
Тұрсынбек Кешубайұлы
Семсердегі серт
(Тарихи аңызға құрылған трагедия)
Қатысушылар:
Хан көмекшісі
(қазақ ханы Абылайдың көмекшілерінің бірі)
Ереке
(Хан ордасының ақылшысы)
Барақ
(қарт батыр)
Жәнібек
(Ортажүз қосындарының бірінің қолбасшысы)
Қалмақ қыз
(Жоңғар батыры Садырбайынның қалындығы)
Наршолақ
(Хан ордасы шабарманы)
Аққайрақ
(Хан ордасы шабарманы)
Және Сарбаздар уәкіліне 10-15 адам...
Бірінші бөлім
(Бірінші көрініс)
Жоңғарларға қайтарма соққы беріп, қазақ даласынан оларды ығыстырып шығарған жаугершілік кез, яғни, 18 ғасырдың ортасы.Селдір орманды тау бөктеріндегі өзен жағасы. Аспан шайдай ашық.
Сахна шымылдығы ашылғанда өзен жағасындағы бәйтерек көлеңкесінде ерін басына жастанып шалқадан түсіп жатқан жігіт көрінеді. Бұл демалып жатқан Жанібек батыр еді. Осы реткі жорықта қалмақ батыры Садырбайынмен жекпе-жек айқасқа түсіп, қарсыласының басын алып, атын олжалап келе жатқан беті болатын.
Аздан соң сахнаның бір бұрышынан сарбаздарша киінген, нәзік денелі бір адам баспалап шығады. Бет-аузын тұмшалап алған. Ер немесе әйел екенін айырып білу мүмкін емес. Қолында семсері, мойнына асынған садағы, оқ қорабы бар.
Ағаштардың қалқасына далдаланып батырға қарай баспалап жақындай береді. Екі көзі шалқадан жатқан Жанібекте. Әлсін-әлсін тоқтап жан-жағына көз жүгіртеді. Қылышын ауаға сермеп, біреуді жатқан орынан табжылтпай жайратып, басын шауып түсірген бейнені келтіреді...(Бұнысы ана жатқан дәу батырды қазір дәл осылай жатқан орнында табжылтпай құрта салсам деген іштей қиялы болса керек...).
Батырдың жанына жақындап, қылыш сермеуге аз қалғанда, шалқадан жатқан батыр ары қарай бір аунап түседі. Оянып кеткен екен деп қалса керек, әлгі баспалап келе жатқан адам артына қарай шегіне қашып, қасында тұрған ағаштың басына тырмысып шығып, орнығып ала қояды.
Батырға аз-кем қарап отырған соң, семсерін қынабына салып, садағын алып Жанібекке оқтай бастайды. Осы кезде батырдың аяғына арқандаулы тұрған ат осқырынып, шылбырды тартып қалады да, батыр оянып кетеді. Басын ерден жұлып алып, жан-жағына қарап, тың тыңдап біраз отырған соң, аяғына байлаулы аттардың шылбырын шешіп, маңдайына қолын төсеп күн сала аспанға сығалай қарап алып, орнынан тұрады. Аттарды апарып ағашқа байлап қойып, беті-қолын жууға суға беттейді. Ағаш басындағы адам бойын тасалап бұға қалады.
Батыр өзен жағасына жүрелеп отырып, алақанымен қос уыстап су алып бетін жуа бастайды. Осы кезде ағаш басындағы адам батырды атпақ болып садағын оқтай бергенде әлгі адамның аяғы тайып, өзі отырған ағаштың өкшесін тіреп отырған жіңішке бұтағы сынып кетеді. Батыр сыбдырдан секем алып, артына жалт қарап, ағаш басындағы өзіне жебе тартуға оқталып отырған адамды көреді. Бірақ, батыр абыржымайды, қорықпайды. Аспай-саспай әлгі адамға таңдана қараған бойда орнынан тұрады. Бір сәт одан көз айырмай қарап қалады. Ағаш басындағы адам қолы дірілдеп сасқалақтай бастайды. Батыр жауын көзге ілмеген кекесінді бейнемен миығынан күліп:
Жәнібек: Атсаңшы, сардарым, не қарап отырсың? (ағаш басындағы адамда үн жоқ). Сәл үнсіздіктен соң батыр тағы:
– Ат деймін. Тездетіп атпасаң үлгермей қаларсың... Мен сенің желіге байлап қойған бұзауың емеспін ғой...тұра беретін...
Ағаш басындағы адам тағы үндемейді не қыбырламайды. Сілейіп қатып қалған.
Батыр жедел қимылдап, көз іестірмес шапшаңдықпен сүйеулі тұрған садағығын ала салып:
– Ендеше, сен мені атпасаң мен сені атайын... (жебені ағаш басындағы адамға кезеп адырнасын тарта бастайды. Ол қолы дірілдеп сәл артқа шегінеді... батыр садағының адырнасын шегіне дейін тартып алып қайта босатады да, адырнасын тез тартып ағаш басындағы адамың денесіне дарытпай атып кеп қалады. Оқ оның бір жақ өңірін тесіп өтеді. Тосын шабуылдан есі шығып кеткен ол бетіндегі бүркенішін жұлып алып:
Қалмақ қыз: Батыр, ата көрмеңіз айтайын деген датым бар, - дейді. Жәни ағаш басында отырған адамның қыз бала екенін тани қойып бірден өзгеріп, садағын түсіріп, оған жұмсақ үнмен тіл қатады.
Жәнібек: Армысың ару қыз. Ағаш басына қонақтаған бұлбұлсың ба? (күлімсіреп) Жоқ әлде, аспаннан түскен перімісің?
