Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Р.Нұрғали- книга 100 роман 7 қазына.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2.21 Mб
Скачать

Ай қанатты арғымақ

Р.Нұрғали

“Ай қанатты арғымақ” романы нақақтан жала жабылып “халық жауы” атанған арда азамат, қазақ театрының тұңғыш режиссері Жұмат Шанин тағдыры мен ол өмір сүрген қоғамды, зымиян заманды, соған сай Сәлімрахман секілді сиықсыздарды суреттейді.

Жеке басының жемсауы үшін халқы тұрмақ қарындасын да қанға қиюға бар қазақ оқығаны Бақтияр мен өз мүддесі үшін Отанын да оққа байлайтын ойсыз Сәлімрахмандардың сатқындығынан қазақ халқының қан жұтып, жапа шеккені, шым-шымдап иіріміне үйіреді.

Жазушы сталиндік зұлмат заманның зардабын осылардай іштен шалатын шалағай індеттерден іздейді. Және оның жауабын да нақты кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы айқындайды. Оны колхозға “бірігуден бас тартып, шоқпар көтеріп, мылтық атқандарға қосылып, шекрадан арғы бетке өтіп кетпек болып, қашып бара жатқанда” шайқаста мерт болған үлкен әкесі сексендегі Дәулет қажы мен, өз әкесі алпыстағы Несіпбайға көңіл айта барған Жұматқа жастайынан бірге өскен досы Бақтиярдың “екі көзі шатынап”: - Иман? Қайдағы иман оларға. Топырақ? Бұйырған жоқ топырақ оларға”, - деген зілді, суық та сұмдық көзқарасынан да байымдауға болады.

Алақанына салып аялап өсірген атасы мен туған әкесінен мансабын биік бағалайтын Бақтиярлардың әр замандарда да болатынын, бұлардан бауырмалдық, рахымшылық күтудің артықтығы астарланады.

Романның бас кейіпкерлерінің бірі – Бақтиярдың бұл мінезін сол кездегі уақыт, заман салымына сайсақ та, оның бала шағынан бірге өскен досы Жұматқа бұлай жауап қайыруы, ішкі әлемін, түпкі таным-табиғатын таразылайды.

Жазушыға жанрдың жапырағын жайқалтып, кеңістігін кеңейтуге, кейіпкерлердің ішкі әлемін байытып, кескінін көркейтуге, өмір шындығының шынайы сипат алуына тағы да Жұмат Шанин жайлы зерттеу еңбегінің ерекше септігі сезіледі. Жұматтың өмірдегі, өнердегі ой арманы, араласқан адамдары, басынан кешкен тағдыр тауқыметі көркем шығармаға да көшіп қонғандай...

Ең бастысы – автор негізгі қаһарманына қатысты кітаптың кілтін тапқан. Жұматтың балалық шағынан бастап, өскен ортасы, солдат болып сандалып, қара жұмысқа жегіліп, қан жұтуы, қайтып келіп жауапты қызметтер атқаруы, соңыра қазақ өнерінің қара шаңырағын құрып, театр өнерін өркендетуі нақты деректер негізінде роман рухына қан құяды.

Әрбір оқиғаға, кейіпкерге, уақыт, қоғам қағидаларына қанық жазушы шығармасына шырай үстеуге шебер. “Адасқан күшік секілді ұлып жұртқа қайтқан ойды” ғалым Нұрғали зерттеу дүниелерінде қалай тоқытса, жазушы Рымғали да көркем туындысында солай сыйдыра алады. Және өзіне өміріндей ыстық, етене кейіпкерлерінің қадыр-қасиетін, қай жерде қалай сөйлеп, қимыл әрекеттерге баратынын әбден біледі. Сондықтан да қарапайым тіршілік қанға тарап, туынды табиғаты тонның ішкі бауындай жарасып, жанды баурайды.

Орыс патшасына солдатқа алынып, қара жұмыстың қамытын киген қамырықты қиын күндерін “көрлақатта” бірге өткерген Жұмат, Тастан, Сәлімрахман өмірден көк жөтелдің қысымымен қыршын кеткен Ғазиз бейнелері оқырманды бейтарап қалдырмайды.

Қай-қайсысының да өз табиғатына тән ішкі ой, арманы, болмысы бар. Әсіресе, Ғазиз өмірі өкінішті... Небәрі он алты жастағы өнерпаз жігіттің аянышты өлімінен орыс патшалығының оспадарлығы туралы ой қылаңытады. “Қайран өнері өзімен бірге өлді. Ұрпағың бордай тозып, күл боп ұшқыр қу патша лағнат саған, лағнат”, - дейді кітап кейіпкерінің бірі.

Жұматқа томпайған жас қабірден атып шығып, Ғазиз айқайлап тұрғандай көрінді: “Ағатай-ау, мені тастап кеткенің бе? Тым болмаса домбырамды тастамашы. Домбырамды...”. Өзіміз өлсек те өнеріміз өшпесінші дегендей тілек толқиды. Осы ой роман рухының тіршілік тамыры тәрізді. Жұмат жүрегімен тел тыныстайды.

Жалпы кейіпкер кеспірі арқылы қоғамның, ұлттың, уақыттың аясын астарлау, романның жемісті желілерінің бірі. Мұны орыс патшасының қолшоқпар құлы Холоповқа, “сырықтай ұзын офицерге”, латыш азаматы Балташас, Арманд Вилисовичке байланысты байытуға болады.

Холопов... – Тарғақбет. “Бетінің әр жерін біреу қаламмен ойнап отырып түртіп-түртіп жібергендей, қаптаған ноқаттары бар. Жігіттер алғаш көргенде-ақ оның шенін де, атын да, фамилиясын да лақтырып тастап, Тарғақбет қойып алған. Бөгде жұрттар саналып, окоп, траншея, түрлі қорғаныс, бөгет салу жұмыстарына жегілген” қазақ жігіттеріне қаны қас.

Сырықтай ұзын офицердің де сықпыты сондай: “Сен бұралқы неме мазақ қылмақсың ғой? Табанда атып тастайын ба? Кім сұрар екен сенің құныңды! Жабайы қырғыз. Қара мұны, орыс армиясы үшін окоп қазғаныңды сен неге бақыт санамайсың өзіңе! Даланың босқыны! – дейді Жұматқа.

Ал, латыш жігіті Балташас болса қазақ жігіттерінің ауыр жағдайына аянышпен қарайды. Аспазшы жігіт қолдан келген көмегін аямауға әзір. Қазақтармен қоян-қолтық араласып, ағайындасып кетеді. Әсіресе Жұматқа жаны мейір. Сөйлесе, сырласа келе байырдан білетін жандай бауыр басып алады.

