
- •(Сөзбасы орнына)
- •Абай жолы м.Әуезов
- •Абайдың жұмбағы р.Тоқтаров
- •Абайдан соң к.Оразалинов
- •Азамат Азаматыч б.Майлин
- •Ай қанатты арғымақ
- •С.Елубаев
- •Ж.Аймауытов
- •Ақ Жайық х.Есенжанов
- •Ақсу – жер жаннаты
- •Ж.Нәжімеденов
- •Ә.Нұршайықов
- •Аласапыран м.Мағауин
- •Алатау б.Қыдырбекұлы
- •Алтай ақиықтары м.Разданұлы
- •Аң шадырын оқ табар о.Айтанұлы
- •Асау арна ғ.Сланов
- •Атылған қыз туралы аңыз с.Адамбеков
- •Әділ мен Мария ш.Құдайбердіұлы
- •Қ.Толыбаев
- •Бақытсыз Жамал м.Дулатов
- •Беласқан к.Сегізбай
- •Ботакөз с.Мұқанов
- •Біздің заманның Аязбиі ж.Шаштайұлы
- •Бұлтқа салған ұясын ә.Тарази
- •Даладағы дабыл м.Қаратаев
- •Данышпандық формуласы ш.Әлімбаев
- •Дауылдан кейін ғ.Мұстафин
- •Ө.Қанахин
- •Доктор Дарханов з.Шашкин
- •Дулыға т.Жұртбай
- •Егес а.Жақсыбаев
- •Еділ-Жайық ә.Сарай
- •С.Досанов
- •С.Сматаев
- •Елімайлап өткен өмір х.Оралтай
- •Ескексіз қайық м.Сүндетов
- •Жалын з.Қабдолов
- •Жаман Жәутік е.Домбаев
- •Жаяу Мұса з.Ақышев
- •Жолдастар і.Жансүгіров
- •Жібек жолы д.Досжан
- •Н.Ғабдуллин
- •Заманақыр қ.Сәрсекеев
- •Замана белестері с.Бегалин
- •Келешек кіріспесі т.Тілеуханов
- •Комендант қ.Исабаев
- •Көк бөрілердің көз жасы
- •Қ.Найманбаев
- •Көшпенділер і.Есенберлин
- •Күтумен кешкен ғұмыр б.Нұржекеев
- •Қазақтың Қанышы м.Сәрсеке
- •С.Көбеев
- •Қамар сұлу
- •Ә.Нұрпейісов
- •Қара маржан ш.Мұртазаев
- •С.Бақбергенов
- •Д.Исабеков
- •К.Ахметбеков
- •Қаһарлы күндер т.Ахтанов
- •Құланның ажалы а.Нұрманов
- •Қызылжар м.Дәулетбаев
- •Қызыл жолбарыс ұ.Доспанбетов
- •Т.Жомартбаев
- •Қылмыс қ.Шабданұлы
- •Махамбеттің жебесі ә.Әлімжанов
- •Менің құрдастарым с.Ерубаев
- •Найзағай
- •Оспан батыр с.Әбілқасым
- •От кешу ж.Тілеков
- •Ғ.Мүсірепов
- •Өлгендер қайтып келмейді б.Соқпақбаев
- •Өмірзая
- •Өмір сүргің келсе р.Сейсенбаев
- •Өр Алтай к.Мұқажанұлы
- •Ұрпағың үзілмесін и.Қабышұлы
- •Ұрпақ тағдыры м.Сұлтанияұлы
- •Үркер ә.Кекілбаев
- •Райымбек батыр ж.Тұрлыбаев
- •Сахара қызы
- •Сәрсенбек с.Садуақасұлы
- •Сексен алтыншы жыл б.Тілегенов
- •Сергелдең
- •Сұлтанмахмұт
- •Тар жол, тайғақ кешу с.Сейфуллин
- •Ж.Бектұров
- •А.Байтанаев
- •Ж.Аймұхамбетова Томирис б.Жандарбеков
- •Торғай толғауы. Сарыарқаның сүйіктісі ж.Молдағалиев
- •С.Мыңжасарова
- •Тұрғылас түлектер м.Құлыбекұлы
- •О.Сәрсенбай
- •М.Шындалиева
- •К.Қазыбаев
- •Роман авторлары туралы
- •Мазмұны
От кешу ж.Тілеков
Ұлы Отан соғысының өрті сөнгелі ширек ғасыр уақыт өтті. Бірақ сол бір отты жылдар шежіресі ұмытылмастай болып ел есінде жатталып қалды. Өйткені, соғыс-сын, адамгершілік пен пасықтықтың, ерлік пен ездіктің, қар аралас қан жауса да айнымайтын адал махаббат пен көрсе қызар, серт бұзар, әсіре қызыл әуесқойлықтың шекарасын ашып тастады. Ұлы Отан соғысы жылдарының сұрапыл оқиғалары кейінгі ұрпақтарға сабақ боп қалды. Ақын, жазушыларымыздың Ұлы Отан соғысы тақырыбына жиі-жиі оралатыны да, отты жылдар сәулесі халық есінде сөнбей, жарқырап қала беретіні де сондықтан.
