Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия шымкент-2008.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.42 Mб
Скачать

34. Ғылым философиясы.

1. Ғылым, оның белгілері мен ерекшеліктері.

2. Ғылымның даму ерекшеліктері.

Ғылым - білімнің, танымның ерекше түрі. Ол өте күрделі құбылыс, оған біржақты анықтама беруге болмайды.

Біріншіден, ғылым дегеніміз - қоғамдық, болмысты, қоршаған ортаны теориялық түрде көзқарастарда бейнелейтін қоғамдық сананың формасы.

Екіншіден, негізгі өнімі ұғымдар, заңдар, теориялар болып табылатын рухани өндірістің бір саласы.

Үшіншіден, белгілі бір әлеуметті мәдени ортада өмір сүретін жүйе - әлеуметтік институт.

Төртіншіден, ғылым - өзінің дамуының белгілі сатысында қоғамның тікелей өндіргіш күшіне айналатын маңызды құбылыс.

Ғылым - адам іс - әрекетінің, рухани өндірістің ерекше түрі. Ғылыми – зерттеу саласында ұжымдық және жекелеген тұлғалық бастаулардың бірлігі іске асып отырады.

Ғылым дегеніміз – объективті дүние туралы білімдер мен оны адамның қажеттілігіне қарай бейімдеп, жетілдіріп отырудың жолдарын көрсететін нұсқаулардың жүйесі. Ғылым – бұл танымның құралы табылатын арнайы ұғымдармен ойлау. Ол интеллектуалдық еңбектің ерекше түрі, нақты білім өндіретін іс - әрекет жүйесі.

Ғылымның зерттеу объектісі адам мен әлемнің қарым – қатынасы. Адам мен әлемнің қарым – қатынасы көпжақты, көп мәнді. Оны игерудің әртүрлі деңгейі мен сатысы бар. Жеке ғылымдардың объектісі - әлемнің жекеленген қасиеттері мен белгілері. Әрине, ол қасиеттер адамның іс - әрекет аясына еніп, практикалық тұрғыдан қажеттілігі анықталғанда ғана арнайы ғылыми зертеудің нысаны бола алады.

Ғылымның, ғылыми танымның бірнеше ерекшеліктері бар.

Ең алдымен, ғылым объект туралы нақты, объективті білім алуға бағытталады. Ғылым үшін қоршаған орта адамның түйсігі арқылы мәлім болатын объективті реалдылық.

Ғылыми білім әруақытта жүйелі. Заттар мен құбылыстарды танып, білу, бір сәттік немесе бірақ рет болатын жұмыс емес, ол күрделі, көп қабатты іс - әрекет. Адам заттарды бірте – бірте таниды, әрбір қадамында ол туралы әртүрлі образдарды жасайды. Сонан соң оны салыстырып, талдап, анықтап, бір жүйеге келтіріп отырады. Соның нәтижесінде зат немесе құбылыс туралы әртүрлі идеялар мен көзқарастардың жиынтығы қалыптасады. әлемнің ғылыми үлгісі, ғылыми теория осындай аналитикалық, сонымен қатар, синтетикалық талдаудың туындысы болып табылады.

Арнайы жүйеге келтірілмеген білім ғылым бола алмайды. Өйткені ол істің немесе құбылыстың мән – жайын жан – жақты түсіндіре алмайды. Кез келген ғылыми білімде нысан жан – жақты сипатталады, оның құрамында бастапқы қарапайым мәліметтер, объект туралы әртүрлі сарындағы ізденістер, олар қол жеткізген нәтижелер және объектіні танып білудің принциптері мен жолдары көрсетіледі.

Ғылыми білімнің ақиқаттығын дәлелдейтін арнайы негіздеу, сонымен қатар ғылымның өзіндік зерттеу тәсілдері де бар. Ғылым – танымның жоғарғы түрі.

Ғылыми танымның түрлері – идея, проблема, факті, болжам, концепция, теория.

Идея – белгілі бір нәрсе туралы ой. Сол нәрсені танып білу қажеттілігінен туындайды, оны басқа дүниеден бөліп көрсетуге бағытталған. Тың және іргелі идеялар ғылымда аса маңызды роль атқарады. Идея – ғылымның негізгі қозғаушы күші, бұл сөзді ғылымға ең алғашқы рет көне гректер енгізген.

Идея ұғым түрінде өмір сүреді. Бірақ кез келген ұғым идея бола алмайды. Кез келген ұғым әртүрлі білімдер жүйесінде әртүрлі мағынада болады.

Егер де ұғым білімді жүйелеудің негізі бола алса идея дәрежесіне көтеріледі. Кез келген идеялар белгілі бір проблеманың негізін құрайды.