“Бізге жақсылықтан басқа ойлайтыны жоқ бұл азаматтың” – дейді Жұмат. Аты-жөнін естігендер: “Ойбай-ау, өзіміздің жігіт екен ғой. Балташы – ұлы әкесі, Біліс - өз әкесі, аты Арман, сонда бұл ұзынтұраның қазақ болмағанда несі қалды, Жұмеке, руын айтып жіберсеңіз енді” – деп жымиып, жылы қабылдаған жігіттер мен латыш азаматының бұдан кейінгі өмір тағдыры бір қазанда қайнайды. Қазақтардан құшақ жазбаған Балташас та басын бәйгеге тігіп, қиындық пен қорлықты бірге бөліседі.

Бұл арқылы да көркем шығарманың шым-шымдап санаға салар салмағы, айтары, алға тартары аңғарылады. Ұр да жық, ожар орыс офицері мен құл мінез, қара ниет Холопов – Тарғақбеттің топас түйсігі қазақ халқына деген орыс патшалығының қарау көзқарасы. Мұндай мұндарлықтан кейбір шовинистік пиғылдағы парықсыздардың әлі де арыла қоймағаны анық. Оны жасырып, өтірік көлгірсуден көсегіміз көгере қоймас.

Бұған дейін де қазақ әдебиетінде жазылған жуан қарын романдарда орыс кейіпкерлеріне жөнді-жосықсыз жастық төселіп, жасанды қаһармандардың қатары көбейгені мәлім. Рас, олардың ішінде де аракідік адал азаматтардың болғанын, базбір туындылардан табиғи түзілім тапқанын айту парыз. Дегенмен көп шығармаларда шалағай кейіпте, мақсатты түрде балапандай балағандары да жасырын емес. Мұны кеңестік дәуірдің саясаты мен салтанатына сайсақ, Рымғали Нұрғалиұлының бұл романы да сол “жылымық” жылдардың жемісі. Бірақ білікті жазушы жасандылыққа жол бермейді, жалтақтыққа да жүген салдырмайды.

Бұл сипат жетпіске келсе де жігері қайтпаған көзі қарақты ақылды, ақынжанды Дәрібай мен іші қанжылап, ата-мекенін қимай арғы бетке ауып бара жатқан жалғыз ұлы Арыстанға қатысты тұстарда тереңдеп, мол мағыналы мазмұнға иек артады. Жазушының да жаны толқып, бауыры жазылып, кейіпкерлерінің көз жасындай қимас сезімдерін тебірене толғайды.

Көптеген көркем шығармаларда кеңес өкіметі орнап, большевиктердің билік басына келуіне байланысты олардың кейбір өктем, содыр саясатына көңлі толмаған, орынсыз, зәбір, жапа көрген жандардың қарсылығын басбұзарлыққа, бұзықтыққа балап, қашқын, сатқын ретінде сүмірейте суреттелгені мәлім. Тіпті науқандық нәубет тәрізді біржақты, топырлата, тоғыта жазылып жазғырғаны да жасырын емес. Бірақ, шындығында солай ма еді?

Міне, “Ай қанатты арғымақ” романы бұл сауалға да жауап іздейді. Талтүсте туған жерге, туған тілге, тума ділге тарпа бас салған бассыздықтарға жаны төзбей, амалсыз арғы бетке өтуге бел байлаған Арыстанды кеңес өкіметінің өлшеміндегі “қанды қол қарақшыға, қашқынға” қимайсыз. Қайта тілектестік, ниеттестік бейіл билейді. Бұл да орайын тауып, орнымен, себебіне сендіре отырып, нәзік астармен абайлап, айта білген қаламгер білігінің бір белгісі. Автор ұрымтал тұсты ұтымды айтудың, айыпқа алдырмайтындай амалын тапқан.

Ол әке мен бала арасындағы теке-тірес. Бірі - әкесі ата мекенді, жаңа өкіметті жаны езіле жақсы көрмесе де, жақтайды. Көпті көрген көзі ашық Дәрібай ұлының ішкі жан толқынысын түсінсе де, кеңес өкіметінің ұзын құрығынан қаймығады. Жалғызын жоғалтқысы келмейді. Әліптің артын бағуды байқастайды.

Мұнда өзге шығармаларда суреттелетіндей бай-құлақ құйыршықтары да көп көрініс бермейді. Және олардан жасқанып, жаны үшін амалсыз кетіп бара жатқан Арыстан жоқ. Арыстан арманы асқақ. Жағымсыз кейіпкер ретінде аталатын Жадай тобына қосылуы да оның қоянжүректігінен емес, “Құлақ кескен құл” болып жүргенше, айдалада тентіреп жүрген ұл болуды” қолайлы көреді.

Сендерді желіктіріп, құтыртып, атқа қондырып жүрген кім? Қай түрлен түртті”, - деген әке сауалына: “Зорлыққа шыдамай атқа міндік. Кешегі ата-бабамның қыстауына басқаның келгенін, кешегі өз жайлауыма бөтеннің қонғанын көріп отыра алмаймын. Ішім өртеніп, жаным күйіп бара жатыр. Шыдай алмай бұлқындым. Іштегі дерт өлтірер болды. Қосылдым содан кейін қашқан босқындарға. Арғы бетке кетеміз”, - дейді асыл ұл.

Бұл тұста қаламгерді құрдымнан құтқарып тұрған бір бейне бар. Ол Дәрібай. Өйткені жазушы оны: “Қазіргі ұран теңдіктің, бостандықтың ұраны. Әділет, тазалық, пәктік, байрағы желбіресін деп жатыр. Бай мен кедей, жақсы мен жаман теңелмек, міне, балам ертеңгі келешек, - деп тебірентеді. “Сәбетке” сенімді көрсетеді.

Сөйтеді де: “Пәлі аға. Қарашы жан-жағыңа. Қасқыр мен түлкі, арыстан мен қоян, бәйтерек пен итсигек – олар да табиғатта тең тұрған жоқ. Бәрінің тегі бөлек, жөні басқа, тіршілігі әрқилы” – деп Арыстан пайымы арқылы ақиқатқа астар салады.

Бұл да жазушы Рағамның жаңа қыры. Кейіпкер толғанысы арқылы толғақты, ащы шындықты айта білу артықшылығы. Ал, жазушы үшін жалын сипата бермейтін бұл сипат Рымғали Нұрғалидың прозалық дүниелерінен осылай сиымды сөз береді. Әрине көркем туындының табиғаты тек кейіпкер шынайылықтарымен ғана шектелмейтіні шындық. Оның керегесін кеңейтіп, кемелін өркендететін өзге де бай болмыстары бар. Роман рухын көтеретін көркемдік кестелердің тылсымы – оның тұтас тағдырымен табиғи жұлындасып жатады. Әрине мұның бәрі де ең алдымен жазушының өмірді, өнерді тану талантымен тағдырлас.

“Ай қанатты арғымақ” романындағы осындай оқшау игіліктің бірі – шығарманың аты мен затына сай сұлу суреттелуі. Арғымақ ат пен адам арасындағы ара-салмақтың сараланып, ой көздеріне оқпан болуы – көркем дүниенің көркін үстеген. Жазушының жылқы әлемін жетік білуі, тұлпарлар тағдырын танып, шебер де шынайы бейнеленуі – шығармаға болмысты бояу сыйлайды.

