(Пауза)
Жәнібек астына сырмақ салып қосының алдында отыр. Қолында садағы бар. Шамасы бірдеңесін түзеп, жөндеп отырған сыңайлы. Қасында қалмақ қыз. Ол да бос отырған жоқ. Қолындағы шәйнегін әмірсіз ысқылап жуып отыр.
Жәнібек: (істеп отырған жұмысын тоқтата қалып, ойлана қызға қарап) Біз бір нәрсені ұмытып барады екенбіз..
Қалмақ қыз: (таңдана, сұраулы көзімен қарап) Нені?
Жәнібек: (күлімсіреп) Сен тапшы, біз маңызды мәселелерден нені ұмыттық?
Қалмақ қыз: (күе сөйлеп) Сен ұмытсаң да, мен ұмытқан жоқпын. Білемін.
Жәнібек: (жақындай түсіп) Білсең айтшы кәне...
Қалмақ қыз: Айтпаймын.
Жәнібек: (қулана қарап) Менің нені меңзеп отырғанымды таба алмадың, сосын айтпайсың.
Қалмақ қыз: Таптым, бірақ оны тек неке қиған күні ғана айтам.
Жәнібек: Бәсе, айттым-ғой, түсінбедің деп... Мен сенің атыңды әлі қоймағанымызды меңзеп отырмын... сенің айдай жамалыңды қызықтаумен болып, ат қоюды ұмытып кеткен сияқтымын.
Қалмақ қыз: Әрине, мен де біліп отырмын. Бірақ, оған қазірше асықпайық... (ойлана, мұңайыңқы үнмен, жерге қарап) Мен қалмақ қызымын. Ат қоюдан бқрын мұсылманшылық парызым... Сенімен қосылып, неке қидырған күні Мұсылманшылыққа кіремін де, құранға қаратып атымды қойдырамын.
Жәнібек: Оған дейін сені қалай атаймын...елге кім деп таныстырамын...
Қалмақ қыз: Өзің бір әдемі ат ойластыра жүр, неке қиылған күннен бастап сол есіммен атайсың. Қазірше атсыз қыз деп атай берсең болады.
(екеуі де бірге күледі)
Жәнібек: “Атсыз қыз” дегеннен горі, “атсыз ару” деп атай тұрсам жаныма жағымды сияқты...
Қалмақ қыз: (еркелеп) Қалай атасаңда мейлі, қалауың білсін...
Екінші бөлім
Шымылдық ашылғанда тау бөктеріндегі жасаңға кере тігілген ханның ақ ордасы көрінеді. Кереге басында аң терілері самсып тұр. Киіз үйдің іші-сырты ою өрнекпен әсем безендірілген, орда төрінде құс жастыққа шынтақтап Абылайдың көмекшілерінің бірі жатады. Осы кезде екі иығынан демала, ентігіп сырттан Наршолақ атты шабарман кіреді.
Наршолақ: (есіктен кіре тәжім етіп тоңқаңдап) Алдияр тақсыр, рухсат етіңіз, (ентігін баса алмаған күйде абдырап) Жұрт тыныш, ел іргесі бүтінделіп, төрт төңірек жеңісті тойлап жатыр. Бірақ…(жұтынып, сөзін қасақана аяқсыз қалдырады)
Хан көмекшісі: Сөзіңді бөлмей сөйлей бер. Бірақ… не болып қалды?
Наршолақ: (қипақтап) Енді былай…сізге айтуға ыңғайсыздау…ел іргесін бүтіндеген Абылай хан бола тұра… қол астыңыздағы батырларыңыз…барлық жорықты тек өзі ғана жасағандай міңгірлеп)...
Хан көмекшісі: Оу, Нареке, сөзіңді ит сүйреген аш ішектей соза бермей, айтпақ ойыңның тоқ етерін айтшы. Ел іргесі тыныш па өзі?
Наршолақ: Тынышы, тыныш тақсыр. Дегенмен балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей… (сыйпақтап) біреуді біреу білмей… әркім өз қарекетімен кетіп ханымыз болған Абылайға сый-құрмет көрсете алмасақ…кісінің ұжданы мен ұяты қалай шыдасын…
Хан көмекшісі: (шабарманның мылжыңынан іші пысқан, кекесіндіашумен) По! Наршолақ-ай, сен қашаннан бері астарлап сөйлейтін терең адам болып алғансың?!
Наршолақ: (ыңғайсыздана) Астарлап сөйлеп, тереңдігімді білдіргім келіп тұрған жоқ… Мерген бізде, атылған аң өзгеде…
Хан көмекшісі: (шыйрай сөйлеп) Жұмбақтап сөйлеп, осы созбақтағаның да жетер! Біреуге деген өкпе-ренішің болса анықтап, ашып айтшы…
Наршолақ: (еңсесін көтеріп батылдана) Абылай хан кеше ғана анау шолақ керейден шыққан бала Жәнібекке оң тізеңізден орын беріп шолжаңдатып жіберіп еді...
