
- •Саясаттану негіздері
- •1. Саясат және оның қоғамдағы орны
- •1 .1 Саясат құрылымы
- •1.2. Саясаттың адамның тіршілік әрекетінің негізгі сфераларында көрініс табуы.
- •2. Саясаттанудың ғылым ретіндегі пәні, әдістері мен қызметері
- •2.1 Саясаттану пәні ғылым ретінде
- •2.2 Саясаттанудың ғылым ретіндегі әдістері
- •3. Саясаттанудың негізгі парадигмалары
- •3.1. Парадигма ұғымы. Саяси ойлардың тарихындағы парадигманың концептуалды рөлі.
- •3.2. Теологиялық парадигма.
- •3.3.Натуралистік парадигма.
- •3.4.Әлеуметтік парадигма.
- •3.5. Рационалды-сыни парадигма.
- •3.6.Саяси ойлар тарихынан
- •4.2. Биліктің шығу тегі мен функциялары
- •4.3. Билік легитимділігі
- •5. Саяси жүйе мен саяси режимдер
- •5.1. Жүйелілік шынайылықтың мәнді сипаты
- •5.2.Қоғамның саяси жүйесі туралы түсінік
- •5.3. Қоғамдағы саяси жүйе мен саяси процесс
- •5.4. Саяси жүйе және саяси режимдер
- •1. Дәстүрлі авторитарлық режим.
- •2. Этатистік-идеократтық авторитарлық режим.
- •3. Бәсекелесуші олигархияның автократиялық режимі.
- •4. Авторитарлық-бюрократиялық режим.
- •5. Авторитарлық-әскери режим.
- •6. Тоталитаризм.
- •6. Мемлекет саяси институт ретінде
- •6.1. Мемлекет ұғымы
- •6.2. Мемлекеттер типологизациясы
- •6.3. Мемлекет функциялары
- •6.4. Мемлекеттік билік және азаматтық қоғам
- •7. Саясат субъектілері
- •7.1. Халық саяси процестің, саяси практиканың субъектісі ретінде. Саясат – субъект-субъектілік қатынастар әлемі
- •7.2. Әлеуметтік топтар саясат субъектілері ретінде
- •7.3. Саяси элита саяси қатынастардың субъектісі ретінде
- •7.4. Адам саясат әлемінде
- •7.5. Саясаттағы лидерлік, саяси партиялар.
- •8. Саяси мәдениет
- •8.1.Саяси мәдениет ұғымы
- •8.2.Саяси мәдениеттің құрылымы мен функциясы
- •8.3.Саяси мәдениет және саяси практика
- •9. Да¹дарыстар мен ºаºты¹ыстар
- •9.1. Да¹дарысты ж¸не ºаºты¹ысты саяси жа¹дайларды» генезисi.
- •9.2. Да¹дарыс ½¹ымы ж¸не оны» ¸леуметтiк мазм½ны.
- •10. ²Аза²стан республикасыны³ халы²аралы² ²атынастары мен сырт²ы саясаты
- •10.1. ²Азiргi халыºаралыº ºатынастар.
- •10.2. ²Азаºстан Республикасыны» сыртºы саясаты.
- •Республикасыны³ конституциясы
- •Жалпы ережелер
- •Адам ж°не азамат
- •Президент
- •Парламент
- •Констиуциялы² ке³ес
- •Соттар ж°не сот т´релiгi
- •VIII á´ëiì жергiлiктi мемлекеттiк бас²ару ж°не ´зiн-´зi бас²ару
- •²Орытынды ж°не ´тпелi ережелер
- •Философия және саясаттану факультеті саясаттану кафедрасы жұмыс бағдарламасы
- •1 Модуль. Саяси ¹ылымдарды» тарихы мен теориясыны» методологиялыº проблемалары
- •2 Таºырып. Саяси iлiмдердi» дамуы мен саясаттануды» iлiм ретiндегi ºалыптасуы - 4 са¹ат.
- •4 Таºырып. ²о¹амны» саяси ж¾йесi ж¸не саяси режимдер - 4 са¹ат.
- •5 Таºырып. Мемлекет саяси институт ретiнде - 4 са¹ат.
- •6 Таºырып. Саяси партиялар мен ºо¹амдыº-саяси ºоз¹алыстар, оларды» ºо¹амны» саяси ¼мiрiндегi р¼лi.
- •7 Таºырып. ²о¹амны» саяси м¸дениетi - 2 са¹ат.
- •8 Таºырып. ºо¹амда¹ы да¹дарысты ж¸не ºаºты¹ыстыº жа¹дайлар - 2 са¹ат.
- •9 Таºырып. Халыºаралыº ºатынас ж¸не сыртºы саясат - 4 са¹ат.
3.6.Саяси ойлар тарихынан
Саяси ойлар тарихы адамзат санасындағы мемлекет пен биліктің пайда болуы мен қызмет етуінің саяси тәжірибесі мен осы процеске адамдардың қатысуының көрінісі болып табылады.
