Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Саясаттану негіздері Оқулық.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.22 Mб
Скачать

5.3. Қоғамдағы саяси жүйе мен саяси процесс

Саяси процесс – қоғамның саяси өмірінің өзегі, өйткені ол саяси жүйенің өзіндік ерекшеліктерін анықтайды. Ол өте кең әлеуметтік орта бола отырып, өзінде әлеуметтік-саяси өмірдің барлық проблемаларын қамтиды. Саяси жүйеге теріс әсерлер, оның қарсы реакциясы, саяси жүйенің ішкі қайта құрылуы, әртүрлі саяси акциялар, саяси өмір агенттерінің өзара әрекет белсенділігі, формалары, әдістері, басымдықтар және олардың идеологиялық бейнеленуі – осының барлығы саяси процестің шынайы аспектілері.

«Саяси процесс» ұғымы әртүрлі деңгейде көрінеді. Оның ең ауқымды деңгейі – тұтастай қоғамның саяси процесі ретінде барлық саяси өмірдің өзегі болуы. Ол іштей құрылымданған және кезеңдерге, жеке бөліктерге, оқиғаларға ыдырауы мүмкін. Осы құрылымдық элементтердің әрқайсысын жеке саяси процесс ретінде қарастыруға да болады. Мысалы, елдің президентін немесе парламентін сайлау жеке саяси процесс болып саналады. Жеке басталып, аяқталған саяси акцияны да саяси процесс деуге болады. Осыған ұқсас акцияларда қоғамның саяси өмірінің ерекшеліктері толық көріс тауып отырады.

Осы ретте, қоғамда өтіп жатқан қоғамның саяси өміріне және саяси процеске тарихи тұрғыдан келіп, оларды даму үстінде қарастырған жөн.

Бұл тұрғыда қоғамдық дамуды дәстүрлік және дәстүрліктен кейінгі сатыларға бөлудің методологиялық мағынасы зор.

Дәстүрлі қоғам - әлеуметтік тоқыраудың маңызды элементтері бар қоғам. Мұнда әлеуметтік өмір дамымаған жеке этномәдени ошақтарда өтеді, ол ғаламданбаған, бұл мәдени ошақтардың өзара ықпалдасуы айтарлықтай емес. Адамдар қауымдастығына табиғи фактор айтарлықтай әсерін тигізеді, табиғатқа тәуелділік айқын көрініп тұрады. Себебі табиғат салыстырмалы тұрғыда өзгермейтіндіктен және тек кейбір аймақтарда жыл мезгілдеріне сәйкес өзгеретіндіктен, адамдар қауымдастығы оларға өмірлік цикл ретінде икемделеді, сондықтан да дәстүрлі қоғамдарда саяси өмір рудиментарлы, дамымаған болады.

А дамдар қауымдастығының істерін басқаруда жеке бедел мен дәстүр шешуші ықпалға ие. Адамдардың дүниетанымына өткенді дәріптеу арқылы дүние тәртібінің өзгермейтіндігін мойындау тән. Әлеуметтік рөлдер адамның жеке мәртебесі арқылы анықталынады. Себебі, әлеуметтік өмір салыстырмалы түрде өзгеріссіз болғандықтан қоғамды басқаруда өткеннің сақталынған тәжірибесі қолданылады, яғни дәстүр мен бедел – осы дәстүрдің анықтаушысы болып табылады. Барлық қоғамдық өмір, оның ішінде жаңадан пайда болып келе жатқан саяси қатынастар да оларға бағынады.

Әрине, дәстүрлі қоғамды оның ішкі құрылымдық элементтері мен даму кезеңдерін (жабайылық, варварлық және өркениеттік бастау) бөліп көрсете отырып, әлеуметтік процесс ретінде қарастыруға болады. Бірте-бірте әртүрлі аймақтарда, құрылықтарда адамзат әрқилы қарқынмен бұл дәстүрліктен өте бастады.

Дәстүрлі қоғамда басқару орын алғандықтан саясаттың және саяси қатынастардың бастамасы, әрі мүдделерді біріктіретін тетік ретіндегі - қарапайым формадағы билік болды. Жеке адамдардың қоғамға толықтай тәуелділігі, жеке өмір сүрудің мүмкін болмауы адамның қоғамдастыққа толықтай бағыныштылығына алып келді. Сондықтан қарапайым формадағы билік қызмет етіп, қауымдастықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыра алды. Сол кездегі басқару үшін жеткілікті күшті тетіктер – құқықтың, моральдық нормалардың, беделдің болуы – саясат және саяси қатынастар бастамаларының қажетті түрде қалыптаса бастағандығын көрсетті.

Адамзат дамудың өркениеттік жолына түсе отырып, біртіндеп дәстүрлік құрсауынан шыға бастады. Әрине, дәстүрлер адамдар өмірінен толықтай жойылып кетпесе де, адамзаттың тіршілік әрекетінің басты қоғамдық салаларында бірте-бірте өзінің міндеттері мен нормативтілігін жоғалта бастады.

