Кен байлықтары
Еуропада ірі кен орындары көп және әр түрлі. Ірі мұнай, газ (Еділ — Орал және Солтүстік Каспий қайраңының мұнайлы облысы, Кавказ алды және Солтүстік теңіздің қайраңы), көмір (Донец, Печора, Мәскеу маңы, Жоғарғы Силезия, Саар , Йоркшир, Рур алаптары), темір кентастары (Курск магниттік аномалиясы, Украина кен орындары, Орал таулары, Кола түбегіндегі кен орындар, Лотарингия, Скандинавия түбегі), сонымен бірге боксит, түсті металдар кентастарының кен орындары, ас тұзы мен калий тұздарының кендері Орта Еуропа жазығында (аумағы 150 мың км2) кездеседі. Түсті және сирек металдарға Орал, Батыс Еуропа, Кавказ және Скандинавия өңірлері бай. Дүние жүзіндегі ірі күкірт кен орны (Тарнобжег) Польшаның оңтүстігінде табылған.
Климаты
Еуропаның көпшілік жерінің климаты қоңыржай. Атмосфералық жалпы айналымының қалыптасуына Атлант мұхитынан келетін Гольфстрим жылы ағысының Солтүстік Атлант жылы тармағы әсер етеді. Циклондық әрекеттердің нәтижесінде қысқы айлардың изотермалары ендік бағыттан ауытқып, Еуропаның көпшілік бөлігінде қысқы айлардың орташа температурасы орта ендік температурасынан едәуір жоғары болады. Еуорпаның шығыс бөлігінің климаты континенттік. Атлант мұхиты үстінен келген жылы, ылғалды ауа массалары суық континенттік ауа массаларымен түйісетін жерде солтүстік полюс шеңберінен 50-параллельге дейінгі аралықта полюстік шептүзіледі. Мұнда қысы суық, боранды, қарлы, жазы жылы, оңтүстік-шығысында ыстық. Солтүстігіндегі аралдарға субарктикалық және арктикалық климат тән. Оңтүстік Еуропаның климаты жерортатеңіздік, қысы жұмсақ, әрі ылғалды, жазы ыстық келеді. Қаңтар айының орташа температурасы арктикалық аралдарда — 24°С, оңтүстігіндегі субтропиктік белдеулерде 12°С. Маусым айындағы температура арктикалық аралдарда 3°С-тан, оңтүстігінде 29°С-қа дейін өзгереді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері таулы аймақтарда 1500 — 2000 мм-ден (Скандинавияның жел өтіндегі беткейінде 2500 мм), Каспий ойпатында 200 мм-ге дейін ауытқиды. Еуропаның көпшілік бөлігінде жауын-шашын, негізінен, жылдың жылы мезгілдерінде жауады және ол батыстан шығысқа қарай азая береді. Жерорта теңізінде және оның жағалауларында жауын-шашын қыс айларында жауады. Мұнда жаз айларында ылғалдың жетпейтіні байқалады. Дүние бөлігіндегі мұздықтардың аумағы 118 мың км2. Олардың ең көп жиналған жерлері: Шпицберген (58 мың км2), Жаңа Жер, Франц-Иосиф Жері, Исландия аралдары және Скандинавия таулары. Мұздың қалыңдығы 400 — 600 м-ге, кейде 1000 м-ге жетеді.