Қалмақ қыз: (батырдың жұмсара қалған қабағына қарап еркінси қалса керек. Өжеттене) Пері болсам болармын...әйтеуір жай жүрген адам емеспін...
Жәнібек: Айдалада ағаш басында не қарап отырған перісің? Жәбірейіл жан алады дегенді естігенім бар... алайда, пері жан алады дегенді өмірі естімеген екенмін. Әсіресе, перінің қалмақ сардарының киімін киіп, садақ асынып жүргені мені қатты таңдандырып тұр. Сонда аспандағы перілердің де қалмаққа сатылып, солардың сойылын соғып кеткені ме...
Қалмақ қыз: Шынымды айтсам, мен бұлбұл да, періште де емеспін. Адаммын.
(Сұраулы көзімен қызға қарап сәл үнсіз тұрған соң):
Жәнібек: Адам екеніңді садақ тарта алмай қорқыныштан қолыңның қалтырауынан-ақ сезіп тұрғам. Мұнда не мақсатпен жүрген адам екеніңді айтшы...
Қалмақ қыз: (Қырыстана сөйлеп) Мен мұнда тек өлімді күтіп отырған адаммын.
Жәнібек: (Сыпайы қалжыңдап) Өлімнің осында келетін келмейтінін қайдан білесің? Әлде, саған, - «Осы ағаштың басында күтсін сөзсіз келемін”, - деп өлім өзі хабар айтып па?
Қалмақ қыз: (Шамданып, шамырқана) Ел басына күн туып, халықты қан жауып жатқанда бұл қай қылжағыңыз... өлім хабар айтпаса да өлімді осында күткім келді...
Жәнібек: Өлімді өзіңе күтіп отырмысың, әлде, өзгеге ме?..
Қыз жауап қатпайды.Үнсіз жерге қарайды...
(Жәнібек жанашыр кескінмен) Ай десе аузы, күн десе көзі бар қас сұлудың өзі екенсің. Жастық шағыңның жайнаған гүлі ашылар-ашылмастан аузыңа өмірді алмай, өлімді алғаның қалай?
Қалмақ қыз: (Қыз ауыр күрсініп) Е,өлімді аузыма алмасқа не шарам қалды дейсің...(сәл кідіріп) кеше ғана ауылымызды жау шауып, батырларымызды өлтіріп, басымызға ақырзаман төндіріп кетті. Әке-шешем жау қолынан қаза тапты. Онымен қоймай, болашақ сүйенішіме балаған жанның жау қолынан қаза тапқаны өзегімді өртеп, маған өмірді емес, өлімді таңдатып отыр.(қыз сөзін әрмен қарай жалғай алмай бетін басып булыға жыламсырайды)
Жәнібек: Шаһйт болған кісілердің топырағы торқа болсын... өз-өзіңе берік бол. Өлгеннің артынан өлмек жоқ... жұмбақтамай анығын айтшы, жауың кім? Кім кімді өлтірді?
Осы арада шегіністі баяндаудың көрінісі ойналады.
Екі топқа бөлінген жасақтар. «Жекпе-жек!», «жекпе жек!»...- деп шуласады.
«Жекпе-жекке» екі жақтан екі батыр түседі. Қазақтар қосынынан Жәнібек, қалмақтар жағынан Садырбайын шығады.
Сахна ортасында екі батырдың қиян кесті шайқасы болып жатады.
Қазақтар жағы «Абылай!», «Абылай!!!» , - деп ұрандата жөнелген тұста Жәнібек Садырбайынды алып соғып, басын кесіп алады. Қалмақтар жеңіліс белгісін беріп қайтып кетеді де, қазақтар Жәнібекті мақтан тұтып, жеңісті құтықтасып жатады.
Алғашқы көрініске қайта оралады. (Қыз ағаш басында батыр жерде)
Қалмақ қыз: Мен сол Садырбайынның айтырып қойған қалыңдығы едім. Сені жатқан орныңда жайратып сол батырдың кегін алғым келді...
Жәнібек: Садырбайынды қол-аяғын байлап қойып, қазақтар ұрып өлтірген жоқ. Ол сахараның соғыс заңдылығы бойынша өз еркімен жекпе-жекке түсіп, нақ майданда қаза тапты... Мен сені қорыққанына өзін қорғап қалу үшін маған садақ кезеп отыр екен десем, кек қайтару үшін жүрмін де...
Қалмақ қыз: Мен дүниеде оған тең келетін батыр жоқ деп ойлаушы едім... тіпті өлгеніне сенгім де келмейді.(қыз жылайды)
Жәнібек арлы-берлі жүріп ойланып сөз бастайды...
Жәнібек: Көшпенділердің жазылмаған заңын киіз туырлықтылардың ұрпағының кез-келгені біледі. Ал, сен сахарада ержеткен көшпенділердің ұрпағы бола тұра бұл заңнан қалайша хабарсызсың? Жекпе-жекте өлген ерге құн төленбейді, ондай ерде арман да жоқ. Налыма. Садырбайын өзінің нағыз елі үшін туған ер екендігін қан майданда дәлелдеп берді. Шайқасқа шыққан батырда екі-ақ жол тұрады. Бірі қарсыласынан жеңілу – өлім, енді бірі жеңу – тірі қалу. Бұл жолы тағдырдың талдауы Садырбайынға келген екен. Жазмыш деген сол.
Қалмақ қыз: Мен бәрібір өлген жанмын...
