
- •2012-2013 ҚазБсқа Философия Жамалов к..
- •Болмыс (онтология) проблемасы Болмыс категориясы
- •2. Философия тарихындағы болмыс мәселесі
- •3. Болмыстың түрлері
- •4. Монизм, дуализм және плюрализм тұжырымдамаларындағы субстанция мәселесі
- •5. Материя категориясы
- •6. Материя атрибуттары: қозғалыс, кеңістік, уақыт
4. Монизм, дуализм және плюрализм тұжырымдамаларындағы субстанция мәселесі
Болмыс, оны құрайтын заттар мен құбылыстар сан түрлі болғанымен, осының бәрін біріктіретін бір бастау болуы мүмкін деген мәселе философтарды ерте заманнан-ақ ойландырды және бұл мәселе бойынша пайымдаушыларды плюрализм, дуализм, монизм ілімдерінің өкілдері ретінде бөлуге болады.
Субстанция (латынша substantia – мән, маңыз деген сөз) идеясы – адамзаттың философиялық ойының ұлы жетістіктерінің бірі. Субстанция ұғымы философиядағы негізгі түсініктер қатарына жатады, оның көмегімен философтар болмыстың өзіндік шарттылығын негіздеуге тырысады. Субстанция – абсолюттік бастауды, түп-негізді бейнелеу үшін болмыстың өзгермейтін, жойылмайтын негізі ретінде қолданылатын ұғымы болып табылады. Онымен субстрат (латынша – негіз деген сөз) ұғымы байланысты, ол болмыстың неден тұратынын анықтайды.
Субстанцияның өз-өзіне жеткілікті идеясын барынша категориялық формада Б. Спиноза ұсынды: субстанция – «саusа suі», яғни «өз-өзіне» себеп болып табылады. Бұл бастау өзін негіздеу үшін өзге ешнәрсені талап етпейді. Субстанция өз-өзіне жеткілікті. «Мен субстанцияны, – деп жазады Б. Спиноза, – өзімен-өзі өмір сүретін және өзі арқылы өзі өмір сүретін, яғни басқа нәрседен түзілетіндей өзге затпен салыстыруға келмейтін нәрсе деп түсінемін». Осылайша, субстанцияның объективті нақтылық ретінде мойындауы арқасында оның барлық алуан түрлі және шексіз түр алмасуларына қарамастан, оны ішкі тұтастық қырынан қарастыруға, әлемде жүзеге асып жатқан құбылыстар мен үдерістердің себептік шарттылығын негіздеуіне мүмкіндік туды. Сонымен әлемді субстанция ретінде, ал оның әлемдегі барлық онтологиялық түр алмасуларын өз-өзіне жеткілікті субстанция қозғалысының жаңа түзілімдері ретінде ұғынуға ұмтылу – адамзат мәдениетінің қажетті жетістігі (Батыс және Шығыс мәдениеті үшін де).
Субстанция мәселесін монистік, дуалистік және плюралистік тұрғыдан шешудің ерекшеліктері.
Монизм (грекше monos - біреу, жалғыз деген сөз) - бүкіл дүниедегі нәрселердің бір ғана бастамасын мойындайтын философиялық ілім. Материалистер дүниенің бастамасы, негізі ретінде материяны немесе табиғатты алады. Идеалистер барлық құбылыстардың бірден-бір бастамасын рух, идея және сол сияқтыларды санайды. Яғни монизм идеалистік және материалистік монизм болып бөлінеді. Идеалистік монизмнің ең дәйекті бағыты Г. Гегельдің философиясы болып табылады. Мысалы, Платон барлық нәрселердің негізі ретінде идеяны, ал Гегель абсолюттік идеяны жариялады. Ортағасырлық христиан және мұсылман ойшылдарының да басым көпшілігі осы монистік көзқарасты ұстанды, бірақ дүниенің негізі Құдай деп пайымдады. Материалистік монизм өкілдеріне антикалық Милет мектебінің ойшылдарын, Қайта Өрлеу ғалым-философтары Н. Кузанский мен Дж. Бруноны, марксизм философиясын жатқызуға болады.
Дуализм (латынша dualis - екі жақты деген сөз) - дүниенің екі, яғни материалдық және идеалдық (рухани) субстанцияларды өзара тең құқылы бастаулар деп есептейтін, монизмге қарама-қарсы философиялық ілім. Әсіресе Р. Декарт пен И. Кант философиясына тән. Дуализм психофизиологиялық параллелизм теориясының негізі болып табылады.
Плюрализм (латынша pluralis - көпше, көптік деген сөз) - дүниенің көп бастамасы бар екенін, бұл бастамалардың бір-бірінен тәуелсіз екендігін мойындайды.
Ғылымның дамуы дүниенің бір, материалдық негізі бар екендігін дәлелдеді деуге болады.