Еуропа; 1000
Ішкі сулары
Еуропа құрлығын жүздеген өзендермен олардың салалары торлап жатыр.Еуропаның ең ұзын өзендері-Еділ мен Жайық-Каспий теңізіне,Дунай мен Днепр -Қара теңізге,Рейн мен Эльба Солтүстік теңізге,Вистула-Балтық теңізіне,Луара мен Тагус -Атлант мұхитына,Рона-Жерорта теңізіне құяды. Алманияның(Германияның қара орман аймағынан бастау алатын Дунай өзені-Еуропаның ең маңызды сауда жолдарының бірі.Аңызға айналған Рейн өзені Швейцарияның солтүстік-шығысы мен Германияның арасында шекара жасап,батысқа қарай ағады. Талай тарихтың куәсі болған қарт Темза Батыс Англиядағы Котсуолд қыратынан бастау алады да,Оңтүстік Англия арқылы шығысқа қарай ағып,Солтүстік теғізіне құяды. Еуропаның ең үлкен және ең маңызды Еділ өзені жүйесі Мәскеу қаласының солтүстік батысындағы Валдай үстіртінен басталады. Волга өзенінің арнасын Кама, Самара,Ока,Ветлуга сияқты 200-ден астам өзен тармақтары толтырып тұрады. [1]Еуропа су ағынының қалыңдығы жөнінен (295 мм-дей) дүние бөліктері ішінде Оңтүстік Америкадан кейін 2-орында. Жылына Еуропаның жер бетіне 4148 км3 атмосфералық ылғал түседі. Ылғалдану дәрежесіне қарай ағын батыстан шығысқа қарай және солтүстіктен оңтүстікке қарай азая береді. Оның көпшілік бөлігі Атлант мұхиты мен оның теңіздері алабына, қалғаны Солтүстік Мұзды мұхит алабы мен ішкі ағын алабына (Каспий теңізіне) жатады. Ірі өзендері: Дунай (Еуропадағы ең ұзын өзен), Днепр, Дон, Печора, Солтүстік Двина, Рейн, Висла, Эльба , Одра (Одер), Рона, Сена, Луара , Тахо, По. Олардың барлығында дерлік кеме жүзеді. Шығыс Еуропа жазығындағы өзендердің ағысы баяу, аңғарлары террасалы және кең болады. Олар қар және ішінара жаңбыр суымен толығады. Қыста оңтүстігінде 1,5 — 3 ай, солтүстігінде 7 — 7,5 ай бойы мұз қатып жатады. Фенноскандиядағы өзендер қысқа, аңғарлары жарқабақты, шоңғалды келеді. Өзен еңістігі үлкен. Орта бөлігінде 2 — 3 ай, солтүстігінде 7 — 7,5 ай бойы мұз қатып жатады. Орталық Еурпаның жазық өңірлеріндегі өзендер, негізінен, жаңбыр суымен толығады. Суы қатпайды, немесе бірде қатып, бірде еріп жатады. Биіктігі орташа тауларда өзендер көктемде қатты тасиды. Альпінің биік таулы аудандарындағы Рейн ,Рона, өзендерінің сол салаларының, Дунайдың оң салаларының жоғарғы ағыстары қар, жаңбыр суымен қоса, мұздықтардан да толығады. Жерорта теңізі алабына жататын өзендерде су деңгейі күзде және қыста едәуір көтеріліп, жазда төмендейді. Еуропада көлдер біркелкі орналаспаған. Солтүстік, солтүстік-шығыс бөлігіндегі мұз басуға ұшыраған аймақта (Фенноскандия) және Британия аралдарында, Альпі өңірінде, Польша мен Германияда көлдер көбірек кездеседі (Ладога, Онега, Венерн,Веттерн, Меларен, Женева, Балатон, т.б.). Жазықтар мен өзен жайылымдарында атыраулық көлдер, Қара және Азов теңіздерінің жағалауында лагуналық, Балқан түбегінде тектоникалық, Исландия мен Апеннин түбегінде жанартаулық көлдер кездеседі. Еуропаның аридтік оңтүстік-шығыс өңірінде сортаң және күшті минералданған тұйық көлдер (Эльтон, Басқұншақ) жатыр. Еуропа көлдерінің басым көпшілігі дүниежүзілік туризмнің көрнекті орындары және әлемдік маңызы бар демалыс-сауықтыру орындары саналады. Сонымен қатар, Еуропа жерінде 30-дан астам аса ірі және 2000-нан астам шағын бөгендер салынған.
