Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
силабус.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
473.09 Кб
Скачать

Дәріс тақырыбы: Спорт – денсаулық қалыптасуының маңызды аспектісі. Мүмкіндіктері шектелген балалардың дене тәрбиесінің гигиенасы.

Дәріс тезистері:

Қазіргі өмір әлеуметтік саладағы шынайы өзгерістерсіз мүмкін емес, ал оның ең негізгі бағдары адам денсаулығының күйі болып табылады. Бұл, сірә, елдің өркениетін, тіршілікке қабілеттілігін анықтайтын факторларының бірі болуы мүмкін.

Адамның денсаулық күйі тұрмыс қалпына (50% дейін), тұқым қуалаушылыққа (15 - 20%), қоршаған ортаға (15 - 20%), медицинаға (15-20%) байланысты болатындығы белгілі. Жоғарыда көрсетілген мәліметтерді ескере отырып, негізгі назарды оқушының тұрмыс қалпына аударған жөн, себебі басқа факторлар педагогикалық әсерге аз тәуелді болып келеді. Сондықтан арнайы (коррекциялық) мекемелердің негізгі мақсаты - оқушылардың салауатты өмір салтын түзуде педагогикалық ұжымның барлық күш жігерін жұмылдыру болып табылады. Бұған өмір сүру, тамақтану, күн тәртібі, оқу – танымдық қызметін ұйымдастыру жағдайлары және спортпен, дене тәрбиесі сабақтарымен айналасу жүйесі жатады.

Оқушылардың физикалық дамуын жетілдіру мақсатында арнайы педагогика мен психологияның, физиологияның және дене тәрбиесінің қазіргі таңдағы ғылыми жетістіктерін пайдалана отырып жүргізу қажет.

Арнайы (коррекциялық) мекемелердегі дене тәрбиесін жетілдіру негізінде төмендегідей ұстанымдарды қолдану қажет:

  • оқушылардың тұрмыс қалпына дене тәрбиесін ендіру, оларда денсаулық мәртебесін түзу;

  • дене тәрбиесі құралдары арқылы балалардың ойлау қабілетін дамыту;

  • оқушылардың физикалық дамуын және денсаулығын жүйелік құжаттандыру, оның нәтижелерін барлық денгейде талдау;

  • мұғалімдердің және әкімшіліктің компьютерлік жүйені қолдануы;

  • мүмкіндігі шектелген балаларды физикалық дамытуда және денсаулықтарын сақтау сұрақтарында педагогтармен ата - аналардың біріккен жұмысын жүргізу;

Сонымен бірге, балаларды оқыту және тәрбиелеуде Л.С. Выготский өңдеген проблемалық оқыту әдістерін, әрекеттік амалды, қызметтік ойындарды, оқытудың ұжымдық тәсілдерін және т.б. принциптерін қолданған дұрыс.

Дене тәрбиесі арқылы оқушылардың ойлау қабілетін дамыту жолдары әр түрлі болып келеді:

  • әр түрлі терминдерді, олардың үйлесімдерін есте сақтау;

  • қозғалыс қызметтерін сөзбен жанамалау;

  • физикалық жаттығуларды орындауын сыныптастарының бағалауы және өзін өзі бағалауы;

  • теориялық сынақ;

  • қозғалыс қызметтерін сөзбен реттеу;

  • проблемалық оқыту;

  • қызметтік ойындар, қозғалыс қызметтерін оқыту кезіндегі теориялық «мидық әрекет»;

  • дене тәрбиесі, қозғалыс физиологиясы теориясынан білім алу;

Келесі концептуальды амалдың негізін Я.А. Коменский өзінің «Ұлы дидактика» еңбегінде қалады. Ол принциптің негізі адамның табиғи қабілетін педагогика және табиғат заңдарын сақтай отырып толықтай дамыту болып табылады.

Адамның табиғатында өзі өмір сүре алмайтын қажеттіліктер қаланғаны белгілі. Бұл тағамға, ұйқыға және қозғалысқа деген қажеттіліктер. Оқушыларда алдыңғы екі қажеттіліктер толық қанағаттандырылса, қозғалысқа деген қажеттіліктің 10 - 12% ғана өтеледі. Осылайша, қозғалыс белсенділігінің жетіспеушілігі пайда болады, яғни барлық ағзаның тіршілік қабілеттілігін төмендететін «қозғалыс аштығы» пайда болады.

