Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Р.Нұрғали- книга 100 роман 7 қазына.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2.21 Mб
Скачать

Асау арна ғ.Сланов

Қазақ прозасының біраз үлгілерін оқу үстінде әлдекім еріксіз есіңе орала береді. Жазушы Ғ.Слановтың “Асау арна” романындағы Жақашты білуіңіз керек. Мұның бір сыры бар. Жарқырап көрініп, жалт беріп көзден ғайып болатын жартыкеш, бірақ сонысына қарамай есте қалатын, дәл осы төңіректе ойлантатын кейіпкерлердің бірі.

Адам өз тіршілік болмысының табиғатына қарай өмір рахатын әрқилы табады. Акакий Акакиевич қолы бос уақытында көңіліне талшық қылатын қызығы – тәптіштеп қағаз көшіріп жазудан басқа бұл жалғанда түк рахат көре алмай кетті. Ол үшін мұның өзі іші жылып, ләззат алатын таңғажайып әлем. Еңсесін көтеріп, тік қарап, төңірегіне бір көз салған да жан емес. Бүкіл ғұмыры бойғы тырнақтап жиған “қазынасын” сарп қылып, жаңа ғана қол жеткен жалғыз шинельдің қасіреті оның тек тынысын қиған жоқ, оның бар үмітін кесті.

Жақаш – көне орыс ертегісінде король қызметшісінің керемет бір үлгісі боп қалған қайырымды Личарда бола алмайды. Ол Акакий Акакиевич те емес. Өйткені мұның үміті, мұның қызығы басқашарақ. Бірақ Акакий Акакиевичтің бойын бір тұтам қылған обломовтар дәуірінің моралі Жақаш өмір сүрген тіршілік ауқымының әр талшығынан да аңқып тұр. Өмір ләззаты шіреніп жатып тыңдаған күйме қоңырауының сыңғыры тәрізді. Қожасының басына қонған мәңгілік “бақтай”, ол отырған орынға отырып, бірер сәт өзінен басқа тірі пендені білмей, қиялдағы хор қызының саусағынан бал татып көру – Жақаш үшін бір сиқыр дүние.

Ол өзін мазақ қылған, күні кешеге дейін құл қылған Күдері байдың жарлы-жақыбайына қала байының құдіретті күймесімен баса-көктеп кіріп, қыр көрсетпек. Қарғалы өзенінің бойынан шұға тоқитын өндіріс орнын қарастырып, салт атпен кеткен Сергейлер тобы бай аулына күймені Жақаш өзі жалғыз айдап барсын деп тапсыруы-ақ мұң екен. Жақаштың кішкене сығыр көздері қыпылықтап, қияқ мұрты жыбырлап, тығыршықтай аласа бойы тәлтие, екі бүйірін кезек таянып кідіріп тұрып қалды. Қожасының оң көзі Ғимадиға да қимаған сылаң торыны күймеге өзі дара жекті де, өз буына өзі мас, қиялға бөгіп кетті. Жарлы бейбақтың көңілі өсіп, алабұртып тұр. Сылаң торының біресе бұ жағынан, біресе о жағынан шығып, іштей бір мақтан сезім көкірегін кернеп барады: “Бай көпестің күймесімен келген кім екен?” деседі-ау жұрт!.. Паһ-Паһ!.. “Жақаш келіпті! Салтанатпен кепті... Қыз айттыра жүрген жоқ па екен-ей?”

Жақаш тұғырына қонып, “бағы жанып” тұрған осынау бір алабұртаң сәтте оның көкірегінде ауылдастан көрген запы-мазағы да сайрап қоя береді. Бір кек жалындап бара жатыр. Өкпе-реніш: “Күдеріңнің малын сауып, отынын тасып, суын әкеліп қанша жыл жүргенде қотыр тоқты бітіп пе еді! “Жақаш” деген атымды да атамай, бірі “қортық”, бірі “шартық” атап, ата-бабамнан бермен сыбап, қит еткені түйіп қалып “құрығандап” есімді шығармайтын ба еді... Сонша басынып алым көрген Жақашыңды енді көр, түге, қанжауғырлар!..Табалаған дұшпаным, қара күйменің шаңы астында жатсын солай, тұншығып!..

Жақаш өзін осылай іштей бір ширатып, бабына келтіріп алды да, өз намысын қорғауға, өз үстемдігінің бір мысқал салтанатын барша қауымға жария қылуға – “карфагенді” алуға лап қояды.

