Топырағы
Дүние бөлігі топырағының қалыптасуы жағынан арктикалық (полюстік), бореалдық, суббореалдық, субтропиктік белдеуге бөлінеді. Шпицбергенде, Франц-Иосиф Жерінде, Жаңа Жердің солтүстік бөлігінде арктикалық, Фенноскандияның солтүстік бөлігінде, Жаңа Жердің оңтүстік бөлігінде, Шығыс Еуропа жазығында, Солтүстік полюстік шеңберден солтүстікке қарай — тундралық топырақ дамыған. Бореалдық белдеу Исландияның, Фенноскандияның, Британия аралдарының, Орта Еуропа жазығының, Шығыс Еуропа жазығының Львов — Киев — Курск — Пермь — Екатеринбург шегінен солтүстік бөлігін қамтиды. Суббореалдық белдеудің қоңыржай континенттік аймақтарында қара топырақ және қызыл қоңыр топырақ тараған. Орманды дала мен даланың солтүстік бөлігі күлгінделген, сілтісіз, шіріндісі мол (8% және одан да көп) қара топырақты. Ал далалық қуаң аймақтарда — шіріндісі аз және оңтүстікке тән орташа қара топырағы дамыған. Қырым жазығында, Төменгі Еділ бойының, Каспий маңының анағұрлым қуаң далаларында шірінді қабаты жұқа, карбонатты қабаты өте тығыз қызыл қоңыр, кейбір жерлері сортаңды топырақпен алмасып келеді. Топырақ қалыптасуының субтропиктік белдеуіне жататын Оңтүстік Еуропа мен Қырымның оңтүстік жағасы мәңгі жасыл ксерофитті ормандар мен бұталар өсетін қара қоңыр топырақты. Жерорта теңізі маңындағы анағұрлым қуаң жерлер сұр, қара қоңыр топырақты, Балқан түбегінің тауаралық жазықтарының топырағы өте тығыз, шіріндісі аз болады. Еуропа топырағы егіншілікке қолайлы. Қара, қара қоңыр топырақты жерлерінің көбі жыртылған.
Өсімдігі
Еуропаның өсімдігі флоралық құрамы жағынан Голарктика облысына жатады. Өсімдіктерінің құрамында эндемиктер аз. Құрлықтық бөлігінде өсімдіктер тундралық, бореалдық, тайгалық, далалық, шөлдік, субтропиктік типтерге бөлінеді. Шпицбергенде, Франц-Иосиф Жерінде, Жаңа Жерде қына, мүк, шөптің бірен-саран түрі, бұтадан дриада өседі. Тундралық бөлігінде қоңыр, жасыл қына, ягель, крупка, субетеге, аласа қайың, полюстік тал өседі. Тау тундрасы Исландияда, Скандинавияда, Полюстік Оралда таралған. Орманды тундраның оңтүстігін (шамамен 57 — 58° с.е.) тайга алып жатыр. Мұнда, негізінен, қылқан жапырақты орман басым. Тайганың оңтүстігінде жалпақ жапырақты және қылқан жапырақты орман өседі. Олар Скандинавия мен Орал таулары аралығын алып жатыр. Жалпақ жапырақты орман солтүстікте тайга мен аралас ормандардан, оңтүстікте субтропиктерге дейінгі (шамамен 40° с.е. дейін) бүкіл Батыс Еуропаны (тауларынан басқа) қамтиды. Бұл белдемнен оңтүстікке қарай орманды дала, ал одан әрі дала белдемі жатыр. Еуропаның субтропиктік аймақтарында ксерофиттік мәңгі жасыл ормандар мен бұталар өседі.
Жануарлары
Фауна әлемі Голарктикалық зоогеографиялық аймаққа кіреді. Өсімдіктердің таралуы секілді мұнда да географиялық белдемділік байқалады. Өсімдігі аз, климаты қатал тундрада мекендейтін жануарлар: солтүстік бұғысы, көгілдір түлкі, қасқыр, ұсақ кемірушілер, құстардан: тундра кекілігі, ақ үкі, теңіз жағасында шағала, баклан, қаз, үйрек көп. Тайганы тиін, ақ қоян, бұлғын, қоңыр аю, қасқыр, түлкі, бұлан, т.б. мекендейді. Құстардан құр, шіл, көк қарға, сары шымшық, қырғи, т.б. кездеседі. Жалпақ жапырақты орман мен аралас орманда қара күзен, тағы мысық, жабайы шошқа, жарғанат, кірпі, қоңыр аю, түлкі, қасқыр, борсық, т.б. мекендейді. Шығыс Еуропаның далалық және шөлейтті аймақтарында кемірушілер өте көп. Каспий ойпатында бөкен, қарсақ, жерортатеңіздік аймақта безоар және Альпі текесі, серна, муфлон, батысында Пиреней жұпар тышқаны, генетта, Гибралтарда Еуропадағы маймылдың жалғыз түрі — магот, шығысында жайра, шие бөрі кездеседі.
Еуропа
