Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Саясаттану негіздері Оқулық.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.22 Mб
Скачать

2.2 Саясаттанудың ғылым ретіндегі әдістері

Саясаттану ғылым ретінде жалпығылыми әдістердің белгілі бір қорын пайдаланады. Саясаттану пәнін зерттеу барысындағы олардың қажеттілігі саясаттанудың ғылым ретіндегі пәні мен әдістерінің өзара тығыз байланыста екендігімен анықталынады. Ғылыми зерттеудің қандай да бір әдістері мен құралдарының басымдылығы саясаттанудың ғылым ретіндегі пәнінің өзіндік ерекшелігіне байланысты.

Саясаттанудың саяси білімдер жүйесінде біріктіруші мәртебесіне ие екендігін жоғарыда айтып өттік. Ол саяси білімдердің әртүрлі салаларын жалғастыратын көпір іспетті және ол олардың бәріне ортақ негіз - саяси шынайылықты тұтастық ретінде зерттейді. Осыған орай, саясаттану пәні саяси білімдердің барлық жүйесінің зерттеу нысанымен үйлесетіндіктен, оның қарастырып отырған заңдылықтары саяси білімдердің басқа салаларына қатынаста олардың жалпытеориялық негізі бола отырып, белгілі бір методологиялық рөл атқарады. Сонымен қатар, саясаттану қоғамның саяси сферасындағы институттарды, саяси қатынастар субъектілерінің саяси іс-әрекетін зерттеумен айналысуға, осы іс-әрекеттің ұйымдасуының, әдістерінің, құралдарының формаларын сараптауға, оның нәтижелерін бағалауға міндетті.

Саясаттанудың алдында тұрған осы міндеттер жүйесі саясат методологиясы мен теориясы, саяси институттар мен саяси қатынастар субъектілерінің саяси іс-әрекетін зерттеу тәрізді белгілі бір құрылымдық элементтерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Олар да өз кезегінде саясаттану әдістерінің әрқилылығын анықтайды.

1. Әлеуметтанулық әдіс. Саяси шынайылықты зерттеудің мейлінше іргелі әдістерінің бірі болғандықтан ол белгілі бір жалпыәлеуметтік теорияларға сүйенеді. Бұған саяси шынайылықтың (қондырма) қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылысына (базис) қатаң тәуелділігін анықтайтын қоғамдық дамудың маркстік концепциясы; саяси дамуды көпфакторлы процесс ретінде қарастыратын әртүрлі позитивистік мектептер; әртүрлі елдердегі саяси процестерді салыстырмалы тұйық жүйе ретінде қарастыратын қоғамдық дамудың тарихи-мәдени концепциялары жатады.

Әлеуметтанулық әдіс саяси өзгерістердің терең негіздерін іздеуімен және осы өзгерістердің бастауы болып табылатын адамдардың әлеуметтік жіктелуінен туындайтын мүдделердің әртүрлілігін қарастыруымен құнды. Бұл әдіс дербес білімдер жүйесі мен өзінің жеке пәні бар ғылымға айналу процесінде тұрған саясаттанудың бір саласы - саяси әлеуметтануда негізгі әдістер қатарында қолданылады.

2. Тарихи әдіс. Қоғамдық құбылыстарды зерттеуде кең тараған жалпығылыми сипаттаушы әдіс. Бұл әдіс маңызды, тұрақты, қайталанбалы заңды байланыстарды анықтау мақсатында саяси өмірдің қандай да бір құбылыстарының пайда болуының, дамуының, қызмет етуінің шынайы бейнесін қайта жасау үшін тарихи ғылымдардың түсініктері мен ұғымдарының көмегіне жүгінеді.

Тарихи әдіс сипаттаушылығымен, фактілерді жүйелеуге ұмтылуымен және осының негізінде құбылыстардың дамуының ішкі қисынын (логикасын) табуымен құнды. Тарихи әдіс – саяси қатынас субъектілерінің барлық іс-әрекеттері өткен және саяси идеялары жүзеге асқан кеңістік пен уақыттағы өркениеттің саяси тарихын зерттеудің негізгі әдісі.

3. Салыстырмалы-талдау әдісі. Бұл әдіс идеалдық моделді, белгілі бір теориялық конструкцияны жасақтау үшін саяси институттарды, процестерді, оқиғаларды салыстыру, теңгеру, сараптау және жалпылау тәсілдерін қамтиды. Бұл әдіс түрлі тарихи кезеңдердің, аймақтардың саяси тәжірибесін салыстыра қарауға, олардың арасындағы байланысты, ұқсастықты табуға, оларды түрлерге бөлуге мүмкіндік береді.

