Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ET_Dosmaganbetov_N_S.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.86 Mб
Скачать

5.3 Инфрақұрылым және нарықтық инфрақұрылым

Инфрақұрылым – бұл қоғамдық өндірістің қалыпты жұмыс істеуі үшін фирмалардың қызметіне және тұрғындардың өмір-тіршілігіне әсер ететін шаруашылық ұйымдарының және коммерциялық емес мекемелердің кешенді жүйесі.

Экономикада инфрақұрылымның мынадай түрлері қалыптасқан:

1. Өндірістік инфрақұрылым – бұл өндірістік қызметтер мен халық шаруашылығындағы экономикалық айналымды қамтамасыз ететін салалар мен салаішілік салалардың жиынтығы. Өндірістік инфрақұрылымның құрамына мыналар кіреді: өндіріске қызмет көрсететін көліктердің барлық түрлері, өндіріске қызмет көрсететін байланыс құралдары, материалдық-техникалық жабдықтау, тауарлар қозғалысының жүйесі, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және өткізу, электр қуатының объектілері, т.б. Инфрақұрылымның бұл түрі қоғамдық өндірістің тиімді жұмыс істеуі мен оны орналастыру үшін жалпы жағдайлар жасайды.

2. Әлеуметтік инфрақұрылым – бұл халықтың дұрыс өмір сүруі үшін материалдық, мәдени-тұрмыстық, рухани жағдайларды қамтамасыз ететін салалардың және салаішілік салалардың жиынтығы. Бұл әртүрлі қызмет көрсетулер мен рухани игіліктерді өндіру аясы. Әлеуметтік инфрақұрылымның құрамына мыналар жатқызылады: халыққа білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, мәдениет пен өнер, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық қызмет көрсету, жолаушылар көлігі, халыққа қызмет көрсету орталықтары, т.б.

3. Нарықтық инфрақұрылым – бұл ерекше нарықтар ретінде әрекет ететін және олардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін институттардың өзара байланысқан жиынтығы. Нарықтық инфрақұрылымның құрамына мыналар жатады: банктер, сақтандыру компаниялары, тауар және қор биржалары, еңбек биржалары, сауда үйлері, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары, жәрмеңкелер мен көрмелер, аукциондар, делдалдық құрылымдар, сауда-өнеркәсіп палаталары, кедендік мекемелер, ақпарат орталықтары, жарнамалық агенттіктер, заң қызметтері, т.б.

5.4 Сұраныс пен ұсыныс: мәні, әсер ететін факторлары, заңдары, қисықтары. Нарықтық тепе-теңдік

Сұраныс әрқашанда сатып алушылар (тұтынушылар, үй шаруашылықтары) тарапынан болады.

Сұраныс дегеніміз тұтынушылардың белгілі бір уақытта, белгілі бір бағамен тауарлар мен қызметтердің белгілі бір көлемін сатып алуға деген дайындығын сипаттайтын төлем қабілеттілігі бар қажеттіліктері мен талаптары. Сұраныс көлемі, яғни тауарларды сатып алу көлемі – бұл тұтынушылардың ағымдағы бағамен берілген уақыт бірлігінде сатып алғысы келетін сол игіліктердің максималды саны. Ал, сұраныс бағасы – бұл тұтынушылардың белгілі бір игіліктің санын сатып алу үшін төлеуге дайын және төлей алатын максималды бағасы. Сұраныс заңы дегеніміз – тауардың бағасы мен сатып алу көлемі арасындағы кері тәуелділікті сипаттайтын нарықтық ұстаным: тауардың бағасы неғұрлым жоғарылаған сайын, тауарға сұраныс соғұрлым төмендей береді, ал тауардың бағасы неғұрлым төмендеген сайын, тауарға сұраныс соғұрлым жоғарылай береді.

