы мүмкін. Заңды тұлғаның – Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің немесе осы саладағы қызметті жүзеге асрушының акцияларының (үлесінің, пайының) 20 пайыздан астамын шетелдік жеке және заңды тұлғалардың, азаматтығы жоқ адамдардың тікелей немесе жанама иеленуіне, пайдалануына, билік етуіне және басқаруына тыйым салынады.

Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі – бұқаралық ақпарат құралын құрған, оның шығарылымы, эфирге шығуы жөнінде өзіне міндеттеме алған, иелену, пайдалану және билік ету құқығын жүргізетін жеке немесе заңды тұлға болып табылады. Ол өзінің, белгіленген келісім-шарқа сәйкес өзге де бұқаралық ақпарат құралының редакциясы, бас редакторы, журналисі, баспагері, таратушысы ретінде таныла алады. Ал бұқаралық ақпарат құралының редакциясы меншік иесінің тапсырмасымен бұқаралық ақпарат құралының дайындалуы мен оның шығарылымы мен эфирге шығарылуын қамтамасыз етеді.

Өз жұмысын қызметінің тұжырымдамалық ережелерін, журналистік әдеп ережелерін, қызметкерлердің жауапкершілігін, олардың мәдени деңгейі мен кәсіби шеберлігіне қойылатын талаптарды айқындайтынішкі құжаттар негізінде айқындайды. Бұқаралық ақпарат құралының редакциясын бас редактор басқарады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін ұйымдастыру барысында қызметі ақпараттық сипаттағы хабарламалар мен материалдарды жинауға, өңдеу мен таратуға бағытталған заңды тұлға – ақпарат агенттігі құрылады. Ақпарат агентігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тіркеуден өтеді. Бұқаралық ақпарат құралдары ақпарат агенттігінің хабарламалары мен материалдарын таратқан кезде ақпарат агенттігіне сілтеме жасауға міндеттеледі.

Бұқаралық ақпарат құралының қызметін ұйымдастырудың бірден-бір негізі бұқаралық ақпарат құралын есепке қою болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі немесе оның уәкілетті тұлғасы есепке тұру үшін Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 11-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес арыз береді. Бұл арызда бұқаралық ақпарат құралдарының атауы, тұрғылықты жері, меншік иесінің ұйымдық-құқықтық нысаны, бұқаралық ақпарат құралының тілі, негізгі тақырыптық бағыты, таратылу аумағы көрсетілуі тиіс. Арызға жеке тұлғалар үшін - кәсіпкерлікпен шұғылдану құқығын растайтын құжат, заңды тұлғалар үшін – мемлекеттік тіркеуден туралы куәліктің, заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарының (жарғының, құрылтайшылық келісім-шарттың) көшірмелері қоса беріледі. Есепке алу туралы арыз ол түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Таралымы жүз данадан кем мерзімді баспасөз басылымдары, нормативтік құқықтық және өзге актілер, сот тәжірибесінің бюллетеньдері есепке қоюды қажет етпейді.

Бұқаралық ақпарат құралының шығарылымы, эфирге шығуы меншік иесінің немесе соттың шешімімен тоқтатыла тұруы не мүлдем тоқтатылуы мүмкін. Тоқтата тұру деп басылымдардың бір немесе бірнеше нөмірлерінің шығарылымын, сондай-ақ теледидар, радио хабарларының эфирге шығуын, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылымын, эфирге шығуын үш айдан аспайтын мерзімге тоқата тұруға Заңмен жол беріледі.

Бұқаралық ақпарат құралын таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі не болмаса келісім-шарт немесе өзге заңдық негіздерде қызмет ететін редакция, баспагер, сондай-ақ ұйымдар немесе азаматтар жүзеге асырады. Эротикалық, сексуалды-эротикалық сипаттағы мерзімді баспасөз басылымдарын орнын және оларды сату тәртібін жергілікті атқарушы органдар белгілеген, осы үшін арнайы бөлінген стационарлық жайларда ғана бөлшек сауда арқылы сатуға жол беріледі және көпшілік алдына ұсынылмайды.