Саяси ойлар тарихы осы процестің тарихи және саяси салдарға ие тұстары мен сәттерін қарастырады. Ол фактілерді, оқиғаларды жай ғана анықтаумен айналыспайды, керісінше саяси тәжірибені нақты саяси білімдердің категорияларында, ұғымдарымен ойларында белгілейді, саяси ілімнің мектептері мен бағыттарының арасындағы даму мен сабақтастық байланыстардың анықтаушы ағымдарын ашып көрсету арқылы саяси өткенді бірізді және жүйелі тұрғыда зерттейді.
Сондықтан саяси ойлар тарихының ғылыми құндылығын мынадан көруге болады:
Біріншіден, ол мемлекет, билік және қоғамдық басқаруды орнатудағы тәжірибені сүзгіден өткізе отырып халықтар мен елдердің саяси тәжірибесін көрсетеді.
Екіншіден, ол бұл тәжірибені адамзат санасында, саяси білімдер жүйесінің категорияларында, ұғымдарында, түсініктерінде белгілейді.
Үшіншіден, адамзаттың саяси дамуындағы бірізділікті, саяси ойлардың ортақтығын қадағалайды және саяси дамуды айқындайтын үрдістердің бар екендігін анықтайды.
Саяси ойлар тарихының ежелгі кезеңінен біздің заманымызға дейінгі объектісі биліктің пайда болуы мен қызмет етуінің саяси проблемалары болып қала береді. Ол саяси ойлар дамуының бастапқы кезеңдерінде қарапайымдылығы мен нақты өмірдің негізімен астасып кеткендігіне орай қарапайым және шектеулі болды, ерекше функция ретінде жеке көрініске ие бола қоймады. Бірақ өркениеттің дамуымен, мемлекеттік биліктің қалыптасуы мен қызмет етуінің күрделенуімен саяси ойдың мазмұны байи түсті. Яғни, саяси ой мемлекеттік-биліктік функцияның орындалуымен, қоғамның құрылымдық күрделенуімен және оның даму проблемасымен байланысты.
Алайда, қоғамдағы билік құру проблемасы қанша күрделене түскенімен де саяси ойдың базалық негізі ретінде сақталып қалған өз ядросы болады. Бұл:
- биліктің, мемлекеттік биліктің әлеуметтік қажеттілігі, биліктің заңды болуы;
- биліктің негізгі функциялары;
- билік құрушы субъектінің, оның өкілеттілігінің анықталуы, биліктің шектелуі;
- саясаттың, қоғамның саяси өмірінің нормативті негіздері;
- билік пен оған бағыныштылардың өзара қарым-қатынасы.
Қоғамды басқаруды ұйымдастырумен байланысты осы және басқа да мәселелер саяси ойдың тұрақты мазмұны болды. Сонымен қатар, саяси ойдың өмір мазмұнына қарай салмақтала түсетіндігін, оны саяси шынайылық пен оның проблемаларының үнемі өзекті етіп отыратындығын ескеру қажет.
Саяси ойлардың тарихы туралы мейлінше толық түсінік алу үшін жалпы түрде қысқаша тарихи шолу жасап өтелік.
Саяси ойдың даму кезеңдері адамзаттың әлеуметтік-мәдени дамуының сатыларымен байланысты.
Бірінші кезең – ежелгі дүние.
Ежелгі дүние өз бастауын ғасырлардың терең қойнауынан алады. Осы ретте ежелгі дүниеде адамдар қалай өмір сүрді, онда билік, адамдарды басқару болды ма,- деген бірінші сауалымызға жауап беріп көрелік.
Адам және ол жасаған өркениет бастапқы табиғи, хайуандық жағдайдан шықты деген концепцияға сүйенер болсақ, осы табиғи жағдайға және одан кейінгі даму барысына алғашқы қауымдағы адамдардың тіршілік әрекеттері үшін қажетті тәртіптілікті ендірген басқарудың тән болғандығын мойындауға тура келеді. Гректер мемлекетке дейінгі басқарудың бұл түрін белгілеу үшін «архия» (билік, басқару) – терминін пайдаланды. Бұдан – анархия (биліксіздік), монархия (бір адамның билігі) келіп шықты. Бірақ архия кемелденген саяси мазмұнда болмады, ол алғашқы қауым адамдарының шынайы өмірімен араласып кеткен болатын және адамдардың бір тобының басқа топқа үстемдік етуінің формасы бола алмады.
Бірақ басқарудың бұл түрі өзінің осы қарапайым формасында адамзат қауымдастығына бастапқыдан-ақ тән екендігімен қызық, ал басқарудың мемлекеттік формасы, мемлекеттік билік қоғам дамуының бұдан гөрі кемелденген сатысында пайда болды; олардың пайда болуы билік функциясының, басқару проблемаларының мазмұнының күшеюімен байланысты болды.
Алғашқы мемлекеттер ежелгі Шығыс елдерінде (Мысыр, Үндістан, Қытай) пайда болды. Олар ірі жер иеленуші өркениеттер еді. Жер және су ең негізгі ресурстар болғандықтан, осы ресурстарға кім иелік етер болса, сол шешуші әлеуметтік-экономикалық және саяси позицияға ие болатын. Ірі ирригациялық құрылыстар (бөгендер, каналдар) салу үшін құлдардың күші кеңінен пайдаланылды. Қоғам сословиелерге бөлінді. Ресурстарға иелік етіп отырған жоғары сословие өкілдері өздерінің арасынан жоғары билеушіні бөліп шығарып оның шыққан тегі мен іс-әрекеті жеткілікті дәрежеде мифологияландырылды.