Қазір қала тұрмақ, дала өңірінің өзінде жоқтың қасылық жағдайға душар болған жылқы жағдайы, атбегілік өнер, шашасына шаң жұқпайтын жүйріктерге алдын-ала сәуегейлік айтып, құмалақ тартып, баға беретін білікті сыншылар, бапкерлер, бәйге, атшабыстар “ай қанатты арғымақ” романының тағы бір тың табысы десек артық бағалау болмас. Ұлтымыздың ұмыт қала бастаған дәстүрлік қағидалары да қанат жайып, “Табаны қызса тай озар, арқасы қызса ат озар, тегіне тартса, тұлпар озар тәрізді” байламдар билік құрып, “Төртеулеп жүріп, Көкқасқаға тамыр шөп жегізіп, ақ биенің сүтін ішкізіп, тас бұлауға түсіріп жаратты”, “Қаншырдай қатқан, мейіздей кепкен жүйріктер оқ жыландай сусылдап ойқастап жүр” секілді сәулелі сипаттар сыр тиегін ағытып, суретті бейнелердің бесігі тербеледі.

Бала шағынан жылқы арасында, желідегі құлынмен жараса өсіп, жүйрік мініп, желдей ескен, арғымақ танып алысты аңсаған болашақ қаламгердің аттың ащы теріне телілік жасамай, алашапқын екпініне еліріп, есі кетпей, жүйрік пен жабының екі дай ерекшелігін екшеп, атадан көрген атбегілік көрегендігін көкірек-көзіне ұйытып, жан дүниесіне жинай білген жастың жазушылық қаламы жылқы, жүйрік жайын суреттегенде суырыла шауып, шабыттың шалқұйрығы бірден бауырын жазып, көмбеге көсіле тартады.

Мұндай мазмұн әсіресе Көкқасқаға қатысты толғаныста шығарманың ширауын шешімдеп, болмысын байытады. Автордың оны Көкқасқамен үзеңгі қағысып, аламан шабыста итжығыс келе жатқан Сүйрікқара сезімі арқылы суреттеуі де табылған тәсіл.

Шіркін-ай қазіргі шалымы мынау, менің жасымда қалай сілтеді екен. Сүйрікқараның өзі онға келген, оймақтай жері қалмай толған. Құлынында лақша секіріп жүрді, басқалардай тамағының асты іріңдеп, сақау шыққан жоқ. Байқап келеді, Көкқасқа мұның ғұмырын екі рет жасаған, кем салғанда жиырмада. Тектісін-ай сабаздың, өзгелер бұл тұста тарлан тартып, бозарып жүнжіп кетеді, тізеден-тізе қалмай мүжіліп, сарқайраққа айналады, көзі былшықтанып көрмейді. Ботакөз жылқының бәрі” жүйрік, қырғый көз жылқының бірі жүйрік деуші еді. Сол “мыңнан бір шығатын қырғый көз осы болмасын”.

Бұл бәйгенің бел қапталында келе жатқан Сүйрікқараның Көкқасқаға көңіл аударуы. Айтулы жүйріктің жан алаңы арқылы автор Көкқасқа жүйріктің биігін белгілейді. Халықтық тіл құнары қарапайым да, қымбат, бай болмысымен баурап, жазушының жіті, жинақы желідегі ой ағыны әсерлі әлдиге бөлейді. Басы артық, аспа-төкпе, артық бояулардан бойын аулақ ұстайтын ұстамды суреткердің шығармасы шынайы, кейіпкерлері де кесек, жаныңа жақын тұрады.

Жарын мезгілсіз жоғалтып, жанын мұң меңдесе де, күйеуінің аруағына арнап ас тартып, қымыз құйып, ақ дастарханын жайған Ақтамақ, қолы ашық, көңілі пәк, жұртқа тек жақсылығын ғана жалау еткен шежіреші, шынайы жүрек Құдайберген, Жұматпен тағдырдың тас шеңгелінде, көрлақатта, оспадар орыс патшалығының боданында, қайла ұстап, қара жұмыста ең қымбат та қимас күндерін бірге өткізген адал, ақкөңіл Тастан, қатарынан үш бірдей құлынынан қол үзіп, қайғы жұтып, қара жамылса да, жары Жұматтың жанын ұғатын, ішкі әлеуметтік жағдайды барлап, бағалай білетін Жанбике романның рухын ұстап тұрған ұтымды бейнелер.

Ал, бұған қазақ өнерінің қайта оралмас біртуар тұлғаларын қоссақ, нақты өмір шындығынан туған туындының абыройы аспандай түсері анық. Сұлу өнерлеріне сырттай қанық оқырман, олардың өмірімен қоян-қолтық қауышып, тірідегі ірі іс-әрекеттеріне қызық та қиын, әрі күрделі тағдырларына куә болады.

Қазақ театр өнерінің қарлығаштары, аттары аңызға айналған Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов тәрізді біртуар таланттардың тар жол, тайғақ кешулі өмір-өнерлері романда нақты өмірлік сипатта суреттеледі.

Бұл тұста да жазушының зерттеушілік танымдылығы мен табандылығы тағы да көмекке келіп, көркем дүниенің жапырағын жайқалтып, құнарын молайтады. Тағдырлы кейіпкерлердің әрқайсысы бір-бір театрға тұрарлық табиғаты талантты туынды арқылы оқырманға ой салады. Жазушы олардың күнделікті ішкі қыр-сырын, дара туған тумысын таратып, тәптіштеп жатпайды. Таланттар табиғатындағы құлыпты құпиялардың кілтін мегзейді. Найзағайдай жарқ етіп жоқ болатын жалқы сәттік сәуледен із көрерлік ишарат жасайды.

Мұның бәрін жазушы текті таланттардың кұнделікті қарапайым өмірінен өріп, репетиция, гастрольдік сапарлар сәттерінен саралап, сәулелендіріп отырады.

Жазушының тілі шұрайлы, халықтық бояуларға қанық. Өмірді көре білуі, тіршілікті тануы табиғи. Оны Алтай өңірі мен Семейдің сұлу даласын суреттеу айшықтары анық аңғартады. Әсіресе жазушы Қоянды жәрмеңкесінен қол беріп тұрғандай көрінеді. Уақыт, дәуір сол қалпында, айна-қатесіз кітапқа көшіп-қонған. Бұл да Рымғали Нұрғалидің өмір шындығын өнер шындығына айналдыра алған роман жанрындағы жемісі.

Ә.Бейсебаев

Ақан сері

С.Жүнісов

“Ақан сері” романында Ақан Абай сияқты өмірге көзқарасы жаңа қалыптаса бастаған кезден емес, аз да болса, өмірдегі теңсіздік мәселесін аңғарып қалған күйде жүздеседі оқырманға. Әрине, екінші кітаптағыдай басына түскен ауыртпалықтан қысым көрген Ақан есейіп, өмірге көзқарасы байып, үлкен күреске әлі шыға қойған жоқ. Патша мұрагері – Цариевичке қазақ халқы атынан үлкен шағым айтатын дәрежеге ол әлі жеткен жоқ. Ақан - әдемілікке, әсемдікке ғашық, өмірдегі сұлулыққа, өнердегі пәк тазалыққа ғашық. Халқы оны сері атандырған.