Жол-жөнекей Жақаштың ауыл жігіті Сабдықпен кездесуі де қызық. Өте маңғаз. Ақ сақалды, салдарлы адам қалпында мұрнын бір шүйіріп тоқтай қалады да, амандық алысқан бірер ілік-қағыс сөздерден кейін іле-шала:

“Шахбұрстов мырзамен бірге қаладан шығып ем. Өзіміздің ауылға бір соғып кетейін деп, сылаң торымен салдыртып келе жатыр едім. Қалай, Күдері болыс ауылда ма екен? Білесің бе, бала?” – дейді. Сабдықтың күймілжің жауабына көңілі толмай: “Е, неге білмейсің өз болысыңды? – деп сөгіп тастайды. - ... Майбұлақ ауылы осы арадан қанша жер өзі? Жол жақсы ма?”

Сабдық аң-таң. Көктен күткен құдайы тап алдында тұрғандай: “Ағасы-ау, өз аулыңыз емес пе, қанша жер екендігін менен гөрі жақсы білмейтін бе едіңіз?”

Бұған тосылып жатқан Жақаш жоқ. Педальді онан сайын баса түседі. “Анау кеткен кімдер” деп бай-қожалар жөн-жосығын сұраған Сабдық қолқасына да қайтарар жауабы нық:

“Мырзалар ғой олар. Қаладан бәріміз бірге шыққанбыз... ішіндегі қазағы мен ғана. Біздің қазекең тыныштықты жақсы көреді ғой. Олар салт қыдырып кетті. Осынымның өзі тыныш маған деп мен күймелетіп кетіп барам. Майбұлақтан табысып, Күдерінің бір тоқтысын жеп, онан соң өзге болыстарға шығармыз, сірә”.

Сөйткен Жақаш, Сабдықтан оңдап жөн сұрасуға да асқақ еңсесі илікпеген, өз буына өзі бөгіп, бабымен ысқыртып ала жөнелген Жақаш Күдері байдың көк желкесі мен Жамағаттың жылпың жүзін көргенде бетегеден биік, жусаннан аласа болды да қалды. “Ой сорлы-ай, орыс байының күймесін айдағанда оның қандай шаруамен жүргенін білмейтінің бар, несіне кісімсисің” деген Жамағаттың бір-ақ қағытуы сылаң торының алдында осы жаңа ғана кеңінен көсілген Жақаштың желденген көкірегін су сепкендей басты. Аузына құм құйылып, мысы құрып, жерге сіңіп барады.

Енді бір қалтарыста буы басылып, жүрегі орнына түсе бастаған Жақаш қожасының бар билігі өзінде тұрғандай, бір шаруасы болмаса, сылаң торыны күймелетіп мен осында келер ме едім деп қайта бір бой түзеп бара жатыр еді, Жамағат қу оның ойран-топырын шығарып, әбден масқара қылды:

“Пай-пай, сабазым-ай! “Мен осында келер ме едім” дейді. Бұ шіркін, шамасы Шақбұрысқа жолбасшыдай, өзі бастап осында келген екен ғой! Аналар ғой көш артынан ерген күшіктей Жақаштың күймесін өздері іздеп, қуа келмек-ау? Затыңа болайын, сабаз! Е-е, тағы да қандай өнерің бар? Айта отыр...”

Жақаш – Шукарь атай да, Санчо-Панса да емес. Бәрі де қарапайым халықтан шыққанымен, бұл оларға бүтіндей антипод. Бай күймесін айдауды тағдырдың өзіне мәңгілік аманатындай сезінген, бар арман-үміті иегінің астында ғана, көзге түсе алмай қор болған, мысқалдай биліктен жарты өмір рахат табатын адамдардың бір сілемі.

В.Белинскийдің “1847 жылғы орыс әдебиетіне көзқарас” дейтін әйгілі мақаласында мынадай бір жолдар бар еді: “Біреуден алған киіммен ажарланып, менменсіген қарға туралы не айтуға болады? Ондай менмендік ақылға әрдайым жат және көбінесе тексіздердің бойындағы кемшілік... Байқасаңыздар, помещиктің малайы мұжықты мейлінше қорлайды, ал іс жүзінде мұжық одан әлдеқайда жақсы, мейірімді, адам дәстүрлі! Малайға бұл менмендік қайдан келді? – Оған қожасының жаман мінезі жұқты, сондықтан да ол мұжықтан әлдеқайда білімдімін деп ойлайды. Топас адам әрқашан сыртқы сәулетті білім деп санайды”.