Белгілі халық жазушысы Жәрдем Тілековтың 1969 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан “От кешу” романы да соғыс өрті лапылдап жанған сол бір жылдар оқиғаларын көркем баяндауға арналған. Автор бұрын партия қызметкері, мұғалім болып жұмыс істеген, Ұлы Отан соғысы басталысымен қолына қару алып, фашистермен аяусыз кескілескен Совет Армиясының офицері, Совет Одағының Батыры Тасболат Марқабаевтың өмір жолы арқылы майдан мен тылдың шыншыл суретін салып шығарды. Анығында, адам анадан жол бастайтын батыр, ел бастайтын шешен болып туа бермейді. Ел намысы, Отан мүддесі ердің жігерін қайнатып, күшін тасытады. Бейбіт күнгі тыныш тіршілік адамдары соғыстың өрт-жалыны ішінде жүріп шынығады. Кіші политрук Тасболат Марқабаев жолы осының айғағындай. Ол ауыр жараланып, госпитальда жатқанда да қан-жанына сіңіп, бүкіл болмысын билеп алған соғысты, жауды жайрату тілегін ұмыта алмайды. Оның денесі дәрменсіз, төсек тұтқыны болып жатса да, сана-сезімі арпалыс үстінде жүргендей. Ол кейде “Лепіре, ышқына” сөйлеп:
- “Жігіттер... болат қайнауда, батыр майданда шынығады... Ерлік білекте емес, жүректе... Тайсалмай соқ...”. деп айқайлайды.
Тасболаттың осы сөзі оның майдандағы өсу жолын тап басып айтып тұрғандай. Жазушы оның от пен оқ астында шынығып, елі үшін талай жауды жер жастандырғанын нанымды баяндайды.
Толассыз қауіп-қатер, тыныссыз арпалыс үстінде құрыштай шыныққан ерлік күші ол қапыда жау қолына түсіп, қол бұлғауда, жаны мылтықтың аузында тұрғанда да мұқалмайды. Оның алдында екі-ақ жол – не тізе бүгу, не өлімге бас байлау. “Тізерлеп жүріп күнелткеннен, тік тұрып өлген артық” деп қорытқан Тасболат ажалға тайсалмай қарайды. Оның туған Отанды құлай сүйген шыншыл жүрек сыры, уытты намысы өзінің ата жауы, 1928 жылы конфискеленіп, жер аударылған Қошпанбек байдың баласы, сатқын Байшорамен қақтығыс үстінде де қаһарлы елес береді.
“Ана иттен сұрауға тілі жоқ. Сен де үргеніңмен жаққан бұралқы итсің, бірақ тілің бар ғой, өзің айтшы, тауықтың сыңар аяғы татымды талшық па екен? – деп Байшораның опасыздығын бетіне басады. Тойдыра тамақтандырып, жылы сөйлеп, еркелеткен адамның соңынан еріп үріп кете баратын ит тақылеттес бұралқылығын ашып айтады. Тұтқындағы батыр гестапошы Байшораның таяғынан да тайсалмайды, неміс жендеттерінің ерте ме, кеш пе, желкеден қадағалы тұрған оғынан да жасқанбайды. Романда қас батыр тұлғасы осылай айқын көрінеді.
