Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Саясаттану негіздері Оқулық.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.22 Mб
Скачать

1.2. Саясаттың адамның тіршілік әрекетінің негізгі сфераларында көрініс табуы.

Қоғамдық өмірдің құбылысы ретіндегі саясаттың белгілі бір әмбебаптылықпен сипатталатынын біз жоғарыда ескертіп өттік. Ол қоғамның барлық құрылымдық элементтерінде және нақты жағдайлар мен қатынастарға бейімделе отырып барлық жерде көрініс тауып, өзінің негізгі қызметі – басқаруды атқарады.

Енді адамның тіршілік әрекетінің маңызды салаларындағы саясатты және оның рөлін қарастыралық.

1. Экономика және саясат. Саясат әмбебап басқару құрылымы бола отырып, экономикаға бағыттаушы есебінде ықпал етеді. Ол үйлесімді дамуды қамтамасыз ету мақсатында экономикалық саланы қоғамдағы басқа салалармен түйістіреді. Дегенмен, осы жағдайда саясат өз принциптері мен құндылықтарын басшылыққа ала отырып, өзінің әдістері мен құралдарын пайдаланатындықтан оның экономикаға араласуы өте салмақты әлеуметтік зардаптарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Дәстүрлі тұрғыда саясаттың экономикаға араласуы этатизмнің (фр.-мемлекет) әртүрлі формаларында іске асады. Бұл - экономикаға толықтай мемлекеттік-биліктік бақылау мен экономиканың дамуын реттеу немесе экономиканың және оның жеке салаларының дамуы үшін мемлекеттің қолайлы жағдайлар жасауы болуы мүмкін.

Экономикаға мемлекеттің толық бақылау жүргізуі автаркияға (гр. - өзіне-өзі қанағаттанушылық), тұйықтыққа, елдің экономикалық оқшаулану үрдісінің өсуі мен бәсекеге қабілетсіз экономиканың дамуына әкеліп соқтырады.

Экономиканың дамуы үшін экономикалық тетіктердің болмауы немесе әлсіз пайдаланылуы қоғамдағы экономикалық және еңбек ету белсенділігінің төмендеуіне, өнім сапасы мен халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауына алып келеді.

Әрине, мемлекеттік-биліктік акциялар экономика үшін қолайлы болуы да ықтимал. Билік экономиканы қорғап, қажет болған жағдайда оны дағдарыстан алып шығып, құтқаруы да мүмкін. Дегенмен бұл шаралардың барлығы төтенше жағдайлар нәтижесіндегі мұқтаждық пен еріксіздіктің әсері болуы да мүмкін. Жалпы экономиканың тиімді дамуы үшін мемлекет айқын құқықтық базаны дайындап, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстан Республикасының басшылығы, оның Президенті Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың негізгі принципі әлемдік экономикалық қауымдастықта бәсекеге қабілетті серіктес ретінде көріне алатын ашық қоғамды қалыптастыру.

Тәуелсіз, ашық қоғамда экономика тек экономикалық ынта (стимул) негізінде дамып, экономикалық қатынас агенттерінің мүдделерін толық құқықтық қорғау қамтамасыз етіледі және мұнда мемлекеттің экономикаға араласуы, билік әдістерін қолдануы өте аз мөлшерде болуы қажет. Мемлекеттің экономикаға шектеулі түрде араласу концепциясы қазіргі экономикалық саясаттың негізі болып отыр.

Қаржы саясаты – экономикалық саясаттың маңызды аспектісі. Қаржы экономиканың өзегі болып табылады, өйткені онда қоғамның жинаған әлеуметтік энергиясы сақталынған.

2. Әлеуметтік өмір және саясат. Әлеуметтік өмір – экономика да, саясат та, сонымен бірге қоғам өмірінің рухани және басқа тұстары да көрініс табатын қоғамдық өмірдің негізгі сферасы. Қоғамдық өмірдің бұл саласында адамдардың тамақ, баспана қажеттілігі, бос уақытын өткізу, мәдениетті игеру, әлеуметтік қорғау секілді басқа да негізгі қажеттіліктері қанағаттандырылады.

Өйткені өзінің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруда адамдар бір-бірімен өзара әрекеттесіп өздерін қоғамдық тіршілік иесі ретінде көрсетеді. Әлеуметтік өзара әрекеттесу тұлға аралық, сондай-ақ топтар аралық сипатта болады. Әлеуметтік топ адамдардың мүліктік, кәсіби, этникалық, жыныстық, жастық және басқа да айырмашылықтарына байланысты тұлғалардың мәртебелік жағдайын анықтайды.