Билік деспоттық сипатта әрі шексіз болды және әдет-ғұрып, дәстүрмен шектелді. Абсолютті билік жоғары билеушінің мақсаты – ортақ игілік, өйткені ол – қол астына қарайтындардың әкесі, оның бұйрықтарының бәрі мүлтіксіз орындалуға тиіс деген патерналистік түсініктегі идеологиямен тұғырланды. Абсолютті биліктің қысымындағы әдет-ғұрып және дәстүрлермен шырмалған адам сыртқы жағдайларға толық тәуелді және еріксіз еді. Ол билікке бағынышты және оған толықтай тәуелді болды.
Ежелгі дүниеде ежелгігректік қоғам мен саяси ойдың ежелгігректік үрдісі ерекше орын алады. Ежелгігректік өркениет қолөнер мен сауда орталықтары бола отырып өзін-өзі экономикалық тұрғыдан қамтамасыз ете алатындықтан саяси тәуелсіздікке ие қалалардың айналасында пайда болды. Бұл қалалар полистер (қала-мемлекеттер) деп аталды. Оларда басты саяси рөлді ерікті азаматтар ойнады. Патша билігі, тирания, құл иеленуші аристократия мемлекеттік биліктің формалары болды және мемлекеттік билік формасының өзгеруі саяси күштердің ара қатынасына тәуелді еді. Аталған күштердің күресі, қатаң бәсекелестік әсіресе Афиныға тән болды.
Ежелгігректік саяси ойда мифологиядан теорияның қалыптасуына өту бастау алды, себебі саяси өмірдің әртүрлі құрылысы, бәсекелестік күрес, оның толыққандылығы саяси ойдың жандануына, саяси проблемалар туралы рационалды-философиялық рефлексияның дамуына септігін тигізді. Грекияның деспоттық мемлекеттерден ерекшелігі ондағы азаматтар ерікті болды, оның саяси акциялары моральдық қағидалармен және сақталынып қалған дәстүрлермен шектелінген болатын.
Ежелгі Римдегі саяси өмірде толыққанды еді. Ежелгігректік саяси құрылымды мұраға ала отырып, ежелгіримдік қоғам қысқа уақыттың ішінде саяси құрылыстың барлық сатысынан өтті, бірақ римдіктердің гректерден бір ерекшелігі, оларда азаматтық қоғам идеялары туындады және тұлға мен қоғамның, тұлға мен мемлекеттің арасындағы байланыстарды құқықтық реттеу мәселелері жасақталды. Адамзаттың құқықтық мәдениетінің негізі болған – римдік құқық римдіктердің ең жоғары жетістігі болып саналады.
Рим ежелгі дүниенің ірі сауда империясы болғандықтан Римнің ерікті азаматтары үшін жеке меншік, экономикалық мүдде, баламалы айырбас, пайда сияқты түсініктер абстрактілі категориялар емес, керісінше олар шынайы өмірлік мазмұнға ие болды.
Орта ғасырлар. Бұл кезеңде тарихи процесс бірте-бірте Жерорта теңізі жағалауынан еуропалық құрылықтың ішкері аймақтарына қарай көше бастады. Бұл процесс еуропалық құрылықтағы варварлық тайпаларды қарқынды әлеуметтік өмірге араластырған римдік жаулап алулардан бастау алады. Варварлар аяғына тұрып, өркениеттенген соң, өзінің бар күшін Римге төгіп, оны құлатты және осының нәтижесінде бұрынғы құлиеленуші алып империяның қираған орнында көптеген жаңа мемлекеттер пайда болды. Еуропаның ортағасырлық тарихы осылай қалыптаса бастады. Бұл кезең діни соғыстар, мұра үшін күрестер, таққа талас, крест жорықтары, еретиктерді қудалау, шаруалар көтерілістері секілді оқиғаларға толы болды.
Орта ғасырларда озық ойлы элитаның негізгі қаруы, оның «ғылыми матрицасы» діни догматика болды.
Діни күпірлік (ересь) өзінің мазмұны жағынан өзгеше, діни ортодоксалды емес еді, мұнда діни тұманды жарып өтіп адамдардың шынайы, өмірлік мүдделері қарастырылды.
Бұл кезеңде саяси өмір сахнасында билік үшін күресті жер иеленуші аристократия мен дін басылар, ақсүйек билеушілер, шіркеу қайраткерлері сияқты екі үлкен саяси күш ұйымдасқан түрде жүргізді. Бұл күрестің басында билікті заңдастыру проблемасы тұрды.