Проблема зерттеу процесінің бағытын анықтайды. Ғылыми зерттеу бірінен – бірі туындап отыратын ғылыми проблемалардың ерекше байланысы болып табылады. Проблема дегеніміз – білімнің дамуының формасы, бұрынғы білімнің жаңа білімге көшу дәнекері. Өйткені проблема кез келген нәрсені түсіндіруге белгілі білімдердің аясы тарлық еткен уақытта пайда болады, ол бір жағынан, белгілі білімдерге сүйенеді, екінші жағынан жаңа ізденістерге жол ашады. Дұрыс қойылған проблема – оны шешудің бірден – бір сара жолы. Ғылым тарихында проблеманы дұрыс қоя білудің өзі де үлкен мәселе екенін айқын көруге болады. Кей уақыттарда ғалымдар жалған проблеманы да іздестіруге мәжбүр болған. Проблемаларды қою үшін фактілер қажет болады.

Факт дегеніміз дүние шындығының адамдар қабылдай алған және ұғынған жақтары мен бөліктері.

Болжам дегеніміз - әлі жеткілікті түрде, мөлшерде зерттелмеген логикалық және эмприкалық негіздері анықталмаған бастапқы жорамал.

Ғылыми теориялар бірден жасалмайды. Ол ең, алдымен, жорамал, болжам ретінде пайда болады. Академик Вавилов қазіргі заманғы физика өлген гипотезалардың орманында өсіп өнді деп жазды.

Гипотезаның мәні мен табиғаты туралы екі көзқарас бар. Оның бірі гипотезаны ерекше сипаттағы теория деп анықтайды. Бұл ойды Копнин айтқан. Гипотеза – идея, салыстырмалы деңгейдегі жорамал түрінде анықталады.

Екінші ой гипотезаны жорамал деп анықтайды. Бұл екі ой бір – біріне соншалықты терең қарсы келмейді. Өйткені олар теорияға апаратын көмекші, қосалқы жолды анықтайды.

Гипотеза өзінің дамуында үш маңызды сатыдан өтеді:

1. нақты материалдың жинақталуы және соның негізінде болжаудың пайда болуы;

2. гипотезаның пайда болуы, яғни көрініс бере бастаған жорамалға сүйеніп, басқа да көптеген болжамдар жасай бастау;

3. алынған қорытындыларды практика жүзінде тексеру, анықтау:

Гипотезаның қалыптасуында зерттеушінің қиялы үлкен роль атқарады. Ғалым үшін творчестволық қиял аса қажет. Творчестволық қиял ғалымның шығармашылық ойына аса қажетті материал береді. Мәселен, ғылыми жорамал жасағанда, эксперимент жұмысын ұйымдастырғанда, тапқан жаңалықтарды тексеріп сынауда ғалым өз қиялына үнемі сүйеніп отырады.

Бірақ нағыз ғылыми жұмыс көп еңбектенуді қажет етеді, ол еріккеннің ермегі емес, ғылымның жолы ауыр. Қажымай өнімді еңбек ете білушілік, шыдамдылық, іске мейлінше берілушілік – нағыз ғалымға тән қасиеттер. К.Маркс айтқандай ғылымның «сәулетті шыңына шаршап – шалдығудан қорықпайтын, оның тасты соқпақтарымен тырмысып өрлей беретін адам ғана шыға алады».

Кез келген ғалымның арманы теория жасау. Ғылыми ізденістің асқар шыңы, көрінер тауы теория болып табылады. Теория дегеніміз – құбылыстар жиынтығын түсіндіре алатын, белгілі заңдарды бір арнаға түсіретін білімдердің жүйесі. Теория эмпириялық деңгейдегі білімдерге сүйенеді. Эмпириялық білімдер сұрыпталады, екшеленеді, бір жүйеге келтіріледі және теория өмірге енгізген принциптер, абстракциялар, идеализациялар арқылы бір идеяның айналасына топтастырылады.

Жаңадан пайда бола бастаған теорияларға ерекше міндеттер қойылады. 1. Ғылыми теория өзі түсіндіретін нысанға сай келуі керек, яғни қажет жағдайда оны тәжірибелік зерттеулермен алмастыруға мүмкіндік болуы керек.

2. Теория шындықтың белгілі бір жағын толық түсіндіруге тиіс.

3. Теорияның құрамындағы әртүрлі ұғымдар мен түсініктер бір – біріне қайшы келмеуі тиіс.

4. Теорияның ішкі құрылымында қайшылық болмауы бірден бір қажет талап.

Теория белгілі бір шындықты тек түсіндіріп қана қоймайды, ол оның болашағын жорамалдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, теория түсінікті әрі қарапайым болуы керек.

Теория әртүрлі түрткілердің көмегімен дамиды. Олар сыртқы және ішкі жағдайлар болуы мүмкін. Сыртқы түрткілер – бұл теория мен тәжірибенің қайшылықтары. Ішкі түрткілер теорияның құрамында жеткілікті түрде ашылмаған, шешілмеген міндеттер.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]