Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Саясаттану негіздері Оқулық.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.22 Mб
Скачать

5. Авторитарлық-әскери режим.

Әскери төңкеріс нәтижесінде билікке келген әскерилер қалыптастырған режим. Оған дағдарыстан шығудың жолын іздеу және төтенше, әскери тәртіптерді орнатуға ұмтылу тән. Бұл режим кезінде халықтың саяси белсенділігі айтарлықтай жоғары болмайды, қоғамда төтенше заңдар әрекет етеді. Жеке адамның бостандығы, құқығы шектелінеді, жаппай күш көрсетудің ашық шараларын қолдану заңды деп танылады.

Алайда әскерилер экономиканы тиімді басқара және әлеуметтік мәселелерді жемісті шеше алмайтындықтан, әскери режим өз танымалдығын тез жоғалтып алады. Сонымен қатар әскери режим үшін негізгі қауіпті әскерилер арасындағы жікшілдік тудырады. Қатардағы әскери бұқараға жақын тұрған атаққұмар полковниктер төңкеріс жасау арқылы генералдарды билік басынан тайдыруы мүмкін.

6. Тоталитаризм.

Авторитаризммен органикалық байланыстағы және одан тек тоталдығымен (лат. totalis-жалпы, жаппай, барлығын қамтитын), яғни акциялардың, әрекеттердің бәрін қамтып, жекелікті жоққа шығарушылығымен ерекшеленетін ерекше саяси режим. Саяси өмірде тоталдық идеясы ежелден белгілі. Адамдардың тіршілік әрекеттерін жаппай қадағалау мен оны толықтай реттеудің қажеттілігін ежелгігрек философы Платон (б.д.д.428-348 жж) ұсынып, талдаған болатын. Ол идеалды мемлекетте адамдардың барлық өмірі қатаң ережелерге бағынуы керек деп есептеді. Тек мемлекет қана жеке мүдделерді ортақ мүдделерге бағындырып, заңдарды қолдану арқылы қоғамда тәртіп орнатуға міндетті.

Қытай императоры Цинь Ши-Хуанди (б.д.д. 259-210 жж) Фацзы (легистер) мектебінің идеяларына сүйене отырып, билікті орталықтандыру мен бірпікірлілікті қалыптастыру арқылы тоталитарлық идеяларды жүзеге асыруға талпынды. Ол ұлы қытай ойшылы Конфуцийдің еңбектерін еркін ойлаудың уағыздаушысы ретінде отқа жақты.

Дегенмен тоталитаризм ХХ ғ. жемісі болып саналады. Ғасырдың саяси процесіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырған ірі тоталитарлық мемлекеттер осы ХХ ғ. пайда болды.

Итальяндық фашистердің лидері Бенито Муссолини өзінің 1932 ж. жарық көрген «Фашизм доктринасы» атты еңбегінде тоталитаризмнің бір түрі фашизмнің идеологиялық концепциясын нақты және айқын түрде баяндап берді. Онда ол, ең алдымен,мемлекетшіл ретінде көрінеді. Ол: «Мемлекет халықтың ұжданы мен еркінің білдірушісі болды. Либерализм Мемлекетті индивид үшін жоққа шығарды; фашизм индивидтің нағыз мәнінің жоқтаушысы ретінде Мемлекет құқығына көңіл аударады» деп есептеді.

Мемлекеттің басымдылығына баса назар аудара отырып, ол әрдайым бұл терминді бас әріппен жазады: «Мемлекеттің фашистік концепциясы барлығын қамтиды: одан тыс ешқандай адами, рухани құндылықтар болмайды немесе ондай құндылықтардың мәні өте төмен болады. Осындай түсініктегі фашизм тоталитарлық және фашистік Мемлекет – ол өзіне барлық құндылықтарды жинап алатын синтез және бірігу, - халықтың барлық өмірін түсіндіреді, дамытады және күш береді».

Муссолинидың доктринасында күш көрсету факторы неміс национал-социализмі мен кеңес коммунизмі доктриналарындағыдай айқын көрінбейтіндігін байқауға болады.

Адольф Гитлердің атышулы «Менің күресім» атты кітабында герман национал-социализмінің болашақ саяси практикасы ашық түрде баяндалған. Онда бірінші орында – национал-социалистік мемлекеттің мүдделері, нәсілшілдік, сонымен қатар антисемиттік, антикоммунистік идеологиямен қаруланған неміс ұлтының этникалық үстемдігі баяндалған.

