Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Божанов Әділхан. Жоба.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.04 Mб
Скачать

II тарау. 1924 жылғы орынбор қаласындағы қазақ білімпаздарының съезі

2.1. Қазақ тілінің араб әліппесінен латын әліппесіне көшу мәселесі

1924 жылдың 12-18 маусымы аралығында Орынбор қаласында өткен Қазақ білімпаздары съезі күн тәртібіне латын әліппесі туралы мәселе қарауды енгізді. Съезге А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы, Т.Шонанұлы және басқа қазақтың беделді зиялылары қатысты.

Елдес Омарұлы мен Мұхтар Мырзаұлының баяндамаларда қазақ емлесі, әріп жайы, халық әдебиеті, кітап жазу және оны шығару, оқу жоспары жайы айтылды.

Съезге қатысқан Бутовский қазақ әліпбиін өзгертуге өз пікірін қосты. Араб алфавитінен латын алфавитіне өзгерту керек деген пікірін білдірді[8]. Оның айтуы бойынша, латын алфавитіне қарсы дәлелдердің ең күштісі: бұрын қазақша хат танитын азаматтар, хат танымайтын болса, сауатсыздық артуы мүмкін – деген қауіп. Бірақ бұдан қорқудың қажеті жоқ: Патша үкіметі құлағаннан кейін орыстардың жазу ережелері өзгеріп, бұрынғы әріптердің бірсыпырасы әліпбиден шығып қалды; бірақ бұдан бұрын хат таныйтын кісілер хат танымайтын болып қалған жоқ. Жаңа ережені оп-оңай-ақ үйреніп алды. Арабша әліпбиді тастап, латын әліпбиін алудың қиындығы да сондай-ақ болуға тиіс деп сөзін аяқтады.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе – әліпби туралы баяндаманы Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұлұлы жасады.

2.2. Ахмет Байтұрсынұлының баяндамасы.

Ахмет Байтұрсынұлы баяндамасын «...Түрік әліпбиінің түбі арабтан шыққанымен, түрік тіліне икемделіп, өзгеріс кіріп, таза күйінде тұрмағандықтан, мен оны араб әліббиі демей түрік әліббиі деймін.[9]

Осы күнгі жұрттардың бәрі де өзі шығарған әліббиін тұтынып отырған жоқ. Бәрінікі де өзгеден өзгертіп алған әлібби Европа жұрттарының тұтынған әліббиінің түбі де көне семит әліббиі. ...Түрік әліббиінің де түбі көне семит әліббиі. ... өз тіліне икемдеп өзгеріс жасап алған әліббилеріне әр қайсысы өз аттарын қойып латын әліббиі, орыс әліббиі дегенде, түрік өз тіліне үйлестірірген әліпбиін түрік әліббиі, қазақ онан өз тіліне үйлестіріп алған әлббиін қазақ әліббиі деп атауға жолымсыз болуға тиіс» - деп әліпбиді дұрыс атау қажеттігінен бастады.

А.Байтұрсынұлы: «Тұтынып жатқан әліпбиді тастап, басқа әлібби алу деген – ол өте қиын жұмыс. Оны істеуге көп күш, көп қаржы керек. Ондай өзгеріс жасау: істеуге адамы құралы сай, жұмсауға қаржысы мол, әлді жұрттардың қолынан келмек. Біздер сияқты анасы да мынасы да жоқ- мешеу жұрттарға бір әліпбиді тастап екінші әліббиді ала қою оңай жұмыс емес. Солай болған соң, біз осы күнгі тұтынып жүрген әліббиімізді әбден тексеріп, негіз болуға тіпті жарамайтын болғанда ғана, шарасыздықтан басқа әліббиді негізге алуымызға керек» - деп, көптен қолданып, көзге үйір болып, көңілге сіңген, халыққа тамыры таралған әліпбиді тастай салып, басқа әліпби ала қоюдың оңай жұмыс еместігіне съезге қатысушылардың назарын аударды[10]. Оның ойынша жақсы әліпбидің қасиеттері келесідей болу тиіс:

Жақсы әліпбидің 4 қасиеті

1

Жақсы әліпби тілге шақ болу керек

2

Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс

3

Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болу тиіс

4

Жақсы әліпби үйретуге де қолайлы болуы тиіс

« 1) Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады.

2) Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс. Әліпбидің әріптері қиын болса, жазуды ұзақтатып уақытты көп алады.

3) Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болу тиіс, әріпті тізгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әліпби баспа сөзді арзандатады.

4) Жақсы әліпби үйретуге де қолайлы болуы тиіс. Әрпі сара жазуға оңай, баспасымен жазбасының суреті жақын әліпби үйретуге жеңіл болады» - деген әліпби жақсы болудың төрт қасиетіне жеке-жеке талдау жасады[11].