Соғыс – ерлікпен қоса ептілікті, айланы керек қылатын үлкен өнер. Соғыс сәтіне, жер жағдайына, дұшпанның қимыл-әрекетіне орай ұтымды тәсіл қолданып, өзін, жауынгер жолдастарын оқтан сақтай білмеген, туысқандар қанын мейлінше аз төгіп, жауын жапыра жайратпаған офицер батыр емес. Рота командирі Тасболат та осылай пайымдайды. “Ерлікке де ептілік керек. Соғыс кезіндегі соқыр тәуекел көрге түсіреді, талғамды тәсіл төрге шығарады” – дейді ол жауынгерлермен бір әңгімесінде. Оның сөзі мен ісі деңгейлес шығып отырады. Бұл әсіресе, Тасболат Марқабаев ротасының эссе полкімен шайқасы кезінде айқын көрінеді. Рота сыбдырын білдірмей, сырын алдырмай, нысаналы жерге белгіленген мерзімнен бұрын жетіп келіп тұрады. Батыл барлаушылар жіберіп, жау офицерін қолға түсіреді. Жауды алдастырып, аз күшпен жан-жақтан шабуыл жасайды. Осы ұрыста полковник Галлер де қолға түседі. Марқабаевтың ерлігі мен ептілігі басқа да кескілескен ұрыстар кезінде айқын көрінеді.
Кеңес Армиясы өзінің қасиетті жерін жаудан тазартып, халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен қатар Европа халықтарын құлдықтан құтқаруда шешуші роль атқарды. Кеңес Армиясы мен совет халқының достық, туысқандық көмегіне сүйене отырып, бірсыпыра елдер демократиялық мемлекет орнатты, социалистік даму жолына түсті. Жәрдем Тілеков жаңа романының үшінші бөлімі кеңес Армиясының осы бір аса ізгі миссиясын көркем сипаттауға арналған. Жауынгерлерінің жүрегіне жол тауып, оларды үлкен жеңістерге бастай білген ақылды, соғыс өнеріне жетік, батыр офицер Тасболат Марқабаев енді азат етілген Польшаның бір ауданындағы совет елінің өкілі, комендант-дипломат есебінде көрінеді.
Жазушы совет комендантының шет елде басынан кешірген сан-алуан, қат-қабат оқиғаларының ең маңыздыларын таңдап ала біледі. Екі дүние қақтығысқан кезеңдерде кейіпкерлерін өткір де ұтымды сөйлетеді. Бұл әсіресе, Тасболаттың Кароль Сольскиймен Польша Совет үкіметінің саясаты хақында әңгімесінде айқын аңғарылады. Совет офицері поляк буржуазиясы өкілінің қияңқы сұрақтарына дәлме-дәл және айқын жауап беріп, кәрі түлкінің құйрығын бұрап тастайды. Жазушы осындай әсерлі көріністер арқылы үлкен эрудициялы, парасатты офицер тұлғасын жасайды.
Жазушының көркем шығармада өткендегі тарихи оқиғалардың суретін салып қана қоймай, оны бүгінгі күн талап-талғамы, прогресшіл замана мүддесі тұрғысынан баяндайтыны белгілі. “От кешуді” оқып отырғанда Жәрдем де осы қағиданы мықты ұстанған екен деген ой туады. Қазіргі уақытта Батыстың буржуазияшыл тарихшылары Кеңес елінің гитлершіл Германия мен империалистік Жапонияны талқандаудағы орасан зор ролін кемітіп, көрсетуге тырысып бағуда. Жазушы романда тарихты бұрмалаушыларға суреттеліп отырған оқиға желісіне байланысты, шыншылдықпен тойтарыс береді. Оқушы Халықтық Польша мемлекетін құру жолындағы күрес тарихынан біршама мағлұмат алады.
Саналы, талғампаз оқушы әрбір жаңа кітаптан ең алдымен ой саларлық қызықты оқиғаларды, үлгі-өнеге тұтарлық ізгі қимыл әрекетті іздейді. Жан сүйсіндірер жақсы қылық, сындарлы адамгершілік көріністерін жылы қабылдайды. Әділін айту керек, романда жастарға жақсы әсер етіп, ой саларлық сәтті көріністер молшылық. Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес адамдарының орасан көпшілігі қара бастың қамы дегенді ұмытқандай еді. Олар өзінің бар күш-жігерін майдан мүддесіне жұмсады. Жүрек жеңіс деп соқты. Барлық ынта-тілек жауды біржолата құртуға ауды. Майданнан үйіне аз күнге демалысқа келе жатқан Тасболаттың диверсант бар-ау, деп күдіктеніп, өз үйіне соқпастан алдымен, Мәденнің үйіне баруы жалпы жұртты билеген соң тілек-ниеттің айқын көрінісіндей. Дұрысында майданнан келе жатқан жауынгердің әуелі үйіне барып, күдігін кейін хабарлауына да болатын еді ғой. Бірақ Отанды сүйген жүрек Құмдақта жасырынған жау барын сезіп тыным таппайды. Диверсант Байшораны КГБ қызметкерлері ұстағанын білгеннен кейін ғана көңілі жайланып, сағына күткен әйелі, баласына бет алады.