Жәнібек: Неге олай дейсің? Өмірден түңілуге бола ма; бақытың әлі алда... (жағымды кескінмен тамсана қарап) Садырбайындай ердің саған көзі түссе түскендей екен. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Батырға жар болуға лайық болып туылғаның рас болса, бір батыр өлді екен деп бірге өлсең әлсіздігің болар... киіз турырлықты көшпенділер батырдан кенде болмаған...
Қалмақ қыз: Енді жал-құйрығынан тоналған жалғыз басыммен қай бақытқа кенелер дейсің мені! Маған ең оңай жол, осы ағаштың басынан өзімді анау асау толқынның құшағына лақтыру. Оныма қазақтар қуанбаса, жыламас.
Жәнібек: Маған кездеспей тұрып өліп кетсең тағдырдың ісі дер едім. Көзбен көріп тұрып сенің өлуіңе жол беру мен үшін өліммен бірдей... Көшпенділер жетімін жылатып, жесірін қаңғытпаған халық. Сахарадан саған лайық бір ер азамат табылар...
Қалмақ қыз: Сонда не демексің?
Жәнібек: Ашуыңды бір жолға маған беріп, жерге түс демекпін... «айтатын дәтім бар»,- деп едің ғой...тыңдайын...
Қалмақ қыз: Айтайын деген датымды айтып болған сияқтымын...
Жәнібек: Жорықта қолға түскен қыз екеніңді ұмытпа... мен қазір не десем сен соған көнуге мәжбүрсің!
Қалмақ қыз: (қыз кекесінді күлкімен мырс етіп)Дәл осы сөзді тым асығыс айтасың батырым, мен әлі сенің қолыңа түскен жоқпын... сенің еркіңе қойсам жауыма тоқал бол дерсің... (тістене) жау болғанда да әке-шешемді, жарым болғалы тұрған Садырбайынды өлтірген қазаққа күйеуге шығу қолымнан келе қоймас. Тіпті ойлауға да дәтім бармайды.
Жәнібек: Қазақтың қалмақпен жау болғаным рас, бірақ біз өзіміздің еліміз бен жерімізді қорғау үшін күрестік. Сенің тыныш жатқан еліңді бұлап, жеріңді басып алсақ оның жөні бір басқа. Қойына шапқан қасқырға қару жұмсағаны үшін қойшы кінәлі емес қой.
Қалмақ қыз: Қанға боялып, қансыраған қалмаққа қазақтар кінәлі емес демексің бе?
Жәнібек: Бүгін сенің елің бізден жеңіліп жер аударса, кеше біздің ата-бабаларымыз сендерден жеіңліп “елімайлап” босқан... Қазақ пен қалмақтың ертеңгі күні не болары бір жаратушының ғана қолында...
Қалмақ қыз: (қыз ашуға булығып қыстығады) Десе де, қан майданды өз көзіммен көріп тұрып қазақтарды қалай ғана кешірем...
Жәнібек: Өткенді қуып қайтеміз. Онанда қалған күндердің қайыр-берекетін тілейік. Қазақ пен қалмақ арасындағы ғасырдан ғасырға жалғасқан қан төгісті тоқтататын кез келген сияқты. «Судың түбін шым, даудың түбін қыз бекітеді» дейді. Сен үзікке жалғау, жыртыққа жамау болып, сахарада ежелден бірге жасаған қазақ пен қалмақты құда-жекжат қылып жақындастыр. Бұл жолы қалмақтың қызын барымталап, қара күшпен емес, өз ықтиярымен алып барайын...
Қалмақ қыз: Жоқ, батыр! (жан айқайы шығып, жалынышпен) Маған істеген зор жақсылығың болсын, өтінем! Бір тал оғыңды маған арнай сал!
Жәнібек: Өлім тілеу үмітсіздің ісі. Жанарың от шашып, атастырған жігітімнің кегін алам деп тұрып, осыншама өмірден күдер үзгенің қай сасқаның... Қазақ пен қалмақтың берекесі, мүмкін, сен арқылы нығаяр.
Қалмақ қыз: Мені шын аясаң тірі тозаққа сала көрме... қазақтың қолына мендей қыздың талай мыңы түскен шығар, содан орнамаған береке-бірлік дәл менімен бекемделеді дегенге сенгім келмейді.
Осы арада тағы да сахнада шегіністі баяндаудың көрінісі ойналады.
Жазық жерге жағалай тігілген қостар көрінеді. Бергі қостың алдында қайыстан өрім өріп, айыл-тұрман жамап, басына шыт тартқан бір сардар отыр. Оның аты Қанай еді. Арғы қостарда да ас-су дайындап жатқан, ер-тоқым әбзелдерін ретке келтіріп, қос маңын жиыстырып жүрген кілең еркектердің қарасы көрінеді.
Жаңағы есігінің алдында Қанай отырған бергі қара қостан бір қол, бір аяғы, басы таңулы жаралы сардар шығады. Оның аты Қасейін. Алдынғы жорықта ауыр жараланған. Жәнібектің жорықта бірге жүрген ең жақын досы.
(Қасейіннің жарақаты жанына қатты батып тұрғаны байқалады. Қостың босағасына сүйеніп зорға тұр. Есік алдына шыға сала жан-жағына айнала көз тастап алып,Қанайға)
Қасейін: Қанай, Жәнібек батырды шақырып келші?
Қанай: Құп! Батыр еке... (Қанай жүгіріп кетеді.)
Іле-шала Жәнібек жетіп келеді.
Жәнібек: Ассалаумағалейкум!
Қасейін: Уағалейкумассалам! (Екеуі құшақтасып, төс соғыстырады)
Жәнібек: Жаралы арыстаным, (алақанымен Қасейіннің иығына қағып-қағып) сырқатың тәуір ме?