Сонымен қатар мерзімді баспасөз басылымының әрбір шығарылымы мына мәліметтерді қамтуы тиіс:

  1. бұқаралық ақпарат құралының аты;

  2. бұқаралық ақпарат құралының меншік иесінің атауы;

  3. бас редактордың тегі, аты, әкесінің аты;

  4. есепке қою туралы куәліктің нөмірі мен берілген күні және оны берген органның атауы;

  5. шығарылымының мерзімділігі;

  6. бұқаралық ақпарат құралының рет саны мен шығарылған күні;

  7. таралымы;

  8. баспаның атауы, оның мекен-жайы мен редакцияның мекен-жайы.

Бұқаралық ақпарат құралының эфирге шығуы радиоэфирде өз атауын, үздіксіз хабар тарату кезінде тәулігінде кемінде төрт рет жариялауы және телеэфирде логотипті тұрақты орналастыру немесе экрандағы эмблема түрінде өз атауын жариялаумен бірге жүруі тиіс.

Тағы да бір айта кететін жайт, бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісім бойынша олардың жанында өз журналистерін тіркей алады. Журналист тіркелген мемлекеттік органдар мен ұйымдар өткізілетін отырыстар, кеңестер жәнеөзге де шаралар жөнінде оны алдын ала хабардар етуге, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті.

Жабық шара өткізу туралы шешім қабылданған жағдайларды қоспағанда, тіркелген журналист өзін тіркеген мемлекеттік органдар мен ұйымдарда өткізілетін отырыстарға, кеңестерге және басқа да шараларға қатысуға құқылы. Егер журналист тіркеу ережелерін бұзса не өзін тіркеген мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратса, тіркеуден тек сот шешімі бойынша ғана айырылуы мүмкін.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Нормативтік құқықтық актілер: [5, 8, 9, 10]

Негізгі әдебиеттер: [9, 11, 17, 18, 19]

Қосымша әдебиеттер: [12, 24, 44]

5-тақырып. Бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтармен және ұйымдармен ара-қатынасы

Кез келген бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға қызмет етеді. Ал қоғам өте кең ұғым. Бұл ұғымның ішіне адамдар, әр түрлі ұжымдар мен ұйымдар, билеуші, атқарушы, органдарды кіргізуге болады. Соңдықтан ақпарат кеңістігі күннен – күнге өсіп келеді. Қоғамдық ұйымдардың бір – бірімен ақпарат алмасу деңгейіне де осы құбылыс тән.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінде шешуші рөлге ие оның журналистері. Олардың қызметі БАҚ-пен шарттық қаынастарға негізделген. Оның құқықтық мәртебесі заңдық тұрғыдан реттеледі. Мәселен, Греция Конституциясының 14-бабының 8-тармағына сәйкес журналистікқызметке қойылатын талаптар мен біліктіліктер заңнамамен бекітіледі.

Көптеген мемлекеттерде журналистер өз қызметін кәсіби этика кодексін негізге ала отырып жүзеге асырады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының басты қызметі ақпарат тарату болғанымен, бүгінгі қоғамда сан түрлі қызмет көрсетумен айналысатын басқа орындар да бұл үрдістен алшақтатылмайды. Тіпті олар белгілі дәрежеде, жанама түрде бұл іске араласып отырады. Мәселен, кез келген бұқаралық ақпарат құралдары басқа ұйымдармен қарым – қатынассыз өз қызметін атқара алмайды. Кез келген бағытта бірдей ақпарат тарату үшін басқа органдардың көмегі журналистер қауымы үшін ауадай қажет. Бүгінгі ақпарат заманында әр бұқаралық ақпарат құралдарының, әрбір журналистің белгілі бір ақпарат көзі болуы керек. Ал жоғарыда сөз болып отырған басқа ұйымдар сол ақпарат көздеріне жатқызылады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына басқа ұйымдардың әсері жоқ деп айтуға болмайды. Сол сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының оларға әсері басымырақ болады. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікір туғызады, жаңа шешімдердің тууына әсер етеді. Осылайша, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзге қоғамдық ұйымдар арасында көзге көрінбейтін тәуелділік пайда болады. Бұған қарамастан Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтармен және басқа ұйымдармен қатынасы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамада қарастырылып отыр. Мысалы, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 4-тарауы осы мәселеге арналған. 1999 жылғы Заң бойынша осы тараудың 17- ші бабында «Авторлық туындылар мен хаттар» туралы былай деп кµрсетілген :

  1. Редакция пайдаланылатын туындыларға құқықты, оның ішінде интеллектуалдық меншікке авторлық және өзге де құқықтарды сақтауға міндетті.

