Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Саясаттану негіздері Оқулық.doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.22 Mб
Скачать

7.2. Әлеуметтік топтар саясат субъектілері ретінде

Әлеуметтік топ ұғымы мүдделерінің, құндылықтары мен жүріс-тұрыс нормаларының ортақтығы мен айырмашылықтарына орай ел халқының жіктелуін бейнелейді. Әлеуметтік топ - бірігу дәрежесі әрқилы бірлестіктердің құрамын белгілейтін өте кең ұғым. Қазіргі қоғамдық ғылымдарда әлеуметтік топтар ретінде таптар, сословиелер, таптар және сословиелер ішіндегі бөлімшелер, этникалық, кәсіптік, жыныстық, жас ерекшеліктік, қоныстық, тұтынушылық, діни, біліми және басқа да топтар қарастырылады. Бұл жағдайда топтау, біріктіру белгілері қатаң емес, олар жеткілікті түрде дербес. Барлығы топтардың қандай мақсатпен жіктелетініне, қоғамдық өмірдің қандай ғылыми және саяси проблемаларының зерттелетіндігіне, әлеуметтік субъект кім бола алатынына, саяси практиканың қандай әлеуметтік және саяси мәселелерді алға шығаратындығына байланысты.

Әлеуметтік топтар теориясында топтардың үлкен, орташа және кіші болып бөлінуі методологиялық мәнге ие.

Үлкен әлеуметтік топтарға ел халқын қамтитын бірлестіктер кіреді, яғни олар: сословиелер, таптар, әлеуметтік жіктер, жыныстық, жас ерекшеліктік, этникалық, діни және т.б. топтар. Үлкен топтар елеулі саяси ықпалға ие болғандықтан әртүрлі әлеуметтік қозғалыстардың базалық негізі болуы мүмкін.

Орташа топтар өндірістік, территориялық бірлестіктер арқылы жасалынады, олардың арасында әртүрлі мүдделер мен саяси бәсекелестіктің болуы мүмкін.

Кіші топтарға ең бірінші мүдделерінің ортақтығы негізінде пайда болатын тұрақты немесе уақытша ассоциациялар жатады. Отбасы, кіші өндірістік бірлестіктер, қоғамдық өмірдің әртүрлі ұйымдары кіші топтардың түрлері. Кіші топтар үшін адамдардың тікелей байланыстары тән, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды тұлғааралық, моральдық-психологиялық байланыс формалары реттейді.

Аталмыш барлық топтық бірлестіктер қандай дәрежеде болмасын қоғамның саяси өміріне қатысып, саясаттың субъектісі бола алады.

Осылардың арасынан үлкен әлеуметтік топтардың, әсіресе таптардың қызметі үлкен саяси ықпалға ие.

Таптар мен тап күресінің теориясы – адамзаттың саяси ойының қалыптасу мен даму процесінде ерекше рөл атқаратын іргелі саяси ілім.

Сословиелік-таптық бөліну - өркениет дамуының сипатты негізі. Таптар мен таптық күрестің рационалды түрде дәлелденген теориясын марксизм жасады. К.Маркс пен Ф.Энгельс бірігіп жазған «Коммунистік партияның манифесті» (1848) атты еңбекте қоғамдық өмірдің таптық табиғатына ретроспективті сараптама берілген, пролетариаттың тап күресінің стратегиясы мен тактикасы мәселелері қарастырылған, пролетариаттың саяси күш ретіндегі дүниежүзілік-тарихи рөлі идеологиялық тұрғыда дәйектелінген.

Бұл құжаттың саяси ықпалы XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басында өте зор болды. Ол стихиялы түрде пайда болған жұмысшы қозғалысының идеялық қаруына айналды, оның бірігіп нығаюы мен саяси таралу аймағының кеңеюіне мүмкіндік туғызды.