Қасейін: Аллаға шүкір, жаман емес... (Қанай жүгіріп келіп есік алдына сырдақ салады)... (Қасейін сырдақты иегімен нұсқап) кел отырып сөйлесейік...Жәнібек сырдаққа отырады. (Қанай Қасейіннің қолтығынан сүйеп отырғызбақ болады.)
Қасейін: (Қанайды иығымен жасқап) Жоқ. Керек емес. Өзім отырам. Кеудемде шыбын жаным тұрғанда біреуге масыл болғым келмейді.
Үшеуі де үнсіз қалады. Қасейін қиналғанына қарамастан жайлап сырдаққа өзі отырады.
Жәнібек: Өзім де саған келейін деп жиналып жатқанымда «Шақыртып жатыр» деп Қанай кіріп келді...
Қасейін: Қашанда тілегі де, жүрегі де бір достардан емеспіз бе. Сен болсаң қайта жорыққа аттану алдында тұрсың, ал, мен қалып барам.
Жәнібек: Батыр-ау, ол не дегенің. Аз-ақ күнде жарақатыңнан айығып артымнан сенде келерсің...
Қасейін: Десе де... (сәл кідіріп, Қанайға қосы ымдайды. Қанай жүгіріп барып қостан ораулы тұрған семсерді алып келіп Қасейіннің алдына қояды) қасейін орау сыртынан семсерді сыйпай отырып: - мынау бір кезде өзің қатты қызыққан әлгі семсер. Сол сәтте саған түсіндіріп отыруға мұрсам болмаған еді. Мұны жас күнінде әкемнің әкесі аса шебер бір ұстаға арнайы соқтырып ұстаған екен, ол кісі дүниеден озған соң әкем ұстаған екен. Ал, әкем қаза болғаннан кейін анам осы семсерді сармайдай сақтап жүріп мен ержетіп, алғаш ат жалын тартып мінгенімде қолыма ұстатқан болатын. Үш атадан бері әкеден балаға мирас болып келе жатқан бұл семсерді әр жорық сайын жанымнан тастамай алып жүретінмін. Соныма жарай барған жорығымнан ылғи да жеңіспен оралатынмын. Соңғы жорықта бұл семсер қасымда болмап еді, көріп отырсың ғой, қандай халге душар болғанымды. (Семсердің орамын ашып, қынабынан суыра сөзін жалғастырып ) қолға жеңіл, қаңылтақ көрінгенімен, өте өткір өзі. (семсерді аударып-төңкеріп қарап қояды) бұл семсердің үйде тұрғаны жарамас. Ана жолы қатты қызығып:
- «Андағы семсерді қолыма алып жауға бір қойға тиген қасқырдай болып өрлі-қырлы шапсам ғой, шіркін», - деп едің. Сол арманыңа жететін кез келді. Келесі жорықта қасыңда өзім бола алмасам да, ата-бабамның көзіндей болып келген семсерім сенімен бірге болсын. Мен ертең ауылға бет аламын. Үйге қайтып күтінем... Мә, (семсерді қос қолдап Жәниге ұсынып) ... қайда жүрсең де мені есіңнен шығара көрме.
Жәнібек: (Ыңғайсыздық танытып, сәл шегіншектеп) батыр-ау, ол менің жай ғана айта салған сөзім ғой. Оған бола әкеңіздің көзіндей болған семсерді маған сыйлағаның...(сөзінің соңы айтылмай күмілжіп қалады).
Қасейін: Жарақатым тым ауыр. Сен жорықтан оралғанша өлі боламын ба, тірі боламын ба кім білсін... сен келгенше жарақатым жазылып, аман отырған күннің өзінде енді семсер, наиза көтеріп жауға шаба алмаспын. (жаралы қолын көтермек болады. Көтере алмайды) көрдің ғой міне, іш-сырты бірдей істен шығып тұр. Кеше өзің ертіп келген емші де, «Жебенің уыты ішіңізге тартып барады, қайтару қиын болып тұр», - дейді. Менің атам да, әкем де жорықта жүрып отызға жетпей жастай қаза тапқан адамдар екен. Менің қанша су ішерім қалғанын бір Алланың өзі біледі... (Семсерді тағы ұсынып) Менің қолымды қақпа ал... Бұл семсердің нағыз иесі сен деп ойлаймын.
Жәнібек қолын баяу созып семсерді алады.
Жәнібек: Арыстаным, сен ажалға жеңдіре қоятын жігіт емессің, қайратты бол! (тебіреніп) Жорықтан аман-есен олжалы оралсам, әкелген барлық олжамды қосып семсеріңді өзіңе қайтарып беремін...(семсерді екі басынан қос қолдап ұстап тұрып, кеудесіне басып, сосын аузына апарып сүйіп) сертіме осы семсерің куә... Айтқаным айтқан.!
Қасейін: Ер азаматтық сертіңді қабыл алдым. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Менің ұлым жоқ екенін өзің білесің. Сен қайтып оралғанша бақилық болып кетсем осы семсер саған аманат.Менің көзімдей көріп ұстап жүр. Сенің қолдаушы «Қызырың» болсын...
Алғашқы көрініске қайта оралады. (Қыз ағаш басында жігіт жерде).
Жәнібек: (күлімсіреп ағаш басына қарап) Аспаннан сайрамай жерге түс...
Қалмақ қыз: Мен үшін бақытым батқан...
Жәнібек: Батар күн атар таңсыз болмайды. Сенің таңың атуға дайын. Сол таңды өз қолыңмен батырма. Егер сен айтқаныма көнбесең ану тұрған атыңды алдыма салып айдап жөнеле беремін де, елі ауған иен далада жалғыз қалып адам етіне дәніккен қасқырларға бекерден-бекер жем боласың.