Тоталитарлық жүйе ретіндегі коммунизм идеологиясы жаңа тапсыз қоғам құрудың кеңестік тәжірибесінің негізінде қалыптасты. Әрине, оның бастапқы принциптерін К.Маркс берген болатын, ол пролетариаттың таптық диктатурасының ерекше креативтік рөлі туралы ережелерінде еуропалық елдердегі революциялық тәжірибені зерттеу негізінде осы диктатураның тарихи болмай қалмайтындығы мен қажеттілігін баса атап өтті. К.Маркстың іліміндегі пролетариат диктатурасын орнату қажеттілігі идеясын мойындай отырып, В.И.Ленин бұл диктатураның орнауы таптық күрестің тарихи кезеңіне, азамат соғысына, мемлекетаралық қайшылықтарға алып келеді деп көрсетті. Аталған саяси процесте күш көрсету факторы шығармашылық рөл атқарады. Тек күш қолданудың негізінде ғана жаңа қоғамның пайда болуы және дамуы мүмкін.

Яғни, «сталинизм» ерекше ілім болып саналмайды, өйткені ол өзінің мазмұны бойынша Лениннің тоталитарлық идеяларын іс жүзінде толықтай жүзеге асырған тоталитарлық практика еді.

Тоталитарлық режимдер демократиялық дәстүрлері әлсіз әлемнің көптеген елдерінде қалыптасты, олар: азаматтық соғыстың нәтижесінде демократиясы күйреген Испания, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Румыния, Албания, Югославия. Чехословакия, Венгрия, Польша, ГДР секілді социалистік бағыттағы Еуропаның бірқатар елдерінде КСРО-ның қысымымен тоталитарлық тенденциялар қалыптасты.

Тоталитарлық режимдер әртүрлі идеологиялық нышандарға ие болса да, оларды саяси практика мен режимнің өзіндік ерекшеліктері, принциптері, саяси процестерде қолданатын әдістері мен құралдары біріктіреді.

Тоталитарлық режимдер үшін тәүрдістер:

1. «Этатистік» тенденцияның болуы. Этатизм барлық экономикалық маңызды меншіктердің мемлекетке берілуі формасы ретінде, сондай-ақ мемлекеттің экономиканы, экономикалық дамуды, экономикалық мүдделерді қатаң бақылауы формасында жүзеге асуы мүмкін.

2. Экономика мен қоғамның барлық өмірінің милитарлануы. Өйткені тоталитарлық режим – ерекше, өзінің идеологиясы бойынша агрессивті, өз бейнесін басқа елдерге таңуға ұмтылады.

3. Бірпартиялық саяси жүйе. Қоғамды үстемдік етуші жалғыз партия басқаратындықтан, саяси өмір тоқырауға ұшырайды. Саяси өмірді жандандыратын, саяси ойлар мен саяси мәдениеттің дамуының себепкері болатын саяси бәсекелестік болмайды. Саясат негізінен бұқараға ықпал ету, оны идеологияландыру; бұқараны басқару ретінде түсіндіріледі.

Антонио Грамши «Абақтыдағы жазбалар» атты еңбегінде: «тоталитарлық партия тұтастай үстемдік құрған жерде... ол енді техникалық, насихаттау, полициялық функцияларды, сонымен қатар адамгершілік және мәдени ықпал ету функцияларын да атқарады» деп жазған еді.

Тоталитарлық режим жағдайында қоғамды, мемлекетті бір партия басқарады, бірақ басқарушы партияның халыққа ықпалын тарататын сателлит-партиялар да болуы мүмкін. Бірпартиялық жүйеде қиратушы, қоғамға іріткі салатын, басқарушы партия ұсынып отырған түпкілікті мәселелердің шешілуіне кедергі келтіретін күш ретінде саяси оппозицияға тиым салынады. Сол себептен де оппозиция заңсыз деп танылып, қатаң қудалауға ұшырайды.

4. Бір ғана партияның үстемдік құруы бұқаралық күшке ие моноидеологияның қалыптасуына әкеліп соғады, себебі ол мемлекеттің қолдауымен жасақталынып, басқарушы партия мен бұқаралық санаға ендіріледі. Барлық мәдени өмір жоғары рухани құндылық болып жарияланып, осы моноидеологиямен уландырылады, ал мәдениеттің барлық рухани құндылықтары тиісінше оның принциптеріне қайшы келмеуі тиіс.

5. Тәртіп культі. Режимнің тәртіпті орнату қабілеттілігі жоғары бағаланады. Режим үшін заңның қаталдығы, тәртіп орнату үшін бұқараны жаппай идеологиялық және ұйымдастырушылық жұмылдыру тән.

6. Қоғам өмірінде күштік құрылымдардың, арнайы бақылау органдарының рөлі күшейеді және ол өз кезегінде саяси процеске олардың әдістерінің (қудалау, цензура, күш көрсету) белсенді енуіне алып келеді.

7. Биліктің қатаң вертикалдық жүргізілуі қалыптасады. Қағида бойынша, билік функциясы жеке адамдардың қолында болады. Билік құрушы тұлғаларға мессиялардың, көсемдердің харизматикалық қасиеттері таңылады.