Алайда, «Коммунистік партияның манифесті» революциялық идеологияның құжаты болғандықтан, ол үшін радикалды әрекеттерге шақыру тән еді. Батыс елдерінің тарихи тәжірибесі көрсеткендей, саяси ахуал (революциялық жағдай) радикалды, революциялық әдістер мен құралдарды пайдалануға итермелегенімен, олардың қоғамдық организмдегі жасампаздық, зерделі рөлі шектеулі. Қоғамның құрылымдық ерекшеліктерін жетілдіруде реформаторлық әрекеттер өміршең. XIX ғ. екінші жартысынан жұмысшы қозғалысына ене бастаған реформизм идеологиясының дамуының ерекше қарқынының нәтижесі қоғам дамуын радикалды әдістер мен құралдарды пайдаланудан бас тартып, реформаторлық жолға өтуін алып келді. Кейіннен жұмысшы қозғалысы реформаторлық, социал-демократиялық және революциялық, коммунистік саяси қанаттарға бөлінді.

Ресейдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси қайшылықтардың ерекше өткірлігінен революциялық идеология (марксизм-ленинизм) Шығыс Еуропа елдеріне және кейіннен Шығысқа тарала бастады, ал Ресейде және кейбір елдерде ол жеңімпаз және өз билігін орнатушы революциялық партияның идеологиясына айналды.

Таптар мен тап күресінің маркстік-лениндік теориясында таптардың әлеуметтік-экономикалық негізіне ерекше назар аударылады. Марксизм-ленинизмде қолданылған таптар анықтамасын В.И.Ленин «Ұлы бастама» атты мақаласында берген болатын: «Таптар деп қоғамдық өндірістің тарихи белгілі бір жүйесіндегі алатын орындары бойынша, өндіріс құралдарына қатынасы бойынша, еңбекті қоғамдық ұйымдастырудағы рөлі, яғни қоғамдық байлықтан өз үлесін алу тәсілі мен мөлшері бойынша ажыратылатын адамдардың үлкен тобы аталады. Таптар - бұл қоғамдық шаруашылықтың белгілі бір формасында алатын орнына байланысты біреулерінің басқалардың еңбегін өзіне иемденіп кете алатын адамдардың үлкен тобы» .

Бұл көзқарас бойынша, құл иеленушілік, крепостниктік, жалдамалы еңбек тәрізді әлеуметтік-экономикалық дамудың әрбір сатысында екі негізгі тап болады, олардың өзара қатынастары қоғамдық өмірдің өзегі мен қоғамның саяси проблемаларының негізін құрайды. Бірақ мұндай түсініктің қоғамдық дамудың саяси бояуын тарылтып әрі жұтаңдатып жіберетіндігі сөзсіз. Шынтуайтына келгенде, қоғамның нағыз саяси өмірі – қоғамның екі негізгі табының саяси қарсыласуына қарағанда анағұрлым күрделі және әрқилы.

Таптық бөлінудің әлеуметтік-экономикалық негізін бөліп көрсету, осы белгіге баса көңіл аудару аталмыш ұғымның іргелі идеологиялық жүктемені атқаратындығын көрсетеді. Ол меншік қатынастарын ревоюциялық қайта өзгертуге бағытталынған, мұндай өзгерістердің жан-жақты қоғамдық прогресстің кілті болып табылатындығына ерекше көңіл аударады. Бірақ социалистік лагерь елдерінің тарихи тәжірибесі көрсеткендей, меншік қатынастарының түпкілікті күрт өзгеруі, олардың мемлекеттенуі тиімді экономикалық дамудың тетігін бұзып, қоғамдық прогресті тежейді. Экономиканың фундаментальдық негізі - өз кезегінде жеке және ортақ мүдделерді тоғыстырудың тиімді тәсілі болып саналатын нарықтық қатынастар жүйесі болып табылады.

Сонымен қорыта айтар болсақ, қоғамды қайта құрудың радикалды идеологиясы ретіндегі таптар мен тап күресінің маркстік-лениндік теориясы – қазіргі экономикалық және саяси шынайылықтарға лайықты жауап бере алмайды.

Батыстық әлеуметтік және саяси ойларда таптар мен тап күресінің теориясын сыни бағалау негізінде қазіргі заманға сай идеяларды іздестіру жүзеге асуда. Бұл тұрғыда М.Вебердің көзқарастары айтарлықтай мәнге ие.