4. Функционалдық әдіс. Саяси институттардың, саяси қатынастар субъектілерінің қызметін сараптау жолымен саяси процестерді зерттеу әдісі. Аталмыш әдіс саяси шынайылықтың элементтерінің мәнін толық ашуға мүмкіндік береді, өйткені функция арқылы олардың әлеуметтік мәні, қоғамдық-саяси процестегі орны мен рөлі лайықты түрде анықталынады.

5. Бихевиористік әдіс. Бұл әдіс саяси шынайылықты жеке индивидтердің саяси мінез-құлықтары негізінде зерттейді. Бихевиоризм жеке адамды саяси өмірдің ажырамас бөлшегі ретінде қарастырады. Оның қылықтары, әртүрлі саяси реакциялары өзінің түсінуі немесе түсінбеуіне қарамастан түрткілікті тұлғалық психологиялық негізге ие.

Батыстық (әсіресе, американдық) саясаттанушылардың көзқарасы бойынша, саяси оқиғаларды мінез-құлық арқылы зерттеу тәсілі арқылы саяси өмірдің кез-келген күрделі құбылысының бастамасы болып табылатын индивидтердің мінез-құлықтық реакциясын жалпылауға, жіктеуге, санмен өлшеуге, олардың қарқындылық, шиеленісу дәрежесін анықтауға болады. Бихевиористік әдісті саяси болжамдарда, қоғамдық көзқарастарды байқап білуде кең пайдалануға болады.

Әрине, саясаттанудың әдістері жоғарыда аталғандармен шектеліп қалмайды. Ғылыми саясаттанулық зерттеулерде басымдықты кез-келген әдістерге, сондай-ақ олардың әртүрлі комбинацияларына да беруге болады.

Саяси шынайылықты бағалаудың әртүрлі тәсілдерінің ішіндегі негізгілерін қарастыралық:

1. Радикалдық, рационалды-сыни тәсіл. Бұл тәсіл революциялық қайта құру мен қоғамдық өмірді түбегейлі өзгерту идеологиясымен байланысты.

Радикализм барлық кезде қоғамның саяси өмірінде елеулі орында болды. Радикализм айтарлықтай дәрежеде таптық өшпенділік пен ұлттық қайшылықпен байланысты қоғамдық өмірді таптық, нәсілдік, этникалық араздық идеяларымен улап, азаматтық соғыс пен жаппай геноцидке дейін апаратын нағыз табанды, шешуші әрекеттерді талап етеді. Өмір сүріп отырған қоғамдық және саяси құрылысты ірге тасына дейін қиратуға ұмтылу, қоғамдық организмді тұтастай талқандауға идеологиялық және саяси мақсаттау радикализмның саяси идеясының өзегін құрайды. Саяси ғылымдар бұл жағдайда таптық, партиялық идеологияға қатаң түрде бағынуға, революциялық мақсаттылық, мессия (таптар, ұлттар, тұлғалар және т.б.) диктатурасының орнауы мен нығаюының қажеттілігі принциптерін жетекшілікке алуға міндеттенеді. Радикализм саяси мәдениетті қоса алғандағы барлық рухани мәдениетті қайта бағалауға, қайта түсінуге алып келеді.

Қарастырылып отырған тәсіл әлеуметтанулық әдісті кең пайдаланады, саяси процестердің негіздерін біржақты ашуға, олардың шығу көздерін қоғамның әлеуметтік-таптық, нәсілдік, этникалық жіктелуінен, саяси қатынастар субъектілерінің мүдделерінің қарама-қайшылығы мен күресінен табуға ұмтылады.

2. Либералдық-сыни, эволюциялық тәсіл. Бұл тәсіл адамзаттың дамуын сатылы эволюциялық процесс ретінде түсінумен байланысты. Эволюциялық процесс қоғамдағы өзгерістерді, ірі әлеуметтік реформаларды қамтиды, бірақ олар қоғамдық келісім, консенсус аясында іске асуы керек. Саяси қатынастар субъектілерінің мүдделері әртүрлі болғанымен, олар үшін ең басты нәрсе қоғам тұтастығы мен мәдениеттің, өркениеттің сақталуы болып табылады. Бұл тәсілді қолдаушылар әлеуметтік мәселелерді адамзатқа қарсы күрес, араздық, өшпенділік жолымен емес, мүдделерді өзара түйістіру арқылы шешуге болады деп есептейді.