Әлеуметтік саясат тұлға мүддесінің қорғалуын және оның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Әлеуметтік саясат фундаменталды болып келеді, оның пайда болуы адамдар ассоциациясының функционалдық ерекшеліктерімен анықталынады, яғни бұл қажеттіліктер мен өзара қорғануды бірлесіп қанағаттандыру деген сөз. Бірақ әлеуметтік саясат тек адамзат өркениетінің дамыған сатысында ғана өз мәнін арттырады. Қазіргі демократиялық, өркениетті қоғамда әлеуметтік саясат мынадай бірнеше негізгі бағыттарда жүргізіледі:

а. Тұлғаның әлеуметтік-саяси, кәсіпкерлік және еңбек белсенділігіне қолғабыс жасап, осыған қажетті экономикалық, саяси және құқықтық шарттарды орнату.

ә. Халықтың қорғауға зәру болып отырған бөлігіне мемлекеттік және қоғамдық қорғауды ұйымдастыру.

б. Тұлға құқығының сақталуы және оны зәбір көрсетудің түрлі формаларынан қорғау.

в. Әлеуметтік өмір агенттерінің (тұлға, әлеуметтік топ, қоғам) мүдделерін түйістіру, әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақтандыру, оған қажетті дәрежедегі тұрақтылықты беру.

г. Халықтың өзінің әлеуметтік жағдайына, тұрмысына көңілі толуын және қажеттіліктерінің мейлінше толық қанағаттандырылуын қамтамасыз ету.

Тұрғындардың мүдделерін іске асыру мен әлеуметтік сферадағы қордаланып қалған проблемаларды шешу үшін, мемлекеттік билік қоғамдастыққа иек арта отырып баспанамен қамтамасыз ету, жұмыссыздықтың кері салдарын төмендету, халықтың денсаулығын сақтау, ана мен баланы қорғау, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамтамасыз ету, қоғамдық қамқорлық тәрізді әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырады. Осы орайда мемлекет пен қоғам аталмыш бағдарламалардың орындалуы үшін қажетті ресурстарды бөліп, тиісті құрылымды қалыптастыруға міндетті, өйткені әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуы бөлініп отырған ресурстар саны мен оларды мақсатты пайдалануды ұйымдастыруға тікелей тәуелді.

3. Рухани өмір және саясат. Рухани өмір қоғамдық өмірдің аса үлкен салаларының бірі. Оның ерекшелігі адамзаттың жинаған рухани мәдениетінің адамның тіршілік әрекетінде қызмет етуінде. Рухани мәдениетке дүниетанымдық мәдениетті (діни және философиялық ілімдер), моральды, өнерді, саяси идеологияны, құқықтық мәдениетті жатқызуға болады. Рухани мәдениеттің осы элементтерінің әрқайсысы саясатпен, оның принциптерімен, құндылықтық қағидаларымен, саяси акцияларымен, шешімдерімен әртүрлі дәрежеде түйісіп саясат субъектілерінің өзіндік көзқарастарын қалыптастыру, олардың жүріс-тұрысын анықтау сияқты қызметтерді атқарады.

Адамдардың тәуелсіз, рухани шығармашылық қатынастағы ниет, ұмтылыстарын іске асыру маңызды әлеуметтік проблема. Саясат билік басқару шектеу мен мәжбүр ету болғандықтан саяси құндылықтар мен қағидалардың басымдығын бекіту рухани шығармашылықты жұтаңдатуы мүмкін. Саяси цензура – руханилықтың қас жауы. Алайда, рухани шығармашылық сферасында әлеуметсіздену элементтері пайда болуы мүмкін, ал одан қоғамның алшақ тұрғаны абзал. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 бабында былай деп жазылған:

1. Сөз бен шығармашылық бостандығына кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.

2. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез-келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді.

3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.

Рухани мәдениеттің дамуында философия мен саясаттың, дін мен саясаттың, мораль мен саясаттың, өнер мен саясаттың, ғылым мен саясаттың, құқық пен саясаттың, идеология мен саясаттың үйлесімді арақатынасын айқындау аса маңызды. Бұл арақатынастарды анықтауда рухани мәдениеттің жоғарыда аталған элементтерінің пәндік ерекшеліктеріне, тұлғаның толық рухани шығармашылығын қамтамасыз ету мен қоғамды әлеуметсіздену көріністерінен арашалау қажеттіліктерін ескеру қажет.

Әрине, әлеуметсіздену – қоғам алдында тұрған әлеуметтік мәселелерге, саяси режимдердің ерекшеліктеріне, қоғамдағы үстемдік етуші әлеуметтік-саяси үрдістердің дамуына байланысты әрқалай түсінілуі мүмкін. Әлеуметсіздену мемлекет конституциясы және ондағы қабылданған құқықтық нормалар арқылы анықталынады.

Біздің тәуелсіз, зайырлы, демократиялық мемлекетіміздің Конституциясының 5-ші бабында былай деп жазылған:

«3. Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады.

4. Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландырылуына жол берілмейді» .