Қазіргі таңдағы оқу процесіне талдау жасасақ, төмендегідей жағдайды көруге болады, яғни бірде бір пән оқушының көру анализаторын және ағзаның тіршілік әрекетін қамтамасыз ететін бірде бір жүйені дамытпайды. Керісінше, оқыту процесінің белгілі бір дәрежесі бала денсаулығын төмендетеді, олардағы созылмалы аурулар санын ұлғайтады. Бұл жағдайда «Дене тәрбиесі» пәні оқушының денсаулығына басқа пәндер түсіретін жүктемеден қорғауға күш салады. 20 – ғасырдың 20-30 жылдары алдыңғы қатарлы педагогтар М.М. Пистрактың, С.Т. Шатскийдің, А.С. Макаренконың педагогикалық ойларын іске асыру мақсатында әр түрлі тәжірибелік алаңдар, мектептер, балалар колонияларын құрды, онда оқушылар дене тәрбиесімен күніне 1,5 сағаттан кем емес уақыт айналысты, яғни қозғалыс белсенділігінің қажетті оптимумына ие болды. Кейіннен В.А. Сухомлинский оқушыларымен табиғатта сабақтар жүргізді, В.Ф. Шаталованың мектеп – зертханасында дене тәрбиесінің сабақтары күнделікті жүріп отырды.

Осылайша, педагогика саласындағы аса көрнекті мамандар қозғалыс режиміне көп көңіл аударды. Қазіргі уақытта бұл жағдай дене тәрбиесінің аптасына екі сабағымен шектелген. Осыдан туындаған жағдайларды өзгерту мақсатында төмендегідей ұсыныстарды жасауға болады:

  • сабақтар көлемін 5 минутқа қысқарта отырып, соның есебінен 30 минутқа созылатын «денсаулық сағатын ұйымдастыру»;

  • оқушыларға қозғалыс белсенділігінің қысылуын болдырмайтын киім ұсыну;

  • физкультминуттарда көз белсенділігін арттыратын тренажерларды қолдану;

  • төменгі сынып оқушыларына жазу, сызуды қозғалыс режимінде үйрету;

  • аптасына дене тәрбиесінің төрт сабағын өткізу;

Дене тәрбиесі проблемаларын шешудегі маңызды амалдың бірі оқушылардың физикалық дамуын және денсаулығын жүйелік құжаттандыру, оның нәтижелерін барлық денгейде талдау болып табылады.

Қазіргі таңда дене тәрбиесі құралдары арқылы дамуында ақаулығы бар балаларды сауықтырудың көптеген педагогикалық технологиялары өңделген. Осындай технологиялардың бірі оқушының денсаулық және физикалық дамуын құжаттау болып табылады. Мектеп практикасында бұл құжаттың болуы мынандай мәселелерді шешеді: оқушының физикалық дайындығы, физикалық дамуы және денсаулығының негізгі көрсеткіштері туралы мәліметтер жинақталады, баланың ұзақ жылдар бойғы денсаулық күйімен қозғалыс сферасының динамикасын бақылауға мүмкіндік береді, мұғалімге, оқушының өзіне оның ата – анасына түсінікті болады.

Құжат мазмұнына физикалық даму, қозғалыс қабілеттілігі, сонымен бірге оқушының денсаулық күйін сипаттайтын бір қатар параметрлерді енгізуге болады.

Оны ендірудің әдістемелік аспектілері төмендегілер болып табылады:

  • денсаулық паспорты әр бір баланың жеке бас ісінде сақталады,

  • оқушының физикалық даму көрсеткіштері дәрігермен медициналық бикемен немесе дене тәрбиесінің мұғалімімен анықталса, физикалық дайындық көрсеткішін дене тәрбиесінің мұғалімі анықтайды. Оның нәтижелері құжатқа енгізіледі;

  • медициналық көрсеткіштер (көз жанарының күйі, медициналық топ, созылмалы аурулар) дәрігермен немесе медициналық бикемен жылына екі рет анықталып құжатқа енгізіледі.

Оқушының денсаулық күйінің және физикалық дамуының құжат мәліметтері жекелеген оқушылардың, сонымен бірге бүкіл сыныптың сәйкес дайындық бағдарламасын өңдеуге мүмкіндік береді.

