Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Р.Нұрғали- книга 100 роман 7 қазына.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2.21 Mб
Скачать

Жаяу Мұса з.Ақышев

Жазушы Зейтін Ақышевтің “Жаяу Мұса” романы заманында дарынды ақын, аспандағы аққуға үн қосқан әнші, қобыз бен домбыра, сырнай мен сыбызғының тілін білген композитор Жаяу Мұсаның бүкіл өмірін арқау етеді. Жалғанда 94 жыл жасаған жанның тұтастай өмірін бір кітапқа түсіру мүмкін емес. Оның өміріндегі асуы биік, түсуі құз кезеңдерін алып, жазушы оның шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, өмірінің соңына дейінгі кезеңдерін жеке-жеке тарау түрінде берген. Бұл тараулар, бір-бірінің жалғасы іспеттес құрылып, Жаяу Мұсаның өмірін суреттейтін кітап болды. Кітап “Шала туған”, “Қашқын бала”, “Жақсыдан шарапат”, “Шен мен шекпен”, “Қиянат пен сергелдең” тағы басқа тараулардан тұрады.

Ана құрсағынан шала туған бала Орман ауылы Жасыбайдың сағасындағы қыстауынан Қарасу бойына қоныс теппек көште Тайжан мен Сәтбаланың келіні Нағыш өмірге ұл әкеледі. Бұл жеті айлық шарана Нағыштың күйеуі Байжанның өз баласы емес еді. Шала туған баланың 7 күн дегенде ауылдың қатын-қалашы жиналып бесікке салады. Тайжан молда азан айтып оған Мұса деп ат қояды. Мұса деуінің де себебі бар еді.

“Қай заманда да кедей-бай болам, бай-құдай болам деген емес пе? Соған жетпесе де, есіміне ортақ болуды зор дәреже көретін халық. Дәл осы жылы Шорман бидің елде мұсылманшаны тауысып, Омбыдан орысша оқып келген он алты жасар Мұсасы Қаржас-Ақкелін елінің болыстық старшыны боп тағайындалған. Шала туған бала Шорманның Мұсасындай болар ма екен деген үмітпен атын атастырып қояды. Байжанның тоқалынан туған баланың атын Шорман бидің Мұсадан кейінгі Мұстафасының атын Тайжан молда тағы да азан айтып, ұқсамаса да аттас болсын дейді”.

Сонымен Мұса ер жетеді, анасы қайтыс болғасын өгей шешенің езгісі мен тепкісіне шыдай алмай Тайжан мен Сәтбаланың қолында өседі. Өз үйінен қашып шығып ноғай саудагері Кәрімнің үйінің малайы да болады. Осы жолда Шоқанмен танысып, оның тікелей көмегінің нәтижесінде Омбыдағы төрт жылдық шіркеу мектебін бітіріп шығады. Бала Мұсаның зеректігі мен алғырлығының нәтижесінде орыс тіліне де жетіктігі романда айтылады. Одан кейін азан шақырып қойған атынан да айырылады. Қазақта мақал бар емес пе “тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, “басқа пәле тілден” деген. Қараңғылық кернеп, дүмше қазақ даласындағы көзі ашық, көкірегі ояу жанның өзі анау ел билеген ақсүйектерге жат көрінген заман. Ауыл сыртынан аттан түспей әндетіп өткені үшін сабап, үш күнге байлап қойғанда да Мұса тілін тартпайды. Осы кезде “Ақсиса” әні туады. Тіпті ауылынан екінші рет қашып кетіп баяғы ноғай саудагерінің үйінде отырған жерінен Мұсаны ұстап алып, айдауға жіберілгенде де тілін тартпай, Мұстафаның сүйегіне дақ түсіріп кетеді. Тобылға он екі жылға айдалып, орыс адвокаттың үйінің малайы боп жүре осы Рубановтың көмегімен бір жарым жылдан соң түрмеден шығады. Баяғы Шоқанның көмегінің арқасында алған білімінің нәтижесінде патша ағзамның Санкт-Петербургқа шақыруымен Черняев отрядында қызмет істейді. Бұлардың мақсаты – бүкіл далаға экспедиция жүргізу еді. Осы жолда Айтжанмен танысып отау құрады. Одан үш нәресте көреді. Бірақ құдай тағала рақат тіршілікті Жаяудың маңдайына жазбапты. Қосылған жары үшінші ұлы Саттарды өмірге әкелгесін көз жұмады. Романның соңында ел билеген Мұстафа да, Мұса да қайтыс болады. Жаяудың қанша қысым көріп, қиыншылықты осы ел билеушілерден жазасын алса да, мейірімді әрі кешірімді жүрегін өлгеннен кейінгі естірту айтып келгендерге айтқан сөзінен байқауға болады. Ол : “Ата жауым еді, жатқанынан тұрмасын, мүрдем кетсін” деген жоқ, “алысуға да, арпалысуға да тұратын, аузы алты қарыс арыстан еді, алыссаң сондаймен алыс, өзіңнің де кім екенің көрінеді. Иманы саламат болсын”, - дейді. Өзі қатықсыз қара су ішіп отырса да Мұстафаның ұрпақтарының “аталарымыздың сізге істеген қиянаты үшін” деп айдап әкелген үш құлынды биесінде қайтарып жібергені Жаяудың ерлігі емес пе? Бала болып әке-шешенің мейір-шапағатын көрмеген Жаяу баяғы жоқшылықтың кесірінен өз балаларын да бауырына баса алмай, інілеріне бөліп береді. Өмірде қаншама қиыншылықты көрсе де, “мынауым басшыларға жақпайды екен” деген жоқ, серілік құрып Біржанның, Ақанның ауылында болады. Әрине, “Ақ сисадай” ән төресі шартарапқа тарайды. Тоқсан төрт жасқа келіп өзінің күнделікті Борқы биігінің басына шығып отыратын шағында да, ауыл балаларының аузынан:

“Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,

Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.

Шорманның Мұстафасы атымды алып,

Атандым сол себептен Жаяу Мұса”, - деген

өлеңін естиді.

“Бір елге екі Мұса көп. Шорманның Мұсасы тұрғанда басқа қазақ баласы Мұса бола алмайды. Қояндыдан қой айдап қайтқан ноғай саудагерінің қойының соңынан Қызылжарға жаяу кетті деп естігем. Сен мұнан былай “Жаяу” атанасың”, - деген Шорманның Мұстафасының келісімі қандай ақылға сыяды?

Әділетсіздікке қарсы жанын шүберекке түйіп, қорлыққа қарсы тілі мен үнін құрал ғып шайқасып өткен адамның тұтастай өмірінің бүге-шігесін жазушы романда нанымды суреттеген. Жаяудың қалай қайтыс болғандығы жөнінде айтылмайды, баяғы әдетімен Борқы биігінің басында отырған кезімен роман аяқталады. Романнан ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласының, саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалын терең түсінеміз.

Б.Имашев

Жоғалған қыз

Е.Мұқамәдиұлы

Елеусіз Мұқамәдиұлы – 1938 жылы туған. Ең сүбелі шығармасы – “Қобда қойнында” романы 1976 жылы жазылған. Бұл Моңғолия қазақтарының тарихында тұңғыш роман. 1982-1986 жылдары “Жоғалған қыз” дилогиясы жарық көрген. Сонымен қатар “Жердегі жұлдыздар”, “Өрікті көл” повестері әңгімелер жинағының авторы. Шығармаларының шоқтығы ретінде “Жоғалған қыз” дилогиясын атауға болады. “Жоғалған қыз” романы Моңғолияда жұмысшы табының қалыптасу процесін сай көрсеткен шығарма. Тілі жеңіл, оқиғасы қызықты. Роман оқиғасы біртіндеп шиеленісіп сюжетті желі құрады да сол желі төңірегінде өрбиді. Романға өзек болған оқиға – Моңғолия қазақтарының тұңғыш рет астана Уланбатырға жол тартуы, шоферлікті үйрену жолындағы тынымсыз еңбегі – жұмысшы адамның қалыптасу жайы.

Ең қызықтысы сол – төрт жасында жоғалған Бағиласын іздеген әке сағынышы сарыла шығарма оқиғасының шиеленісуіне түрткі боларлық кездейсоқтықтарға жетелейді. Әкесі мен баласының жиі кездесе беруі сөйте тұра ондаған жылдар бойы бірін-бірі білмеуі оқырманды баурап, қызықтыра түседі. Автор сюжетті картиналар жасауға зейін қойып ықшамдылықты мұрат тұтқан. Кейіпкерлерінің өз арқалаған жүгі бар. Олардың психологиялық тартысында табиғилық байқалады.

Басты кейіпкерлері – Ертай мен Очирбаттың бейнелері тартымды да шебер суреттелген. Ертайдың қайынатасы Құттыбайдың Очирбат пен Тогтохқа кезінде пана болып бас сағалауларына көмектесуі, кейіннен шоферлікті Очирбаттың Ертайға үйретуі де оқиға сабақтастығын дамыта түседі. Романдағы Ертай образы біршама жанды. Ол – адал жанды, жақынына мейірімді, досына қайырымды жігіт. Баласынан тірідей, сүйген жарынан өлідей айырылса да жаны жасып жігері қайырылмайды. Оның айналасындағы ақкөңіл жандар – Буянжав шешейдің аналық меірімі, Тогтох Мэндээ Ганжуур сияқты адал достарының кіршіксіз көңілмен қолдап-қолпаштауы жаралы жанына қам көңіліне рухани жігер беріп шарапатты шұғыласын төгеді. Сонымен қатар Ертайды болашаққа зор сенім-үміт жетелейді. Ол – жоғалған қыз – Бағила – Байгалмаамен әйтеуір бір кездесу үміті. Оның әкелік махаббаты әсте суымайды. Қайда жүрсе де көңілінде көлеңкедей еріп қызының бейнесі жүреді. Ол қызын балған күнінде талай жолықтырып танымай кетсе бойжеткен тұлғасын көріп сүйген жары Нұрғайыпты көз алдына елестетеді. Сол арқылы қызының соңына түседі. Алайда үлкен қаланың қалтарысы мол. Бағила әкесін жер соқтырып кете береді. Ал, Бағиланы бағып-қаққан қарт Минчиннің Ертайды жолықтырған сайын үрейленіп еркінен тыс қылықтарға баруы да Минчиннің ішкі жан дүниесін аша түседі. Қарттардың балаға деген мейірім шапағаты, одан айырылып қалу қаупі аса нанымды суреттелген. Дүниемен қоштасып көз жұмар алдында қызына шындықты айтып өлуді өздеріне парыз санайды. Алайда Дашиймаа ананың жүрегі бұған шыдай алмай жан тәсілім етеді.