М.Вебердің теориялық көзқарастарында қоғамның әлеуметтік жіктелуінің қатаң экономикалық анықтамасы жоқ. Ол таптық бөлінуді анықтауда қоғамның экономикалық жіктелуінің бастапқылығын, фундаментальдылығын мойындай отырып, қоғамның экономикалық қана емес, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктеріне де сүйенеді.

М.Вебер қоғамдық таптардың бар екендігін мойындайды, бірақ тапқа бөлінуге экономикалық факторлармен қатар басқа да факторлар әсер етеді деп есептейді. Оның пікірі бойынша, негізгі қоғамдық ресурстар: байлық, билік – таптар арасында теңдей бөлінбейді және бұл теңсіздік толық емес өлшемде меншік қатынастарында анықталынады. Мысалы, еркін мамандық иелері меншіктері болмаса да жоғары табыс пен әлеуметтік ықпалға ие болуы мүмкін, сондай-ақ қажетті әлеуметтік байланыстар мен ақпараттарға ие адамдардың экономикалық, саяси ықпалы елеулі болуы мүмкін.

Тұтастай алғанда М.Вебер бай тарихи материалдарға сүйене отырып таптық айырмашылықтың көпөлшемділігін ұсынып, дәлелдеді. Ол өзінің «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегінде осы қоғамдағы капитализмнің шынайы қайнар көзі мен таптардың пайда болуының алғышарты еңбексүйгіштікті, адалдықты, ұқыптылық пен үнемшілдікті қастерлейтін протестанттардың этикалық көзқарасы болып табылады деген идеясын дәлелдеуге тырысады .

Батыстық қоғамдық ойдың әлеуметтік жіктелу проблемасына көзқарасы әлеуметтік стратификация теориясымен байланысты. Әлеуметтік стратификация негіздері М.Вебердің, П.Сорокиннің, Т.Парсонстың, В.Паретоның және басқа да авторлардың еңбектерінде көрініс тапқан. Қазіргі батыстық қоғамдық және саяси ойларда бұл теория – маңызды ғылыми және қолданбалы функцияларды атқаратын кең тараған теория.

Әлеуметтік стратификация теориясында әлеуметтік «страта» мен әлеуметтік «тұтастық» орталық ұғымдар болып есептелінеді. Жер беті қабаттарын білдіретін геологиялық «страта» термині мұнда қоғамның әлеуметтік жіктелуін белгілеу үшін, ғылыми зерттеу мақсатында халықтың әлеуметтік маңызды топтарын бөліп көрсету үшін пайдаланылады.

Бұл жағдайда зерттеушілік және практикалық мүдделерге байланысты стратификациялық айырмашылықтарды анықтау үшін, яғни страттарға бөлуде іргелі, тұрақты әлеуметтік белгілермен қатар әлеуметтік тұрғыда жанама белгілердің де қолданылуы ықтимал. Мәселен, меншік қатынастары, табыс, саяси бағдар, моральдық ұстамдылықпен қатар тұтынушылық мүдде, хобби, эстетикалық, моральдық құндылықтар тәрізді белгілер алынуы мүмкін.

Өйткені, әлеуметтік прогресс жолына түскен қоғамда қызмет ететін қоғамдық ғылым сәл өзгешелеу функцияны атқарады. Егер шынайылыққа қатыстығы революциялық-сыни көзқарас қоғамдық өмірдегі түбірлі төңкерісті жүзеге асыру үшін әлеуметтік проблемалардың терең негіздерін ашып көрсетуді талап етсе, ал реформаторлық көзқарас қоғамдық ғылымдардан қоғамдық өмірдің әлеуметтік технологиясын жетілдіруге және қоғамдық қатынастарды үйлесімдендірумен, консенсустық мәдениетті қалыптастырумен, қақтығыстарды шешудің әлеуметтік ауыртпалықсыз жолдарын табумен, яғни әлеуметтік ғылымның әлеуметтік инженерия, әлеуметтік педагогика, әлеуметтік серіктестік тәрізді қолданбалы бағыттарының дамуымен байланысты проблемалардың шешілуіне қатысуын талап етеді. Сондықтан, осындай функцияларды атқаратын қоғамдық ғылым үшін адамдар арасындағы барлық айырмашылықтар және осы айырмашылықтар негізінде пайда болатын барлық әлеуметтік проблемалар маңызды.