Орта ғасырда құл иеленуші Римнің құлауы нәтижесінде Жерорта теңізі бассейнінде өте күшті мемлекет – араб Халифаты пайда болды. Оның пайда болуы жалғыз Құдай – Аллаға сенушілердің әлеуметтік ынтымақтастығын танитын бұқаралық әлеуметтік-саяси қозғалыс ретіндегі исламның шығуымен байланысты. Исламның дамуы Жерорта теңізінің шығысын, оңтүстігін, батысын өте тез қамтыған, өзінің ықпалын азиялық құрлықтың шығысына дейін таратқан динамикалық әлеуметтік-саяси процесс болды. Ислам мемлекеті өзінің идеологиялық базасы бар, құқықтық негізге ие, жекеменшік, нарық жүйесі, дінге сенушілердің әлеуметтік ынтымақтастығы, құқықтық және моральдық нормалар тәрізді бірлесіп өмір сүрудің позитивті құндылықтары сақталған теократиялық мемлекет еді.
Кейінгі ортағасырға саяси аренада өте күшті феодалдық мемлекет – Шыңғысхан империясының пайда болуы жатады. Шыңғысханның жаулап алу жорықтарының теріс жақтары болса да, оның еуразиялық құрылықтағы саяси процестерге тигізген айтарлықтай ықпалын ескеруіміз қажет. Олар этностардың мемлекетке бірігуін, халықтардың тәуелсіздігін, дипломатиялық іс-әрекеттің жандануын, геосаяси оқшаулықтан өтуді қамтамасыз етті.
Атап айтар болсақ, Шыңғысхан империясының саяси салдарына Мәскеу кінәздығының өрлеуі, орыс жерлерінің Мәскеу айналасына бірігіп мемлекет құруы, сондай-ақ Шыңғысханның өзінің үлкен ұлы Жошыға ұлыс бөліп беруі жатады. Осы ұлыстың негізінде ХV ғ. Қазақ хандығы пайда болды.
Еуропалық орта ғасыр XIV-XVI ғғ. Еуропадағы Қайта Өрлеу мен Реформация дәуірімен аяқталады.
Осы кезеңде Еуропада феодализмнің ғасырлар бойы қалыптасқан тірегінің ыдырауы басталды. Рационалды ғылым және гуманистік мәдениет барған сайын берік позицияларды жаулап ала бастады. Тұлғаны жаншуға бағытталған, адамның жердегі қажеттіліктерін күнә деп есептейтін догматикаға ие шіркеу өзінің идеологиялық және саяси позицияларынан айырыла бастады.
Еуропаның озық ойлы элитасы антикалыққа, адамға табынуға ерекше назар аударды, осының нәтижесінде құндылықтардың мүлдем басқа әлемі ашылды. Тіпті діннің, шіркеудің өзінде әртүрлі еретикалық ілімдер мен бағыттар дами бастады. Осылай еуропа халықтарының өмірінде түбірлі әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістердің жаршысы болған орасан зор рухани дүмпу өтті.
Жаңа заман Нидерландыдағы революция (1566-1609 жж.), Ағылшын революциясы (1642-1689 жж.), Француз революциясы (1789-1794 жж.) сияқты Еуропа халықтарын бірінен кейін бірін күйзеліске ұшыратқан революциялық оқиғалардан басталады. Аталған революциялық оқиғалар ұзақ және қатыгез сипатта болып, тұтас халықтар мен елдерді қанды қырғынға ұшыратты. Осынау революциялық оқиғалар қарсаңында, олардың кезінде және олардан кейінгі іргелі өрлеуде саяси ілім өз дамуына аса үлкен қарқын алды. Саяси ғылымның одан кейінгі дамуының, саяси мәдениеттің қалыптасу концепциясының негізіне айналған бірқатар принципті ережелер жасақталды.
1. Монархиялық режимнің тірегі болған шіркеуге елеулі соққы берілді. Біртіндеп дін мен шіркеудің демократиялық қоғамдағы саяси ортасы – клерикализм көрініс ала бастады.
2. Қоғамның құқықтық мәдениеті мейлінше дәйекті және мақсатты түрде қалыптасып, құқықтық мемлекеттің концептуалдық негіздері қалана бастады.
3. Билікті шектеудің қажеттілігіне: конституциялық құрылыстың орнауына (барлық билік құрушы субъектілер, барлық азаматтар қолданатын қоғамдық және мемлекеттік құрылыстардың жаңа принциптері мен заңдарының салыстырмалы тұрғыда өзгермейтін жинақтарының қабылдануы; биліктің шектелуі; билік құрушы субъектілердің өкілеттігінің анықталуы; белдеулік болсын, көлбеу болсын, биліктің бөліну принциптерінің жүзеге асуы; мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот билігі тармақтарына бөлінуі) көңіл аударыла бастады.
4. Билікті легитимдендіру проблемалары жасақталды. Сайлау жүйесінің біртіндеп қалыптасуы, оларды демократияландыру жүрді.
5. Биліктің өкілетті органдары кең қанат жая бастады.
Жоғарыда айтылған революциялық оқиғалар, соғыстар және басқа да әлеуметтік өзгерістер Еуропаның, сондай-ақ бүкіл әлемнің шырайын түпкілікті түрде өзгертті. Жалпығаламдық шынайылыққа айнала, Жер шарының барлық түкпірлеріне тарай отырып капитализм біртіндеп дами бастады. Осы жетістіктер, сондай-ақ революция мен соғыстың ауыр сабақтары либерализмді Жаңа заманның белгісі ретінде көрсетті. Еуропа елдерінде азаматтық теңдік принципі ендіріліп, дауыс беруге құқығы бар адамдар саны көбейе бастады. Адамдардың жеке өміріне мемлекеттің араласуын шектейтін, кәсіпкерлік іс-әрекеттің еркіндігін қамтамасыз ететін азаматтық қоғам қарқынды түрде қалыптаса бастады.