Бұл жолдардың Жақашқа, әрине, жарым-жартылай болса да қатысы бар. Жақаш менмен емес, бірақ қолына бір билік тисінші, көкірегінде оның да желі бар. Жақаш ешкімді қорламайды, бірақ реті келген жерінде өзінің құдіретін көрсетіп қалуға құмар. Жақаш өзін-өзі асып бара жатқан білімдімін деп те ойламайды, бірақ осы сыртқы сәулетке ет жүрегі елжірей қарайды, жүзіне нұр жүгіреді.

Жақаштың өріссіз, бір тұтам аңғал, балаң қылығына күлмейсің, қорланасың. Бұл – оның мінезі, тіршілігі, жеткен жері, жетер биігі. Ғ.Сланов әзілмен болса да осында жатқан ащы шындықты дәл берген.

Бірақ, қысқа жіп күрмеуге келмей қалды. Өзінің табиғи бір болмысымен жарқырап бір көрінген осынау қызық характер “Асау арна” романында сом тұлғаға ұласа алмады. Жақаштың көркем шығарманың кейіпкері ретіндегі тағдырын жазушы қас-қағымдық бір уақиғаға айналдырып жіберді.

Осы заман тақырыбына жазылған қазіргі қазақ романдарындағы бірақ кейіпкерлердің мінезі де міне дәл осы Жақаш мінезі іспеттес: барар жері, басар тауы – иек асты, арман-үміті бір тұтам. Мықтағанда, сәтті характер дегендеріңіздің көпшілігі де осынау Жақаштай көркемдік тағдыры шарт кесілген тұқыл тұлғалар боп келеді.

Ал бүгінгі заман тіршілігіне арналған романдардың қайсыбірін, тұтас алғанда, адамдар тағдыры терең, жан-жақты ашылған кесек характерлі, дара кейіпкерлі романнан гөрі, көбіне жалпы өмір көрінісіне құрылған тақырыптық роман деп бағалау орынды. Заман тынысын, өмір шындығын аңғартар кейбір жеке-жеке уақиғалар тізбегінде бір-жар қырымен көзге түсіп, көкірегіңде ізгіліктің жылт еткен бір ұшқынын қалдырар, немесе өшпенділік пен ызаның сұп-суық ызбар табын басатын жақсылы-жаманды кішігірім мінез көріністерін ғана көңілге медеу тұтып жүрміз. Әйтпесе, негізінен алғанда қазіргі қазақ романдарында характер деп жүргеніміздің образы кейде тіпті характер емес, жік-саяғы бөлінбеген, өзіндік, ерлік, адамдық мінез тұтастығы жоқ, еңсесін көтере алмай езіліп, жанбай жатып өшкен жансыз бейнелер.

Асулар

А.Алақанұлы

Ақын Алақанұлының “Асулар” романы қырқыншы жылдардағы саяси-әлеуметтік жағдайдың күрделілігін уақыт тынысындағы қат-қабат өмір шындықтары мен қилы-қилы тағдырлар тартысын өзек еткен шығарма. Автор үш тақырыптың басын біріктіре отырып арналы бір идеяға тоғыстыра алған. Осы орайда мазмұнды аша түскен идеялық шешімнің параллель алынғандығы ұтымды болған. Айталық, күні кешеге дейін Жақыптар жүріп келген сүрлеу бүгінгі Жантастар салған соны соқпақпен үйлесім тапқан. Романдағы оқиға желісі өмірлік шындық – 1940-49 жылдар арасындағы шындықты беруге өзіндік талпыныс жасаған. Сол уақытқа сай әлі де болса үзілмей келе жатқан таптық сипаттағы қарама-қарсы көзқарастар мен ұғымдар тайталасы олардың өмірлік көрінісі, жаңа заман рухындағы адамдардың өміршеңдігі, таптық позициясы солардың қиын да қызық тағдырлары аталмыш шығарманың композициялық құрылымы мен сюжеттік тартыс жүлгесін құрайды. Халық революциясы жеңгелі біраз жылдың жүзі болғанымен ел ішіндегі әлеуметтік қарым-қатынас бұрынғыдай жалғаса береді. Бірлестіктендіру шараларының әлі қолға алынбауы, ағартушылықтың іске аспауы бай мен кедей арасындағы қожайын мен жалшылықтың әлі де тамыры үзілмеуі осының айғағы.

1940 жылдың күзі ел өміріне елеулі өзгеріс ала келеді. Ол – Советтік Қазақстаннан келген мұғалім Еламанның бастауыш мектеп ашуы еді. Яғни ағартушылық саласына мойын бұрылып, жаппай сауат ашу процесі жүріле бастайды. Сонымен қатар бірлестіктендіру шаралары да осы жылдары қолға алынады. Міне, әлеуметтік қоғамдық тыныс елеулі өзгерістермен астасып, романның композициясын көріктендіре түседі. Еламан ел өміріне мәдениеттің шуағын шаша келеді. Роман шағын ауылдағы осы бір формациялық өзгерістердің бірсыдырғы көріністерін үзбей сабақтастырады. Оқиғаға бірден еніп, оны дамытып, шиеленістіре біледі. Кейіпкерлер арасындағы қатынас та нәзік байланыстар арқылы жымдасады.