Ахмет Байтұрсынов «әліпбиді өзгерту» мәселесімен келіспейтіндігінінің себептерін былайша ашып айтты: «Латын әліббиін алу деген сөз екі әлібби әбден тексерілгеннен кейін шығып жүрген сөз бе, тексерусіз тек алайық дегеннен шығып жүрген сөз бе – ол жағы маған қараңғы[12].

Тексеріп қарасақ, латын әліббиінің түрік әліббиінен кемдігі болмаса, артықтығы көрінбейді. Жаманнан жақсыға, залалдан пайдаға бой ұру – жөні бар дұрыс іс әркім-ақ қостау тиіс, жақсыдан - жаманға, пайдадан зиянға бой ұрғанда, оны дұрыс деп қостауға болмайды.

Латын әліббиін аламыз деушілер ол әліббидің түрік әліббиінен не артықтығын айқындап ашпай, пайдалы екендігін бейнелеп түсіндірмей тек пәлен-түлендер алып жатыр. Еліктеу мен лепірту базары көтеріңкі нәрсе екені рас. Бірақ, біреу алып жатыр екен деп латын әліббиін алуға болмайды.

Біреудің істегенін дұрыс-бұрысын тексерместен істеу тек еліктеу болады. Тек еліктеуді маймылша еліктеу деп атайды. Тесе қарап тексеріп, түрік әліббиінен латын әліббиінің артықтығы мынау, пайдалылығы мынау деп көзге көрсеткен, ешкімді көргенім жоқ. Көбінікі құр дүбірге, қызу дүрмекке еру сияқты көрінеді.

Латын әліббиін түрік әліббиінен кем де болса аламыз дер едік, латын әліббиі Европаның мәдениетті жұртының пәнді, сәнді әдебиеттерін өзінен ала келетін болса, яғни ол жұрттар бізбен тұқымдас тілі жақын болып, олардың газет, журнал, пән кітаптарын оқып кететін болсақ, әліббиін алғанмен тіліміздің арасында ешқандай жақындық болмаған соң, латын әліббиінен ондай пайданы көре алмаймыз.

Болмаса, латын әліббиін тұтынған жұрттар орыстың орнында болып, аузына қарап, әмірін күтіп, балаларымызға тілін үйретіп отырған жұрттар болса екен. Онда да латын әліббиін түрік әліббиінен төмен болса да, алуда мағына бар дер едік.

Ең болмаса, латын әрпін тұтынған жұрттар мен көрші отырып, аралас-құралас болып, қатысып, қабысып, түйіндесіп, жатқан істеріміз болса екен. Онда да пайда-майдасы тиер дер едік. Мұнда ода жоқ. Тіпті қолайлылығын қойып, сұлулығы үшін аламыз десек, ол жағынан да латын әліббиінің жеңіп шығуы неғайбыл. Өйткені сұлу жазу қолдың шеберлігіне қарайды. ...

Латын әліббиін алғанда, келтіретін пайдасы жоқ болмақ, істейтін зияны көп болмақ зияны сол – бұл «сау басқа сақина тілеп алуда» болмай ауру үстіне ауру тілеп алу болады. Біздің осы күнгі ауруымыздың зоры: мешел өскендіктен мәдениет жүзіндегі мешеулігіміз; надандық, сауатты адамдарының, іс қыла білетін адамдардың аздығы, қаржысыздық, тағысын тағы мәдениет жағынан кемшіліктер. Сол аурудың үстіне латын әліббиінің ауруы келіп жамалмақ[13].

Жақсы әліпбидің белгісінің бірі – тілге шақтығы. Әуелі екі әліпбиді осы жағынан салыстырып қарайық: қайсысы қазақ тіліне сәйкестірек келеді екен.

Түрік әліпбиінен қазақ дыбыстарына тұспа-тұс келгендіктен өзгертусіз, ережесіз тікелей алынған әріптер:

А, б, п, т, ж, д, р, з, с, ш, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н, и

барлығы 19 әріп.

Бұрын дербес иемденген дыбысы жоқ болып бірдей олай, бірде бұлай жұмсалып жүргендіктен ережелеп бекітіп алып отырған әріптеріміз: о,у,е,ы – төртеуі; Өзгеріп алғанымыз жалғыз: ұ.

Латын әліпбиін алуға жасаған жобаға қарағанда, латын әліпбиінен қазақ дыбыстарына тұспа-тұс келгендіктен өзгертусіз, ережесіз, тікелей алынатын әріптер: A(а), b(б), d(д), l(л), m(м), n(н), o(о), p(п), r(р), s(с), t(т), z(з), k(к), g(г) – барлығы 14 әріп. Нақ тұспа-тұс келмегенмен жуықтығы барлықтан ережелеп икемдеуге келетін әріптер: e(е), j(ж), y(ы), i(и), u(у) – бесеуі.

Қазақ дыбысына жуық келетін де әріп болмағандықтан өзгертіп алынатын әріптер: g’(ғ), k’(қ), n(ң), ө(ұ) - төртеуі.