Алайда сонымен қатар қоғамда экономикалық және әлеуметтік теңсіздік сақталып күшейе түсті, сондықтан құқық теңдігін жариялау тиімсіз әрі жеткіліксіз еді. Әлеуметтік қатынастарда шиеленіс қордалана бастағандықтан ХІХ ғ. әлеуметтік наразылықтар кезеңі болды. Осы кезеңде бұқаралық қозғалыстар пайда болып, саяси өмір сахнасына жұмысшы табы шыға бастады. Франциядағы Лион көтерілісі (1831,1834 жж.), Англиядағы чартизм (1830-1850), 1848-1852жж, Орталық Еуропаның көптеген елдеріндегі революциялық толқулар, Париж коммунасы (1871ж) осы процестің жарқын мысалдары.
Халық бұқарасының осы және басқа да толқулары наразылық әлеуетінің жиналып қалғандығын көрсетті. Әртүрлі формадағы әлеуметтік наразылықтың өсуі негізінде қарқынды идеялық ізденістер жүрді. Либерализм саяси ағым ретінде айтарлықтай берік позицияларды жаулап ала отырып, еуропалық саяси элитаның қолындағы туына айналды. Сонымен қатар, әлеуметтік наразылықтың өршуі революциялық радикализмнің себепшісі болды.
Марксизмның пайда болуы жұмысшылардың бұқаралық қозғалысына сүйенетін революциялық радикализмнің ұшар шыңы болып табылды. Марксизмнің ұраны К.Маркс пен Ф.Энгельстің бірігіп жазған «Коммунистік партияның манифесті» (1848) атты шығармада баяндалған. Марксизмнің идеология ретінде танылуына 1848-1852жж. Еуропадағы революциялық оқиғалар, Париж коммунасы (1871), жұмысшы табының әлеуметтік наразылықтарының өсуі кең мүмкіндік туғызды. Таптық ынтымақтастықтың негізінде жұмысшы табының халықаралық ұйымы – І Интернационал (1864-1876жж ) дүниеге келді. Сонымен қатар пісіп-жетілген жұмысшы қозғалысына радикалдық әрекеттерден бас тартуға, дамудың эволюциялық жолын таңдауға үндейтін либерализм идеологиялары да енді. Көрнекті идеологтары Э.Бернштейн мен К.Каутский болған социал-демократиялық жұмысшы қозғалысының осы жолды жақтайтын қанаты қалыптасты. Олардың бастамасымен 1889ж. құрылған ІІ Интернационал капитализмнің біртіндеп даму мүмкіндігін және социалистік идеалға экономикалық (табыстың әділетті бөлінуі, әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуы, әлеуметтік функциялардың мемлекетке берілуі, меншіктің дисперсиясы және т.б.) және саяси (қоғамды демократияландыру, мемлекеттік биліктің қалыптасуы мен қызмет етуіне халықтың ықпалын күшейту және т.б.) реформалар арқылы жетудің мүмкіншіліктері туралы социал-демократиялық концепцияларды жетекшілікке алды.
Социал-демократиялық саяси ағымның дамуы капитализмнің монополистік саяси сатыға өтуіне мүмкіндік берді. Лениннің пікірі бойынша, аталмыш саты мен социализмның арасында ешқандай өтпелі саты жоқ, өйткені монополистік капитализм социализмнің толықтай материалдық дайындығы болып табылады. Бұл кезең болу үшін не саяси революция, саяси партияның билікті өз қолына алуы және оның диктатурасының орнауы керек, не құрылымдық экономикалық және саяси реформалардың қабылдануы және қол жеткен материалдық жағдайларды пайдалану, сонымен қатар оларды тиісті әлеуметтік (табыстың әділетті бөлінуі, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуы) және саяси (биліктің халықтан алшақтауына жол бермеу мемлекеттік биліктің демократиялық құрылымдарының дамуы және қоғамның өзін-өзі басқаруы) мазмұнмен толықтыру жеткілікті.
Жұмысшы қозғалысы басқа қозғалыс формаларының (аграрлық, ұлттық, анархиялық, либералдық және т.б.) әлеуметтік аясында пайда болып дамыды.
Әр бағыттағы әлеуметтік қозғалыстардың осы жиынтығы ХХ ғ.саяси проблематикасын айқындады. Екі дүниежүзілік соғыс, үздіксіз революциялық соғыстар мен күйзелістер, геноцид, зорлық-зомбылық, әлеуметтік мәселелердің ғаламдануы осы кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері болды.