  2. Оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнын мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол беріледі.

  3. Егер заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралы редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкімнің де міндеттеуге құқығы жоқ.

Бұл бапта бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жеке адамдардың, яғни авторлардың құқықтары тең қарастырылған. Сонымен қатар аталған тараудың 19-шы бабында (теріске шығару құқығы) былай деп жазылған:

  1. Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді, егер мұндай мәліметтер таратушы олардың шыңдыққа сәйкестігін дәлелдемесе, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы.

  2. Егер азаматтың немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір- қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегін теріске шығарылуға тиіс.

Егер аталған мәліметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіндігі туралы адресатқа міндетті түрде хабарлануға тиіс. Өзге реттерде теріске шығару тєртібін сот белгілейді.

  1. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында теріске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бір айдың ішінде жарияланым жасамаса, сондай- ақ ол таратылған жағдайда сотта қаралады.

  2. Азаматқа немесе заңды тұлғаның қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтірілсе, бұқаралық ақпарат құралы журналистік этиканы сақтамағаны үшін жауап береді.

Бұл бапта да алдыңғы орынға адам құқығы, моральдік құндылық қойылып отыр. Яғни кез келген бұқаралық ақпарат құралы қандай жағдайда да азаматтық қадір-қасиеттен аттай алмайды деген сөз. Бұл, әрине, жеке басқа әр адамның еркіне қатысты. Тағы бір айта кететін жайт, 2003 жылы 26 тамызда «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының заңының жаңа жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметінің № 865 Қаулысымен Парламент қарауына ұсынылды.

Осы заңның 7-ші тарауы 32-ші бабында (теріске шығару құқығы) «теріске шығару деген айдармен теріске шығарылатын мәліметтер берілген сол бетке орналастырылуға, теледидар жєне радио бағдарламаларының сол бағдарламасында, сол уақытта хабарлануға тиіс» деп көрсетілген болатын. дегенмен бұл Заң жобасының қабылдануына Қазақстан Республикасының Президентінің ветосы қойылған болатын.

Теріске шығарудан бас тарту не болмаса теріске шығару тәртібін бұзу теріске шығарылатын мәліметтер жарияланған күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сотқа шағымдану арқылы шешімдері көрсетілген. «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы Заңға сүйенетін болсақ, ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың тығыз байланысын, тәуелдігін аңғару қиын емес. Бұл туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңында көрсетілген (4-тарау 18-бап). Онда «Мемлекеттік органдардың ресми хабарлары бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы заң актілеріне сәйкес орналастырылады» деп көрсетілген.

Мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты тең шарттарда беруге міндеті жазылған. Жоғарыда айтылған «Тәуелділік» сөзін тура мағынада емес, тығыз байланыс ретінде түсіну қажет. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның өзі осыған меңзейді.

Журналистің мемлекет тарапынан құқық нормаға сәйкес қорғалуы- оның еркін жұмыс істеуінің бірден-бір кепілі болып табылады. 1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 1-тарауының жалпы ережелерінде журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкілі) – еңбек қатынастары және өзге де шарттық қатынастар негізінде бұқаралық ақпарат құралдары үшін хабарлар мен материалдар жинау, өңдеу және әзірлеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға деп анықтама берілген.

Журналистің ең басты міндеті – көпшілік бұқараны шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, қоғамдық пікірді қалыптастыру. Аталмыш заңның 5-тарауында журналистердің негізгі құқықтары ретінде мынадай құқықтар белгіленген:

  1. Ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға;

  2. Мемлекеттік органдарға, барлық меншік нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзінің қызмет бабындағы міндеттерін жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткізу туралы шешім қабылданғаннан басқа жағдайда өзін тіркеген орган өткізетін шараларға қатысуға;

  3. Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның ішінде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино, фото түсіру құралдарын пайдалана отырып жасауға;

  4. журналистің куәлігін көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингілер мен демонстрациялар, сондай- ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де білдіру нысандарына қатысуға;

  5. құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтері бар үзінділерін қоспағанда олармен танысуға рұқсат алуға;

  6. алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге;

  7. алынған ақпараттық материалдарды тексеру кезінде мамандарға жүгінуге;

  8. өзі дайындаған материалдар мен хабарларға қолын қойып, шартты немесе бүркеншік атын көрсетіп таратуға;

  9. материалдың мазмұны редакциялық түзетуден кейін журналистің өз қолын қойып жариялануынан бас тартуға;

  10. авторлық және ақпарат көздерінің құпиясы соттың талап етілуімен жарияланған жағдайларды қоспағанда бұл құпияларды сақтауға құқығы бар.

Құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның ақпаратпен қамтамасыз етілуі оның прогрессивті дамуы мен өркениеттілігінің маңызды факторларының бірі болып табылады. Ақпаратпен қамтамасыз етілуде қазіргі кездегі мәдениет пен тұлғаның әлеуметтенуінің бірден-бір құрамдас бөлігі - бұқаралық ақпарат құралдары. Соңғы 50-100 жылдың ішінде төртінші билік деп сипатталатын институт азаматтарды, мемлекет пен қоғамдық құрылымдарды ақпаратпен қамтамасыз ете отырып, адам мен қоғамның санасына ақпал етудің күшті тетігіне айналды.

Аталмыш жұмыста бұқаралық ақпарат қызметі мен оның негізгі субъектісі - бұқаралық ақпарат құралдары қызметіне талдау жасай отырып, келесідей қорытындыларға келуге болады.

Кез келген саяси биліктің маңызды ресурсы коммуникациялық менеджмент болып табылады, оның негізгі міндеті - қоғамдық қатынастардың тең субъектілері - қоғам мен билік өзара әрекеттескен жағдайда қоғамдық ой-санаға ықпал ету.

Дегенмен ақпараттың елдің әлеуметтік - саяси және экономикалық потенциалының дамуына оң ықпалын тигізумен қатар мемлекет мәртебесіне қауіп төндіретін теріс күші де болатынын ұмытпау керек. Сондықтан тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасу үрдісі өте күрделі және ұзақ. Бұл, біріншіден, Қазақстан сияқты өтпелі тектегі мемлекеттердің тұрғындарының саяси және экономикалық ұстанымдарының тұрақсыздығымен байланысты. Бұқаралық ақпарат құралдарының даму деңгейі, олардың жұмыс әдісі, журналистік этика және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу де аз рөлге ие еиес. Егер бұларды ескермей ақпараттану және редакциялау үрдісін өз еркімен жіберсе, онда мұндай ақпараттық анархия жағдайында ең мықты деген қоғамның өзі қайшылықтарға тап болады. Сондықтан Батыста «жариялылықтың еркінсуіне» жол берілмейді. Онда негізінен тұлғалардың өз еркін білдіру құқығынан тұратын бостандықтардың либералдық концепциясы бекітілген. Бұл концепция индивидуализмге негізделген. Ол жекелеген тұлғалардың еркіне қарсы келетін құқықтық тәртіпті талап етеді. Батыстық бұқаралық ақпарат құралдарының сөз бостандығының еріктілігі толық болып көрінгенмен оларды айтылған сөз үшін жауапкершілік дәрежесі анағұрлым жоғары.

Қазақстандық қоғамда демократиялық мемлекеттің бөлінбес бөлшегі ретіндегі тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының әрекет ету мәселесі әлі де дау үстінде. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев соңғы Еуразиялық медиа-форумда былай деген болатын: «Біздің ақпараттық тәуелсіздігіміздің негізінде түсінікті және қасиетті үш құндылықтың бірлігі жатыр, олар - бостандық, анықтылық, заң. Біз сөз бостандығын қамтамасыз еттік, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына монополиясын жойдық. Бұқаралық ақпарат құралдары қазіргі заманда ықпал етудің күшті құралына айналуда. Барлығы да бұқаралық ақпарат құралдары мен оларды басқаратындар алдыларына қандай мақсат қоятындығына байланысты. Бүгінгі күні масс-медиа жаңа мемлекеттіліктің, саяси тұрақтлықтың, ұлтаралық келісімнің қалыптасуы мен нығаюына ықпал етуі, бұқаралық ақпарат құралдары заңды орындаудың нақты үлгісі болуға тиіс».

Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарын саяси әлеуметтену үрдісі деңгейінде талдай отырып, нарықтық қатынастардың енгізілуі ақпараттық нарықтағы өнімдердің кең көптүрлілігін туғызғанын айтуға болады. Ақпараттық саладағы бәсекелестік пен демократиялану үрдістерінің қарқындалуы жағдайында тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары отандық ақпараттық нарықта беделді үлеске ие.

