
Қиял: жалпы сипаттама және түрлері
Қиял қабылдау үдерісін өткен тәжірибе элементтерімен, адамның жеке басы толғаныстарымен толықтырып, қорыту, сезім байланысы, түйсік және елестер есебінен өткен мен бүгінгіні жаңалай өзгертіп барады.
Қиял – ес бейнелерін қайта құрастыру мен өзгерте жаңалау негізінде болмысты бейнелі – ақпараттық жобаға түсіру қызметін атқарады.
Қиял арқылы адам келешекті болжайды, өз әрекет-қылығын реттейді, болмысты шығармашылықпен қайта жасайды.
Ой үдерісінің әр қадамы өз ішіне қиял элементтерін қамтиды, сонымен бірге қабылдаудың біртұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қиял бағыттауымен тұлға болашақтық шексіз кеңістігінде ой сайранына шығады, өткен тарих тұңқиығы суреттемелерін қайта құрастырып, бүгінгі ұрпақ назарына ұсынады.5
Қиял формаларының баршасын екі үлкен топқа келтіруге болады:
- ырықсыз – адам мақсаты мен ниетіне тәуелсіз, сана жұмысымен басқарылмайтын қиял. Мұндай қиял сана белсенділігі кемігенде не оның жұмыс әрекеті бұзылысқа түскенде пайда болады;
- ырықты – шығармашыл ойға не іс-әрекет міндеттеріне бағындырылып, сана басқарымында болатын қиял түрі.
Бірінші топқа түс көру кіреді. Түс бейнелері астар сана қатысуымен не бас миы қабығының жеке бөлімшелерінің қалдық белсенділігімен байланысты туындайды.
Сана жұмысының бұзылысы қиялдық сандырақ формасына себепші болады. Сандырақты қалыпта пайда болатын қиял бейнелері, әдетте, кері, болымсыз эмоционалды сипатқа ие. Кейбір улағыш және наркотик заттар әсерінен галлюцинациялар көрініс береді. Бұл сана бақылауының жетімсіздігінен қияли өзгеріске түскен болмыстың шындыққа жанаспайтын психикалық бейнесі ретінде қабылдануы. Қиялдың ырықты және ырықсыз формалары ортасында асқақ арман (грезы) өз ерекшелігімен назар аударады. Бұл психикалық құбылыс туындау мезетіне орай ырықсыз қиялға жақын; себебі ол сана белсенділігі төмендеп, адам ағзасы босаңсыған не мүлгу шағында пайда болады.
Ал ырықты қиялға ұқсастығы ниет болуына және адамның өз қалауымен бұл үдерісті басқара алу мүмкіндігіне негізделген. Асқақ арман әрдайым ұнамды да болымды сипатқа ие. Адам әрқашан тәтті өмір мен шуақты сәтті аңсайды, асқақ арман тұтады.
Екінші топқа біріккен қиял түрлері: фантазиялар, өсек-аяң, ересектердің ғылыми, көркем өнер, техникалық шығармашылығы, балалар шығармашылығы, арман және т.б.
Фантазия – жадтан тоқылған, болмыстан алшақ бейнелер құрылымы (әпсана, миф, ертегі, әлемнің Жерден тыс бөліктерінің қияли суреттемелері). Фантазия бейнелері бұрыннан бар тәжірибе элементтерінің жаңа бірігімін жасауға, түсініксіз құбылыстардың бейнелі түсіндірмесін табуға, ақпарат олқылығын толтыруға пайдаланылады.
Арман – ойдағы ниетті болашақ бейнесі. Қиял әрекеттік көрінісі тұрғысынан енжар (пассив – асқақ арман (грезы), негізсіз арман) және белсенді (актив) болып екіге бөлінеді. Белсенді қиял өз кезегінде қайта жасаушы (зат бейнесі берілген) және шығармашыл (жоспарлы ойға сәйкес іріктелген материал бойынша жаңа бейне жасау) түрлерге ажыралады.
Қиялдың жетекші сипаттары: жарқындығы, анықтығы, шынайылылығы, бақылауға келетіндігі, бейне белсенділігінің дәрежесі.