Жалпы алғанда, шығармашылық адамдарында өзгеше бір ерекшелік бар: олар да өзге пенде сияқты кәдімгідей өмір сүреді, ал қиялдарында олар бейне екінші, басқа бір әлемнің адамдары сияқты күн кешеді. Ақын - өнер адамы. Ол өзін күнделікті күйкі тұрмыс-тіршіліктен аулақ, кербез, сырдаң ұстайды, өмірден сұлулық іздейді, әдемі өрнек, сымбаттылық көрсе, өмірдегі жоғалтқан жоғын тапқандай, балаша қуанады.

“Ақан сері” романында да демократтық көзқарастағы, жаны сұлулыққа ғашық, ізгі жүректі орыс әйелі Анна Ивановна – уезд начальнигі Измайловтың әйелі. Орыс жұртынан ең алғашқы боп, Ақандай ардагер ақынның өнеріне табынып, жалпы, қазақ өнеріне (әншілік өнеріне) тәнті болған да осы Анна Ивановна. Осынау орыс әйелінің мына бір сөзінен Ақанның жан дүниесіне үңіліп, оның қандай адам екенін болжауға болады. Анна Ивановнаның Ақанмен Сағынай асы кезіндегі серуен тұсында әңгімелесуі бас қаһарманның образын айқын ашып тұр.

“Өз басым композитор, ақын атаулы мұңсыз болады деп ойлаймын. Жаны нәзік жанның сезімі өрмекшінің өрмегіндей болмашы желдің өзін тез аңғарғыш қой. Мен де сіздің жаныңызды тереңірек түсінсем бе деймін” (“Ақан сері”, 313-б.).

Тарихтан білеміз, халық сөзін сөйлеген, халыққа бір табан жақын тұратын Ақан, Жаяу Мұса, Мәди сияқты өнер адамдары зұлмат заманда өктем күш иелерінен озбырлық көрді. Олай болуы заңды да еді. “Имеген иттерге бас сері, дархан” деп ақын жырлағандай, олар болыс-би, атқамінер байлардың шашбауын көтеріп өлең айтқан жоқ. Керісінше, сол озбырлардың халыққа істеп отырған қылығын аяусыз беттеріне басты.

Ақанда сұлу сөз, сырлы да әсем ән көп. “От тілді, орақ ауызды” ақын зұлмат заманның шүйделі мықтыларына өткір сөзі, удай ащы тілімен тойтарыс беріп, бүкіл жұртты аузына қаратады. Ал Мәдиде сөзден гөрі іс басым, әрекет басым. Туған өлкесінің халқы аштыққа ұшырап, қырылу қаупі туғанда Мәди еш ойланбастан халқын аштықтан құтқару қамына кірісіп кетеді. Жас кезінде сүйгенінен айырып, жас жүрегіне жазылмас қаяу салған Түнекбай, Төкеш шонжарлардың жылқысын шауып алып, Шомбал сияқты алпауыттан кек алады. Сонау жас кезінде жүрегіне түскен әділетсіздік жарасы Мәдиді үлкен күрестерге аттандырады.

“Ақан серінің” бірінші кітабында айтылғандай, Сырымбет саласындағы, Қаратал қойнауындағы, Ереймен баурайындағы сері басына түскен үш соққы жеңіл теперіш емес. Жаны нәзік, табиғатынан сезімтал, кірпияз, сұлу жанды Ақанға тағдыр Сырымбет саласында аяулы да адал махаббаты Ақтоқтыдан айырылу сыйын әзірледі. Әлібектің Қарабедеуімен Ақтоқтысын алып қашқан Ақан қолға түскен. Кеше ғана атын сырттай естіп, жүзін бір көруге іңкәр болған жастар енді Жалмұқанның атшабарлары болып, аяулы серіні қолға түсіріп, үнсіз қоршап тұр. Осы тұста Ақтоқты характері бар болмыс-бітімімен дараланып, оқырман алдында анық айқындала түседі. Ол қапылыста қаза табар Ақанның тағдырын ойлап, мына қара нөпірдің, қара күштің алдында амалсыз жуасып, бас иді. Жалмұқан соңына ергендер – “ертең өкіне білсе де, бүгінін ойлай білмейтін шел көздер тарпа бас салып, өз әнін, өз сәнін, қасқырша таламаққа даяр. Олар қазір өз жүрегі қалаған ғашығы үшін күйген Ақан сері дегенді ұмытқан. Ру, ата намысын лайлаған жау тұр деп қана түсінеді. Бөлтірікше баулынған жау жүректер қазір қыл арқанды жазықсыз жандардың мойнына бұғалық етіп тастап, қарауыл қотанында әулекіленіп, дырылдата сүйретуі де ықтимал” (“Ақан сері”, 136-б.).

Ақтоқты:

“- Ақан аға, кездігіңді маған беріңізші, - деді...

  • Ақан аға, хақ тағала сіз екеуімізді қосылуға жазбаған екен.

Мен үшін жүдеп, ессіздердің алдында қор болмаңыз. Ақтоқтылар көп. Ақан сері біреу қарауылда. Мен сізге татымайтын сол көп Ақтоқтылардан аса алмаған бір бейбақ екенмін. Сізбен бірге болу қолымнан келмеді. Бұғалыққа мойын ұсынар көп жасық қыздардың бірі ғанамын. Өмір бойы енді сіздің адал жүрегіңіздің, махаббат періштесінің қарғысы атсын мені. Мен енді сізбен еркін серуен құрар азат Тоқты емеспін, көгендегі басы байлы қара тоқтымын” (“Ақан сері”, 136-б.). Ақтоқты бұл жерде әйел теңсіздігі сияқты шынжыр-бұғаудан құтыла алмай, басқа түскеніне көніп, шерменде болғанның көз жасын көлдете мойындап та тұр. Ескі заманда қазақ қыздары мен әйелдерінің бәрі бірдей ескі салтқа мойын ұсына бермейді. Сондай-ақ ескі салт-дәстүрге еш қарсылықсыз мойын ұсынып кете бергендердің қатарына “Абай жолындағы” Тоғжан, Ділдә т.б. жатқызсақ, эпопеядағы Керімбала, Салтанат, Нұрғанымдар аз да болса бостандық, махаббат еркіндігі үшін қарсылық жасайды. Ал Үмітай мен Салихалар батыл күреске түседі. Әуезов романда әйелдердің әрекетсіздіктен қарсылық, наразылық білдіруге дейін барып және жай наразылықтан әрекет, қимылға көшкенін, сөйтіп, бостандық, еркіндік үшін күрестің эволюциялық дамуын көрсеткен, әйелдердің ертеңгі күні бостандық алатынына оқушының сенімін тудырған. Ақтоқты да Тоғжан мен Ділді сияқты ескі заңға мойын ұсынған, бағынған көп қазақ қызының бірі. Дәл осы тұста бір айтар жайт, осынау Жалмұқан тобының алдында Ақан неге үнсіз? Басынан сөз асырмайтын адуынды Ақан көп шәуілдектің ортасында неге үнсіз қалды? Ақан сынды ақынның болмыс-бітімін даралайтын тартыс осы жерде өзінен-өзі туып тұрған жоқ па? Автор өз кейіпкерін бұл жерде лайықты көрсете алмаған. Өнер адамының басынан өткен кез келген кездейсоқ биографиялық ұсақ-түйектерді жиып-теріп көрсетудің керегі аз.