Жәрдем романының басты геройы Тасболат махаббатқа адалдығы, парасатты ерге лайық ұстамдылығымен танылады. “Дөңгелек жүзді бозғыл өң, иығына төгіле түскен қоңыр шашты, құмар көз қыз” – тілмаш Альбина “арманын” аңғартып, анда-санда бір күрсініп қойып қасында жүр. Күн нұры түсіп ашылған гүл құбыла құлпырып, құштарлық құшағын жайғандай. Тасболат Альбинаның өзіне алаңсыз ауған көңілін қарындастың ағаны сыйлап, қадірлегені, деп түсінеді. Офицердің осы парасаттылығы оқушы ойында да оған үлкен бір құрмет, ізгі сезім туғызады.
Романдағы басқа да жағымды геройлар – Ғалия, Лось, Шойке бейнелері де біршама тәуір шыққан. Бұлар өздерінің бірбеткейлігі, Отан мақсатына адалдығы, сол жолға сіңірген әрқилы еңбектерімен оқушы есінде қалады.
Жәрдем “От кешуде” жағымсыз кейіпкерлер бейнесін де біршама жақсы мүсіндегені шығарманың өн бойында аңғарылып отырады. Сатқын қашан да сатқын. Оның жау да адам санатына алмайды. Менсінбей, кекете, жиіркене қарап, реті келген сәтте қорлауға дайын тұрады. Мына бір эпизод соның айғағындай, “Фрау конфетті өз аузына басып жіберіп, жалма-жан піскен тауықтың бір аяғын итке тістетті де, екінші аяғын Байшораға ұстатты”, Фрау сыпайы көрінуге тырысып бағатын адам. Ол ешкімнің де айыбын бетіне басып, пәлен-пахуансың деп жатпайды. Бірақ осы бір аңдаусыз, бейкүнәдай қылығының өзі-ақ Байшораны қалай бағалайтынын айтып тұрғандай.
“От кешу” романында оқушы ойын сирек те болса сүріндіретін ой-шұқыр, шоқалақ та, көңілге бірден қона қоймайтын күмәнді жайлар да баршылық.
Сондай-ақ романда басы артық қауқарсыз сөздердің, сылбыр сөйлемдердің кездесіп қалатыны да өкінішті-ақ.
Дегенмен бірді-екілі кем-кетіктер жақсы шығармаға үлкен дақ түсіре алмайды. Біздіңше, “От кешудің” басты құндылығы тәрбиелік әсерінде. Кітап жақсы туындылар қатарынан лайықты орын алады.
С.Әсіпов
Отырар ойраны
Х.Әдібаев
Хасен Әдібаевтың Отырар жайындағы жаңа романы өткен жылы оқырман жұртшылықтың қолына тиді. Мұнда Отырардың қазақ халқы өміріндегі алар орны, рухани-мәдени бел-белестері, озық елдермен иық таластырар тарихи-әлеуметтік мән, маңызы турасында баяндалады. Өткен өмірдің өшпес іздерін жұртшылық сарабына салған бұл тарихи хикаяда Отырарға Шыңғыс ханның шабуыл жасаған кезі оқиғаның негізгі өзегі етіп алынған.
Жазушы тарихи материалдарды екшеп, саралай пайдаланып, сол шындықты кейіпкерлердің іс-қимыл, психологиясы арқылы бейнелейді. Сондай тарихи тұлғаның бірі – Қайыр хан. Автор бұл образды жеке дара суреттеп, я болмаса батырлық тұлғасы мен ерлік ісін оқшау сөз етпейді. Романдағы Қайыр ханның Отырар тағдыры мен тыныс-тіршілігі бірге өріледі. Қайыр хан образының жағымды сипатқа ие болу сырларының бірі – көп мүддесін ойлап күңіренетіні, келер ұрпақ екіншісіндегі Отырардың рухани орнын жан-жүрегімен сезініп, соны келер ұрпаққа аман-есен табыс етуді көздейтіні. Қайыр хан көңілдегі көрікті ойын әр кез өз қарамағындағы қарапайым халық өкілдеріне түсіндіріп, олардың талқысына салады. Ұлы мақсат, үлкен міндеттер жолында күреседі.
