Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Саясаттану негіздері Оқулық.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.22 Mб
Скачать

3.3.Натуралистік парадигма.

Натуралистік парадигма мемлекет пен биліктің шығу тегінің табиғилығын, олардың пайда болуы мен қызмет етуінің табиғи қажеттілігін негізге алады. Бұл жағдайда ең басты себеп ретінде адамдардың бірлесіп өмір сүрулерінің нәтижесінде пайда болған әлеуметтік факторлар емес, керісінше адамның биологиялық, психофизиологиялық құрылымы мен сондай-ақ қоршаған табиғи ортамен анықталатын табиғи фактор алдыңғы орынға қойылады.

Табиғат – адамзаттың бастапқы негізі. Оған ол өзінің кіндігімен байланған. Өркениеттің даму себебін іздестіргенде адамзаттың ақыл-парасатының табиғи факторларға көңіл аударуы заңды нәрсе. Саяси ойлар тарихында натуралистік парадигма негізінде әрқилы тектегі геосаяси, биосаяси, психологизаторлық концепциялар пайда болып отырды.

Геосаяси идеялар әртүрлі географиялық ортада өмір сүретін мемлекеттік құрылымдарды, халықтардың саяси өмірін салыстыру негізінде пайда болды. Географиялық фактор ретінде климат, жергілікті жердің рельефі, адамдар қауымдастығының өмір сүру ортасы, су бассейнінің болуы сияқты аймақтық ерекшеліктер ұсынылды.

Географиялық ортаның саясат пен мемлекеттік құрылысқа тигізетін ықпалына ертедегі ойшылдар да көңіл аударған. Ежелгі грек дәрігері Гиппократ (б.з.д.460-370 жж.) өзінің «Ауа, су және жергілікті жер туралы» шығармасында аталған табиғи факторлардың адамның денсаулығына, оның мінез-құлқына, сондай-ақ жергілікті жердің қоғамдық және мемлекеттік құрылысына тигізетін ықпалына көңіл бөлді. Адамды «саяси хайуан» деп атай отырып Аристотель қоғам мен мемлекеттің пайда болуының табиғи негізінің бар екенін көрсетті.

Географиялық фактор ірі географиялық ашулар орын алған және осының негізінде өздерінің табиғи-климаттық жағдайларымен ерекшеленетін, әртүрлі құрылықтарда өмір сүретін халықтардың саяси өмірі мен мемлекеттік құрылысын салыстыру мүмкіндігі пайда болған 15-16 ғғ. бастап ерекше мәнге ие бола бастады.

Ғылымдағы географиялық бағыт пен геосаяси идеялардың негізін салушы ретінде француздың саяси ойшылы, заңгер Жан Боденді (1530-1596жж.) есептеуге болады, ол өзінің «Тарихты жеңіл үйрену әдісі» (1566) атты шығармасында қоғам дамуына табиғи орта ықпалын тигізеді деген идеяны ұсынды. Географиялық бағыт мейлінше тиянақты түрде француз ойшылы Шарль Луи Монтескьенің (1689-1755) «Заңдар рухы жайлы» деп аталатын еңбегінде жете зерттелді. Оның көзқарасы бойынша, климаттық жағдайлар, жергілікті жердің топырағы, рельефі халықтардың мінез-құлқына ғана емес, өте үлкен дәрежеде қоғамдық дамудың сипатына, халықтар өміріндегі саяси процестерге де ықпалын тигізеді. Географиялық детерминизм идеяларын біршама жұмсарта отыра Монтескье географиялық фактордың әсері адамдар қоршаған ортаның жағдайларына тәуелді болған өркениет дамуының бастапқы кезеңдерінде ерекше байқалғанымен, өркениеттің даму барысымен өндіріс, жеке меншік, басқару принциптері, әдет-ғұрып, дін секілді әлеуметтік факторлардың ықпалының күшейетіндігін атап көрсетті.

Тұтастай алғанда географиялық парадигма ғылыми тұрғыдан аса жемісті болды. Ол ғылымдағы географиялық мектептердің институтталынуына алып келді, географиялық себептер мен жағдайларды ескере отырып саяси процестерді түсіндіруге тырысатын саяси географияның пайда болуын қамтамасыз етті.

Географиялық парадигма мемлекеттердің, халықтар мен ұлттардың арасындағы өзара қарым-қатынастарда маңызды рөл атқаратын қазіргі геосаяси доктринаның қалыптасуында ерекше мәнге ие болды.

Геосаяси доктриналар мемлекеттің саяси бағытының қалыптасуында басты қызмет атқарады. Қазіргі геосаясат бөтен территорияны жаулап алу, агрессия ғана емес, өзінің сыртқы саясатының бағытын айқындау үшін географиялық жағдайларды пайдалану, сыртқы саясаттағы проблемаларды шешуде қалыптасқан географиялық ахуалды мейлінше толық ескеру.