Осы ретте қазіргі дамыған елдердегі таптық құрылымның айтарлықтай өзгергендігін ескеру қажет. XIX ғ. еуропалық елдерге тән болған таптық антагонизм қазіргі жағдайда жұмсарған. Бұған белгілі бір деңгейде, меншіктің таралуы мен халықтың елеулі бөлігінің материалдық игілікке, әлеуметтік мәртебемен, білімге ие, саяси өмірге белсенді қатысуға қабілетті және демократиялық құрылымдардың қызметіне қажетті әлеуметтік мағына беретін орта тапқа айналуы мүмкіндік туғызды. Жоғары дамыған азаматтық қоғам мен адамдардың тіршілік әрекетінің құқықтық режимі бұл елдердің саяси болмысының шынайылығына айналды.

Осының бәрі қоғамдық организмнің өзінде проблемаларды қоғамдық сұхбат негізінде, өзара ымыра мен келісілген шешімдер аясында бейбіт жолмен шешуге қабілетті жағдайларды, күштер мен құралдарды жасады. Азаматтық соғысқа дейін алып баратын белсенді қарсылықтар мен таптық күш көрсету орнына проблемаларды парламенттік саяси қызмет сферасында, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуші тетіктерді жетілдіру сферасында және әртүрлі құрылымдық реформалардың қабылдану сферасында шешу мүмкіндігі пайда болды.

Бүгінгі таңда демократиялық мәдениет, адамдар өмірінің демократиялық салты, демократиялық институттар қажетті қоғамдық қайта құрылулардың тетігіне айналды. Нәтижесінде дамыған елдерде әлеуметтік әділеттілік нұсқалары айқын көріне бастады.

Стратификациялық айырмашылықтар әлеуметтік антагонизмның дамуына алып келмейді, себебі қазіргі қоғам – тұтас, страттар арасындағы шек тұлға үшін жеңіл алынады. Егер ол қажетті энергияны жұмсай отырып, іскерлік танытса, стратификациялық сатымен жоғары өрлеп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алатын ең тиімді позицияларды иелене алады, немесе көлденеңінен жылжып, өз талантын көрсетуге мүмкіндіктер беретін стратаға өте алады.

Нәтижесінде қоғамдық организмде шиеленістер болмайды, революциялық акциялар өзінің әлеуметтік негізін жоғалтады. Марксистердің көзқарасы бойынша, қоғамдық өмірдің барлық сферасына еніп, экономикалық, идеологиялық және саяси түрдегі үш негізгі формада жүзеге асқан тап күресі қоғамда сақталғанымен, өзінің әлеуметтік мазмұны мен бағытын өзгертті.

Пролетариаттың және оның революциялық партиясының билікті басып алу мен пролетариат диктатурасын орнатуды көздеген саяси күресі өз қажеттілігін жоғалтып алды және басқа мағынаға ие болды. Қазіргі жағдайдағы күрес алаңы - парламентте басымдыққа ие болу әрі сол арқылы қажетті құрылымдық реформаларды жүзеге асыру.

Идеологиялық күрестің мазмұны да өзгерді. Саясат идеологиялық әртекті элементтердің бірігуін талап етеді және идеологиялық байсалдылықты қалыптастырады.

Экономикалық күрестің мазмұны да өзгеше сипат алды. Ол капиталистік қоғамдағы негізгі таптардың қарама-қарсы тұру ауқымдылығын жоғалтып, жұмысшылардың жеке топтарының өз экономикалық мүдделерін қорғау күресіне айналды. Алайда, күрес жалпыұлттық сипат алса да, ол қолданыстағы жалдамалы еңбек жүйесін қирату үшін емес, жетілдіруге қажетті экономикалық реформаларды жүргізу мақсатында билікке қысым жасау тәсілі болып қала береді.

