
Бірінші дүнежүзілік соғыстан кейін.Маоның қызметі
1918 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс бітті. Жапония жеңімпаз ел ретінде Қытайдан бұрын Германияның бақылауында болған аймақты беруін талап еткен. Қытай соған дейін Жапонияны өзінің Азия құрлығындағы одақтасы санап келген еді. Алайда Токионың басқыншылық пиғылы қытайлықтарды қарсы тұруға итермеледі. Өзі туып-өскен елді мекенге келген бойда Мао Цзэдун революциялық қозғалысқа араласып, 1920 жылы мамырда ол Шанхайда екінші рет Чэнь Дусюмен кездесіп, пікір алысу барысында коммунистік идеологияға біржолата бет бұрады. Сол жылдың тамызында Чэнь Дусю Шанхайда Қытай коммунистік партиясының құрылтайын шақыру дайындығына кірісті. Онымен үнемі байланыста болған Мао Хунани қаласында жергілікті партия ұйымын құрады. Келесі жылдың маусымында Коминтерннің қаржысымен Шанхай қаласында құрылтай шақырылып, оған коммунистік ұйымдардың 12 жетекшісі қатысады. Солардың бірі Мао еді. Содан бастап жас партия мүшесінің тасы өрге домалай бастаған. 1923 жылы Мао Чаншидан Шанхайға орын ауыстырып, орталық партия аппаратында қызмет етеді. Бұл жылдары Қытайда екі өкімет билік жүргізуде еді. Пекин жапон милитаристік топтарының ықпалында болды. Оларға Сунь Ятсен басқарған демократиялық Ұлттық партия (Гоминьдан) қарсы тұрды. Партияның бас штабы Гуанчжоуда орын тепкен.1922 жылы Коминтерннің бұйрығымен компартия Гоминьдан құрамына кіріп, біріккен майдан құрылады. Бұл коммунистердің майдан басшылығынан орын алуына мүмкіндік туғызған. Бірақ партия мүшелерінің көбі патриоттық ұстанымда болғанмен, социализмнің демократиядан несімен ерекшеленетінін білмеуші еді. Мао да солардың бірі ретінде мұны бұлыңғыр түсінді. Ол 1920 жылдары ҚКП мүшесі бола тұрып, Гоминьдан құрылтайы жұмысына қатысып, сол партияның Орталық атқару комитетінде үгіт-насихат бөлімін де басқарды. ҚКП-сындағы қызметіне қарағанда Гоминьдан партиясында қызметі жедел өсті. Біріккен майдан тараған соң осы партияда қалуына болар еді. Алайда 1925 жылы көктемде Сунь Ятсен қайтыс болып, Гоминьданда билікке талас басталады. 1926 жылы партияны Чан Кайши басқаруға қол жеткізеді. 1923 жылы Кеңестер Одағымен келіссөз жүргізген Чан Кайши Қытайға оралысымен өзінің ұлы Цзян Цзингоны Мәскеуге оқуға жіберген. Солай болса да, ол орыс ықпалын Гоминьданда шектеуді жөн көрді. Партияда кадрлар ауыстырылуына байланысты Маоны қызметінен босатып, ҚКП мүшесі ретінде кері оралуына мәжбүр етті. Мао Гоминьдандағы жауапты қызметтен босанған соң аграрлық мәселені оқып үйренумен айналысты. Көп ұзамай ол тап күресін ауылдық жерлерде жүргізіп, пролетарлық революцияның әлеуметтік тірегін кеңейту жолдарын тапты. Қытайда жұмысшы табы аз және әлсіз еді. Марксизмді ту еткен коммунистердің де билікке келуі екіталай. Ал Қытай ауылдарында қаңғыбастар, қайыршылар, жалаңаяқ тақыр кедейлер өте көп. Оларда өздеріне тиесілі жер атауы жоқ. Мао елде жерді баршаға бірдей бөлу жөнінде мәселе көтерді. 1927 жылы оның бұл бағытын Коминтерн қолдады. Чан Кайши Коминтерн агенттерінің бұл әрекетіне қарсы тұрған соң, оны Гоминьдан басшылығынан кетіру жағын ойластырып жатқан. Соны сезген Чан Кайши коммунистерді қудалауды қолға алды. Компартия басшылығынан маңызды тапсырма алған Мао көтерілісті ұйымдастыру үшін Хунаниге шұғыл жүріп кетті. Ол 1927 жылы күзде жаңадан құрылған, құрамында бес мың жауынгері бар Қызыл армияны басқарды. Берілген бұйрыққа қарамастан армияны Чанша қаласын басып алуға бағыттамай, бандиттердің қарулы құрамы орналасқан Цзинган тауына қарай бастады. Мао бандиттердің басшыларымен келісіп қана қойған жоқ, оларды өз билігіне бағындырды да. Сондай-ақ ол мынандай көрегендік ой түйді. «Егер мен соғысқа жарамды әскерге басшылық етсем, менімен комунистік партия мен Коминтерннің басшылары санасуы керек». Бұл жағынан ол партия ішінен жаппай репрессия жүргізіп, Сталиннен де асып түсті. Коммунистерді толық өзіне бағындырды. Сонымен бірге ол барлық жерде өзінің жерді жалпыға бірдей бөлу жөніндегі «аграрлық реформасын» жүргізді. Бұл террорлық қарсылыққа ұшыратып, миллиондаған шаруалардың құрбандығына әкелді. Қызыл армия қатарын толықтыра түсу үшін Мао қаңғыбастарды, жалаңаяқтарды, тақыр кедейлерді кеңінен тартты. Ал коммунистік билікті жақтаушыларға қандай да бір наразылық білдіргендерді қатаң жазалады. Жер мәселесін Маоша шешу көп ұзамай жергілікті шаруаларды тым кедейлендіріп жіберді. Бұл оның Қызыл армиясын үнемі орын ауыстырып тұруына да әкелді. Ол 1929 жылы әуелі Фуцзянь провинциясынан, 1930 жылы Цзянси провинциясынан «советтік аудан» жасады. Оны бұған мәжбүрлеген 1930-1933 жылдары Гоминьдан үкіметінің коммунистерге қарсы жасаған сәтсіз шабуылдары болды. Чан Кайши әскери қимылдардан бөлек Кеңестер Одағында кепілдікте қалған ұлының жағдайын ойлап, «совет аудандарын» толық жойып жіберуден тартынып, коммунистерді қытайлар көп тұратын аймақтан шетке ығыстырып қана қойғысы келген еді.