Сұраныс функциясы – бұл сұранысқа әсер ететін әртүрлі факторлардың өзгеруінен сол сұраныс көлемінің өзгеру сипатын бейнелейтін тәуелділік. Әрине сұранысқа әсер ететін маңызды фактор баға болып табылады. Сонымен қатар, сұранысқа әсер ететін бағалық емес факторлар да бар: а) тұтынушылардың табысы; ә) алмастырушы және толықтырушы тауарлардың бағасы; б) тұтынушылардың талғамы; в) алдағы уақытты немесе болашақты күту; г) нарықтағы тұтынушылардың саны, т.б. Сұранысқа және сұраныс көлеміне әсер ететін барлық факторларды сұраныс детерминанттары деп те атайды. Сұраныс барлық осы факторлардың функциясы болып табылады:

QD = f (Р, I, Z, W, Psub, Pcom, N, В),

мұндағы, QD — сұраныс; Р— баға; I— табыс; Z— талғамдар мен қалаулар; W— күтулер (waiting); Psub – алмастырушы (субститутты) тауарлардың бағасы; Pcom – толықтырушы (комплементарлы) тауарлардың бағасы; N — сатып алушылардың саны; В — басқа да факторлар.

Ұсыныс дегеніміз – бұл сатушылардың нарықта белгілі бір тауар көлемін немесе қызмет түрін берілген уақыт мезетінде белгілі бір бағамен сатуға деген даярлығы немесе сата алу қабілеті. Ұсыныс көлемі – бұл нарықтағы барлық сатушылардың берілген уақыт мезетінде сатқысы келетін немесе сатуға дайын игіліктерінің жалпы саны. Ал ұсыныс бағасы – бұл сатушының нарық жағдайында берілген игіліктің көлемін сатуға дайын минималды бағасы. Тауардың бағасы мен тауарды сату көлемі арасындағы тура тәуелділікті сипаттайтын нарықтық ұстанымды ұсыныс заңы деп атаймыз: баға жоғары болғанда (басқа факторлар тұрақты болғанда) сатушылар өз тауарын көбірек көлемде сатқысы немесе ұсынғысы келеді. Мысалы, 20 теңге бағамен сатушылар Х тауарының 2 бірлігін сатады, 30 теңге бағамен – 4 бірлікті, ал 50 теңге бағамен Х тауарының 6 бірлігін сата алады.

Өндірушілердің берілген игіліктерді сатуға дайындығы ұсыныс детерминанттарымен сипатталады. Ұсыныс детерминанттары деп нарық жағдайында ұсынысқа немесе сатушылардың сату қабілетіне әсер ететін бағалық және бағалық емес факторларды айтамыз. Ол факторлар мыналар: а) сол тауардың берілген уақыт мезетіндегі бағасы; ә) өндіріс факторларының (ресурстардың) бағалары; б) өндірісте қолданылатын технологияның сипаты; в) болашақ бағаны және тапшылықты күту; г) салықтар мен субсидиялардың көлемі; д) сатушылардың саны; т.б. Ұсыныс көлемі барлық осы факторлардың функциясы болып табылады. Ал ұсыныс функциясы дегеніміз ұсынысқа әсер ететін әртүрлі факторлардың өзгеруінен сол ұсыныс көлемінің өзгеру сипатын бейнелейтін тәуелділік және ол мынадай формуламен беріледі:

Qs = f (P, Pr, К, Т, N, В),

мұндағы, Pr — ресурстардың бағалары; К — технология; Т — салықтар мен субсидиялар; N — сатушылардың саны; В — басқа да факторлар.

Нарықтық тепе-теңдік дегеніміз бұл берілген баға бойынша игіліктерге деген сұраныс көлемі оның сол игіліктің ұсыныс көлеміне тең болған кезіндегі орын алатын нарықтың қалыптасқан жағдайы. Әрине, бұл жерде, нарықтық тепе-теңдіктің қалыптасу шартының басты параметрлері болып, біріншіден, жоғарыда аталып өткендей, тепе – теңдік баға және тепе – теңдік көлем табылады. Тепе-теңдік баға – бұл сатып алушылар мен сатушылардың өзара әрекеттері нәтижесіндегі сұраныс бағасы мен ұсыныс бағасын теңестіретін ортақ баға. Ал тепе-теңдік көлем – бұл сатып алушылар мен сатушылардың өзара әрекеттері нәтижесінде сұраныс көлемі мен ұсыныс көлемін теңестіретін ортақ сату және сатып алу көлемі.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]