Бұл тәсілге әрдайым саяси ізденіс, әлеуметтік қайшылықтар мен толғағы жеткен проблемаларды шешудің тиімді жолдарын табуға ұмтылыс тән.

Либералдық-сыни тәсіл саяси зерттеулерде әртүрлі әдістерді пайдаланады, өйткені мұнда компромистік саяси шешімдерді қабылдау өте маңызды мәселе. Саяси қатынастардың ситуативтілігі, субъективтілігі, әлеуметтік-саяси шынайлықтың аспаптық сипаты ескеріледі, өйткені мұндағы басты құндылық қоғамдық өмірдегі түпкілікті, революциялық өзгерістер емес, керісінше оның прогресс жолындағы үздіксіз эволюциясы болып табылады. Сондықтан, саясаттанудың міндеті - осы прогреске қажетті саяси мәдениеттің қалыптасуына көмектесу.

3. Консервативтік тәсіл өмір сүріп жатқан саяси жүйенің белгілі бір дәрежеде өзгермеген күйінде сақталуына бағытталған. Сондықтан да саяси ғылымға ерекше шарттар қойылады. Ол апологеттендірілген, идеологияландырылған, онда өзгермейтін догматтық нұсқау басым. Өмір сүріп отырған саяси жүйенің құндылықтарын дәстүрлік және функционалдық тұрғыдан ақтау үшін консервативтік тәсіл негізінен тарихи және функционалдық әдістерді пайдаланады.

Әрине, саясаттанудың мазмұны мен әдістеріне ықпалын тигізетін ұсынылып отырған тәсілдердің классификациясының салыстырмалы сипатта екендігін ескерген жөн. Сондай-ақ, бұл тәсілдер өз ішінде құрылымдық жіктелінуі де мүмкін. Бұл тәсілдердің қайсысының болса да өз ұстанушыларымен қатар, оларға идеологиялық және саяси жағынан жақын зерттеушілер мен саясаткерлер де бар. Мұның бәрі саяси ағымдардың кең спектрін тудырып, саяси өмірге алуантүрлілік береді. Яғни, мұнда әрқилы принципті және принципсіз комбинацияларға мүмкіндіктер туады, ал олар саяси білімдерді байыта отырып, оларға елеулі түрде ықпалын тигізеді.

2.3.Саясаттанудың ғылым ретіндегі функциялары Саясаттанудың ғылым ретіндегі функциялары саяси шынайылықтың қоғам өміріндегі алатын орнымен және маңызымен, саяси білімдер жүйесінің рационалды табиғатымен және қоғамның практикалық қажеттіліктерімен анықталынады.

Осыдан шыға отырып, саясаттанудың келесі функцияларын бөліп көрсетуге болады:

1. Саяси білімдер жүйесіндегі теориялық-методологиялық функция. Егер де саясаттанудың ғылым ретіндегі ерекшелігін, оның пәнінің (саяси шынайылықты тұтастық ретінде) саяси білімдердің барлық жүйесінің зерттеу объектісімен үйлесетіндігін ескерсек аталмыш функцияның бар екендігін анық көруге болады. Сондықтан да, саяси шынайылықтың пайда болу, даму және қызмет ету заңдылықтары саяси білімдер жүйесінің жалпытеориялық, методологиялық негізі ретінде көрінеді.

2. Танымдық функция. Рационалды түрде дәлелденген білімдердің барлық жүйесі тәрізді саясаттану да танымдық функция атқарады, яғни саяси ақиқатты шынайы саяси процестер мен құбылыстар арқылы ұғынуға ұмтылады. Бірақ, саяси оқиғалар ситуативті және субъективті болғандықтан саяси шынайылықты тану - өте күрделі әрі қарама-қайшылықты процесс. Ситуативтілік саяси ақиқат үшін нақтылықтың жоғары дәрежесінің тән болуынан және саяси проблемалардың шешімінің алдын-ала берілмейтіндігінен көрінеді. Сондықтан да, жалаң пікірлерді басшылыққа алуға болмайды, керісінше дәл осы зерттелініп отырған жағдайды, оның мазмұнын бар байлығымен ашу қажет. Субъективтілік саяси оқиғалардың саяси қатынастар субъектісінің шығармашылық әлеуетіне, оның саяси мәдениетті игеруіне, оның еркіне, мақсатқа ұмтылысына, саяси интуициясына, шынайылықты сезінуіне тәуелділігін бейнелейді.