Жүнісов те өз кейіпкерін әр оқиға сайын өсіріп, әр қырынан көрсете білуге ұмтылып, оның патша мұрагері атаман Николай Алексеевич алдында бүкіл қазақ халқы атынан халық мұңын, ел тілегін айтуы – жазушының ғана тамаша шеберлігі емес, роман қаһарманы Ақан тартысының ең шырқау биігі, ең шырқау шыңы. Ылғи шен-шекпен киген ел жуандары мен патша ұлықтары қоршаған мұрагер. Өріп жүрген әкімдер... Осындай тұста патша ұлына қарсы сөз сөйлеу үшін қандай жүрек, қандай батылдық керек десеңізші! Тек жүректілік қана емес, елім деп, халқым деп соғар ұлы жүрек керек қой ақын кеудесіне.

Ақан осынау қатерлі іске неліктен барды? Автор өз қаһарманын үнемі даму үстінде көрсетіп, ақыры, осынау үлкен күреске қосып тұр, және нақты дәлелдеме, психологиялық мотивировка арқылы. Халқының көзіндегі жасты, көкірегіндегі мұңды сезімтал ақын жан жүрегімен көре білді. Хадиша, Ақтоқтылар трагедиясы, серінің өз басына түскен Сырымбет саласы, Қаратал қойнауы мен Ереймен тауларындағы үш ауыр тағдыр соққысы, жылқысы барымталанған керей жуандарының момын елден жалғыз қарасын сыпырып алғандағы халық көзіндегі шерлі жас, Нұртаза, Науан, Нұрмағамбет, ояздардың қалың бұқараға жасап отырған әділетсіздігі, үстемдік қанауы – осының бәрі-бәрі Ақанды үлкен күреске шығарды. Осынау оқиғалар әділетсіздік атаулыға қарсы күреске Ақан бейнесін тұлғаландырып қана тұрған жоқ, сонымен қатар сол замандағы дәуір тынысын, заман лебін бар болмыс-бітімімен көрсетіп тұр десек – артық айтпағанымыз. Беу, дүние-ай десеңізші! Кешегі серілік құрып, халқына ардақты боп, елінің айызын сұлу әнімен қандыратын тамаша күндер қайда? Серісін ортаға алып, жүздері бал-бұл жанған думанды серіктері қайда? Қиыла, ұяла қараған бойжеткендер, әннің жетегінде түн ұйқысын қиып таң атқанын білмей қалатын қалың бұқара, еңбекші халқы қайда? Оралмасқа кеткені ме, шынымен? Ақан осылай мұңайып, осылай толғанды ғой, әрине, дау жоқ. Нұртазаның зымияндығына алданған көзсіз ер жігіттердің ісін қумақ болып Ақмолаға барғанында Жайынбек үйіндегі советник Тұрлыбек Күшенұлына ақын ашынған жүрекпен соқтыққанда дүниедегі әділеттік атаулының жоқтығына қынжылып, бар болмысымен қиналып, ашына сөйлейді ғой. Сол үйдегі отырған қауым алдына күрес құралы – ақындық өнерімен Күлнәзиядай қаріп жанның трагедиясын, үстері алым-жұлым, он екі мүшесінде сау-тамтық жоқ, дала бөрісіне де, ауыл төбеттеріне де таланған мүсәпірлер жайын айта келіп, олардың Тұрлыбекті іздеп жүргенін, ертеңгі ұрпақтың алдында осы Тұрлыбек, Жайынбектердің жауапты екенін қалай ғана тамылжытып айтып берді десеңізші!

Романда Құлагер қазасына байланысты Саққұлақ бидің айтқанымен Мәмбетәлі пікірінің өте ұқсас шығуы – “Құлагер” жырын бүгінгі ұрпаққа жеткізер жаңа буын қалыптасқанын дәлелдейтін ұтымды штрихтар. Сондай-ақ соңғы уақыттарда саяси тұтқындардың аузынан шығатын сөз бен Ақан сөзінің ұқсас шығуы да – автордың әр оқиға сайын өз кейіпкерін өсіріп, жаңа қырынан көрсетудің ұтымды тәсілі.

“- Е, оны өлтіргеннен тағы бір Ковзолов, тағы бір зұлым бас көтермей ме?.. Біреуінің басын құртқанмен жылан ордасы бұзылмайды ғой!..” (“Ақан сері”, 242-б.).

Патша мұрагерінің алдында сөйлеген сөзі – Ақан күресінің ең шырқау шыңы десек, елді сорып, өлшеусіз қиянат жасап отырған Нұртазаға қарсы күресі – қалың елді соңынан ертіп, Нұртазадан кек алмақ болып ұмтылуы – романның үлкен жетістігі. Ақанның Цесаревич алдындағы күресіндей болмаса да, ірі күрескерлік рухын танытып тұр. Абай да оязға өшігіп, қалың бұқараға жұртты соңынан ертіп, ояз үйін сойыл астына алып, Базаралыны босатып алуы бар еді ғой. Серінің қалың жұрт алдында халықты Нұртаза сияқтыларға қарсы бастап, сөз сөйлеуі өте ұтымды шебер шыққан.

Ақандай ел еркесінің күшті топ өкілдеріне отты тілін қару етіп, генерал Лосевскиймен көл жағалап жүргенде патша урядниктерін ителгіге, болыстарды көл үстінен күн көрер тұйғынға, билерді тышқаншылаған күйкентайға, ояз, генералдың өзін былапыт құладынға, ал ақ патшаны екі басты, бүкіл құстың, аң атаулының көз жасынан жиналған нөсермен ойнайтын жыртқыш – Самұрық құсқа теңеуі – бас кейіпкердің тұлғасын күрес үстінде даралап тұр.

Асылы, тарихи адамдар жайлы жазылған туындыларды сөз қылғанда: сол тарихи адам өмірде қандай, әдебиетте қандай боп шыққан, көркем шындық тарихи дәлдіктен ауытқымаған ба? – деген проблемаларға баса назар аудару орынды нәрсе. Және осы романдарды сөз ете отырып, дәстүр мен жаңашылдық проблемасын да естен шығармаған жөн. Прозаик Жүнісов өмірдегі Ақанның жүрген жолын, өмір сүрген ортасын ол туралы материал тапшы болса да, ерінбей ізденіп, қыруар нақты материал тауып, өмірдегі Ақанның әдебиеттегі Ақандай тамаша образын жасап шығарды. Тарихи дәлдіктен ауытқымай, әрбір оқиға, Ақан басындағы жәйтті өз мақсатына – серінің күрескерлік рухын танытуға жұмсаған.