Геосаясат сыртқы саяси басымдықтарды да анықтайды, себебі олар географиялық ортаның ресурстарын (мемлекеттің өмірлік маңызы бар орталықтарының кеңістіктік қорғанысын анықтайтын шекара қауіпсіздігі, пайдалы қазбалардың болуы және оларды экономикалық айырбастауды ұйымдастыру үшін пайдалану мүмкіншілігі, мемлекет территориясының әлемдік транспорттық байланыстарды ұйымдастыру желілеріне жақындығы және т.б.) пайдаланумен байланысты. Қазіргі геосаясат баламалы айырбастауды қамтамасыз етуге жағдай жасай отырып, үйлесімді түрде әлемдік нарықтық жүйеге енеді. Алайда бұл жағдай геосаяси проблемалардың дербестігін, мемлекеттің сыртқы саясаттағы және ішкі саясаттағы акцияларын қамтамасыз ету үшін оларды белсенді идеологиялық тұрғыда пайдалану мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Осы жерде Қазақстанның геосаяси жағдайын ескеретін Н.Ә.Назарбаевтың еуразиялық идеясының жемістілігін айта кеткеніміз жөн. Бұл идея Қазақстан Республикасына екі құрлықтың экономикалық, рухани факторларын біріктіруге және елдер мен халықтарды байланыстыратын көпір болуға мүмкіндік береді.

Натуралистік парадигма сонымен бірге, саясаттың, саяси мінез-құлықтың, саяси құрылымдардың шығу көздерін адамзаттың биологиялық табиғатынан іздеуге талпынатын әртүрлі биосаяси доктриналарда қолданылады. Биосаясат адамның инстинктілік, генетикалық, туа біткен табиғи қасиеттері оның саяси мінез-құлқының, сондай-ақ қоғамдық өмірдің саяси құрылысының ерекшеліктерін анықтауда шешуші рөл атқаруын ескереді.

Жеке тұлғаның биологиялық ерекшеліктерінің (мысалы, жынысы, жасы) саяси реакцияның ерекшелігін анықтау мен саяси жүріс-тұрысты қалыптастырудағы мәнін толықтай жоққа шығаруға болмайды. Аффектілер – тән мен жанның байланысы (Спиноза), сондай-ақ тұлғаның генетикалық ерекшеліктері де, мәселен, оның реактивтілігі саяси жүріс-тұрысқа әсерін тигізеді.

Алайда, неміс ғалымы П.Мейердің көзқарасы бойынша адамның саяси жүріс-тұрысы екі деңгейден тұратындығын ескергеніміз жөн. Жоғарыда айтылғандардың бәрі төменгі деңгейге, тікелей реакцияға жатады. Саяси жүріс-тұрыстың ең жоғары деңгейі рефлексия нәтижесінде пайда болады, яғни оны анықтауда ақыл-ой, символдар және әлеуметтік-мәдени нормалар шешуші рөл атқарады.

Осында, батыстық биосаясаттың адамдардың саяси жүріс-тұрысының жеке тұлғаның жынысына, жасына, генетикалық ерекшеліктеріне тәуелді болатындығын зерттеу барысында қолданбалы саясаттануда біршама табыстарға қол жеткізгендігін айта кету керек. Биосаяси мәліметтерді қолданбалы саясаттану референдумдардың, сайлаулардың нәтижелеріне саяси болжам жасауда, саяси оқиғаларға бұқараның көзқарасын анықтау үшін пайдаланады.

Саяси ғылым индивидуумның не әлеуметтік топтардың саяси оқиғаларға деген психологиялық көзқарастарына ерекше көңіл бөлетін әртүрлі психологизаторлық ағымдарды да натуралистік парадигмаларға жатқызады. Мінез-құлықтың психологиялық түрткілерінің бастапқылығын, тікелей екендігін мойындай отырып, бихевиоризм оларды саяси мінез-құлықтың мотивациясын индивидтің немесе бұқараның (тобырдың) рефлекторлы-инстинктивті сезімдері арқылы анықтайтын микрофактор ретінде қарастырады. Ескеретін жайт, біздің саясаттануда бұқараның саяси мінез-құлқының психологиялық негізі тіптен зерттелмеген проблема.

Биосаяси доктриналардың қатарына нәсілшілдік те жатады. Нәсілшілдік белгілі бір саяси қажеттіліктерге қызмет ететін идеологиялық және саяси доктрина болып табылады, ол ақ нәсілге жатпайтын халықтар топтарының нәсілдік кемдігін танумен, әртүрлі нәсіл өкілдерінің жалпыөркениеттік дамуға қосқан үлесінің теңсіздігін мойындаумен және қазіргі кезеңдегі саяси процестердегі ақ нәсілдің рөлінің басымдылығын дәлелдеумен байланысты. Нәсілшілдік идеология ретінде БҰҰ тарапынан айыпталып және қазіргі жағдайда мемлекетаралық қатынастарда саясат факторы ретінде қолданылмаса да, психологиялық тұрғыда адамдардың мінез-құлықтық реакциясына ықпалын тигізіп, бұқаралық санада маңызды орын алып отыр.