Романның негізгі мақсаты – кейіпкерлер тарихын жететін жеріне дейін жетелеп отыру. Елеусіз Мұқамәдиұлының “Жоғалған қыз” романында бұл мақсат айқын. Оның құрылымдық ерекшеліктері мен көркемдік бейнелеу құралдары тақырыптық-идеялық мазмұнымен қабысып тұтаса түседі. Баянөлгийлік қаламгерлердің романдарының ішінде “Жоғалған қызды” баса айтатынымыз оның идеясының тосындығына байланысты.

Шығарма тақырыбының өзгешелігі оның басты кейіпкерлерінің сомдалуына да әсер еткен. Бұл қаламгердің роман жазу жолындағы ізденісінің көркемдік идеяны айқындауда тың құбылыстарды таңдауға құлаш ұрандығының дәлелі. Автордың романға тосын оқиғаны таңдауы қуантады. Ол – Астанада адасып, әке-шешесінен көз жазып қалған – Бағила. Көркемдік шиеленістің өзі Бағиласын іздеп сарылған әке – Ертайдың басындағы халімен жақсы шешімін тауып отырған. Біз автордың идеясын кейіпкерлер мен оқиғалар арасындағы байланыс арқылы байқаймыз. Мәселен жағымды кейіпкерлер қатарына жататын Ертай Тогтох Бағила Емей Буянжав шешей Минчин қарттардың жаңа қоғам жасаудағы жасампаздығы, Малтабар Зейнеп Ринчин сияқты бұл жолға оралғы болған арамшөптердің тамырына балта шабу идеясы айқын аңғарылады. Жасампаз өмір құруға шын ниеттерімен сенген еңбекші қауымның келешекке деген үміті әрбір жақсы жаңалықтар арқылы ақталғандай. Сондықтан да жұмысшы табының еселі еңбек етуде зор табыстарға қол жеткізетіні нанымды. Тіпті ат өртеңнің автор өртеңмен ауыстырылуы аймақ өміріндегі ірі жаңалық. Мұнда Ертай Малтабар ағасы мен Зейнеп жеңгесінің соққысын көтере беретін көнбіс қарасирақ қалпында емес, есейген, егделеген шағында оралады. Есейіп егделеп қана қоймайды саяси жағынан да, адамгершілік тұрғысынан да тұлғаланып өсіп келеді. Жан жары Нұрғайыптан айырылғанымен талай жылғы сағынышы болған Бағиласын жолықтырып масайрай келеді.

Ал “Жоғалған қыздағы” кейіпкерлердің толғанысын ішкі ой-иірімдерін автор сезім арпалыстары арқылы беруге талпынған. Жеке кейіпкерлер психологиясын да бас характерлер психологиясын да талдай жазу Баянөлгейлік қаламгерлердің шығармаларында кездеседі. Бұл олардың көркемдік идеялық ізденісіндегі жетістіктері еді. Шығармаға қажетті жетекші идея кейіпкерлердің шынайы характерлері мен типтік жағдайларының сырын ашуға керекті тартыстар ұтымды детальдар өмірден алынады. Көркем шығармада шынайы көріністерсіз харакетсіз тартымды штрихтарсыз адам образын жасауға болмайды. Әдетте әдеби тип белгілі бір ортадағы бір топ адамның басындағы қасиеттерді бір адамның басына жинақтау деп ұғылады. Әдеби типтегі кейіпкердің өмірдегі моделін өзгерте құбылта-құлпырта келгенде суреткердің шығармасындағы әр кейіпкердің болмыс-бітімінде бір адамның емес көптеген адамның сыр-сипаты жатады. “Жоғалған қыз” романындағы кейіпкерлердің бойындағы әдеби типке қатысты осы бір қасиеттер айқын көрініс тапқан.

Романның өн бойынан әлеуметтік мазмұнды табу қиынға соқпайды. Шығарманың басты идеясы да жұмысшы табының қалыптасуы сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды қамтуға саяды. Замана лебі жаңалыққа ұмтылушылар мақсатына қарсы тұрған күштер түрлі әлеуметтік топтар мен типтер әрекеті жан-жақты суреттеледі. Көркем мазмұнында әлеуметтік қайшылық басты орынға ие болады. Өйткені жаңаны жасаушы мен оған қарсы күштер арасында бітіспес идеялық күрес жатады. Сонымен роман қарапайым еңбек адамдарының шынайы бақытын, жаңа қоғамның қолайлы көріністерін суреттеумен аяқталады.