Отырарға Шыңғыс хан бастаған қалың қол әлденеше рет шабуыл жасап, қаралы күн, қайғылы сәтке душар еткенде де адамгершілік асыл қасиетті алдыңғы кезекке қояды. Өмір мен өлім арасында тұрып: “Отырарлықтар өлсе де, сатылмай өледі. Ақ өлімі аңызға айналады. Біз сонда теңесеміз! Өзгеге әлің жетсе де, өлім мен еліме әлің келмейді!” – деп қайсар мінез танытады. Туған жерін құрмет тұтып, болашақ ұрпақтың жарқын өмірін ойлайды. Жоғарыда келтірілген үзіндіден-ақ қаһарманның бет-бейнесі, болмыс-бітімі анық байқалады. Автор бас кейіпкері Қайыр хан басындағы күйді, бойындағы жігер-күшті осылай ақиқат алдында, ар-ождан биігінде көрсеткен. Жалпы, Қайыр хан бейнесі аталмыш романның сәтті табысы, көркемдік ізденіс жемісі.
Шығарма шынайылығы автор шеберлігіне тікелей байланысты. Тақырыпты терең меңгеріп, кейіпкер характерін нанымды ашу осы қағида аясында оңды шешімін тапқан. Қайыр хан бейнесінің толымды көрінуіне романдағы басқа да кейіпкерлер белгілі бір мөлшерде әсер еткені даусыз. Осы тұста романда басы артық образ, көзге оғаш көрінер әрекеттің сирек екенін еске аламыз. Әрбір кейіпкердің атқарар өз міндеті бар, әрі нанымды берілген.
Қайыр ханның дем берушісі, тұйыққа тірелгенде ақыл сұрар адамы – Қадыр үлем. Аса қиын сәтте “... ел басына екі талай күн туды, ер парызы – ел қорғау емес пе?! Қас дұшпанның табанында құлдық еткеннен ақ өлім артық емес пе?” - деп ел-жұртты жауға қарсы күреске шақырған Қадыр үлем - өмір тәжірибесі мол, ой-пікірі орнықты, әрі Отырар кітапханасынан еркін сусындаған білімдар жан, Әбу Насыр рухын қатты қадірлеуші, одан қалған әдеби-мәдени рухани байлықтың шынайы жанашыры. Соны халыққа жеткізіп, өткеннің шежіресінен бүгінгі күннің де өзекті проблемаларын тауып, алға тарта білетін көзі ашық, көңілі ояу адам. Ол Әбу Насырдың әлемнің әр түкпірінен, соның ішінде Мағраб пен Мысырды, Шам мен Румды шарлап, жиған қымбат қазынасы – кітап мұхитынан терең ой, сырлы қасиет ұғынады. “Ақ қағазға жазылған ақиқат мәңгі. Кім би болып, кім әкім болмайды? Бұл күнде олардың заты түгіл, аты марқұм, ал әл-Фараби бүкіл елдің ұранына айналды. Иә, ақ қағазға түскен ақиқат мәңгі, ақиқатты айта алған парасат иесі – мәңгі”. Бұл Қадыр үлемнің өмір нәрі – кітаптардан араб, қыпшақ, ұйғыр тілдерінде жазылған нұсқаларымен танысқан соң түйген ой тұжырымы. Асылы, Қадыр үлем – ақыл-ойдың, биік парасаттың иесі ретінде жұртшылық жүрегінде жылы әсер қалдырады.
Ал көркіне ақылы сай Гауһар, өмірден көргені мол Боздақ жырау, жігерлі Рүстем, балуан Жәнібек пен найзалы Қасымның жауға деген өшпенділіктері, ел қорғаудағы батырлық үлгі-өнегесі оқушы үшін ғибрат аларлық деңгейде көрінген. Туған жерді қорғау, оны жауға таптатпау жолындағы әділет күресінде бұл бейнелер әрекет үстінде шыңдалып, толыса түседі. Әсіресе, Гауһар мен Боздақ жырау, Рүстем бейнелері жан-дүние болмысымен, түсінік-қабілетімен көрінген. Бүгінгі күнге бір табан жақын тұрған тұлғалар. Сондықтан да бүгінгі оқушы олардың бойындағы елдік пен ерлік, мәрттік пен қарапайымдылық қасиеттерін үлгі тұтып, рухани есейеді. Мәселен, Боздақ жырау бейнесі арқылы өткен өмір мен келер күн көкжиегі алма-кезек беріліп отырса, Құсайын образынан қарапайым еңбек адамының жиынтық үлгісін көреміз. Боздақ жырау ескінің көзі, өмір-тарихтың өзі, Әбу Насырдың тірі рухы болса, Құсайын ұста Отырардың қыр-сырын жетік білетін, қолынан өнер-мұра қалдырып, көкірегінен ізгілік нұрын сепкен сегіз қырлы бір сырлы жан. Қысқасы, ұнамды кейіпкерлер – қоғамдық ой-пікірді жақтаған, адамдық, адамгершілік ізгі қасиеттерге толы мінез категорияларымен ерекшеленеді.