ХХ ғ. КОКП-ның саяси тәжірибесі ерекше әлеуметтік мән мен ықпалға ие болды. Марксизм-ленинизмнің мейлінше радикалды қанаты революциялық саяси партия құрып, саяси төңкеріс жасау арқылы Ресейде билікті басып алып, бірпартиялық саяси жүйе орнатқаны қатаң идеологиялық қысым мен күш қолдану арқылы әлеуметтік секіріс жасағысы, яғни коммунизмнің қоғамдық идеалдарын жүзеге асыруға талпынғаны баршамызға мәлім. Бірақ объективті салыстырмалы сараптау көрсеткендей, бұл авантюристік тәжірибе қоғамның негізгі өлшемдерінің тоқырауына әкеліп соқтырды (еңбекке қызығушылықтың төмендеуі, халықтың билік пен әлеуметтік жүйеден шеттетілуі, өндірісті технологиялық жетілдіруге ынтаның болмауы, милитаризация және т.б.).
Сонымен, өркениет тарихындағы тәжірибеден өткен құндылықтарға, яғни нарықтық экономикаға, демократияға, либерализмге, консенсустың мәдениетіне, негізгі гуманитарлық құндылықтардың сақталынуы мен дамуына қайта оралу «социалистік лагерь» деп аталатын елдердің бүгінгі өмірінде өзекті мәселелер болып отыр.
4. БИЛІК
4.1. Билік ұғымы.
Саясаттануда билік туралы, биліктің пайда болуымен байланысты қоғамдық қатынастар туралы, биліктің негізі, шығу көзі, қызмет етуі мен заңдылығы орталық мәселелер болып табылады. Негізгі мәні ғылым ретіндегі саясаттану болып табылатын саяси мәдениетті биліктің қалыптасуы және қызмет етуінің мәдениеті деп есептеуге болады.
Билік туралы мәселені қарастырғанда, ең бастысы оның негізінде жатқан қатынастардың әмбебаптық сипатын ескере кеткеніміз жөн. Әлемде үстемдік құрып тұрған жалпыға бірдей өзара тәуелділік элементтері - тәуелділік, үстемдік және бағынушылық осы қатынастардың өзегі болып табылады. Өзара тәуелділік табиғатта әмбебаптық сипатқа ие және онда белгілі бір иерархияны қалыптастырады. Бұл жағдайда біз күн жүйесіндегі планеталардың оның орталық элементі – Күнге тәуелділігіне назар аудара отырып, мәселен Жер планетасына және ондағы өмірге Күннің билігі туралы айта аламыз.
Өзара тәуелділік тірі жәндіктер ассоциациясының ішінде басқа мазмұнға ие болады. Болмыстың фундаменталдық сипаттамасы бола отырып және особьтардың тіршілік етуі үшін қажетті сипат ала отырып өзара тәуелділік ассоциациялардың ішінде иерархиялық байланыс жасай олардың гендік құрылымы мен инстинктінде тұғырланады. Бұған аралардың ұясы, құмырсқалардың, термиттердің колониясы және басқалар көрнекті мысал бола алады. Мұнда иерархия особьтардың табиғи негізінде, олардың гендерінде болады. Особьтардың күресі, олардың жеке қасиеттері шешуші рөл атқаратын жоғары ұйымдасқан хайуандардың үйіріндегі иерархияның қалыптасуы барынша ашық және мейлінше аз консервативтік сипатқа ие.
Адамдар қауымдастығына келер болсақ, үйір, жанұя адамдардың ең алғашқы ассоциативті топтары болып табылады, олардың ішінде әрекет бірлігін дағдыландыратын және осы қауымдастықтың тұтастығын сақтайтын ұйымдастырушы элемент ретіндегі биліктің қалыптасуы мен қызмет етуінің бастауы жатыр.
Приматтар үйірінде, адамзаттың арғы тектерінің ассоциативті тобында биліктің қалыптасуы және қызмет етуі қарапайым психофизиологиялық негіздегі особьтардың шынайы мінез-құлықтарынан келіп шықты, себебі әлеуметтік тұрғыдан алғанда адамзаттың арғы тегінің қауымдастығы гомогенді (гр.сөзі – біртекті) болды, бірақ қауымдастықтың дамуымен гомогендік сипатты социумның гетерогенділігі (гр.сөзі – біртекті емес, әртүрлі бөліктерден құралатын) алмастыра бастады.
Еңбек бөлінісі, айырбастың дамуы адамдар қауымдастығының әлеуметтік жіктелуіне алып келді, яғни қажеттіліктерді қанағаттандыруда, тұрмыс салтында әр алуандылық, мүліктік теңсіздік қалыптасты, әртүрлі кәсіптер, сословиелер, таптар пайда болды. Адамдар ассоциациясы этномәдени, әлеуметтік, жыныстық, жас ерекшеліктік, кәсіби және басқа да негіздерге ие бола бастады.
Осындай жағдайларда биліктің қалыптасуы мен қызмет етуі, үстемдік ету мен бағынудың әлеуметтік иерархиясының жүзеге асуы, адамдар мүдделерінің түйісу процесінің іске асуы тым күрделене түседі де арнайы білім мен дағдыларды талап ететін ерекше әлеуметтік функция - элитарлық әрекетке айналады. Бұдан келіп қоғамның саяси мәдениеті пайда болып, дамиды, оны игеру мен қолдану, әлеуметтік құбылыс ретінде биліктің пайда болуы мен қызмет етуі орын алады.