Қазақстан Республикасының Конституциясымен цензураға тыйым салынып, сөз бен шығармашылық бостандығына кепілдік берілетіндігі жөнінде жоғарыда айтылып кеткен болатын. Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 1-бабының 13-тармағында цензура ретінде жариялауға арналған хабарламалар мен материалдарды мемлекеттік органдармен, лауазымды тұлғалармен және басқа да ұйымдармен олардың немесе жекелеген бөліктерінің таралуына тыйым салу немесе шектеу мақсатында алдын ала келісуі мойындалатындығына және конституциялық тыйымдарға қарамастан цензураға әрекет жасау деректері жүйелі түрде байқалады.

Журналистің Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңында көрсетілген ақпаратты іздеу, сұрау, алу және тарату, барлық меншік нысанындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдарда болу және лауазымды тұлғалармен қабылдану құқықтарын шектеу -журналистердің кәсіби қызметін жүзеге асыруға тікелей кедергі келтіретін жағдай. Және бұл нормаларды бұзу деректері жиілеп кездеседі.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Нормативтік құқықтық актілер: [4, 7]

Негізгі әдебиеттер: [4, 5, 28, 30]

Қосымша әдебиеттер: [13, 36, 39, 44]

6-тақырып. Бұқаралық ақпарат құралдары және ақпараттық қауіпсіздік.

Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат саласында мемлекеттердің Интернет виртуалдық желісіне енуі биліктік құрылымдар тарапынан белгілі бір қатынасты туындатып отыр, себебі егеменді елдің коммуникациялық кеңістігіне бұрын болмаған араласу қаупі пайда болады. жаңа ақпараттық технологиялардың қалыптасуы және оларды қолдану жағымсыз құбылыстардың да – құқыққа белгісіз жаңа қылмыстардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Бұлар көбінесе мұндай құрылымдардағы ақпаратқа санкциясыз және құқыққа қайшы қол сұғу сипатында болады – компьютерлік вирустар, логикалық бомбалар, ақшаларды «электрондық ұрлау» мақсатында ақпараттық желілерге заңсыз түрде кіруге мүмкіндік беретін бағдарламалар, сонымен қатар «электрондық» ақпараттық шпионаж және т.б.

Осының барлығы жаңа ақпараттық технологиялар жағдайында дәстүрлі ақпараттық қатынастардың кешенін қайта қарау қажеттілігін тудырды. Бұл қауіптену ұлттық шекаралар үшін алаңдау ғана емес, сонымен қатар алаяқытық жарнамадан, құпиялылықтың бұзылуынан қорғау және жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен моральдық дамуды қорғау құқығын қамтамасыз ету болып табылады.

Мұндай құндылықтарға ұлттық мәдениетті, психологияны, ана тілін сақтау жатады.

Мынадай факторлар ақпараттық қауіпсіздік доктринасын дайындауі қажеттілігін туындатады:

- бұқаралық ақпрат құралдары қоғамдық санаға ықпал етудің ең мықты тетігі болып табылады;

- бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнама субъектіге психологиялық ықпал ете отырып, оның тілегін тиімді түрде ынталандырады;

- бұқаралық ақпарат құралдарының олигархия қолындағы монополиясы мен үйлесімділігі жүзеге асырылады;

- бұқаралық ақпарат құралдарының коммерциялануы байқалады;

- бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа әдістер мен технологияларды белсенді түрде пайдалану жүргізіледі;

- жаңа технологиялар әлеуметтік фактор болып табылады, олар бейтарап сипатта емес;

- ұлттық азшылықтардың көп ұлттылығы елімізде маңызды фактор болып табылады.

Қазақстанда қауіпсіздік пен азаматтардың ақпаратпен қамтамасыз етілуінің бас доктринасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен жыл сайынғы «Жаңа мыңжылдықтағы елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі» Халыққа жолдауында (1999) нақты айқындалған. Оның парадигмалары Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Қазақстан Республикасындағы әскери доктрина туралы» Заңдармен анықталған. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заң шығару деңгейі өте маңызды болып табылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында ақпараттық кеңістікті қорғау 20-баптың 3-тармағымен анықталады: «Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге, республиканың біртұтастығын жоюға, мемлекеттік қауіпсіздігін бұзуға, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, рулық астамшылықты, озбырлық пен күштеуді насихаттауға тыйым салынады».

