Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Мини...docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
45.01 Кб
Скачать

«Мәдени революция»

Мао 1965 жылы қарашада әлемге әйгілі «Мәдени революциясын» бастады. Әуелі бұл туралы Шанхайдан шығатын «Вэньхуэй бао» газетіне журналист Яо Вэньюанның «Хай Жуя» тарихи драмасының жаңа редакциясы туралы» деген тақырыпта көлемді мақаласы жарияланған. Қытайдағы ортағасырлық оқиғаны баяндайтын драманы Пекин мэрінің орынбасары әрі танымал тарихшы У Ханем жазған. Ол сол драмасы арқылы шаруашылық жүргізудің ескі тәсілдері мен биліктен Пэн Дэхуаяның шеттетілуіне қарсылығын білдірген. Сол үшін билік тарапынан авторға үлкен кінә тағылады. Ал мамыр айында Маоға жан-тәнімен берілген партияшылдар «Мәдени революция істері бойынша топтарды» құрды. Оны ҚКП ОК үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі Чэнь Бода басқарды. Бұлардың міндеті «Мәдени революцияға» халықты жаппай тарту. Оны іске асыруды көпшілігі студенттерден құралған «қызыл қорғаушыларға» (хунвейбиндер) және жұмысшылар ортасынан шыққандарға тапсырылды. Мао 1966 жылы радикалды мәдени революцияны бастап, «ескі мемлекеттік машинаны сындыру» үшін студент жастарға үндеу тастады. Содан кейін бұл іске жұмылған хунвейбиндер қатары бұрынғыдан да көбейді. Соның салдарынан ҚКП-ның аймақтық басшылары және интеллектуалды ақыл-ой иелері негізсіз жаламен қоғамнан аластатылып жатты. Сол жылдың қазанында Лю Шаоци мен Дэн Сяопинді жұрт алдында өздерін айыптап сөйлеуге мәжбүр етті. Содан бастап барлық партия жиналыстары «Мәдени революция» белгісімен өтетін болды. Хунвейбиндер тікелей Маоның басшылығымен үлкен масштабта террорлық істер жүргізді. Тіптен олардың шетел елшіліктеріне де шабуылдаған сәттері аз болған жоқ. Олардың өз беттерінше жүргізілген сот істері барынша қанат жайды. Астыртын істерге қатысты деген күмәнмен ұсталған адамдардың мойындарына кінәлары жазылған тақтайшалар ілініп, оларды аямай ұрып-соғуға, қорлауға дейін барды. Хунвейбиндердің істері асқынып, бақылауынан шығып бара жатқан соң ғана Мао «Ауыл игілігі үшін еңбек етейік!» деген ұран тастап, оларды алыс елді мекендерге күштеп аттандырған. Хунвейбиндердің ауылдарға барғысы келмеген миллионға жуығы күштеудің салдарынан өмірден озып, көбісі өздеріне қол жұмсаған. 1968 жылы қазанда Лю Шаоци ҚКП қатарынан шығарылып, түрмеге жабылды. Мао өзінің басты жауынан осылай құтылды. Лю Шаоцидан кейін Мао сарайында Қорғаныс министрі және Мемкеңестің вице-премьері Линь Бяо жетекші рол атқарды. Ол Маоға «Мәдени революция» кезінде әскер жағынан қолдау көрсеткен жан. Алайда тағы да екі ықпалды топ бар еді. Цзян Цин басшылығындағы «Мәдени революция ісі бойынша құрылған топ» пен террорлық қысымнан аман өткен ҚКП-ғы Чжоу Эньлайдың жақтастары. Солардың арасында өте күшті күрес жүрді. 1969 жылы сәуір құрылтайында Мао өзінің орнына Линь Бяоны ұсынатынын білдірген. Бірақ 1970 жылы күзде Цзян Циннің ықпалымен жағдай күрт өзгерді. Сол жылдың басында Мао ауыр науқасқа шалдығып, көзінің көру мүмкіндігі де мүлдем төмендеп кетті.  Сол кезден бір жыл бұрын кеңес-қытай шекарасында қақтығыс орын алды. Бұл екі жақтың бір-біріне деген сенімін жоғалтты. Қытай содан бастап бұрынғы жауы Америкамен саяси келісімге келу жағын қарастырған. Америка президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Генри Киссенджер 1971 жылы Қытайға аса құпия сапармен келді. Оның келу мақсаты жөнінде мерзімдік басылымдарда ақпараттар жарияланған жоқ. 1971 жылы 13 қыркүйекте Линь Бяо отбасымен мінген ұшақ Моңғолия жерінде апатқа ұшырады. Арада біраз уақыт өткен соң «Линь мемлекеттік төңкеріс жасамақ болып сәтсіздікке ұрынған соң Кеңестер Одағына қашып бара жатқан кезінде ол мінген ұшақ кездейсоқ апатқа ұшырады» деген ресми хабар таратылған. Содан бері Қытайда бұл тақырып жабық күйінде қалып отыр. Толық емес мәліметтерге қарағанда, Маоға қастандық жасау Линь Бяоның ұлы Линь Лигоның ұйымдастыруында әбден