Педагогтар және ата – аналар - бұл қандайда болмасын проблемаларды шешуде табыстарға жететін қоғамдық ұйым. Аталған проблемаларды шешуде бұл ұйым төмендегідей шараларды іске асыра алады:

  • мектеп, сынып және жанұя деңгейінде «Денсаулық бағдарламасын іске асыру»;

  • педагогтар және ата- аналардың бірлескен әрекетінің нәтижесінде мектепте және сыныпта денсаулық үйірмелерін құру, олардың жұмысына белсене қатысу;

  • «үй стадионын» жабдықтау;

  • мектепте қарапайым спорт алаңдарын жасау және оны спорттық құралдармен жабдықтау;

  • оқушылардың физикалық дамуын және денсаулығын жүйелік құжаттандыру, оның нәтижелерін барлық денгейде талдауға қатысу;

  • оқушылар арасында спорт мерекелерін, жарыстар өткізуді ұйымдастыру және қатысу;

Моториканың негізгі рөліне сәйкес проприоцепция орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) арқылы вегетативті сфераны қаңқа бұлшық еттерінің қажеттілігіне бейімдейді, ал интероцепция гомеостазды қалпына келтіреді.

Адамның денсаулығы бұлшық ет - буын аппаратында проприоцепция арқылы, ал ішкі мүшелер жүйесінде – интероцепциямен жүзеге асатын афферентация негізінде мүшелерді реттелуімен қамтамасыз етіледі. Осы байланыстың болуының нәтижесінде мүшелердің әрбір жүйесіне өзін өзі реттеу тән. Моторлы аппаратта ол бұлшық ет қозғалысын және тонусын үйлестіреді.

Қимыл қозғалысында ақаулығы жоқ адамдар үшін дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысу – бұл белсенді даму әдісі болса, мүмкіндігі шектелген бала үшін дене тәрбиесі қимыл жүйесіндегі ақаулықты жоюдың негізгі тәсілдерінің бірі болып табылады. Сондықтан да мүмкіндіктері шектелген балаларды дене тәрбиесімен белсенді айналысуға жұмылдыру арнайы (коррекциялық) мектептердегі оқу – тәрбие жұмыстарының кешеніндегі маңызды тізбек ретінде қарастырылуы тиіс. Дене тәрбиесі жаттығуларын қолданудың жағымды ерекшеліктері:

  • әмбебаптылық (ағзада қозғалыс әсерін тигізбейтін бірде бір мүше болмайды);

  • жағымсыз кері әсердің болмауы (тиімді физикалық жүктемені пайдаланаған кезде);

  • шектеу қойылмайтын ұзақ қолдану мүмкіндігінің болуы, яғни емдік және алдын алу шараларының жалпы сауықтыру және машықтандыру шараларына ауысуы.

Жетілмеген қызметтерді теңгерудің және бұзылған қызметтерді коррекциялаудың тиімді құралы ретінде дене тәрбиесі жүйесін дер кезінде (неғұрлым ерте) қолдану кемақыл балалардың дамуындағы екінші ретті ауытқулардың алдын алуға септігін тигізеді.

Коррекциялық педагогикалық процесті Л.С. Выготскийдің баланың дамуындағы сақталған қозғалыс мүмкіндіктерін пайдалану туралы ойларының негізінде құру қажет.

Қозғалыстағы бұзылыстарды анықтау сақталған қозғалыс мүмкіндіктерді анықтаумен параллельді түрде жүргізілуі тиіс.

Дене тәрбиесінің мұғалімі өзінің практикалық қызметінде баланың сақталған қозғалыс мүмкіндіктерімен бірге бұзылған қозғалыс мүмкіндіктерін де анықтай алуы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі баланың қозғалыс сферасын бағалаған кезде сақталған қозғалыс мүмкіндіктерімен бірге бұзылған қозғалыс мүмкіндіктері де кездесуі мүмкін. Осы ерекшеліктерді, бұзылыс дәрежесін анықтау маңызды болып табылады, одан кейін ғана оларды түзету мақсатымен сақталған қозғалыс мүмкіндіктерін белсенді дамыта отырып сәйкес жаттығулар белгіленеді.

Мысалы, егер баланың тепе теңдік қызметі бұзылса, оны түзету үшін педагог сақталған қозғалыс мүмкіндіктерін анықтауы тиіс және оны дамыта отырып берілген бұзылысты түзету шараларын қолдануы қажет. Мүмкіндігінше бұндай баланың табан бұлшық еттерін бірінші кезекте дамыту қажет, сонымен бірге аз салмақ түсіру негізінде динамикалық және статикалық әр түрлі жаттығуларды орындау арқылы тепе теңдік қызметін жетілдіру қажет, яғни тепе теңдік элементтерімен бірге түрлі қозғалыс ептілігін және дағдыны түзу керек.

