- •Лекция-6 Ақша қаражаттар есебі және оның эквиваленттері
- •Кассадағы қолма-қол ақшалар есебі.
- •Кәсіпорындардың кассасындағы ақшаларын есептейтін шоттар бойынша жүргізілетін операциялар кредиті бойынша №1 журнал-ордерде, ал дебиті бойынша осы журнал-ордердің тізімдемесінде жүргізіледі.
- •Есеп айырысу шотындағы және банктегі арнайы шоттардағы ақша қаражаттарымен есеп айырысудың есебі.
- •Ұйымдардың есеп айырысу шотындағы ақшалардың жұмсалуы №2 журнал-ордерде, ал шотқа кіріс етілген ақшалардың сомасы осы журналдың тізімдемесінде есептеледі.
- •Ақша қаражаттарының қозғалысына ішкі бақылау.
Кассадағы қолма-қол ақшалар есебі.
Кәсіпорындар мен ұйымдардың кассасы жұмысшы-қызметкерлерге есептелінген еңбекақы бойынша есеп айырысу үшін, күнделікті көлік құралдарына қажетті шығындарды төлеп отыру үшін, кеңсе тауарларын сатып алу үшін, сондай-ақ ұйымның хат және басқа да құжаттарды пошта арқылы жөнелтуі үшін есеп айырысуға арналған.
Касса – бұл ақша сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жабдықталған бөлме. Операция жүргізілетін уақытта есіктер ішкі жағынан жабылады, сейфтің және темір шкафтың кілттері кассирде сақталады, ал кілттердің көшірмелері мөрленген пакетте кәсіпорын басшысында болады. Қабылданған құндылықтардың сақталуы үшін материалдық толық жауапкершілік көтеретін кассир кассалық операцияларды жүргізеді. Кассирді жүмысқа тағайындау туралы бұйрық шыққаннан кейін басшы оны кассалық операцияларды жүргізу тәртібімен таныстыруға міндетті және толық жеке жауапкершілік жайлы шарт жасасады.
Кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің есеп айырысу шотынан нақты ақшаны сол есеп айырысу шоты ашылған банк мекемесі берген чек кітапшасы арқылы ғана ала алады. Банк мекемесінен нақты ақша алу үшін кәсіпорынның касса қызметкері чек кітапшасындағы парақты толтырады. Бұл чек парағын толтыру барысында чекке банк мекемесінен алынғалы отырған, яғни кәсіпорынның жұмсауға тиісті нақты ақшаларының сомасы және бұл соманың қандай мақсатқа жұмсалатындығы жазылып көрсетілуі тиіс. Толтырылған чекке кәсіпорынның бас бухгалтері және басшысы қол қойып, осы ұйымның мөр таңбасы басылады. Барлық толтыруға тиісті ақпараттар толтырылмағанша, чекке қол қоюға болмайды. Сонымен қатар чекке лауазымды адамдардың, яғни қол қойюға тиісті адамдардың қолы қойылмаса, мөр басуға рұқсат етілмейді.
Кассаға ақша қабылдау кассаның кіріс ордерлері бойынша жүзеге асырылады. Кассир кассалық кіріс ету ордерін толтырып, содан соң оны кассалық кітапқа жазады. Кассаға ақша салған жеке немесе заңды тұлғаларға бас бухгалтер мен кассир қол қойған ақшаны қабылдағаны туралы түбіртек беріледі (квитанция). Нақты ақшаны кассаға қабылдау барысында толтырылатын кассалық кіріс ету ордеріне ұйымның аты, ақша төлеуші заңды немесе жеке тұлғаның аты-жөні, қандай мақсатқа және не үшін ақша төлеп жатқандығы, сол ақшаның төленген уақыты жазылып, кассир мен бас бухгалтердің қолдары қойылуы қажет. Төлемдерге ақшаны қабылдаған кезде кассир «Төлем таңбаларын анықтау тәртібін» басшылыққа алуға міндетті. Кассаға қабылданған теңге сомасы жазумен жазылып, тиын сандармен жазылады.
Кассадан ақша беру кассаның шығыс ордерімен немесе басшы мен бас бухгалтер қол қойған тиісінше рәсімделген төлем тізімдемелерімен ақша беруге жазылған өтінішпен, шоттармен және басқа да құжаттармен рәсімделеді. Егер касса шығыс ордеріне қоса тіркелген құжаттарда субъект басшысының рұқсат берілген қолы болса, ордерге оның қол қоюы міндетті емес. Жекелеген адамға кассаның шығыс ордері бойынша ақша берген кезде кассир алушының төлқұжатын немесе жеке басының куәлігін көрсетуді талап етеді. Оның атауы мен нөмірін, оны кімнің және қашан бергенін ордерде көрсетеді. Алушы касса ордеріне қол қояды және алған сомасын: теңгені – жазумен, тиынды – сандармен көрсетеді.
Кассалық кіріс ету және шығыс ету ордерлері бухгалтерия қызметкерлерімен анық етіп толтырылуы қажет. Бұл өқұжаттарды өзгертуге олардағы олардағы сандармен әріптерді түзетуге, өшіруге ешқандай рұқсат етілмейді.
Касса ордерлері бойынша ақшаны қабылдау мен беру тек олардың рәсімдеген күнінде ғана жүгізіледі. Ордерді алған кассир басшы мен бас бухгалтердің қолдарын; олардың дұрыс рәсімделуін; ордерлерде көрсетілген қосымшалардың болуын тексеруге міндетті. Операциялар жүргізіліп болғаннан кейін ордерге кассир қол қояды, ал оған тіркелген қосымша құжаттарға штамп басылады немесе жазумен: күнін, айы мен жылын көрсете отырып «Алынды» немесе «Төленді» деп белгі соғады.
Касса операцияларының есебі кассалық кітапқа тіркеліп отырылуы тиіс. Бұл кітапты касса қызметкері жүргізеді. Кассалық кітаптың беттері нөмірленіп және оған жіп өткізіліп, кәсіпорын басшысы мен бас бухгалтері қолдарын қойып, куәландыруы керек. Кәсіпорынның кассасына келіп түскен, кірістелген немесе кәсіпорынның кассасынан төленген, яғни шығыс етілген ақшалардың кімнен келіп түскендігін немесе кімге не үшін төленгендігін білу үшін ол операцияларға толтырылған құжаттардың нөмірі және бухгалтерлік жазулар, сонымен қатар кіріске алынған, сондай-ақ шығыс етілген сомалар кассалық кітапқа жазылуы тиіс. Күн сайын кәсіпорынның касса қызметкері кассадағы нақты ақшалардың қалдығын жұмыс күнінің соңында санап және оның сомасын кассалық кітапқа жазады. Бұл кассалық кітаптағы деректерге өзгеріс енгізуге, өшіруге, түзетуге жол берілмейді және касса операциялары мен ондағы жүргізілетін, толтырылатын құжаттардың дұрыстығына ұйымның бас бухгалтері бақылау жасап отыруы керек.