“Асулар” романындағы көркемдік-идеялық ізденістің бір арнасы – тақырыпқа тереңдеу, оның философиялық астарларына үңілу. Тақырып терең ашылған сайын оның философиялық астары айқындала түседі. Шеберлікпен суреттелетін пейзаж, кейіпкер портреттері, түрлі мінездер психологиясы іс-әрекеттер суретімен аралас келіп отырады. Романның сюжеттік- композициялық құрылымын сөз еткенде автордың оқиғаны баяндаудағы дәстүрлі хроникалық тізбектеуге ұрына бермей кейіпкердің ой ағымындағы лирикалық шегіністерді пайдалана білгенін баса айтамыз. Әйтсе де әңгіме негізін алдымен шолып айтып артынан таратып жататын авторлық баяндаулар да жиі кездеседі. Негізгі тақырыптан және оқиғадан ауа жайылып екінші бір мәселеге кетушілік де кездеседі. Осының кесірінен шығарманың композициялық тұтастығы бұзылып, қосымша оқиға эпизодтардың қатары молайған.

Жазушы сыртқы болмысты баяндауға құштар да, ішкі мазмұнды көрсетуден қашқақтай береді. Кейіпкерлердің сыртқы динамикалық өсуі бар да ішкі жан-дүниесі көмескі көрсетілген. Олардың психологиялық жай-күйіне, қуаныш-ренішіне, қабағындағы кірбің мен жанарындағы жылылыққа, мінез өзгешелігіне тікелей ене алмайды да, сырттай баяндаумен тоқтайды. Кейіпкердің бір сәттік мінез-құлқын, психологиялық өзгерісін беруде авторлық баяндаумен қатар, кейіпкердің ой-ағымдарын пайдаланған ұтымды тұстары да бар.

Монолог біткенде “шіркін-ай”, “япыр-ай”, “ұят-ай”, “ойбу”, “ойбай-ай” тәрізді одағай сөздер мен қыстырма сөздердің өте көп қолданысынан болып, кейіпкер ойының біртектілік сипаты белең алған. Сонымен бірге, психологиялық мінез-құлықтың тайталас екі ұштылығы кейіпкер сайын кездеседі де көбінде бірыңғай сөйлемдермен, ой оралымдарымен беріліп отырады.

Толқу, тебірену... айтқандайын осы бір ғажайып сөз, сөз емес-ау, сыр - әдебиет сыны байыбына бара алмай жүрген соншалықты салдарлы ұғым. Толқыту, яғни оқырман көңілін баурап, кейіпкерлер тағдырына ортақтас қылу, ынтықтырып кітаптан бас көтертпеу – қашан да қаламгердің қабілетіне, шығарманың ішкі қуатына тікелей қатысты, өкінішке қарай бүгінгі әдебиетімізде жыл құсындай сирек ұшырасатын құбылыс. Осыдан барып, әрбір кейіпкердің ой-сана, мінез-құлқындағы өзгешелік, дара мінездікті үстейтін жеке характер ашылмаған. Бәрінің ойлауы да, сөйлеуі де өте ұқсас. Әр кейіпкердің болмысын танытатын өзіндік сөзі болуы керектігі ескерілмеген. Тек сырттай үздігу, жалған қиналу мен өтірік ұялу сияқты жасанды психологиялық бет-бейне, оқырманға берер әсері солғын, жан-жүрегіңді тебірентпейтін әрсіз сезім шегі мен ой пернесінің үйлесімсіздігі ап-айқын көрініп-ақ тұрады. “Арысым”, “арыстаным”, “қызыл гүлім”, “аяулым”, “қол жетпес бақ құсым” деп үздігетін сезім иелерінің сөздері әрі жаттанды, әрі поэтикалық әсері солғын, жасанды. Жан дүниесі өзгеріске түскен қай кейіпкерді де алып қарасаңыз да түгелге дерлік жүректері лүпілдеп, дауыстары дірілдеп, екі беті нарттай жанып, сөз таба алмай күмілжіп қала береді. Іштегі ой-сезім шарпылысын былай қойғанның өзінде, сыртқы түйсік әсерлері дағдылы суреттеулер мен сөз қолданыстардан аса алмаған. Мысалы, жып-жылы ақ саусақтардан жаралы башпай арқылы тұла бойға тараған ыстық лептен сол сәт жігіт жалын шалып өткендей сезінген, ... алақаны Айкүмістің жып-жылы жұмсақ саусақтарының сыртына басыла кетті. Сол сәт Тасболаттың тұла бойы күйіп-жанып бара жатқандай сезінді т.б. Сезім иірімдеріне, сыр қалтарыстарына үңілудегі мұндай жетімсіздік Тасболат – Айкүміс, Тасболат – Тоты желісінде де көрінеді.