пісіп жетілген көрінеді. Ол өзінің бұл жоспарын жүзеге асырар алдында қарындасына айтып қойған. Ал ол болса, оның осы жасырын әрекетін үкіметке жеткізеді. Соның салдарынан Линь отбасы тұтқындалудан құтылу үшін жақын шетелге қашпақ болады. Ал ол және оның отбасы мінген ұшақтың техникалық ақауы бар болатын. Алыс қашықтыққа ұшуға жарамайтыны көрініп тұрса да, олар тәуекел етеді. Моторға майдың жетпей қалуына байланысты ұшқыш ұшақты моңғол даласына қондырмақшы болғанда апатқа ұшыраған. Линь Бяо ойыннан шығып қалған соң Маоның орнын басу бәсекесі Цзян Цин мен Чжоу Эньлаяның арасында жүреді. Ал Маоның өзі ақтық таңдау жүргізуге еш мүмкіндігі болмады. Өйткені науқасы асқынып кеткен еді.  1972 жылы ақпанда Америка президенті Ричард Никсон арнайы сапармен Қытайға келді. Екі жақты келіссөз барысында Америка біраз мүдделерінен бас тартуға мәжбүр болған. Олар орнына ештеңе талап етпей-ақ Тайваньды коммунистерге беруге келісті. Қытай-америка келісімінің нәтижесінде ҚХР-сы Тайваньның орнына БҰҰ-ға мүше болып кіріп, сол ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесіне қабылданды. Содан бастап Қытайды АҚШ-тың көптеген одақтастары дипломатиялық тұрғыдан мойындап жатты. Алайда Чжоу Эньлаяның бастамасымен жүргізілген бұл екі жақты дипломатиялық ойын Маоға ұнамады. Оны 1973 жылы ақпарат құралдарында өзін-өзі сынап сөйлеуге мәжбүр етті. Сол кезде армия басшылығы «Мәдени революция» белсенділеріне қарсы тұруға батыл кіріскен. Бұл жағдай да Маоға өз орнын басатын адамды таңдауға кедергі жасады. Оның Чжоу Эньлайға өкімет билігін бергісі келмеді. Ақыры Дэн Сяопиннің мойнына тағылған айыптарды алып тастап, вице-премьердің бірі етіп тағайындауға мәжбүр болды.  1976 жылы 8 қаңтарда Мемкеңестің премьері қайтыс болып, 5 сәуірде Тяньаньмэнь алаңында Чжоуды еске алушылар стихиялы түрде демонстрацияға шыққан. Полиция оларды алаңнан қуып таратты. Бұл кезде денсаулығына байланысты Мао ел ішіндегі жағдайды бақылауынан шығарып алған еді. Уақыт өткен сайын елде төңкеріс қаупі күшейе түскен. Ал үкімет билігі Дэн Сяопиннің ықпалында болды. Ол саяси тұрғыда төңкерістің болуын жеделдеткен жоқ. Маоның ең соңғы жасаған саяси қадамы Дэнді барлық қызметінен формальды түрде босатып, Хуа Гофэнді ҚКП ОК бас хатшысы етіп сайлады. Алайда ол ОК-те Дэн жақтастарының басым екенін біліп, онымен қарым-қатынасын бұзғысы келмеді. Дэн Сяопин кейін билік басына келген соң елде үлкен экономикалық реформа жасады.  1976 жылы 9 қыркүйекте Мао Цзэдун өмірден озды. Қытай тарихында жаңа дәуір басталды. Мао Цзэдун 1893 жылы 26 желтоқсанда Хунань провинциясының Сянтань уезіндегі Шаошань елді мекенінде өмірге келді. Бұл Қытайдың оңтүстік жақ бөлігінде болатын. Қытай революциясының болашақ көсемінің әкесі Мао Ичан шошқа бағып, күріш өсірумен айналысты. Ол балаларын ауыр еңбекпен тәрбиелеп, тіл алмағандарын қатал жазалайтын. Ал Мао ержете бастағаннан-ақ әкесінің бұл қатал тәртібін өте жек көрді. Бір күні әкесі үйіне өзінің іскер әріптестерін шақырып, он үш жасар баласына қызмет көрсетуді тапсырды. Бала одан бас тартты. Ашуға булыққан әкесі оны ұрмақшы болғанда, бақтағы кішігірім тоғанға қашып барып: «Егер қол жұмсайтын болсаң, мына суға секіремін», – дейді. Оларды анасы Вэнь Цимэй зорға татуластырады. Кейін осы жайды есіне алған Мао Цзэдун: «Егер қарсыласыңды жеңгің келсе, осал жерін таба біл»,– деп жүрді. Ол тағы бірде әкесінің қаражатқа аса мұқтаж болып тұрған туысының жерін арзанға сатып алып жатқанын көреді. Болашақ революционер анасы екеуі бұл әділетсіздікке кедергі болған. Ол өскен сайын әкесін тыңдаудан қала береді. Керісінше анасына деген құрметі арта түсті. Маоның үйіне тұрмысы нашар ауылдастары келіп, материалдық көмек сұрайтын. Оларға Мао Инчан қайырымдылық көрсетуден бас тартса, Вень Цимэй күйеуінің көзін ала бере қол ұшын беріп жүрді. Сондықтан ауылдас­тары оны жақсы көретін. Мао Цзэдунның айтуынша, езілгендер мен кедейлерді қорғау қасиеті анасынан келген секілді.