Негізгі саяси процестерге айтарлықтай таңбаларын қалдырған тоталитарлық режимдердің ХХ ғ. пайда болғанын біз жоғарыда айтып өттік. Өйткені ХХ ғасырда саясат сахнасына халық бұқарасы көтерілген еді. Халық сословиелік құрсаудан арылып, адамдар құқықтық теңдікке қол жеткізді. Бостандық, тәуелсіздік халықтың білім деңгейінің көтерілуімен қатар халық бұқарасының әлеуметтік қуатын нығайтып, олардың суггестийлігін көтерді. Бұқара әлеуметтік драманың басты актерлеріне, өздігінен іс шеше алатын әлеуметтік күшке айналды. Бұқараны біріктіру, ұйымдастыру, еліктіру, манипуляциялау арқылы кең көлемдегі әлеуметтік мәселелерді, нағыз утопиялық жобаларды шешуге талаптануға болады. Бұқара елдегі туындаған дағдарыстық жағдайлардың әсерінен әлеуметтік тұрақтылығын жоғалтып алғандығына және люмпенделуіне орай манипуляцияға жеңіл ұшырайды. Дәл осы әлеуметтік жағдай тоталитарлық режимдердің пайда болуына әкеліп соқтырады.

Демократиялық режим. Мұндай режимде ел халқының кең әлеуметтік жіктері, халық, демос (гр.сөзі demos – халық) қоғамды, қоғамдық істерді басқарып, билікті жүзеге асырады. Демократия - әлеуметтік өмір агенттері өздері құрған билік құрылымында шешімдердің қабылдануына тең дәрежеде қатыса алатын басқару формасы болып саналады.

Демократияны ерекше әлеуметтік құндылық дей отырып, ежелгі грек ойшылы Демокрит былай деген: «Демократиядағы кедейлік патша кезіндегі молшылықтан (азаматтардың) қаншалық артық болса, еріктілік құлдыққа қарағанда соншалық жақсы».

Демократия өз тамырын алғашқы басқару құрылымдары мен шешімдерді әлеуметтік өмір қатысушылары тікелей өздері қабылдаған қоғамның мемлекетке дейінгі кезеңінен алады. Тарихи әдебиетте, саяси ойлар тарихында негізі Афины қала-мемлекетінің ерікті ата-анадан туған азаматтары болған ежелгігректік афины демократиясы толықтай сипатталған.

Алайда Афины қала-мемлекетінің ересек тұрғындарының барлығының бірдей биліктік мәселелерді шешуге қатысу құқығы болмады. Қатысу құқығына құлдар, өте ірі қала-порт, экономикалық өмірдің орталығы Афиныға сауда, қолөнер, экономикалық пайда үшін келген әртүрлі тектегі келімсектер ие бола алмады. Афинылық демократия туыстық және сословиелік құрылымдардан шыққандықтан, ондағы демократиялық режимді қалыптастыратын әлеуметтік өмірдің агенті Афины азаматы, яғни ерікті ата-анадан туған, жынысы ер, жасы кәмелетке толған афинылық болатын.

Қоғамдық істерді шешу мен шешімдерді қабылдауға мүдделі адамдардың барлығының демократиялық жолмен қатысуы көптеген елдердің тарихында болды. Мысалы, орыс тарихи әдебиетінде, Ресейдің саяси ойлар тарихында новгород вечесі, казактар алқасы, боярлар думасы, дворяндар жиналысы, земство ерекше орын алады.

Шыңғыс ұрпақтарының және оған жақын адамдардың ортасынан жоғары билеушіні – ханды сайлауы, жерлерде жергілікті билеушілер – билердің сайлануы, ашық пікір алысудың негізінде жайылым бөлісу, сыртқы басқыншылардан қорғану және т.б. өмірлік маңызды шешімдердің қабылдануы Қазақ хандығының тарихында да орын алған.

Алайда құрылымданған сословиелерге, таптарға, әлеуметтік, этникалық, кәсіби, жыныстық, жас ерекшеліктік және басқа да топтарға бөлінген қоғамда жүзеге асатын демократиялық басқару, тиісті түрде модификацияланбауы мүмкін емес.

Сондықтан біз демократияны қоғамның саяси құрылымы ретінде, саяси режим ретінде қарастырамыз.

Мемлекеттік билікті ұйымдастыру формасы мен саяси жүйе ретіндегі қазіргі кездегі демократия өкілдік демократия түрінде қызмет етіп, дамиды.