Қалмақ қыз: (Қыз үрейленген бейнемен) Батыр, жұмбақтамай айтар сөзіңді ашып айтшы...
Жәнібек: Тар таңың дайын дегенім бекер емес. Елімде Садырбайынды он орайтын Қасейін батыр қалды. Сені соған апарып табыстайын...
Қалмақ қыз: Өз басым батыр болмасам да, бала күнімнен ер қорғаған батырларға сүйініп ержеттім. Егер қазақтың ел қрғаған батыры мені шын ұнатып, қамқор қанатының астына алса артық өкінішім де бола қоймас. Алайда, өз басым ер мен ердің арасындағы сауға болғым келмейді...
Жәнібек: Сөзіңе қарағанда текті жердің қызы көрінесің. Осы айтқаның рас болса түс бермен.
Қалмақ қыз: Мен бір бойын үрей билеген жұдырықтай қыз бала болған соң, қайда қашар деп, садақ тартуға асықпаған боларсың?
Жәнібек: Отырған адамды ит екеш итте қаппайды емес пе. Жау екен деп еш қарсылық білдірмеген адамды атсам кім болғаным. Қыз бала екеніңді бет бүркенішіңді шашкенде ғана таныдым. (бәсең үнмен) Сені аяп кеттім.
Қалмақ қыз: Жәнібек деген атыңды сыртыңнан естігенде кеудесіне нан піскен қазақтың кеудемсоқ батырларының бірі шығар деп ойлаушы едім. Бірақ та қазір ерлігіне ісі сай, тұлғасына сөзі сай жігіттігіңді көріп тұрғандаймын. Мен де сені әу баста ұйқтап жатқан орныңда жайрата салуға оқталсам да, батырға ғана тән тұлғаңды көріп, қапы қалдырғым келмеді.
Жәнібек: Ендеше, екеуміздің арамызда бір үндестік бар сияқты. Жерге түс кеттік.
Қалмақ қыз: Жауы жүр десе өз аяғымен ілесіп кете беретін қалмақ қызы жоқ мұнда.
Жәнібек: Қайта-қайта жау-жау дей бердің ғой. Арамызда енді ғана түсіністік орнап келе жатқанда сол жағымсыз атауды қайталай бермеші. Түс жерге. Уақыт та біраз жерге барып қалды. Қараңғы түспей тұрып қосынды қуып жетіп алайық.
Қалмақ қыз: Менің жерге түспес бұрын саған қоятын екі шартым бар. Соны орындасаң түсем.
Жәнібек: Қане, айта ғой... әуелі тыңдап көрейін.
Қалмақ қыз: (Аздап ыңғайсызданып) Мен анамнан туған қалпы лайланып көрмеген періштемін. Егер жерге түсер болсам, бірінші маған қас қылмауға уәде бер. Екінші әйел заты тірі жүрсе бір еркектің етегінен ұстау керек қой, солай екен деп мені барымта ретінде досыңа сыйламайсың, мен тірі жүрсем тек сендік болып қалсам деймін. Сен Садырбайыннан да мықты батыр екенсің, сені одан артық көрмесем кем көрмеспін... Осы екі шартымды орындауға уәде бер. Оған көнбесең, менің тірідей қолға түсіп қатын құмар қазақтың базарына түскенімнен, осында-ақ өлгенім артық.
Жәнібек: Бетім жаудан қайтпаған, тілім даудан таймаған батыр атағын алып жүріп, қаршадай қалмақ қызының алдында екі сөйлесем ерлігім қайсы... Бірінші шартыңа бірден қосыламын. Ал, екіншісіне келер болсам, досым Қасейінге «Бұл реткі жорықтағы барлық олжам сенікі» деп сөз берген едім. Сол сөзімді қайтарып ала ала алмаймын. Сені әйелдікке алудан бас тартуымның себебі осы. Ал, Қасейіннен басқа ешкімге қорлатпауға уәде берем.
Қалмақ қыз: Сөзіңе сенгім келеді, бірақ, қорқамын.
Жәнібек: Қорқатын дәнеңе жоқ. Айтқанымды орындамай көрген жан емеспін.
Қалмақ қыз: Сол батырың мені ұнатпаса не істемексің?
Жәнібек: (жүзі жайраңдап) Сендей аруды жар етсе Қасейінде арман болмас. Егер ол алмаса өзім-ақ аламын...(шалқалап қарқылдай күледі. Қыз да жүзіне қуаныш белгісі пайда болып, Жәнібекпен қосылып сықылықтай күледі. Жәнібек өзмсінген бейнегмен)
Түс енді, ас-су ішіп алып, кешке қалмай жүріп кетейік, - дейді.
Екінші көрініс.
Түс мезгілі. Құмдауыт жерге тігілген қостар. Бір қоста сарбаздар дастарханға жайғасып, шай ішу үстінде. Қостың төріне Жәнібек батыр жайғасқан. Отырғандардың барлығының жүзінен күлкі еседі. Қалмақ қыз қазан жақ босағада шай құйып отыр.
Жәнібек: Сарбаздар, қалмақтар қосын жиып қайта шабуыл жасамаса, аз күннен соң елге қайтамыз. Мына түрлеріне қарағанда олардың бүгін-ертең қайрылып шағар халі жоқ сияқты. Десе де, сақтықты босаңсытып алмаңдар. «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Қарауылшылар мен шолғыншыларды жиі ауыстырып, сарбаздар кезек-кезек тынығып отырсын. Аттарың ерін алып жайылтуға да асықпаңдар... (аз-кем тыныстап алып) Елге қайту деген сөз – барып алып қаннен қаперсіз ұйықтау дегенді білдірмейді. Онда да сақтық бірінші орында болу керек.
