Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Саясаттану негіздері Оқулық.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.22 Mб
Скачать

5.2.Қоғамның саяси жүйесі туралы түсінік

Қоғамды жүйелік зерттеудің мейлінше толық үлгісі американ әлеуметтанушысы Талкотт Парсонстың (1902-1977 жж.) еңбектерінде қарастырылған. Ол әлеуметтанудағы жүйелік-функционалдық мектептің негізін қалаушы болып саналады. Оның анықтамасы бойынша, адамдар қауымдастығындағы индивидтердің әрекеті әлеуметтік жүйеге ауысады, сондықтан да «жүйе» және «функция» ұғымдары қоғамды зерттеудегі негізгі әдістемелік ұғымдар болып табылады. Әлеуметтік жүйелерді құратын, қоршаған ортаны өзгерте алатын белсенді қызметімен антропологиялық әрекет биологиялық және физикалық әрекеттерден ерекшеленеді.

Т.Парсонс қоғамды (адамдардың шексіз көптігі) салыстырмалы тұрғыдағы тұрақты аспектілерге (құрылым және функция) ие құрылым ретінде қарастырады. Функция құрылымды әлеуметтік процеске, белгілі бір тұтастыққа байланыстырады. Жүйенің негізгі функциялары: бейімделу, мақсатқа жету, біріктіру, үлгіні қолдау. Бұл функциялар жүйенің экономикалық, саяси, құқықтық, моральдық-идеологиялық тармақтарында жүзеге асады. Әлеуметтік жүйелілік: а) рәмізділігімен (тіл,құндылықтар) ә) нормативтілігімен (яғни жеке адамның әрекеті жалпы қабылданған нормаларға тәуелді) б) волюнтаристілігімен (яғни әрекет жағдайдың субъективтік айқындалуына тәуелді) сипатталынады. Т.Парсонстың әлеуметтік жүйе теориясына арналған еңбектері мыналар: «Структура социального действия (Әлеуметтік әрекет құрылымы)» (1937); «Социальная система (Әлеуметтік жүйе)» (1937); «К создании общей теории действия (Әрекеттің жалпы теориясын құру)» (1951); «Теория действия и человеческое существование (Әрекет теориясы және адамзаттың ғұмыр кешуі)» (1978); «Система современных обществ (Қазіргі қоғамдар жүйесі)» (1971). Соңғы кітабы 1998 ж.орыс тілінде жарық көрді.

Саяси ғылымға саяси жүйе ұғымын енгізген және оны жеткілікті түрде талдаған Канада саясаттанушысы Давид Истон болды. Оның қарастырылып отырған проблемаға арналған еңбектері: «Политическая система: введение в область политической науки (Саяси жүйе: саяси ғылым саласына кіріспе) » (1953) - бұл еңбек, сөзсіз, концептуальдық сипатта; «Системный анализ политической жизни (Саяси өмірді жүйелі түрде сараптау)» (1965); «Введение в политический анализ (Саяси сараптамаға кіріспе)» (1979), «Анализ политической структуры (Саяси құрылымның сараптамасы)» (1990).

Д.Истонның пікірі бойынша, саяси жүйе қоғамның саяси өмірінің агенттері – адамдардың саяси жүріс-тұрысын қамтитын жүйе болып табылады. Ол саяси жүйе теориясына іштей тән бірнеше сипаттарды бөліп көрсетеді:

1. Қоғамдағы өзара саяси әрекеттесу жүріс-тұрыс жүйесі ретінде көрінеді.

2. Саяси жүйе бос кеңістікте емес, керісінше физикалық, биологиялық, әлеуметтік, психологиялық қоршауда болады. Бұл қоршау орта сияқты өзгеріп отырады.

3. Саяси жүйе ашық, себебі ол - әлеуметтік жүйенің бір бөлігі және ауқымды әлеуметтік жүйенің шеңберінде және оның әсерімен қызмет етуі керек.

4. Саяси жүйенің өміршеңдігі қоршаған ортаның теріс әсерлеріне жауап қату қабілеттілігімен және өзгерген жағдайларға бейімделе алуымен анықталынады.

5. Саяси жүйенің өзіне тән маңызды сипаты әлеуметтік өмірдің тұрақтылығы мен тұрлаулығын қамтамасыз ететін тепе-теңдікті сақтай алу қабілеттілігі болып саналады.

6. Барлық саяси жүйелердің ортақ қасиеті - олардың тұтастығы мен амандығын қамтамасыз ететін бейімделу қабілеті, осының арқасында дағдарыстардан шығуға болады.

КСРО-да пайдаланылған маркстік лексикада да «саяси жүйе» термині қолданылды. Ол елдегі қалыптасқан бірпартиялық жүйені дәріптеу үшін пайдаланылса, КОКП елдегі партиялық-мемлекеттік басқаруды жүзеге асырып отырған саяси жүйенің өзегі ретінде қарастырылды. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, КСРО-дағы саяси жүйенің өлшемдері Д.Истон ұсынған шарттарға сәйкес келмеді. Ол жабық әрі бейімделуге қабілетсіз болғандықтан дағдарыстан шыға алмай, күйреуге душар болды.

Бүгінгі заман ұғымында саяси жүйе төмендегідей құрылымдық элементтерді қамтиды, олар: мемлекеттік билік, оның тармақтары, саяси партиялар, қоғамдық-саяси қозғалыстар, сондай-ақ саяси процеске қатысуға ұмтылатын уақытша немесе тұрақты ассоциациялар және адамдар санасындағы саяси процестердің идеологиялық көрінісі.

Яғни, саяси жүйе, бір жағынан алғанда, саяси өмір агенттерінің жүріс-тұрыс жүйесі. Оны адамдар жасаған және оның қызмет ету процесінде адамның шығармашылық саяси әлеуеті жүзеге асады. Алайда, басқа жағынан қарасақ, саяси жүйе – адамдардың саяси жүріс-тұрысы жүзеге асатын және саяси процесс жүретін объективті тұрғыда болатын құрылымдық жүйе.