М.Хамзин

Ақ боз ат

Т.Әлімқұлов

Қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі, дарынды прозашы, суреткер қаламгер Тәкен (Тәңірберген) Әлімқұлов 1916 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Бабата атты тарихи елді мекенде дүниеге келген. 1987 жылы 13 сәуір күні Алматы қаласында дүниеден озды.

“Ақбоз ат” романы тұңғыш рет 1961 жылы “Жұлдыз” журналында “Қаратау перзенттері” деген атпен жарияланған. Бір жылдан кейін, 1962 жылы, романның бірнеше тарауы қайта жазылып, өзгерістерге ұшырап, толықтырылып, тереңдетіліп, қазақ тілінде, Алматыда, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан қайта жарыққа шықты. Көлемі – 365 бет.

Орыс тілінде “Белый конь” деген атпен 1968 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Қазақшадан орысшаға аударған белгілі орыс қаламгері Н.Кузьмина.

“Ақбоз ат” романы Тәкеннің проза жанрындағы ең көлемді, әрі ең маңызды шығармаларының бірі. Романның негізгі тақырыптық арқауы 60-70 жылдар шындығымен сабақтасады. Мұнда бірнеше сюжеттік арналар қатар жарысып келіп бір мәселе төңірегінде тоқайласады. Ол – ауыл өмірі, ауылдан шыққан қазақ жастарының өмірі.

Ауыл мектептерінде сауат ашып, білім алып, кейінгі жылдарында алып қалалар Мәскеу, Петербор сияқты әлемдік ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің кіндігі саналатын оқу ордаларында студенттік өмірлерін жалғастырған қазақ жастарының өмір-тағдыры қызғылықты баяндалады Көзі ашық, көңілі сергек, білім мен ғылымның биік шыңына қарай ұмтылған осынау жастардың әр сәттегі көңіл-күйіне, олардың жан сезімін, көзқарас ерекшеліктерін қаламгер асықпай, байыппен, барынша жан-жақты, барлық қырынан ашып көрсетуді мақсат етеді.

Алғашқы махаббат сезімі, қызғаныш, күйініш, түңілу, бір сөзбен айтқанда өрімдей жастарға етене жақын ішкі сезім толқындарының барлығы өз арнасында терең көрініс табады. Оқиғалар арнасы да осы жастар төңірегінде өрбіп, кейіннен олар әр түрлі, әркелкі бағыттағы авторлық мақсатқа сай тарамдалып кете барады. Қаламгердің тартымды, келісімді тілмен, қызықты оқиғалармен кестелеп, астарлап отырып жеткізетін өмір шындығы, яғни жастар өмірі оқырманын жалықтырмайды.

Романның алғашқы тарауларында поезбен елге қарай сапар шеккен екі жігіттің алып ұшқан көңіл-күйі, ой-толғамдарын суреттей отырып автор бізді бірден ауыл тіршілігінің қайнаған ортасына алып барады. Осы жерде романның бас кейіпкерлері Елеусізбен, Қарашпен, Гүлнәшпен, Біркімбаймен танысамыз. Бір-бірін қайталамайтын бұл кейіпкерлердің негізгі мінез ерекшеліктерін де қаламгер созбаламай, шырғалаңға салмай, әу дегеннен бірден аңғартады.

Романда суреттелетін барлық оқиғалардың бел ортасында Елеусіз тұлғасы оқшау көрінеді. Елеусіз көзімен, Елеусіз ойымен, кей тұстарда соның естелігі пішінінде берілетін оқиғалар арнасы, оның басынан кешкен әрқилы кезеңдердің қызығы мен шыжығын, үміті мен өкінішін, қуанышы мен ренішін, бір сөзбен айтқанда бір азаматтың басынан өткен өмір өткелдері бар бояуымен тізбектеліп өтіп жатады.

Жазушы Елеусіз тұлғасын бірегей сомдау мақсатында психологиялық талдау әдісін өте ұтымды меңгерген. Осы арқылы кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлайды. Профессор Т.Сыдықов: “Психоанализ – көркем әдебиеттің зерттеу әдістемесі. Өйткені, ол адамның жан-жүрегіне үңіледі. Адам жанының иірімдері, тылсым тұңғиығы, нәзік тебіреністері, томаға тұйық сырлары адамның ішкі әлемінде бүгулі, бүркеулі жатады. Сол басқаның көзінен қалтарыстағы сана мен сезім ағысын тек қуатты қалам иесі ғана көрмек, кестелемек”, - деп өте дәл айтқан. (Т.Сыдықов. Қазақ тарихи романы. А., Ер-Дәулет, 1996, 178 бет). Яғни қаламгердің әу баста алдына қойған мақсаты – Елеусіз тұлғасын орталық кейіпкер ретінде ұсыну болса, сол жолда жазушы бейнелеудің барлық құралдарын қатар қолданып отырған.

Елеусіздің кім екендігін, қандай жан екендігін романның өне бойында жазушы тиіп-қашып, сипай қамшылап таныстырып отырады. Асылы, адамның іші – сиқырлы әлем тәрізді. Тіршілікте не көрдің, не түйсіндің, неден дәмелендің, неден түңілдің – бәрі-бәрі көкірегіңде аян. Көлденең жұрттың көзіне төрт құбыласы түгел жігіттей көрінетін Елеусіздің көңілінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң жатыр!

Әрнәрсені салыстыра бағалап дағдыланған Елеусіз Досов өз құралпастарының көбінен кейіншектеп қалғанын жақсы-ақ сезінеді. Сондықтан да өз тірлігіне ризалығы жоқ...

“Сары Арқаның білімдар, бауырмал баласы тұңғыш душар болған теріскейліктердің жоғын жоқтап, жырын жырлаймын”, - деп, жел қақты боп қабарып жүргенінде оның “инеліктей ілмиген форымын”, “ботатірсек – босбелбеу жүріс-тұрысын”, “сеңгірігін бүрген көзілдірігін” неше саққа жүгіртіп келекелеушілер болды. Осымен қатар, зиялы жігіттің қай-қайдағы қалың ойға шомып жүретін жат мінезін, сұрауларының шымбайға батып кететін шымырлығын, өзінің шікіреюді білмейтін кішіктігін, тамақ талғамас қарапайымдылығын аңғарып, іштартушылар да бар еді. Осылай көрінетін Елеусіздің кейінгі тарауларда өмірлік тұғыры берік, қаламы жүйрік, айтқанынан қайтпайтын, жүрегі ел деп, жер деп соғатын азаматтық тұлғасының да қатар көріне бастауы бұл бейненің көтеретін көркемдік жүгін салмақты ете түседі.