Романда Шыңғыс хан жер теңселткен түмендерімен орданы арандатушы ғана емес, алды-артына ойлы көзбен қарайтын адам. Романда Шыңғыс хан суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін, немесе екі сөйлеп, бармақ тістейтін кейіпкер болмысынан емес. Жазушы басты кейіпкерлері Шыңғыс хан мен оның балаларының өмір сүрген ортасы, мекен-жай географиясымен телқабыс бейнелейді. Бұл деректер, негізінен, қалың жұртшылыққа белгілі. Дүние жүзілік әдебиет тарихының тұтас бір тарауы Шыңғыс, оның жорығын көрсетуге арналғанын айтсақ та жеткілікті. Осы реттен алғанда, Отырар тарихы, оған басып кіріп, өз үстемділігін жүргізбек болған Шыңғыс хан түмендерінің өмір-тірлік көріністері романда біршама көрініс тапқан. Алайда, романдағы Шыңғыс хан бейнесі тарихтағы Шыңғыс хан образымен сырттай ұқсас белгілері болғанымен, өмір болашақ мұраттарын ойлау тұрғысынан алғанда, Қайыр хан бейнесінен бір саты төмен тұр.
Романда суреттелінетін кезең бейнесі мен кейіпкерге деген авторлық позиция айқын. Мұның өзі шығарма композициясын жинақы құруға, суреттеу құралдарын жеткілікті пайдалануға септігін тигізген. Шығармадағы халықтық шежіре, аңыздар мен этнографиялық сурет-нақыштар орынды кіріскен.
Роман кемшіліксіз де емес. Оның бірі – Отырарды Шыңғыс хан түмендерімен қоршап алғаннан кейінгі Қайыр ханның ішкі жан-дүние әлемі, кейіпкерлердің іс-қимылы психологиялық тұрғыдан терең ашылмағаны дер едік. Осы тұста қаһарманның әрқайсысы сырттай күйгелектік көріністен арылып, іс-әрекеттің адамы дәрежесіне көтерілу қажет еді. Сондай-ақ, Гауһардың өмірге деген құштарлығы солғын, сенімсіз шыққан дейміз. Қасым мен Жәнібектің, Тарханбектің рухани есеюлері де жасы мен ісіне сәйкес келмегендіктен, мінез-құлықтарында жасандылық бар. Романның композициялық құрылысында да біркелкілік байқалмайды. Сюжеттің шымыр құрылып, кейіпкердің кесек бітімін жасау орнына халықтық аңыздарды баяндау басым.
Сондай-ақ, әрбір тарихи шығарма сол кезеңдегі оқиғалардан туындайтын өзіндік тұжырым түюі тиіс. Отырар туралы дүние жүзі әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де аз жазылған жоқ. Жазушы сол белгілі тақырыпты қайта жаңғыртқанда, оқырманға қандай жаңалық, тың тұжырым ұсынып отыр? Шыңғыс хан мен Қайыр ханның арпалысы, арбасуы бұрын да айтылған. Тек Отырар кітапханасының жасырылуы ғана елең еткізерлік тұс. Шығарманың дербестігі қандай жолмен дараланады? Бұл мәселе сол шешілмеген күйінде қалған. Жазу мәнері, оқиға құруы, психологиялық иірімдері өзге болғанымен, жалпы тарихи трактовкаларында ілгерідегі ізді қайталаушылық бар. Үлкен мін осы.
Тұтастай алғанда, “Отырар ойраны” – жұртшылықтың рухани сұранысынан туған, тарих тағылымы мен өмір шындығын белгілі дәрежеде өрнектеп, көрсете алған керекті кітап деген пікірдеміз.
Р.Тұрысбеков
Оянған өлке