Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Саясаттану негіздері Оқулық.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.22 Mб
Скачать

7. Саясат субъектілері

7.1. Халық саяси процестің, саяси практиканың субъектісі ретінде. Саясат – субъект-субъектілік қатынастар әлемі

Әлемдегі бірден-бір әрекетшіл субъект - адамдар, өйткені тек адам ғана белсенді, мақсатты, пәндік-практикалық және танымдық әрекетке қабілетті. Осы қасиеттер адамды жасампаздыққа, қоғамдық өмірдің субъектісіне айналдырады. Шынайы дүниеде адам пайда болған кезеңнен бастап, ол онда өз шығармашылығының іздерін қалдырумен келеді. Дүние адамзаттанады, себебі адам субъект ретінде алдына мақсат қойып, жүзеге асыра алады, сонымен қатар объективті дүниеге және осы дүниенің бір бөлігі – қоғамға өзінің субъективті қолтаңбасын қалдырады. К.Маркс жазғандай: «... тарих өз мақсатын көздеген адамдар әрекеті».

Шынайы дүниенің адам қолымен өзгеруі, адамзат субъектілігінің енуі Жер планетасында айқын сезіледі. Мысалы: антропогендік ықпалдар ғаламданып, адамзат үшін баса назар аударуды талап ететін проблемалық жағдайларды туғызуда. Сондықтан да, адам субъектілігі қоғамдық өмірдің маңызды аспектісі бола отырып, адамның дүниеге практикалық қатынасының жан-жақты ойластырылуын және қажетті реттелуін талап етеді. Бұл, мәселен, парасатты экологиялық және демографиялық саясаттың жасақталуын, Жер ресурстарын тиімді пайдалануды және т.б. білдіреді. Адамзат – Жаратушы емес, сондықтан ол өз орнын білуі тиіс.

Саяси проблема адамзаттың қандай бір елдің тұрғындарын, оның халқын құрайтын ассоциативты қауымдастықтарға бөлінуінен туады. Әрбір елдің халқы халықаралық саясат субъектілері болғандықтан, олардың арасындағы өзара байланыс пен қатынас саяси сипатта болады.

Халықтың саяси шығармашылығының ең әрекетшіл формасы – мемлекет құру. Мемлекет халықтың тіршілік әрекетінің маңызды факторы бола отырып, оның әлеуметтік-мәдени тұтастығын қорғайды. Мемлекеттің өмір сүру процесінде халық саяси тәжірибе жинақтайды, бұрын қызмет еткен саяси құрылымдарды қамтитын саяси мәдениетті қалыптастырып, дамытады.

Барлық саяси тәжірибе халықтың мәні өте құнды саяси басымдықтарын, құштарлығын, құмарлығын анықтай отырып, ашық формада оның ділінде қалыптасады. Шарль Луи Монтескье үкімет кемшіліктерін ең бірінші халықтың оған көзсіз сенуінен көреді. Сондықтан халық әлеуметтік-мәдени, саяси құрылым ретінде өзіне лайықты үкіметті құрады.

«Халық – биліктің қайнар көзі» - деген қанатты тіркес, биліктің халық ділі есебінен қалыптасатынына және қызмет ететініне негізделгені сөзсіз, өйткені тек халық қана биліктің заңды не заңсыз екендігін таниды. Саяси элита, билік құрылымындағы адамдар да халықтың бір бөлігі.

Ресейдегі, ТМД елдері мен біздің еліміздегі саяси пікірталастарда демократия мен оның институттарын насихаттай отырып, көбінесе мемлекеттік билікті қалыптастыратын халықты есептен шығарып тастайды. Халық заңды деп таныған мемлекеттік билік органдары, билік функцияларын жүзеге асырудағы әдістері мен құралдарын биліктің саяси ерекшеліктері мен тиімділігін анықтайды.