Кемақыл балалардың қозғалыс сферасының дамуын басқару олардағы әр түрлі локомоциялармен, еркін қозғалыстардан байқалатын және олардың жалпы психофизикалық дамуына кері әсерін тигізетін қозғалыс бұзылыстарының және физикалық дамуының ерекшеліктерін зерттеуді жорамалдайды.

Қозғалыс аппаратының қызметі оның локомоторлы актілері – жүру, жүгіру, секіру және лақтырудан тұрады.

Жүру және жүгіру – циклдық сипаттағы әрекеттер, себебі бір циклдағы қозғалыстың барлық фазалары басқасында да сондай кезектестілікпен жүреді. Барлық циклдар бір бірінен ажырағысыз, одан кейінгісі оның алдындағысының жалғасы және келесі қозғалыстың басталуы болып табылады.

Циклдық қозғалыстардың физиологиялық механизмінің негізі шартты рефлекс болып табылады. Ол ырғақты қозғалыс тізбекті рефлекспен анықталады (Н.А. Бернштейн, 1966).

Кемақыл балалардың ерте жасында жүрудегі қозғалыс дағдысы өзінің қатарластарымен салыстырғанда кешеуілдеп дамиды. Себебі қозғалыс координациясы қабілеттілігі жеткіліксіз дамиды, сондықтан ондай балалар айқасқан қозғалыстардан гөрі бір бағытты қозғалыстарды жеңіл игереді.

Жүру – адам локомоциясының негізгі түрі. Жүру актілерінде дене бұлшық еттерінің көптеген топтары қатысады, соған байланысты ағзаның барлық физиологиялық жүйелерінің қызметі қарқындайды. Сондықтан да саппен жүру оқушылардың ұжымдық әрекеттерін жақсаратды, олардың ұйымшылдығын арттырады.

Жүгіру - циклдық сипаттағы әрекет, онда қозғалыстың бір тіректі фазасы ұшу фазасымен кезектесіп отырады. Жүгіру локомоциясының түзілу процесінде бұлшық ет күшін реттейтін жүке жүйесінің әр түрлі динамикалық стереотиптері қалыптасады. Жүйке орталықтарындағы қозу ұзақтығы бұлшық еттің жұмыс қабілеттілігінің қалпына келуін қамтамасыз етпейтін, нәтижесінде олардың қажуын тудыратын тежелудің қысқа фазасымен үйлеседі.

Лақтыру физикалық жаттығулардың қолданбалы түрі ретінде қолдың, иық белдеуінің бұлшық еттерін, саусақтардың, қолдың ұстау қызметін жақсартады, қозғалыс координациясын, қозғалыс нақтылығын, көз мөлшерін дамытады.

Секіру аяқтар бұлшық еттерінің буын – байланыс аппаратын дамытады, қозғалыс координациясын жақсартады.

Интеллектісі бұзылған балалардың қозғалыс сферасының даму ерекшеліктерін және заңдылықтарын есепке алу қажеттілігі оларды жүйелі түрде жіктеуді қажет етеді. Бұндай жүйелік төмендегілерді қамтамасыз етеді:

  • Қозғалыс дамуындағы жеткіліксіздіктер туралы көптеген мағлұматтарды жалпылау;

  • балалардың сақталған қозғалыс мүмкіндіктерін және қозғалыс бұзылыстарын анықтау;

  • физикалық жаттығулардың түзету бағыттылығын анықтау және оны жүйелеу.

Дене тәрбиесі интеллектісі бұзылған балаларға арналған мектептің оқу – тәрбие жұмыстар жүйесінің бөлінбес бөлігі болып табылады. Ол оқу, тәрбиелік, түзету және емдік – сауықтыру міндеттерін шешеді.

Оқушылардың қозғалыс жеткіліксіздігі әсіресе күрделі қозғалыстарды орындау кезінде артады.

Арнайы (коррекциялық) мектеп оқушыларының арасында моторикасы жақсы дамыған оқушыларды кездестіруге болатындығын атап өткен жөн. Бұл жағдай оқытудағы балалармен жұмысты жеке дара және жіктеп өткізуді қажет етеді.

Дене тәрбиесінің мұғалімі өзінің алдына қойған міндеттеріне әр бір оқушының ақаулық құрылымын есепке алған жағдайда, оның барлық мүмкіндіктерін және кемшіліктерін білген жағдайда жетеді. Мұғалім дәрігерлік шешіммен танысуы керек, мектеп дәрігерімен үнемі қатынаста болуы қажет және әр бір сабақта оқушының денсаулық күйін білуі қажет.