Мұның үстіне дербес бір әріп келмегендіктен екі белгімен алынатын “ш” дыбысның әрпі sh(ш) бар.

Бұл салыстыру жүзінде латын әліпбиінен түрік әліпбиінің анағұрлым артықтығы айқын-ақ көрініп тұр:

Түрік әліпбиінен ережесіз, өзгертусіз 19 әріп қазақ дыбысына сәйкес келгенде, латын әліпбиінен 14-ақ дыбыс сәйкес келіп тұр.

Түрік әліпбиінен ережемен 4 әріп алынғанда, латын әліпбиінен ережемен 5 әріп алынатыны көрінеді. Түрік әліпбиінен өзгертумен алынған әріп біреу-ақ; Латын әліпбиін алғанда ондай әріп төртеу болатыны айқындалып тұр.

Түрік әліпбиінде бір дыбысқа екі әріп алынбайды; Латын әліпбиін алғанда кейбір дыбыстарға екі әріп келетіні белгілі.

Жақсы әліпбидің екінші сипаты - жазуға жеңілдігі. Ол бойынша латын мен араб әліпбилерін салыстырып өткен жөн.

Әріп суретінің оңайлығымен мүшесінің аздығымен жазуға жеңіл болады. Суретінің оңай қиындығы да мүшесінің аз-көбі де қалам сермеуімен өлшенеді. Қаламның бір сермеуімен жазылатын әріптен шапшаңырақ жазылады, қаламның қысқа сермеуімен жазылатын әріп ұзын сермеумен жазылатын әріптен шапшаңырақ жазылады. Бұл жағынан салыстырғанда да түрік әліпбиінің анағұрлым артықшылығы айқын екендігін көру қиын емес. Түрік әліпбиіндегі қалам сермеу саны 33-41, оның көбі нүкте. Ал латын әліпбиінде қалам сермеу саны 53[14].

Жақсы әліпбидің екінші сипат жағынан да түрік әліпбиі анағұрлым артық болып шықты. Түрік әліпбиіндегі қалам сермеуі 41, ал латында 53. Түрік әліпбиіндегі сермеудің көбі нүкте сияқты қысқа сермеу. Қысқа сермеулі әріппен ұзын сермеулі әріпті жазу екеуі бірдей болмайды[15].

Жақсы әліпбидің үшінші қасиеті – баспаға қолайлылығы. Бұл қасиет жағынан бәйгені латын әліпбиі алады. Ал түрік әліпбиінің баспасын дараласақ, латын әліпбиі бұл бәйгені де ала алмайды.

Жақсы әліпбидің төртінші қасиеті – үйретуге жеңілдігі. Әліпби үйретуге жеңіл болады:

1) Әріптердің пішіні саралығымен;

2) Баспа түрі мен жазба түрінің жақындығымен;

3) Жазуға шеберлікті онша керек қылмауымен.

Саралық жағынан түрік әліпбиінің осы күнгі түрі латын әліпбиінен төмен. Өйткені, баспасының бас, орта, аяқ түрлері әріп саралығын кемітетіндігі жоғарыда айтылды[16]. Даралық жоқта, әріпте саралық та болмайды. Баспасын саралағанда түрік әліпбиі латын әліпбиінен саралық жағынан да кем болмайды. Латын әліпбиі ұлылы-кішілі әріптермен алынса, түрік әліпбиі үйрету жағынан да артық болады. Түрік әліпбиі дараланған шақталатын әліпби үлкен әріпсіз болған шақта, екеуі саралық жағынан да үйретуге жеңілдік жағынан да теңеледі.

Баспа түрі мен жазба түрінің жақындығы жағынан салыстырғанда, түрік әліпбиі латын әліпбиінен озады, баспаға түрік әліпбиінің жазба түрі алынған соң екеуінің арасында айырымы аз болатыны айқын нәрсе. Түрік әліпбиінің баспасын даралағанымызда, осы күнгі дара түрі мен тіркес түрінің орталығында етіп баспа әріптер жасалса, баспа түрімен жазба түрінің арасындағы жақындық ілгеріде де сақталмақшы. Дара түрін олай жасау қолдан келетін нәрсе[17].

Жазуға онша шеберлікті онша керек қылмауы жағынан салыстырғанда түрік әліпбиі латын әліпбиінен тағы озады. Әріп жабы сүгірейлеу болса үйретуге келтіретін жеңілдігі жазу үйреткен кезде болады. Бала болсын, үлкен болсын хат білмейтін адамның жазуға үйренбеген қолына әріп суреттері неғұрлым жабы сүгірейлеу келсе, неғұрлым аз шеберлікті қажет етсе, соғұрлым жеңілді келтіреді. Түрік әліпбиінің 14 әрпін жазып үйренген соң, былайғы 10-ны үйретусіз жазылады. Қорыта айтқанда, осыдан біз түрік әліпбиінің латын әліпбиінен айрықша ерекше екенін біле аламыз.[18]»

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]