Әсіресе, Елеусіздің ел, ұлт қамын көбірек ойлайтындығы оның журналист ретінде дүниеге әкелген, газет беттерінде бастырған көркем очерктері арқылы терең баяндалып отырады. Оңтүстік Қазақстан өңірі, оның ішінде Сейдін ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы, ондағы малшылар қауымының ауыр да азапты, бірақ берекелі еңбегін, от басы ошақ қасының қызығын, бала-шаға қамын, тұрмыс тауқыметтерін тәптіштеп, түбегейлі ақтарып көрсетуге ұмтылатын журналист қаламынан көп сыр ақтарылады. Ел өмірінің шым-шымдап тереңнен тартқан көрінісі негізінен Елеусіз қаламы арқылы өтіп отырады. Жазушы осылай журналист көзімен көп сырдың тиегін ағытады.

Жүйткіп кетіп бара жатқан поезд образы жазушы шығармасында көп айтылады. Бұл поезд бір тұста зымырап өтіп бара жатқан адам өмірін де мегзегендей. Студент, жігіт ағасы, төселген журналист – қаламгер болып тіл қататын Елеусіз өмірі де осы тоқтау бермес поезбен сабақтас, тамырлас танылады. Мұнда үлкен мән бар, бұл жерде өмір философиясы айтылады. Жалғыз Елеусіз емес, барлық кейіпкерлер тағдыры да осы заулап бара жатқан жүрдек поезд - өмір көлігіндегі әрқилы жандардың әр қиядағы өтіп жатқан өмір тағдырынан сыр тартамыз.

Біркімбай образының жоғарыда сөз болған Ақбоз атқа қатысты ашылатын көркемдік қырларынан басқа тағы да бірнеше тұлғалық ерекшеліктері қатар көрінеді. Ол ең алдымен – тамырын тереңге жіберген ауыл ақсақалының бар болмыс-бітімі мен қайшылықты тағдырын алдымызға жайып салады. Сондықтан да Біркімбай тұлғасы – көп қатпарлы, күрделі тұлға.

Артық-кемімен көрінетін Біркімбайдың бейнесі оқырманға әрқилы сезім қалдырады. Ең бастысы оның бір қалыптан шыққан, жаттанды, ұнамды бейнеден ауылы алыс. Өзінің өмірден түйгені мол, қыртысты шал оңайлықпен айтқанға көніп, айдағанға жүре беретін жан емес. Осы бейне арқылы, оның өмір жолы, тауқыметті тағдыры арқылы Тәкен ауыл өміріндегі тағы бір мәнді мәселе – мал шарушашылығы, оның ішінде жылқы шаруашылығы мәселесін тереңнен қопарып көрсету арқылы ұлттық болмысымызға терең бойлайды.

Ақбоз ат, оның шыққан тегі, ұрпағы, өткені мен болашағы туралы айтылатын ой-толғамдар түптеп келгенде қазақ қоғамының, қазақ жұртының ұлттық рухқа бойлаған көкейкесті мәселесіне келіп тіреледі. Малсыз қазақтың күні жоқ. Оның ішінде төрт түліктің асылы, ардақтысы жылқы туралы әңгіме қазақ рухына, қазақ жүрегіне етене жақын. Осы өзекті мәселені, яғни жылқы тағдырын, оның бүгіні мен ертеңін қаламгер адам тағдыры арқылы астастыра, сабақтастыра танытудың ұлт өмірімен тамырлас екенін жақсы білген.

Тұлпарлар тағдыры ел, жер тағдырымен қабысады, халықтық мәні бар, ұлттық мүддені көтеретін мәселеге ұласады. Тұқымы асыл жылқы үшін жаға жыртысқан, талас-тартысқа түскен ауыл адамдарының психологиясын Тәкен тартымды оқиғалармен сабақтастыра отырып саралайды.

Дегенмен де, романның жетекші кейіпкерлерінің бірі Шіркімбайдың аузымен айтылатын, осы кейіпкердің ой-толғаныстары арқылы шым-шымдап оқырманға жететін негізгі оқиғалық желі – Гүлнәш – Біркімбай тарихы, осылардың тағдыр соқпағы тарам-тарам әңгіменің өзегін құрайды. Осы әңгіме романның басты тақырыптық-идеялық ауанын анықтайтын жолды да белгілейді. Бұл арнаның басты құндылығы неде? Басты құндылығы осы арнада негізгі, жетекші кейіпкерлердің өмір-тағдырының шынайы көрсетілуі. Негізгі авторлық мақсаттың жүзеге асуы. Жазушы “Шіркімбай екі болыс елді дүрліктірген Ақбоз аттың әңгімесін шертіп келе жатыр. Ұстамды Елеусіз сырмінез болмаған сапарласының көңілген қонған сөздерін ғана қабыл алады”, - деп келеді де, ары қарай енді тікелей осы Ақбоз ат тағдырының қия-қалтарыстарына назар аударып, оны адам тағдырымен астастыра, сабақтастыра баяндай бастайды. Сонда бір ғана тұлпардың төңірегіндегі оқиғалар тереңдей келе қомақты қоғамдық, әлеуметтік мәселелердің көтерілуіне мұрындық болады.

Біркімбайдың туған інісі Шіркімбайдың аузымен айтылатын сөзде Гүлнәштің Ақбоз атқа қалай айырбасталып кете барғандығы туралы сырдың ұшығы байқалады. Ол: “Біздің де ат жалын ұстап міңгіміз, аз күнгі тіршіліктің қоңырқай қызығын кешкіміз келеді. Ал, ағаның арманы (туған ағасы Біркімбайды меңзеп отыр) одан да әрі болатын. Ол жалғыз қызы Гүлнәшті сіргелінің ең ірі шонжары Шоңбайдың баласына атастырғанда Ақбоз ат арқылы атағын жалпақ елге жаймақ болған”, - деп келеді де, ары қарай Шоңбай мен Біркімбайдың құда болу тарихынан қызғылықты, қалтарысы қалың, ең бастысы тұлпарлар тағдырына көбірек соғатын ұзын сонар әңгіменің тиегін ағытады.

Шоңбайдың бірнеше жыл бойы бәйгенің алдын бермейтін екі тұлпары: Торыалаяғы мен Ақбозының төңірегінде жалпақ елге жайылған атақ-даңқтың, алып-қашпа сөздің ұзын ырғасы келіп Біркімбайдың Ақбоз атқа құлай құмартуына ұласады. Ақбоз аттың тізгінін уысына түсіруді армандаған Біркімбай ел құлағын елең еткізген іс-әрекетін жүзеге асырады. Туған перзенті, жар дегенде жалғыз қызы Гүлнәшты Ақбоз аттың бір құны үшін Шоңбайдың балалы-шағалы ұлы Асылбекке әйел үстіне күйеуге шығуға қияды. Осылай тұлпар тағдырына енді Гүлнәш тағдыры сабақтасады.