Бұл күресті жүргізуде жалданып жұмыс істейтін адамдардың ерікті бірлестігі – кәсіподақтар маңызды рөл атқарады. Кәсіподақтар бірлестігі күресінің мәні – «жұмыс күші» тауарын ұтымды өткізу үшін кәсіпкерлермен саудаласу. Қазіргі жағдайда осы саудаласудың нәтижелерін жалдамалы жұмысшылардың кәсіпкермен ұжымдық келісімінен, сондай-ақ жеке келісім-шарттардан да көруге болады.

Қоғамда мейлінше іргелі және тұрақты сипатқа адамдар арасындағы этникалық айырмашылықтар ие. Бұл айырмашылықтар этникалық белгілері, яғни тілі мен басқа да этномәдени құндылықтары бойынша ерекшеленетін тұрақты әлеуметтік-мәдени бірлестіктер - этникалық топтардың пайда болуының негізі.

Этникалық топтарға ұлттар, ұлыстар, этникалық бірлестіктер жатады. Этномәдени бірлестіктер мығым ішкі тұрақтылыққа ие, себебі қоғамдық өмірдің көптеген аспектілері этникалық реңде болады; этникалық құндылықтар қоғамдық өмірдің шынайы бейнесін жасап, белгілі бір дәрежеде оның көптүрлілігін анықтайды. Этномәдени базаның жеке адамның қалыптасуының негізі екендігін ескерген жөн, өйткені нақты адам әрқашанда өзінің төл этномәдени, ұлттық белгілерімен ерекшеленетін ұлт өкілі болып табылады. Соңғы уақытта әлемде нарықтың қалыптасуына байланысты тұрмыстың теңгерілуі жүруде, бірақ тәрбиеленуінің кейбір жағдайларына байланысты және белгілі бір мемлекеттің азаматы болмауы себебінен жекелеген индивидтер ғана космополиттенуі мүмкін. Алайда бұл – жеке адамдардың проблемасы және ол саяси мәннен гөрі құқықтық мәнге ие. Қазіргі кезде адамдардың басым бөлігі белгілі бір этномәдени ортада өмір сүреді және азаматтыққа ие.

Қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттері полиэтникалық елдер және олардың көпшілігінде этномәдени құндылықтары басым сипатқа ие үстем этнос болады. Бұл басқа этникалық топтан шыққандардың табиғи ассимиляциясын жүзеге асыра алатын «ұлтты құраушы этнос» деп аталынады.

Жеке адамдардың негізгі құқықтары сақталынатын демократиялық жағдайда, аталмыш процесс ауыртпалықсыз өтуі мүмкін, себебі адамның этникалық ерекшелігі ерікті және терең тұлғалық, интимдік акция ретінде тұлғаның өзін-өзі теңестіруі негізінде анықталынады. Бірақ полиэтникалық мемлекеттерде этникалық бірлестіктер өздерін сақтап қалу үшін мәдени дербестігін, діни ерекшелігін жүзеге асыруға, этникалық қауымдастықтың сақталынуы және этникалық ынтымақтастық шынайы, кедергісіз жүзеге аса алатын белгілі бір әлеуметтік, кәсіптік, өндірістік-тұрмыстық және басқа да ұйымдарды құруға ұмтылады.

Полиэтникалық мемлекеттерде этникалық бірлестіктердің тіршілік әрекеті әрдайым қандай да бір дәрежеде саясиланады. Тұлға құқығы бұзылған кез-келген жағдайда, ең алдымен, этникалық аспект қарастырылады. Ассимиляция процесін жеделдететін әлеуметтік-саяси тенденциялар пайда болады. Нәтижесінде үстем емес этникалық бірлестіктердің этникалық дамуы қиын жағдайда қалады. Тілі, діні, мәдениеті, өмір салты белгілі бір дәрежеде тоқырауға ұшырап, әлеуметтік құндылығы төмендейді.

Этникалық бірлестіктердің көпшілігі өздерінің этникалық, тарихи отандары бар диаспоралар. Диаспоралар әрқилы дәрежеде мемлекетаралық қатынастардың саяси процесіне тартылады. Сондықтан, полиэтникалық мемлекеттерде этникалық, діни, тілдік ерекшеліктеріне қарамастан адам құқығы мен азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететін принциптердің қатаң сақталынуы тиіс.