Әлеуметтік тұтастықты қамтамасыз ететін саяси режим ретіндегі демократияның басты ерекшеліктері мыналар:

1. Еркіндік принципі. Бұл принциптің салтанат құруы саяси режимнің креативті әлеуетін көтереді. Адамның қоғамдық істерді басқаруға қатысу мүмкіншілігі кеңейе түседі. Тұлға өз ойын айтуға және өзін танытуға кең өріс алады және ол тек құқықтық нормалармен ғана шектелген.

2. Саяси бәсекелестік. Қоғамның саяси элитасы декларациялар жариялау, уәделер беру, қоғамдық өмірдің маңызды проблемаларының шешімдері берілген әлеуметтік бағдарламаларды жасақтау арқылы халықтың назарын өздеріне аударып, қолдауына ие болу үшін ашық күрес жүргізетін бәсекелес саяси күштерге бөлінеді.

3. Билікті, оның шешімдері мен акцияларын, олардың салдарын үнемі сыни тұрғыда бағалайтын және жариялы, ашық сынау жолымен қоғамдық көзқарасты қалыптастыратын оппозициялық саяси элитаның көмегімен жүзеге асатын билік құрушы саяси элитаның қызметін бақылауды қамтамасыз ету мүмкіндігі.

4. Биліктің горизонталды тұрғыдан атқарушы, заң шығарушы және сот билігі болып бөлінуіне, сондай-ақ оның құрылысы түрлеріне (унитарлық, федеративты, конфедеративты); жергілікті жердегі өзін-өзі басқару органдарының күшею мүмкіндігіне (билікті тікелей жергілікті жерлерде жүзеге асыратын биліктің төменгі тармақтарындағы билік өкілеттігі) байланысты жүзеге асатын мемлекеттік биліктің құрылымдық икемділігі.

5. Демократиялық режимнің саяси жаңалықтарды қабылдай білу қабілеті. Ол демократияның саяси жүйе ретінде беріктіктің, тұрақтылықтың қажетті қорына ие бола отырып, сыртқы әсерлерді белсенді қабылдауы мүмкіндігімен, оларға лайықты жауап бере алуымен, тіпті қажет болған жағдайда бейімделуімен, өзін-өзі жетілдіруімен анықталынады.

6. Саяси қатынастар субъектілерінің іс-әрекеті мен қызметі үшін саяси кеңістік жасау. Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның өзара бірлесіп қызмет етуін, сондай-ақ олардың әртүрлі ұйымдастыру формаларын, әдістерін, күштері мен құралдарын қамтитын терең тізбектелген саяси жүйе қалыптасады.

Саяси режим ретіндегі демократияның және қызмет атқарып отырған саяси мәдениеттің басты белгісі – тұлғаның құқықтық қорғалуы. Демократиялық режим - конституциялық режим. Конституция баптарында тұлғаның негізгі құқықтары мен олардың кепілдіктері жазылған.

7. Демократиялық қоғамдағы саяси және идеологиялық плюрализм оны әрқилы саяси тенденциялар мен олардың ұйымдық қалыптасуы, саяси ойлары, әрекеттері пайда болатын көпсубъектілі қоғам ретінде сипаттайды.

Азаматтардың саяси белсенділігі азаматтық қоғам институттарын ұйымдастыруға алып келеді, онда азаматтардың мемлекеттік билік құрылымдарынан тәуелсіз саяси өмірге қатысуға ынтасы өзін-өзі ұйымдастыру, өз қайраткерлігі мен өзін-өзі басқару жолымен жүзеге асады. Бірақ азаматтық қоғам құрылымдары Конституция мен мемлекет заңдары белгілеген шеңберде ұйымдасып, қызмет істеуі тиіс. Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның бірлесіп қызмет етуі конституциялық нормалармен және мемлекет заңдарымен анықталынады.

Мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның құрылымдары қоғамның тәуелсіз элементтері ретінде қызмет етуі тиіс. Мемлекеттік билік азаматтық қоғам институтарының бақылауында болады, себебі олар мемлекеттік биліктің қалыптасуына, оның саясатын түзеп, жүзеге асуына белсенді түрде ат салысады.

Демократиялық қоғам – ашық қоғам. Ол басқа қоғамдармен, мемлекеттермен жан-жақты байланыстарды жүзеге асырады. Бұл байланыстар экономикалық пайда, рухани баю, теңқұқықты айырбастар жасау мен ынтымақтастық өмір сүру тәрізді бірнеше мақсатты көздейді. Ашық қоғамда мемлекеттік биліктің реттеушілік рөлі құқықтық нормалармен қатаң анықталған төменгі деңгейге дейін шектелінген.

Жоғарыда қарастырылған саяси режимдердің авторитаризм, тоталитаризм, демократия тәрізді ұғымдары – белгілі бір дәрежеде шынайылықтан тыс жатқан идеалды конструкция. Шынайы саяси өмір қай режимнің болмасын маңызды белгілері сақталатын өтпелі кезеңдерге толы.