Саяси тұрғыдан алғанда адамзат елеулі дәрежеде дәстүрден тәуелсіз болады. Әрине дағды, психологиялық мойынсұну бірден жеңіле қоймағанымен, қоғамдық тұрғыдан алғанда шешуші әлеуметтік рөлді атқара алмайды.

Алайда, дәстүр тәуелділігінен арылған еркін адамның жүріс-тұрысы бәрібір реттелуі керек. Және қоғам дәстүрге қарағанда жоғары бейімделу мүмкіндігіне ие жаңа реттеуіштерді қалыптастырады. Осы жағдайда дәстүр құрсауынан арылған әлеуметтік энергияны сақтау мен көтермелеу және осы энергияны белгілі бір арнаға бағыттау, оны бағынышты ету және оны көтермелеу сияқты екіжақты міндетті шешуі қажет.

Әрине, дәстүрден тыс қоғамда адам өзін елеулі дәрежеде еркін сезінеді, яғни өз орнын, өз мүдделерін және өз әрекеттерін субъективті түрде пайымдау еркіне ие болады. Бұл жағдайларда тұлғаның моральдық деңгейі, оның ар-ұяты ықпалды рөл ойнай бастайды да тұлғаға көпшілік мақұлдаған моральдық нормалар, құндылықтар таңылады. Бірақ бұл реттеуіш әлі де болса жеткіліксіз. Тұлғаның биоәлеуметтілігін, оның даралығын, өзімшілдігін, субъектілігін, субъективтілігін моральдық қағидалар көмегімен тоқтату мүмкін емес. Сондықтан постдәстүрлік қоғамда саясат, мемлекеттік билік, құқық тәрізді өте күшті реттеуіштер пайда болды.

Постдәстүрлік саяси шынайылық, оның ерекшеліктері, ағымдары қоғамның саяси жүйесін анықтап, оның дамуы мен қызмет етуіне септігін тигізеді.

Әрине, саяси жүйенің әртүрлі құрылымдық элементтері әртүрлі әлеуметтік көздерден бастау алып әртүрлі кезеңдерде қалыптаса бастады. Алғашқыда мемлекеттік билік пайда болған. Ол өзінің пайда болу сәтінен бастап-ақ негізгі басқару және саяси функцияларын атқара бастады. Саяси жүйенің барлық басқа элементтері тарихи тұрғыда бастапқы сипатта болды және тек қана Жаңа дәуірде, яғни XVI-XVII ғғ. бастап бірте-бірте саяси жүйенің алғашқы көріністері бой көрсете бастады. Экономикалық тұрғыдан алғанда оның қалыптасуы қазіргі саяси жүйенің маңызды элементі – азаматтық құқықтың экономикалық негізі болып саналатын тауарлы өндірістің пайда болуымен байланысты.

Қазіргі кезде әртүрлі елдерде өзіндік ерекшеліктері бар әрқилы саяси жүйелер қызмет етеді. Аталған өзіндік ерекшеліктер мемлекеттің саяси режиміне, халықтың діліне, саяси дәстүрлеріне, әлеуметтік жағдайларына, қоғам мен мемлекеттік билік алдында тұрған әлеуметтік-саяси мәселелерге тәуелді.

Сонымен қатар, қазіргі саяси өмір саяси жүйенің алдына, оның тиімділік өлшемі ретінде қарастырылатын талаптар қоюда. Саяси жүйе:

1) тұлғаның саяси белсенділігін, оның саяси өмірге саналы түрде қатысуының жоғары деңгейін қамтамасыз етуі керек;

2) функционалдық міндеттердің әралуандығына ие болуы керек. Азаматтарды саяси белсенділікке тартатын осы міндеттер жан-жақты болып, тұлғаның экономикалық, әлеуметтік, кәсіби, жыныстық, жас ерекшеліктік мәртебелерін, оның этномәдени ерекшеліктерін ескеруге міндетті. Функционалдық міндеттердің әралуандығы ғана жүйені барынша тұрақты, өзгерістерге қабілетті, жоғары бейімделушілік сапаларға ие етеді;

3) өздігінен дамуға қабілетті болуы керек.Ол үшін – жаңалықтарға, өзін-өзі жетілдіруге ашық болуы керек.

4) әртүрлі ұйымдастыру формаларын, әдістерді, құралдарды, жұмылдыру күштерін пайдалануы қажет.

Биліктің легитимділігін қалыптастыру, оның шешімдерінің міндеттілігін мойындау, билік пен оған бағынушылардың бірлігін қамтамасыз ету саяси жүйенің маңызды мәселелерінің бірі. Бұл – қоғамның саяси процесінде шешілетін негізгі мәселе.