Сарбаздардың біреуі: (Баяу, мүләйім үнмен) Елден хабар әкелуге кеткен жігіттер кешігіп жатыр ғой өзі?
Жәнібек: Бала-шағаларының қасына түнеп, аунап-қунап қайтқанша да осы болып жатқан шығар.
Сырттан бір сарбаз келеді.
Жәнібек: (Әлгі сарбазға қарап) Сенің орныңа адам барды ма?
Әлгі сарбаз: (Қалмақ қыз ұсынған шайды алып алдына қойып, дасдарханнан тамақ ала жауап қайтарып) Қарауылдың кезегін келесі қосынның жігіттері өткізіп алды.
Жәнібек: Ел іргесі тыныш па әйтеуір?
Әлгі сарбаз: Жарты күндей жүргенімізде еш бейсауат адам көзге түскен жоқ. Жаңа алыстан бір шаң көрініп еді, сәл байқастасақ, шауып келе жатқан қосар атты екі-ақ адам екен. Бөгенайы біздің елге кеткен жігіттерге келген соң жақындауын күтпедік.
Жәнібек: (Ойланып отырып барып) Олар болса неге шауып келеді... жайшылық болса екен.
Сарбаздардың біреуі: Біздің төрт көзбен күтіп отырғанымызды білген болар.
Тағы бір сарбаз: (қутыкештеніп, сөзді іліп әкетіп) Жас тоқалымды басқа біреу иемденіп алдыма екен деген қызғаныштан жарылардай болып жүрген сен сияқты бірнеше жігіттің жүрегін тезірек орнықтырмақ шығар.
Дастархан Барлығылар қыран күлкі болады. Күлкі тиылар-тиылмастан сырттан ат дүбірі естіледі. Қостағылар күлкісі сап тиылып, барлығы сыртқа көз түре қалады. Осы кезде «Ассалаумағалейкүм!» Деп екі жігіт қатар кіріп келеді де, қамшаларын екі бүктеп оң қолдарына ұстаған бойда бастарын сәл иіп, оң қолдарын қолдарын кеуделеріне қойған бойда бір тізерлеп жүрелелінен отыра кетеді.
«Уағалейкумассалам!» деп Жәнібек бастап, қалғаны қостап қостағылар жамырай сәлем алады да, орындарынан тұрады. Жаңа келген екі жігіт те орындарынан тұрып Жәнібектен бастап, сарбаздармен жағалай төс соғыстырып амандасып шығады. Аман-сәлем аяқталған соң Жәнібек дастарханға жайғасуға ишара білдіреді. Барлығы дастархан басына жайғасады.
Жәнібек: (Жаңа келген екі жігітке кезек қарап) Өңдерің солғын ғой өзі екеуіңнің. Ел-жұрт, ауыл-аймақ аман ба?
Керім (елден келген екі жігіттің бірі): Жалпы ел-жұрт аман есен жатқан көрінеді. Сіздің тапсыруыңыз бойынша ат тұмсығын бірден Қасейін батырдың үйіне тіредік.
Қалмақ қаз елең етіп әлгі жігітке қарап қалып, өзін көзінің құйрығымен бақылап отырған Жәнібектен ыңғайсызданып қалады.
Жәнібек: (өзі де ыңғайсыздана сөзді бірден жалғастырып) Иә, батырдың хал-ахуалы қалай екен?
Керім: Батырдың жарақаты асқынып кеткен көрінеді. Біршама уақыттан бері өздігінен кіріп-шыға алмай, төсек тартып жатып қалыпты. Біз барғанда хал үстінде екен. Сүйіншілей отырып сәлеміңізді толық жеткіздік. Сіздің жеңіспен қайтып келе жатқаныңызды бізден бұрын естіпті, қатты қуанғанын айтты.
Шегіністі баяндау
(Сахнаның бір жақ шетінде.)
Үйінде төсек тартып Қасейін батыр жатыр. Өңі жүдеу. Қасында батырдың маңдайына дымқыл орамал басып, бір тізерлеген әйелі Жамал отыр. Сырттан үрген иттің даусы естіледі.
Қасаейін: (әйеліне ақырын бетін бұрып, ыңыранған үнмен) Тысқа шықшы, біреу-міреу келе жатыр ғой деймін.
Жамал: (есіктен тысқа сығалай қарап) Таңертеңгі қосыннан келген екі сардар келе жатыр.
Қасейін: Е, қайтуға бет алғандары болса керек.
Жамал: Солай сияқты қосар жетелеп, қоржын бөктеріп алыпты.
Қасейін: (Қсаейін теріс қарап сәл жатады да, бетін әйліне қайта бұрып) Сен бізді оңаша қалдыра тұршы. ( Сөз аяғы бітпей жатып қонақтарда келіп қалады. Жамал есік ашып сарбаздарды үйге кіргізген бойда, шығып кетеді).
Екі сардар Қасейіннің төсегінің қасына келіп қатар отырады.
Керім (екі сардардың біреуі): Батыр, біз қосынға қайтуға бет алдық. Жәни батырға айтар, тапсырарыңыз бар ма?
Қасейін: (сөзін үзіп-үзіп зорға сөйлеп) Жәнібек екі сөйлемейтін бір тоға азамат, сонымен қатар, алған бетінен қайтпайтын нағыз ер жүректің өзі. Ақылын тыңдап, айтқанына көніңдер... Менің енді оны көре алуым екіталай. (түңіліңкі үнмен) Аманатымды ауыз екі тапсыруға мына ажал құрғыр күттірмейтін сияқты. Сендерден айтып жіберсем де, Жәнібек менің сөзімді жерге тастамайтынына толық сенемін.