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 2-бабының 3-тармағында бұқаралық ақпарат құралдарын конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге, Республиканың біртұтастығын жоюға, мемлекеттік қауіпсіздігін бұзуға, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, рулық астамшылықты, озбырлық пен күштеуді, порнографияны насихаттауға, сонымен қатар мемлекеттік құпияны және басқа да заңмен қорғалатын құпияларды құрайтын мәліметтерді жариялауға тыйым салынады.

ҚР «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында мынадай норма бекітілген: «Шетел азаматтары мен заңды тұлғаларына және азаматтығы жоқ тұлғаларға Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралының немесе осы саладағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаның меншік иесінің 20 пайыздан артық акциясымен (үлесі, пайы) тікелей немесе жанама түрде иелік етуге, пайдалануға, билік етуге және басқаруға тыйым салынады».

Аталмыш Заңда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне қатысты төмендегідей қағидалар бекітілген:

- Қазақстанның ақпараттық тәуелділігіне жол бермеу;

- Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштердің ақпараттық оқшаулануына жол бермеу;

- Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру және оның толассыз қызмет етуі;

- Қазақстанның әлемдік байланыс және ақпарат жүйесіне енуі.”

Ақпараттық қауіпсіздікті кең сипатта – ұлттық, салалық, корпоративтік және персоналдық ауқымда қарастыруға болады. Бұл өндіріс пен басқару, қорғаныс пен байланыс, көлік пен энергетика, банк ісі, қаржы, ғылым және білім, бұқаралық ақпарат құралдары. Ақпараттық қауіпсіздік ең жалпы сипатта тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің аса маңызды құныдлықтары мен мүдделерінің ақпараттық құралдармен немесе ақпараттық салада қорғалуы.

Қазіргі жағдайда бізге қатыстысы медиақұралдар мен бұқаралық және интеллектуалдық ақпараттарды беретін құралдар туралы сөз болып отыр. Ақпараттың мұндай нысаны мемлекет үшін жер, оның қойнауы, су ресурстары және т,б, сияқты құндылығы болып табылады.

Сондықтан біз үшін бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық қауіпсіздік – қоғам субъектілері мен мемлекетке тұлғалар мен қоғамның өмірлік маңзыды мүдделерін қорғайтын шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін шынайы, жедел және объективті ақпаратты алу мүмкіндігі ретінде түсіндіріледі.

Осыдан келіп, ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз Қазақстан Республикасының Конституциясымен және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңмен кепілдендірілген ақпараттарды алу мен тарату, өз көзқарастары мен ұстанымдарын жариялау мүмкіндігі. Егер қоғам шынайы толық емес ақпаратты алса, ол өзінде қауіпсіздік қамтамасыз етілген деп есептей алмайды.

Ақпараттық қауіпсіздік, әдетте, біздің қоғамда екі маңызды факторлармен сипатталады:

- біріншіден, ашық қоғам ережелерін сақтау талаптары;

- екіншіден, мемлекет тарапынан ақпаратқа бақылау жасау.

Ашық қоғам шынайы ақпарат алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, оған ақпараттық қауіпсіздіктің негіздерін салады. Мемлекет тарапынн елде цензура жоқ деп ресми түрде мойындалғанмен атақты бұқаралық ақпарат құралдарының сарапшысы А.К.Симоновтың айтуы бойынша цензураның ресми емес түрлері әрекет етеді: экономикалық, әкімшілік, редакциялық, бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иелері мен құрылтайшыларының тарапынан, криминалдық.

Ақпараттық қауіпсіздік бұқаралық ақпарат құралдары демократиялық қоғам үшін дәстүрлі қоғамдық кеңестер, бұқаралық ақпарат құралдарының өнегелілігін бақылау бойынша ұйымдар арқылы саналы түрдегі өзін-өзі шектеуге жол береді. Қазақстанда, мәселен, ұзақ уақыт бойы мұндай кеңестер түрлі нысандарда және түрлерде әрекет етеді. Олар көбінесе елдің неғұрлым беделді тұлғаларымен басқарылады.