Гимнастикамен айналысу сабақтарында оқушылар өрмелеу дағдыларын игеру керек. Өрмелеу жаттығулары – оқушылардың координациялық мүмкіндіктерін жетілдіретін, күш және ептілікті дамытатын тиімді құрал.

Тепе – теңдік жағдайында орындалатын жаттығулар вестибулярлы аппаратты, қозғалыс координациясын, кеңістікте бағдарлауды дамытады, психикалық қызметтің жеткіліксіздігін (қорқыныш, биіктіктен қорқу және т.б.) түзетеді.

«Жеңіл атлетика» бөлімінде оқушылар маңызды қозғалыс дағдылары – жүру, жүгіру, секіру және лақтыруға үйренеді. Жеңіл атлетика элементтеріне үйрету және оны жетілдіру балаларда жылдамдықты, ептілікті, күшті және шыдамдылықты дамыту мақсатында орындалуы тиіс.

Жеңіл атлетика сабақтарында жүру және жүгірумен айналысу адамның шапшаңдық және төзімділік тәрізді физикалық сапаларын дамытудың негізгі құралы болып табылады.

Оқушыларға физиологиялық және эмоциялық әсер етудегі ерекше орынды жүгіру алады. Ол жаттығудың жеке түрі және ойындар, секіру, лақтыру элементтері ретінде де қолданылады. Жүгіруді жүйелі түрде қолданған кезде шапшаңдық, қозғалыс координациясы біршама жақсарады, баланың бойында ерік, шыдамдылық тәрбиеленеді.

Ойындарда – қозғалыстың барлық түрлері – жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, бөгеттен өту, жүк тасу және т.б. кездеседі. Олар зейіннің, ойлаудың, күштің, ептіліктің, жылдамдықтың, төзімділіктің дамуына және ұжымдық сезімді бекітуге септігін тигізеді. Таза ауада өткізілетін ойындардың үлкен сауықтыру әсері бар. Олар белсенді демалыс құралы болып табылады.

Қозғалысты дамыту ойындарында балалар белсенді болады, ережелерге бағынады, өздерінің интеллект деңгейлерін көтереді. Ән салу және музыкамен қоса жүргізілетін ойындар көңіл – күйді ғана көтеріп қоймай, сонымен бірге эстетикалық тәрбиені де дамытады.

Әр бір бөлімге оқушылардың қозғалыс қабілеттерін дамытатын жаттығулар енгізілген. Бұл қабілеттерді дұрыс дамыту үшін төмендегі қағидаларды ескеру керек:

  • 1 және 4 – сыныптарда ептілікті және қозғалыс координациясын дамытуға назар аудару;

  • 3 және 4 – сыныптарда оқушылардың бойында төзімділік пен шыдамдылықты дамыту;

  • жаттығуларды орташа қарқындылықпен орындау, қайталау кезінде тыныс алуды және зейінді қалпына келтіретін жаттығулар енгізу;

  • оқушының қозғалыс және интеллект мүмкіндігін ескере отырып сыныпты топтарға бөлу арқылы оқушыға жіктелген және жеке қарым қатынас жасау;

Дене тәрбиесі туралы теориялық сипаттағы жалпы мәліметтер сабақ барысында беріледі. Әр бір сабақта жаттығулардың техникасы туралы, төрешілер алқасының ережелері, спорт киіміне, құрал жабдықтарға қойылатын талаптар туралы қысқаша мағлұматтар беріледі.

Дене тәрбиесінің мұғалімінде төмендегідей құжаттардың болуы қажет:

  • Бағдарлама;

  • оқу материалын өткізу туралы жылдық жоспар – график;

  • әр бір тоқсанға арналған тақырыптық жоспар;

  • сабақ жоспары.

Дене тәрбиесі бойынша жүргізілетін сыныптан және мектептен тыс шараларды өткізудің маңызы зор. Оның бағдарламасы кемақыл балаларға арналған дене тәрбиесі бойынша сыныптар, мектептер арасында өткізілетін жарыстар жыл бойы жүргізілетін бағдарлама міндеттерін ескере отырылып құрылуы керек.

Негізгі әдебиет: (1,2,4,5,9,10,14)

Қосымша әдебиет: (4,5,6,9)

5 дәріс