Керім: Айтыңыз, айтыңыз...
Қасейін: Ол осы рет атқа қонарда ата-бабамнан мирас болып қалған семсерімді қол-екі табыстаған болатынмын. Сонда ол: - «Бұл жолы жорықтан аман-есен оралсам барлық олжаммен қосып, семсеріңді өзіңе қайтарып беремін», - деп сөз беріп кеткен еді. Жәнібек өз сөзінде тұрып ай мен күндей аруға да қылдай қиянат жасамай маған алып келе жатыпты. Ер жігітке тән пиғылына мыңда-мың рахмет. Енді мен сол семсерге қоса, ану алып келе жатқан қалмақ қызын да өзіне аманаттаймын. Оны елге жеткізгенше мен олай-бұлай болып кетермін. Жазықсыз жанды кім көрінгенге жәбірлетпей азан шақыртып, қазақша атын қойып өзі тоқалдыққа алсын...
Қосыннан келген екі сарбаз: (жарыса үн қатып) Батыр, бұныңыз қалай?..(аң-таң болып...)
Қасейін: ...(терең тыныс алып, ойлы пішінмен, баяу үнмен) Түс көрдім... ол қыз тегі жаман адам емес... Аман-есен Жәнібекке қосылса сол қалмақ қыз біздің елге құт болады... Сөзсіз тоқалдыққа алсын...
Сарбаздар: Ол қыз өзін тек сізге ғана арнап келе жатыр еді...
Қасаейін: Мен оның бәрін сезіп, біліп жатырмын. Сол үшін де ол қызды арнайы ақиреттік досыма аманаттап отырмын... (аз-кем тыныстап алып) Жәнібек сарабаздар көзінше мен сыйлаған семсерді сүйіп тұрып: - «Мен сені тоқалдыққа аламын, көзімнің тірісінде ешкімге қорлатпаймын»,- деп қызға серт берсін... Мені екі дүниеде де тыныш жатсын десе Жәнібек осы талабымды айнытпай орындасын... Ал, енді жолдарыңнан қалмаңдар...
Екі сарбаз: (қол алысып қоштасып жатып) Алаңсыз емеделе беріңіз, сіздің тездетіп сауығып кетуіңізге шынайы тіктеспіз. Сау болыңыз...
Керім (сарбаздың бірі: (есіктен шығып бара жатып артына бұрылып) Сіздің сәлеміңізді естісімен Жәкең өзі де жақын арада келіп қалар...
Қасейін: Маған бола асықпасын... ел іргесін тыныштандырып бірақ келсін...(жүре бер дегендей қол ишарасын жасайды)
Шегіністі баяндау бітеді.
Жәнібек батырдың қара қосы. Қостағы сарбаздар елден келген екі жігіттің аузына аңырып қалған... Жәнібек ойға батып екі сарбазды тыңдап отыр...
Керім: (Салмақты пішінмен) Келесі күні артымыздан хабаршы келді. Қасейін батыр біз кеткен күні кешке қарай дүние салыпты... (барлығы бетін сыйпап, үнсіз отырып қалады...)
Жәнібек: (терең күрсініп) Е, жаралы арыстаным-ай, төсек тартып, жаны қиналып жатса да құлағы жау шебі жаққа түрулі болған екен ғой...Нағыз елім деп еңіреген ердің өзі еді... топырағы торқа, жатқан жері жаннат болсын!.. (мұңайыңқы, қимастық сезіммен өз-өзіне күбірлеп) арыстаным, аманатыңды тапсырып алдым... айтқаныңды айнытпай орындауға ант берем...
(Пауза)
Жәнібек батыр досының өсиетін орындап, сарбаздар көзінше қалмақ қызға ат қойып, оны тоқал етіп алуға сөз бермек. Батырдың қосына біраз адам жиналған мезетте Жәнібек батыр рәсімді бастайды.
Жәнібек: (толқыған үнмен) Уа, сарбаздар! Қасейін батыр менің жорықтағы бірден-бір сенімді серігім еді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы, ажалына арашашы бола алмадық. Асыл ер маған тапсырар аманатын ауызша қалдырып, дүние салды. Қасейін дүниеден қайтқалы бір жеті болды. Елде де жетісі беріліп жатқан болар. Біз де қол қусырып қарап отырмай, мал сойып, қатым түсірейік. Ең әуелі мен қатын құмарлықтан емес, досыма деген адалдығым үшін Қасейіннің көзі тірісіндегі маған қалдырған өсиетін орындап, қалмақ қызды тоқал етіп алуға сөз бермекпін...
Сарбаздар: (бір ауыздан, дуылдасып) Жөн-ау...дұрыс шешім болды...
Осы кезде топ ішінде үндемей тұрған қартаңдау бір сарбаз сәл алдыға озыа шығып:
- Батыр, досыңыз Қасейіннің өсиетін орындағаныңызға еш қарсылығымыз жоқ. Алайда, (күмілжіп, жасқаншақтай) тоқал алу мәселесіне келер болсақ... тоқал алу мәселесіне келер болсақ...
Жәнібек: (батырға тән бұйрықты кескінмен) Айтпақ ойыңызды тартынбай ашық айта беріңіз!
Әлгі сарбаз: Біз орта жүздің шағын бір қосыны бола тұра, негізгі қосындағылармен ақылдаспай тұрып, соғыс тұтқынын тоқалдыққа алу рәсімін жасағаныңыз асығыстық болама деп ойлаймын.