Ситуативті және субъективті сәттердің мазмұны өткінші, өзгермелі болғандықтан, оларды саяси ақиқатта көрсету өте қиын. Бұдан өзге, саяси оқиғалардың - өткеннің, бүгінгінің және болашақтың бір-бірімен өзара тығыз байланысып жатқан процесс екендігін ескерген абзал. Өткен уақыт жоғалып кетпейді, ол өңін өзгерткен формада бүгіннің негізі, алғышарты, шарты ретінде, ал болашақ қазіргі уақыттағы дамудың объективті ағымы ретінде қатысады.

Сонымен, методологиялық тұрғыда саяси ақиқат бүгіннің негізін, алғышарттарын қайта зерделеуге, түсінуге, яғни өткен тәжірибені сыни көзқараспен игеруге ұмтылады. Ол дамудың объективті ағымдарын анықтауға мақсатталады, өйткені оларда белгілі бір дәрежеде бүгінгі күні болып жатқанның мағынасы мен әлеуметтік мәні бар. Болашаққа деген осы мақсаттылық саяси ақиқатты саяси болжам үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен, саяси шынайылықтың субъективтілігі мен ситуативтілігіне орай саяси болжамдар өте дүдәмалды, сондықтан саяси болжамдар болашақты шынайы, проблемалық мәнінің барлық көлемімен бейнелей алмайды, ол тек негізінен дамудың объективті ағымын, нақты мүмкіндіктерді ғана анықтай алады.

3. Практикалық функция. Саясаттану -өте практикалық ғылым. Осыған орай ол өте үлкен эмпирикалық мазмұнға ие, өйткені оның шын мәніндегі зерттеу объектісі - саяси қатынастардың кең шоғырланған формасында көрінетін көпмиллиардты адамзат қауымдастығының тіршілік әрекеті.

Саясаттану саяси бағдарламаларды жасау, мақсаттарды жасақтау мен оларды үздіксіз реттеп отыруға қолданылатын ғылыми құрал. Ол нақты саяси процестерді, саяси қатынастар субъектілерінің саяси іс-әрекеттерін сараптап жалпылайды, саяси институттарды, ұйымдарды, сондай-ақ олардың құрылуы мен қызмет етуінің негізі болатын принциптер мен нормаларды зерттейді.

Жеке тұлғаның саяси әлеуметтену мәселелерін шешудегі, индивидті саяси қатынастардың белсенді субъектісіне, саяси тіршілік иесіне айналуындағы рөлі саясаттанудың практикалық функциясының маңызды екендігін көрсетеді.

Біздің мемлекетіміздің қазіргі кездегі дамуындағы саясаттанудың практикалық функциясы саяси іс-әрекетте қоғамдық құрылыстың демократиялық принциптерінің толық үстемдік құруына, біздің өміріміздің барлық салаларына саяси мәдениет ретіндегі демократияның енуіне, оның біздің дүниетанымымызға, барлық әлеуметтік құрылымдардың ұйымдасу формасына, саяси қатынастар субъектілерінің тіршілік әрекеттерінің нормасына айналуына септігін тигізеді.

4. Конвенционалдық функция. Ол практикалық функциямен тығыз байланысты. Сонымен қатар, ол дербес, ерекше саяси мәселелердің шешімін табуға қатыса алады және саяси мәдениеттің кейбір шешуші принциптеріне ықпал етеді. Сондықтан да оны дербес функция ретінде қарастырғанымыз жөн.

Субъектілер арасындағы саяси қатынастар әртүрлі формада (антагонизмнен, әлеуметтік өшпенділіктен үндестік пен ынтымақтастыққа дейін аралықта) болуы мүмкін. Адамзаттың тарихи тәжірибесі көрсеткендей, антагонизм мен өшпенділік (әсіресе, таптық және ұлттық қатынастардағы) өркениет тарихында көрнекті орын алды және адамзаттың саяси тәжірибесі көрсетіп отырғандай олардың адамдарға, саяси мәдениетке ықпалы өте күшті болды. Өшпенділік пен антагонизм белгілі бір әлеуметтік жүйелердің табиғатында бар болуын әлеуметтік субъектілердің мүдделерінің түйісуін және консенсусқа жету жолымен проблемалардың шешімін табуды қамтамасыз ететін саяси мәдениеттің дамуының жеткіліксіздігінен көруге болады.

Саясаттанудың ғылым ретіндегі маңызды функциясы - адамдар өмірінде өшпенділіктен ынтымақтастыққа өтуді қамтамасыз ету болып табылады.