Хан көмекшісі: Ия, орын берсе не болыпты… (сәл ойланып) сонымен не айтпақсың?!
Наршолақ: (ашуға булығып) Не болушы еді!.. Бүгін міне балақтағы бит басқа шыққанның кебін кидіріп отыр.
Хан көмекшісі: Жәнібек көзсіз ерлікке барғаннан басқа солғұрдайын не бүлдіріпті… Оның жалаңдаған жас бөрі екенін бүкіл жұрт көрді… (орнынан тұрып жүре сөйлеп) Жәнібек бала болса да, елін, жерін қорғау үшін ер жастанып, етігімен су кешіп жүр. Жорықта ханның басына қатер төнгенде еш өлімді елеместен астындағы атына шейін түсіп беріп, жау жолында жалғыз шайқас жасады. Соңғы бір жорықта қалмақтың батыры Садырбайын дегенмен жекпе-жекке түсіп жеңіске жетіпті. Соны естіп еңсеміз көтеріліп отыр еді… (үнсіз арлы-берлі шыйырлап ойланып, түңілген бейнеде басын шайқап алып, Наршолаққа бұрыла сөйлеп) Тағы не бола қалды?!
Наршолақ: Сабыр етіңіз, негізі бұл менің айтпақ ойым емес. Қосындағы сарбаздар маған «Ордаға сен бар» деген соң көпшіліктің өтінішімен (сөзінің аяғын жұтып сыйпақтайды)… Жәнібек батыры батыр ғой. Менің әншейін айтайын дегенім. Жорықтан қайтқан ер жігіттің олжасы ортақ болмайтын ба еді… Өз білермендігімен олжа иемденуы елдің ертеңгі берекесіне нұсан тигізбесе болғаны…
Хан көмекшісі: Сенің кімді сөз етіп, нені меңзеп тұрғаныңды түсінсем бұйырмасын…
Наршолақ: Жәнібек батырды айтам… Ол Садырбайынның аузы айдай, көзі күндей сұлу қалындығын әкеліп алып, өз олжасын өзі иемденіп, майрағайда тайрағай болып жатқан көрінеді. Сарбаздардың соған намысы келіп іштей ширығып жүргенін көрген соң, мен де шыдай алмадым…
Хан көмекшісі: (кекесінді үнмен, даусын көтере сөйлеп) Ту, шіркіннің намысшылын. Намысшыл болсаң кеше жекпе-жекте қайда қалдың?!
Наршолақ: Жекпе-жекте жасаған ерлігіне ешкім көз жұма алмайды. Бірақ, Шыңғыс заманынан келе жатқан дәстүр бойынша, олжаның үлкенін, қыздың сұлуын әуелі ханның алдынан өткізіп барып иемдену керек емес пе?! … Менікі Жәнібектің сол салтты өз білермендігімен бұзып жатқанын сізге құлақ қағыс ету ғана …
Хан көмекшісі: (Наршолаққа қадала қарап, кәрлене тіл қатады) Батыр қараңды! Соны да сөзім бар деп отырмысың… Қызды кім алмайды, қымызды кім ішпейді. Қан майданда халқы үшін белуардан қан кешкен батырды, бір қызға еріні тиді екен деп сан саққа жүгіртсек елдігіміз қайсы!!!
Наршолақ: Тақсыр кешіріңіз, кешіріңіз. (тоңқаңдап жасқана басып шығып кетеді)
(Хан көмекшісі алақанын шапалақтап-шапалақтап қалады, сырттан тағы бір шабарманы Аққайрақ кіреді.)
Аққайрақ: Алдияр тақсыр. (тізерлеп, тәжім ете)
Хан көмекшісі: (сабасына түсіп, кең толғап сөйлейді) Еліміздің басынан қара бұлттың көлеңкесі сейіліп, енді-енді есін жиып келеді. Жеріміздің ұлтанды бөлегін қайтарып алдық. Десе де, Саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоятын сақтығымызды жоғалтып алмайық. Жорықтан жеңіліп қайтқан қалмақтар қарашұбар жыланша қайта қайрылып шақпасына кім кепіл… Аттың ауыздығын алып, айылын босатуға әлі де болса ерте. Батырларымызға менен сәлем айт. Ел іргесі сөгілмес үшін, айналада болып жатқан уақиғаларға зер салуды ұмытпасын.
Барлық қосынды аралап шық! Ханның ордада жоғын өзге қосындарға сездірмеуге тырыс. Әсіресе, жаңағы айтқан Жәнібек қосындарын асықпай аралап, аңысын бақыла… Хабарыңды кешіктірме…(жөнел дегендей ишәра білдіреді)
Аққайрақ: Құп тақсыр, бұйрығыңызды бұлжытпай бір-екі күн ішінде орындап боламын… (Аққайрақ шегіншектеген бойда ордадан шығып кетеді)