Жәнібек: (Күлімсіреп, байыппен, ойланып барып) Дұрыс айтасыз... соғыстағы олжаны төрт қара көз түгел отырғанда бөлісу керек екенін мен де ұмытқан жоқпын.Дегенмен де, екі-үш күннен бері арылы-берлі ойланып, негізгі қосынға баруды күттірмей-ақ, осылай істегенім жөн болар деп шештім... Бір күн ерте болса да Қасейіннің аруағы разы болсын...
Сарбаздар: (дабырласып) Дұрыс болған екен... Қасейіндей азаматтың өсиеті жерде қалмасын... рәсімді бастайық...
Жәнібек: (екі жағында тұрған сарбазға иек қаға) Ендеше, қыздың өзі де келсін...
(Бірнеше сарбаз барып қызды ертіп алып келеді.)
(Жәнібек қызға қарап) Жорыққа аттанар алдындағы досыма берген уәдем бойынша сені өз білермендігіммен Қасейінге тоқалдыққа әпермек болғанмын. Алайда, жаралы арыстан сол сырқатынан айыға алмай дүние салыпты...(қалмақ қыз жерге қарайды... Аз-кем үнсіздіктен соң)... ол көз жұмар алдында саған бас-көз болуды маған аманаттап кетіпті. Мына жұрт екумізге куә болуға жиналып тұр. Әуелі сенің пікіріңді естиік, ойыңда жүрген талап-тілегіңді айт қане...
Қалмақ қыз: (қыз алдына түскен шашын өре тұрып, қыз даусына діріл араласып) Өткенді қуып қайтем, бәрі де тағдырдың ісі. Көп болып солай болуды ұйғарған болсаңыздар көнбеске шарам жоқ. Бұл заманда әркім сүйгенінің емес, сыйлаушысының құлы... мені жау қызы деп сырт теппей, бауырыңа басып, жүрек жылуыңды арнай білсең, мен неге бақытымнан бас тартайын.
Сарбаздар: (жарыса) О, баркелді...
Топ ішінде бір сарбаз: Қасейін батыр адамның өзі былай тұрсын, сөзінен сынайтын шебер еді ғой... мына қызды бекер бағаламапты...
Жәнібек: Мен сөз бермес бұрын менің дініме кіріп, Мұсылман болатыныңа алдымен сен сөз бер.
Қалмақ қыз: (разы болған, тебіреніспен) Мен бұдан былай сіздерді бөтен санамайсың. Сөздеріңізге аздап тілім сынып қалды...Қазақтың батырына тиіп, қазақтың ұрпағын дүниеге әкеліп жатсам, сіздердің діндеріңізді қабылдамай қайда барам... айтпақшы, менің тағы бір қояр талабым бар еді...
Жәнібек: Ойыңа алғаныңды жасырмай айта бер.
Қалмақ қыз: Күндердің күнінде бала көріп жатсақ оған не әкемнің, не садырбайынның атын қойсам деп едім...
Сарбаздар: (шуласып кетеді) Олай істеуге бола қоймас!... мынасы тым артық талап екен!.. батырға тоқал болғанына қуанбай ма!..
Жәнібек: (қолын көтере) Доғарыңдар бос сөзді!.. (жан-жағына қарап алып, тыныстап) ол бір қыздың жай айта салған тілегі. Ал, оны қабылдау-қабылдамау өз қолымызда... мәселе баланың атында емес, затында ғой... (қызға қарап) қандай болғанда да сенің батыр әулетінен екенің рас. Екеуміздің қанымыз қосылса қалайда текті ұрпақ болар еді... Алла ұрпақты болар күнге жеткізсін... тағы не айтасың...(қалмақ қызға айта бер дегендей ишара білдіреді)
Қалмақ қыз: Біз аспанға табынамыз. Сіздер Аллаға сйынасыздар. Маған маған Қасейін айтқан семсерді сүйіп тұрып Көзіңіздің тірісінде берген сертіңнен айнымасқа Алланың атымен ант бере аласың ба?!
Жәнібек: Неге бермеске.
Қалмақ қыз: Ендеше, міне, мына тұзды жалап, сертіңді семсеріңмен көрсет.(қыз қалтасынан шытқа түйілген тұзды алып, Жәнібектің қолына ұстатады )
Жәнібек батыр қарт сарбазға баста дегендей ым қағады. Қарт қасындағы тұрған семсерді қос қолдап Жәнібекке ұсынады.
Жәнібек: ((Батыр семсерді екі басынан ұстап, кеудесіне қойып тұрып сөйлейді.)) Мен Қасейін батырдың өсиетін орындай алмасам атым өшсін... Мынау ағып жатқан өзенге серт, анау асқар тауларға серт, міне ақ семсерге серт, дәм тұзға серт. Мен сені тек өзіме жар етуге ант беремін (қылыштың жүзінен сүйеді, сосын шыттағы тұзды жалайды.)
Қалмақ қыз: Ержігіттің екі сөйлегені өлгені. Батыр басыңызбен айтқан сертіңізден айнымайтыныңызға сенемін...
Жәнібек: (көпшілікке қарап) Ал, енді қазақша ат қоюымыз қалды...
Қалмақ қыз: (Жәнібекке қарап) Маған ат қоюды кейінге қалдыра тұрып, қазір қатым түсіруді бастай берсек...
Сарбаздар: Ол да жөн... ат қоюды асықпай ақылдасармыз...
Жәнібек: Олай болса, қатымның дайындығына кірісейік... (сарбаздыардың барлығы жұмысқа жұмыс істеуге жиналғандай әбігерленіп сахнадан түсіп кетеді.)