Автор жағымды кейіпкерлерден гөрі жағымсыз кейіпкерлерге көбірек ден қойып, қол артқан. Елубай, Сақаба, Марқай бейнелерінің басқалардан сәл табиғилығы осыдан. Тасболат бейнесін сомдауда сыңаржақтылыққа ұрынбай, оның адамгершілік қасиеттерімен бірге пенделігін де ашып көрсеткен. Мәселен, басқа адаммен тұрмыс құрып кеткен Айкүміспен оңаша кездесуі осының айғағы. Ал, Айкүмістің Тасболатпен бірге қашуға келісіп қойып, ата-анасының ақ батасын аттап кете алмауы, тіпті кетуге бел буып орнынан тұрып, әрекеттенуі де айшықты суреттелген.

Ал романдағы Жақып байдың тұлғасы – аса күрделі. Шығарма басында Жақып аса надан байлардың бірінен көрінеді. Оны автор Жақыптың Тасболатты болмашыға бола сабап, таяққа жығуы арқылы көрсеткен. Бірақ, Жақыптың бұдан былайғы әрекеттерінен мұндай жеңіл ашуға беріліп, ойланбай іс жасағанын байқамайсың. Жалпы, Баян-Өлгейлік қаламгерлердің көбі таптық сипаттағы бай адамның бейнесін – сыртқы пошымы, жайсыз қимыл-әрекеті, ұрдажық, малшы-құсшыны болмашыға бола сабап салуға дайын тұратын етіп бейнелейді. Әуелінде Тасболаттың жеке басында Айкүміске деген ыстық балаң сезім мен қыз әкесі Жақыпқа деген суық кекшілдіктен туындайтын драмалық тартыс бар еді. Жазушы оны да ширықтыра алмаған.

Романдағы негізгі әлеуметтік топ – жаңаны қарсы алушы жастар мен күні өтіп бара жатқан байлар. Бұлардың арасындағы жаулық бірден ашық көзге түсе бермейді. Жақып байдың жымысқы саясаты, оның кейбір іс-әрекеті арқылы ғана белгілі болып отырады. Жазушы кейбір шолақ белсенділердің ұрдажық қылығы арқылы ғана жаңаның жауларының масайрауын орынды шенеп отырған. Бірақ, байлардың ішмерез қулығы іске аспай, үнемі жақсылық салтанат құрады. Жантасты мектептен қашып шыққан балалардың өлім аузынан құтқарылуы бір-бірімен қабыспайтын алшақ оқиға болғанымен, мұның астарында да нәзік байланыс бар. Ол - әкенің тәлімін көрген ұлдың, әкенің әрекетін қайталауы. Романның бір тарауы жүйелі түрдегі суретке көшірілсе, енді бір тарауы мүлдем жалаң баяндалады. Мәселен, Тасболаттың идеялық өсуі, жүріп өткен соқпағы тым үстірт баяндалса, Жантас бойындағы әрбір өзгерістер психологизмге құрылып, әлеуметтік көзқарастар ашылады.

Шығармада дәстүрлі прозадан ауытқыған бір эпизод бар. Ол – шығарма құндылығын арттыра түспесе, көркемдігіне нұқсан келтірмейді. Айталық, көп шығармаларда байдың қызы мен кедей жігіті уәделесіп ақ бата, ақ некені бұзып, қашуға бел байлайды. Әрі көбінен бұл қадамдары іске асып, жаңа қоғам арашашы боп жататын болса, бұл жолы Айкүміс ақ батаны аттап, ақ некені бұзудан қорықты. Әсіресе, түнде тұруға әрекеттенгені, әрбір іс-қимылы дәлелді штрихтармен оның сезім иіріміндегі өзгерісті аша түседі. Романның құрылымдық көркемдік жүйесіне үңіле қараған зерттеуші оның бітіміндегі ерекшеліктер себебінің қазақ қоғамдық санасы дамуының өзіндік жолындағы өзге дара процесті көреді.

Роман авторының көркемдік шындықты шырайландыра түсу үшін қолданған көркемдегіш құралдары да біршама сәтті.