Жалпы алғанда биліктің қажеттілігі мен үстемдік ету-бағыну қатынастарының табиғилығы айқын болғанымен, нақты жағдайда субъект-субъектілік қатынастар жүйесінде – үстемдік ету мен бағынудың қалыптасуы, қызмет етуі мен дамуы шынайы түрде қандай деген сауал кадр сыртында қала береді. Билік құрудың осы мәдениетінің ерекшеліктерін ашу саясаттанудың ғылым ретіндегі өзгешелігін, оның пәндік мазмұнын көрсетеді. Сондықтан саясаттануды билік туралы ғылым деп қысқаша атауымызға болады.
Сонымен, билік дегеніміз не?
Бұл ұғымға қатынастағы қызығушылық ерте замандардан басталған. Биліктің өз құпиясы бар. Адамзат өз дамуының өне бойында өзінің ойшыл өкілдерімен оның мәнін ашуға талпынды. Неге адамдар басқа адамдарға бағынады? Т.Джефферсон айтқандай, бір адамдар – арқасында ерімен, ал басқалары – аяқ киімдеріндегі өкше темірлерімен туылмайды. Бірақ осылай болса да, біреулер билік құрады, ал басқалары осы билікті мойындайды және оған мүлтіксіз бағынады.
Билік құрылымын зерттеушілер бұл ұғымды анықтауда әртүрлі тәсілдерді қолданып, түрлі көзқарастарды ұстанады.
Билік – билік құру объектісін басқарудағы ерекше іс-әрекеттерді жүзеге асыратын субъект. Себебі биліктің әсері қоғамның барлық құрылымдық элементтерінде бойлай отырып, соларда жүзеге асатындықтан, билік қоғамдық өмірдегі өз көрінісінің көптүрлілігімен сипатталынады. Бұл:
- еріктің, бастаманың жігердің, көрінуі, субъект-субъектілік қатынастардың белсенді элементі;
- мақсатты жасақтау, бағыныштылардың тіршілік әрекеттерінің мәнді аспектілерін бағдарламалау;
- шешімдер қабылдау, оларды жүзеге асыру тетіктерін анықтау;
- жеке мүдделерді түйістіру мен ескеру;
- жалпы мүдделердің жеке мүдделерден басымдығын мойындау және осы басымдықтарды қамтамасыз ету үшін биліктік ықпал ету нормалары мен құралдарын қолдану;
- биліктік ықпал етудің әлеуметтік мәнін мойындаумен байланысты билік субъектісінің ерекше психикалық жағдайы және т.б.
Осы аталған бағалау пікірінің барлығы билік мәніне тереңдей енуге талаптану болып табылады. Әлеуметтік өмірде билік өзін көпаспектілі және көпөлшемді құбылыс ретінде көрсетеді.
Билік құрушы субъект өз акцияларында, әрекеттерінде өз «мендігінің» шегінен шығып кетеді. Оған объектіге ықпал етуге ұмтылу, онда өзінің субъектілігін, яғни өзінің әлеуметтік ықпалы мен мәнін жүзеге асыру тән.
Бұқаралық санада қалыптасқан жалпы түсінік бойынша билік тәртіп үшін керек, ол – қоғамдағы тәртіпті сақтаудың қаруы, құралы. Бұл формуланың көзге көрініп тұрған қарабайырлығына қарамастан мұнда билік қажеттілігін мойындау мен билік құрудың мақсаты көрсетілген.
Алайда, мұнда осы тәртіпті қалай, қандай тәсілдермен, құралдармен, акциялармен, әрекеттермен іске асыруға болады, ол адамдарға не береді, оның әлеуметтік ықпалы мен мәні, сондай-ақ билік құрудың саяси мәдениетінің әлеуметтік өмірдің әртүрлі аспектілеріне және тұлғаның өзіне әсері қандай деген сияқты мәселелер ашылмай қалады.
Саяси білімдер жүйесінде билік ұғымын анықтаудың төмендегідей әртүрлі тәсілдері бар:
1. Телеологиялық ( гр.сөзі teleos – мақсат + logos - түсінік,ілім). Телеологиялық тәсіл кез-келген құбылыс, процесс өзінің негізі, қозғалтқыш күші ретінде алдын-ала белгіленген мақсатты ұстанатынын мойындауды білдіреді. Сондықтан адамдар қауымдастығына бірқалыпты, реттелген даму мен тұтастықты сақтау мақсат болып табылатындықтан, биліктің қалыптасуы мен қызмет атқаруы осыдан келіп шығады-мыс. Мұндай тәсіл биліктің қажеттілігінің қандай да бір анық аспектісін дәйектегенімен, оның қалыптасуы мен қызмет етуінің жолдары туралы нақты сұраққа жауап бере алмайды.
Маңызды элементі билік болып табылатын барлық әлеуметтік процесті тек нәтижеге, мақсатқа телу оның мағынасын және ондағы билік рөлінің мәнін түсінуді тым жұтаңдатып жібереді. Адамгершілікке жат мағынаға ие «Мақсатқа жетуде кез-келген әрекетті қолдануға болады» деген белгілі формула өзінің әдістемелік негізі ретінде билікті түсінудің осындай тәсілін ұстанады.