Самодержавиелік Ресейде 1917 ж. төңкерістен кейінгі И.В.Сталиннің жеке басының биліктік режимінің орнауы кездейсоқтық емес, ал қазіргі жағдайда Ресейді дағдарыстан алып шығатын саяси фактор ретінде бәріне жауапты әрі тиімді билік туралы мәселе қызу пікірталасқа түсіп отыр.

Ел халқының тапқа, сословиелерге, этникалық, жыныстық, жас ерекшеліктік, кәсіптік, діни, қоныстық және басқа да топтарға бөлініп, саясатқа құрылымданған ұйымдар ретінде қатысуы саяси процестің іс жүзіндегі ерекшеліктерін көрсетеді. Осы қоғамдық топтардың әрқайсысы, сондай-ақ тұлға ретіндегі жеке индивидтер әрқилы дәрежеде саясатқа араласады, саясат субъектісі болуға ұмтылады, саяси қатынастарға түседі.

Субъектілердің өз мүдделерін саясат пен билік тетіктерін пайдалану арқылы жүзеге асыруды көздейтін саяси мақсаттары оларды саясатқа араласуға итермелейді. Саясаттың негізін тек субъективтік адам мүддесі құрайды. Саясаттың ашық және тылсым құпиясының өзі осында жатыр.

Субъект мүддесі объективті түрде, яғни объективті себеп-салдарлық байланыстар мен қатынастар арқылы анықталса да, ол субъективті, себебі, біріншіден ол осы субъектінің мүддесі, немесе мүдденің бастауы мен көзі – осы субъект болып табылады, егер де ол болмаса мүдде де болмас еді. Екіншіден, мүддені субъект түсінеді және түсіндіре алады, яғни субъектінің әлеуметтік даму деңгейі қандай болса, оның мүддені түсінуі де сондай. Үшіншіден, мүддені субъект жүзеге асырады, ол осының нәтижесіне оған субъективтік қолтаңбасын қалдырады.

Адамзаттың тіршілік әрекетінің процесінде адамдар арасында пайда болатын әлеуметтік байланыстар қауымдастықты басқарылатын жүйеге қалыптастырады. Сондықтан, өзінің даму өлшеміне орай адамдар қауымдастығы басқарушылар мен бағынушылар болып бөлінеді. Адамдардың өте маңызды саяси бөлінуі жүреді. Адамзаттың әлеуметтік-мәдени дамуының әрқилы сатыларында әртүрлі экономикалық, саяси, құқықтық, моральдық-психологиялық негіздерге ие үстемдік пен бағыну қатынастары пайда болады. Өздеріне басқару функцияларын алатын элитарлық топ қалыптасады. Басқару мен билік мәдениеті жинақталып, дами бастайды.

Элита теориясының негізін салушылар Г.Моска (1858-1941) мен В.Паретоның (1848-1923) көзқарастары бойынша, адамдардың бұлай бөлінуі - саясат пен саяси қатынастардың пайда болуының әлеуметтік негізі болып табылатын айырмашылықтарды қалыптастырады.

Қоғамдағы өзекті әлеуметтік және саяси мәселе басқарушы мен басқарылушы арасындағы байланысты қамтамасыз ету, себебі бұл процеске қоғамның әлеуметтік жіктелуі, әлеуметтік топтар шешуші ықпалын тигізеді. Әлеуметтік топтар саясат пен билікті өз мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдалануға ұмтылатындықтан, саяси процеске субъект ретінде қатысады. Қоғамдық өмірде өз орны бойынша әлеуметтік тігінен де, көлденеңінен де ажыратылатын әлеуметтік топтардың мүдделері тоғысады, қайшылықтарға толы саяси картина жасалынады, ал оны түсіну үшін осы топтардың шынайы мүдделерін анықтау керек.

Қорыта айтқанда, мақсат-мүдделердің іске асырылуы саясат әлемінде өның өзегін субъектілердің билік үшін, яғни билікті қалыптастыру мен пайдалану үшін күресі құрайтын саяси бәсекелестікті тудыратын субъект-субъектілік қатынастардың негізінде жүргізіледі.