Ақпараттық қауіпсіздік жүйесінде бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі постулаттары мыналар болып табылады:

- егер мемлекеттік құпияға немесе Қазақстан Республикасының Президентінің жеке өміріне қатысты сұрақтар бойынша болмаса шынайы ақпарат алу құқығы;

- бұқаралық ақпарат құралдарының елдегі ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің сақталуы үшін жауапкершілігі;

- бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік құпияға жататын немесе жариялауға жатпайтын мәліметтерді жариялағаны үшін жауапкершілігі;

- электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының жеке сананы ескермеуіне жол бермеу;

- ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ерікті түрде іздеу, алу және тарату мүмкіндігі және т.б.

Ғалымдар ақпараттық қауіпсіздікке сыртқы және ішкі қауіптерді анықтайды.

Сыртқы қауіптерге төменде сипатталған жағдайлар жатқызылады:

- белгілі бір мемлекет туралы оның ішкі саяси жағдайын қиындату мақсатында ескірген ақпаратты тарату;

- сыртқы күштер тарапынан мемлекеттік маңызды ақпаратты алу мақсатында әрекеттер жасауы;

- шекаралас мемлекеттермен жүргізілуі мүмкін “радиоэлектрондық соғыс”;

- ең алдымен жастарға бағытталған рухани-мәдени экспансия.

Ақпараттық қауіпсіздікке төндірілетін ішкі қауіптерге мыналар жатқызылады:

- мемлекеттік, қорғаныс, банктік және коммерциялық басқару саласында қолданылатын байланыс каналдарының нашар қорғалғандық дәрежесі:

- ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың нашар сапасы;

- теріс қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталған дезақпарат;

- компьютерлік қылмыстардың мүмкіндігі.

Ішкі ақпараттық кеңістікті сыртқы ақпараттық ықпал етуден қорғау қажеттілігі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға 2001 жылы өзгерістер енгізуге әкелді. Ол өзгерістер шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының тарататын теле- және радио хабарларының көлемі телерадиохабарлама каналдарының жалпы хабарлама көлемінің 20 пайызынан аспауы тиістігіне қатысты.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары ретінде шет мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанмен ортадағы 1996 жылғы 29 наурыздағы «Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартқа қатысушы-мемлекеттердің арасында теледидар мен радио хабарламаларын тарату үшін қолайлы жағдайлар туғызу туралы» халықаралық келісімі бар Ресей, Белорусь мемлекеттерінің бұқаралық ақпарат құралдары жатқызылады.

Сонымен бірге мынадай толықтыру енгізілген: «бұл талап кабельдік және спутниктік теледидар хабарламаларына қатысты емес». Бұл толықтыру қабылданған халықаралық келісімдердің ережелерінің мазмұнынан туындап отыр.

Сол уақытта Қазақстанда кабельдік және спутниктік теледидарға қол жеткізілімділік мәселесінің өрістеп отырғанын айтуға болады. Біздің елеімізде әзірше өзінің спутниктік теле хабарламаларды иелену дәстүрі болмағанымен Бұқаралық ақпрат құралдары туралы Заңына енгізілген бұл толықтыру аталмыш құралды иеленіге мұрындық болары сөзсіз.

Осыдайша, техникалық және заңшығарушы тарапынан ақпаратты еркін алуға және ақпараттарды шекара арқылы кедергісіз таратуға зор мүмкіндіетер беріліп отыр. Мемлекет басқа мемлекеттердің ақпараттық ресурстарымен бәсекелесуге ынталы ұлттық ақпараттық желілерді құруды ынталандырады.

Қазіргі кезде Қазақстанда сандық телевизиялық таратылымға ауысуға барлық техникалық алғышарттар жасалған. Бұл барлық әлемде қолданылатын стандарт болып табылады. Дегенмен біздің теледидарымыздың шығармашылық күштері әлі де болса бәсекелесе алмайтыны белгілі. Мұны жою Заңға енгізілген тиісті өзгерістердің нәтижесінде қалыптасуы мүмкін. Ол телекоммуникациялық цехқа ірі техникалық жағдайларды жасау ғана емес. Сонымен қатар дарынды тұлғаларды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету де болып табылады.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:

Нормативтік құқықтық актілер: [7, 8]

Негізгі әдебиеттер: [13, 15, 17, 25]

Қосымша әдебиеттер: [5, 6, 7, 8, 13, 26, 28, 29, 30, 34, 35, 41, 43]