2. Инструменталдық. Ол билікті түпкілікті әлеуметтік проблемаларды шешетін құрал, аспап ретінде қарастырады. Бұл тәсіл билік құралдарын қолдану қажеттілігін аша отырып, олардың әлеуметтік процестегі мәнін анықтайды. Ол биліктік ықпалдың шынайы актілерін, биліктің ұйымдастыру құрылымдарының сәйкестігін, олардың өкілеттіктерін, түпкілікті әлеуметтік проблемаларды шешу үшін олар қолданатын әдістер мен құралдарды бағалауға, сараптауға мүмкіндік береді. Бірақ инструменталдық тәсілдің негізінде билік әрекетінің тиімділігін анықтау әдістемесін жасау мүмкін болғанымен, оның биліктік іс-әрекеттің гуманистік аспектілерін толықтай бейнелей алмайтындығын ескеру қажет.
Биліктің аса тиімді әлеуметтік құрал екені сөзсіз. Ол үстемдік етуші әлеуметтік күштердің мүдделерін іске асыруға пайдаланатын сословиелік, таптық, этникалық және басқа да құрал болуы мүмкін. Сондықтан биліктің инструменталдылығы оның әлеуметтік маңызын бар мазмұнымен аша алмайды деп айтуға болады.
3. Функционалдық. Әлеуметтік құбылыстарды, оның ішінде билікті де зерттеудің де бірден-бір іргелі тәсілі, өйткені, тек функцияларда ғана мейлінше толық формада биліктің мәні, әлеуметтік ықпалы мен маңыздылығы, оның іс-әрекетінің өзгешелігі көрініс табады.
Билік құру адамдар қауымдастығының тұрақтылығын, олардың мүдделерінің түйісуі мен дамуының мақсаттылығын қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік функция болып табылатындығы сөзсіз. Функционалдық тәсіл билік пен саясаттың ажырамас бірлігінен туындайды. Билік функциялары, ең алдымен саяси тұрғыда болады. Яғни билік формасының қажеттілігін, билік субъектісінің билік құруға құқығын, билікті жүзеге асыруда белгілі бір ұйымдасқан құрылымдарды, күштерді, құралдарды және әдістерді пайдалану заңдылығы мен қажеттілігін негіздейтін саяси идеология жасақталынады.
4. Құрылымдық-функционалдық тәсіл. Бұл тәсіл адамдар қауымдастығының билеуші және бағынышты болып екі құрылымдық элементке бөлінуімен және олардың бір-біріне функционалдық тәуелділігін анықтаумен байланысты. Осы тәсіл билік пен оған бағынушылардың өзара қарым-қатынасын субъект-субъектілік қатынастар ретінде қарастыру арқылы оларға қойылатын әлеуметтік талаптар жүйесін анықтауға мүмкіндік береді.
Функционалдық және құрылымдық-функционалдық тәсілдер билік пен саясаттың жалпы теориясын жасақтау үшін, билік пен саясаттың адамдар қауымдастығындағы орны мен мәнін анықтау үшін құнды. Бірақ билікті қолдану іс-әрекетін, билік құрудың әлеуметтік-саяси тәжірибесін, оның ситуативтік және субъективтік аспектілерін анықтау мен бағалаудың нақты процесін сараптау үшін бұл тәсілдер жеткіліксіз.
5. Билікті еріктің, жігердің көрінуі ретінде түсіну. Бұл тәсілде биліктік ықпал етудің мақсаттылығы мен қарқындылығына ерекше назар аударылады, әлеуметтік дамудың нақты процесі билік құрушының субъективтік еркінің, жігерінің іске асуының нәтижесі ретінде қарастырылады, және субъект-субъектілік қатынастардың объективтік негіздері еленбеуі де мүмкін. Методологиялық тұрғыдан алғанда бұл тәсіл волюнтаризмге, субъективизмге, авантюризмге ұрындырады. Билік қаншалықты күшті әрі агрессивті болғанымен, дүниеде барлығы дерлік билікке бағына бермеуі мүмкін.
Аталған тәсілдердің барлығы билік, билік құру ұғымдарымен белгіленетін қоғамдық қатынастардың шынайы мазмұнын жете түсінуге, биліктің көпөлшемділігін, оның мәндік аспектілерін жете түсінудің қиындығын ашуға, билік мәнінің сарапшылар анықтаған тәсілге, позицияға және мүддеге тәуелділігін түсіндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен, билікті адамдар қауымдастығына тұтастықты сақтау үшін оның құрылымдық элементтеріне мақсатты әсерін тигізетін белсенді, жігерлі бастама ретінде, осы қауымдастықтың ішкі және сыртқы өзекті проблемаларын шешуге бағытталған ұйымдастырушы әрекет ретінде де сипаттауға болады. Осы жағдайда өз ықпалының тиімділігін көтеру үшін билік адамзаттың жинақтаған саяси мәдениетін, оның қандай да бір аспектілерін өз жағдайына, өзінің проблемалары мен міндеттеріне сәйкес өзектендіре отыра қолдануы қажет. Сондықтан да билік шынайы өмірде көпнұсқалы болып келеді.