Асыл тұлпардың тұяғына туған қызының тағдырын қиып жіберген Біркімбайдың әрекетінде не сыр жатыр? Тұлпар дегенде ішкен асын жерге қоятын, жалғыз жүрегін суырып беруге дайын тұратын қазақ мінезі ме?

Жас баласын “құлыным” деп ардақтайтын, аялайтын қазақ санасы малын да перзентіне балаған ғой. Біркімбайдың да бір мінезін осы тұрғыдан бағамдасақ, бұл іс-әрекет өмірлік шындыққа сияды. Ақбоз аттың тағдыры осы тұста келеді де, енді Біркімбай тағдырымен астасады. Қазақ үшін төрт түліктің ең асылы, ең қимасы саналатын жылқы малының ең өміріндегі мәні мен маңызын қаламгер тереңдей тартып келеді де өзінің көңілінде түйгенін, тіршіліктің сырынан көрген, ұққан жайларды арна-арнамен баяндап береді.

Ел өміріндегі сан-сала көріністер, колхоз, совхоз тірлігі, малшылар тұрмысы, барлығы енді Біркімбай, Гүлнәш төңірегінде өрбиді. Бір тұлпардың тізгінінде тағдыры байланып, өмір соқпағына түскен балауса Гүлнәш кейіннен, өмір өткелдерін артқа тастап, енді буыны бекіген, оңы мен солын таныған, ысылған, өзі де бір қауым елге бас-көз болуға жарап қалған қалпын танытады. Кейіпкердің өсу жолын қаламгер шынайы танытады. Гүлнәштің өмір жолы қыр-сырымен көз алдыңнан өтіп жатады. Қыз Гүлнәштің ана, жар Гүлнәшқа айналуы табиғи түрде, арналы, ағысты көрінеді.

Қаламгер романның келесі тарауларында тұлпар тағдырынан бірте-бірте алыстап, енді әке мен бала, ел мен жер тағдырына қарай ойысады. Өмір, тіршілік сыры туралы терең толғамдар, оралымды ойлар осы желіде үнемі алдымыздан шығып отырады. Біркімбай мен Гүлнәштың өмір-тағдыры төңірегіндегі тума-туыс, көрші-қолаң, ел адамдары, бір сөзбен айтқанда тіршілік қазанында тоқайласып өмір кешіп жатқан тұтас бір қазақ қауымының бейнесі бой көтереді, бар болмыс-бітімімен көз алдымызға келеді.

Тәкен Әлімқұлов нақты бір тарихи кезеңнің шындығын ел ішіндегі ең бір көзге түсе бермейтін, мен мұндалап айқайлап тұрмайтын терең иірімдерді бейнелеуге ат басын тіреген. Қазақ халқының ғасырлар бойғы бірден-бір тіршілік тірегі болып келген мал шарушылығы, оның ішінде жылқы малының ел тағдырында, адам тағдырында алатын орнын өзіндік қолтаңбамен өрнектеп бере алған.

Роман тұтаса келе күллі қазақ ауылының тарих көшінің бір тұсындағы, бір белесіндегі жиынтық бейнесін алдымызға тартады. Адамдар тағдыры, тұлпарлар тағдыры арқылы көрінетін бұл жиынтық бейне түптеп келгенде тарихи-әлеуметтік, қоғамдық шындықтың бетін ашады. Адам мен қоғам, қоғам мен ел, жер арасындағы мәңгілік байланыс, тынымсыз қарым-қатынас қаламгер мақсатына, яғни көркемдік мақсатқа мінсіз бағындырылған. Жазушы осы мақсат жолында өзіндік суреттеу тәсілдеріне, өзіндік көркемдік әдістеріне қол тартқан, арқа сүйеген.

Жалпы жазушы шығармашылығын тереңдей, зерделеп қарасақ, Тәкен осы аталған романында болсын, немесе басқа туындыларында да бір сөзді, бір сөйлемді де жорамалға сүйеніп жазбаған. Дәлелсіз, дәйексіз дүниенің орға жығатынын білген. Осы сияқты қызықты, қазыналы деректерді қаламгер “Қош бол, Абсент!” шығармасында да тартымды желілерге байлайды.

“Төрт түліктің ең ақылдысы жылқы болса, жылқының ең ақылдысы – бишісі”. – деп келеді де, жазушы, адамнан музыканы артық түйсінетін жылқылар бар екенін айтады. Тәттімбеттің ақбоз аты домбыраның сазына орай билеген, Балуан Шолақтың аты қаңтарусыз тұрса, Ақан серінің қосалқы аты (Мақпалқара) соңынан қалмай еріп жүрген. Осы тарихи деректердің барлығын қаламгер халықтың өзінен алған, жинаған, ұзақ жылдар саралаған. Көп деректер жиналғанда бір түйінге тоқтатқан.

Тың, жарау, асау кезінде Абсент те мақпалдай қара болған. Азған, арыған, ашынған тұсында, бір кезе желмен жарысқан Абсент, Бұл күнде қаракер тартқан. Бұл туындыда да жазушы Абсенттің құлынында қызыл болғанын, одан қызыл-күрең, одан алқара көк тартып, мақпал қараға айналғанын суреттейді. Бұл тұяқ туғаннан бәйгеге жарамай бишілікке жаралғанын тарам-тарам, терең оқиғалар, баяндаулар, суреттеулер арқылы сезімді тербеп, мұңмен аяқтайды. Осылайша, жазушы жүйріктің мүсініне, тегін, түсіне, мінезіне осы салада арнайы маманданған кәсіпкерден артық баға береді.

Жылқының, жүйріктің қасиеттері туралы осы сарындас ойлар жазушының “Ақбоз ат” романынан бастап, тұлпарлар тағдыры туралы кейінгі шығармаларының бәрінде көрініс табады. Эсселерінде, публицистикалық толғаныстарында баяндалған жылқыға, жүйріктің қасиеттеріне, тегіне, түр-түсіне, мінезіне қатысты білгендерін, көргендері мен көңілге түйгендерін жазушы көркем шығармаларында молынан шығармашылық үлкен шеберлікпен пайдаланады. Бұл айтылған жайларға қоса автордың бәйгенің қашықтығы, жердің табиғаты, ат суытудың жолдары мен тәсілдері, жүйрік аттың сыны мен бабы, оған қатысты халықтың ырымы мен әдеті жайындағы байыптауларын да есте ұстаған абзал.

Автордың шығармаларында бұл секілді құбылыстар, халықтың дәстүрлі мәдениеті мен кәсібіне байланысты қалыптасқан нанымдары мен салттары, әдеп-ғұрыптары да көркем шығарма жүйесінде айтарлықтай эстетикалық, танымдық қызмет атқарады. Солардың ішінде автордың ерекше көңіл бөліп, айрықша ден қоятыны – шығармасының ұлттық сапасы, ұлттық бояуының мейлінше қанық және шынайы болып шығуын мақсат еткенін аңғарамыз.

Қ.Әбдезұлы

Ақ боз үй