Көпұлтты мемлекеттерде саяси аспектілер бұдан өзгешелеу болады. Мұндай типтегі мемлекеттерге әртүрлі ұлт өкілдері бірлесіп өмір сүріп жатқан мемлекеттерді жатқызады. Ұлттар деп өз территориясы бар (тарихи отаны), тілі, этно- және әлеуметтік-мәдени құндылықтары ортақ (экономика, психологиялық ерекшелігі, мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері) этномәдени қауымдастықты атайды.

Ұлттар – бұл өзін-өзі сақтау мен дамуға қабілетті тарихи тұрғыда құрылған тұрақты бірлестіктер. Ұлттық мемлекет – осы әлеуметтік-саяси тенденцияны қамтамасыз ететін саяси форма. Сондықтан ұлттар өздерінің ұлттық мүдделерін қорғайтын осы саяси форманы жасауға ұмтылады.

Көпұлтты мемлекеттерде барлық ұлттар мен ұлыстардың мүдделерін сақтау шешім қиын проблема, себебі оларда көбінесе елеулі экономикалық, этно- және әлеуметтік-мәдени, саяси ықпалға ие үстем ұлт болады. Бұл үстем ұлт қасақана не еріксіз түрде басқа ұлттардың дамуын тежейтіндіктен, мемлекет ішінде ұлттық-территориялық автономия құруды, ал егер мемлекет құрамында ұлттық-территориялық автономиялар болса, олардың дербестігін қамтамасыз етуді немесе ұлттық-мемлекеттік тәуелсіздікті үзілді-кесілді талап ететін және саяси тұрғыда жүзеге асуы мүмкін орталықтан қашатын тенденциялар пайда болады. Сондықтан, көпұлтты мемлекеттерде мемлекеттің территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған сепаратизм пайда болады.

Осы ретте үстем ұлттың саясаты құрамындағы басқа ұлыстар мен ұлттардың дербестігін, тыныштығын, этномәдени төл ерекшеліктерін қамтамасыз етуге және көпұлтты мемлекеттің тұтастығын сақтауға міндетті.

Этностар арасындағы проблемалар қазіргі кезде өте күрделі проблема болып отыр. Бұл проблемалардың өздерінің мемлекетаралық және мемлекетішілік аспектілері бар. Олардың негізінде ұзақ уақыттар бойы басқа мемлекеттер мен елдерді қатыстыра отырып бірде бәсеңдейтін, бірде өршитін қақтығыстар өтіп жататын саяси шиеленістер ошағы пайда болады.

Біздің еліміз Қазақстан Республикасы – көпұлтты мемлекет емес, жүзден аса этникалық бірлестік өкілдері тұратын полиэтникалық мемлекет. Осы реттегі Қазақстанның саяси ерекшелігінің өзі сонда, қазақтар үстем этнос болып табылмайды және әзірше басқа этникалық топтар өкілдерін ассимиляциялау мүмкіндіктеріне ие бола қойған жоқ. Сондықтан елде шынайы полиэтнизм қалыптасқан. Қазақтармен қатар Қазақстанда елеулі этно- және әлеуметтік-мәдени ықпалға ие өте үлкен орыс диаспорасы да өмір сүреді, ол ел ішінде де, сондай-ақ Ресеймен өзара қарым-қатынаста да күшті саяси фактор болып табылады.

Сонымен, саясатта адамдардың үлкен бұқарасы әрекет етеді екен. Бұл бұқаралар, белгілі бір дәрежеде бір-бірлеріне қарсы тұрады. Сондықтан саяси мәдениеттің ең маңызды проблемасы – осы «қарсы тұруларды» өркениеттік шеңберге көшіру болып табылады.

Бұл мақсаттарға жету үшін бұқаралар ұйымдасып, саяси процеске саналы түрде қатысуы, яғни төл идеологиясы болуы, өз мүдделерінің мағынасы мен мәнін билік органдарына қатынастағы талаптар жүйесінде, заң шығарушылық қызметте, саяси қызмет стратегиясы мен тактикасында, бір сөзбен айтқанда саясат сферасында көрсете алуы қажет.