Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Макфуза радио жауаптар.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
126.45 Кб
Скачать

17.Бұқаралық ақпарат құралы ретінде радионың табиғаты сипаттаңыз

Бұқаралық ақпарат құралы ретінде де радионың табиғаты белгілі бір заңдылықтар мен қарым- қатынастарға негізделеді. Радионың негізі- дыбыс.

Дыбыс адамның өмір сүруін, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қоса көңіл-күй сыйлайды, рухани байытады, сана-сезімін өсіреді, жаңа межелерге жігерлендіреді, күш-қуат береді, немесе жұбатады, демалдырады, бір күйден екіншісіне көшуге көмек береді. Адам өз еркінен тыс табиғи ырғақтар (биоритм) жетегінде өмір сүреді, соған сәйкес жүрек соғысы, тыныстауы, қабілеті мен зейіні де құбылмалы болып келеді. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сөйлеу мен естудің маңызы айрықша. Осы екі қабілеттің басын біріктіріп, ақпарат тасымалына жол салған, миллиондардың санасына бір мезгілде ықпал еткен радионың негізі де табиғаттан, жаратылыcтан, қоршаған ортадан бастау алады. Жапырақ сыбдыры, құстың сайрағаны, су сылдыры мен шолпылы, адам дауысы, доңғалақ сықыры, қоңырау үні, мотор шуы, музыка — мұның барлығы ауадағы табиғи тербелістердің адам құлағына жетуі, оны сана арқылы түйсіктеуіміз болып табылады. Сондықтан да бүгінгі радио адамның биологиялық, физиологиялық қасиеттерімен қоса оның жан дүниесін, яғни психологиясын да ескеретін бұқаралық ақпарат құралдарының бірі де бірегейі.

19.Радионың қоғамдағы мүмкіндігін сипаттаңыз

Сымсыз ақпарат жеткізуді меңгергелі бір ғасырдан асатын уақыт өтті, ал ғылыми-техникалық прогресс қарыштап дамып кетті. Соған тікелей жол ашқан “ақжолтайлардың” бірі де бірегейі — радио және оған қатысты технологиялар. Радио — ақпаратты жеткізу мен тасымалдаудың құралы ғана емес, оны басқару мен жүйелеудің де тетігіне айналды. Радио шекараны білмейтін, тосқауылсыз арнаға, жаһандық сипатқа ие болды. Шағын ғана, энергияны аз қажетсінетін құрылғылар тұрмысымыздан кең орын алып, адамға көмекшілікке жарады. Бүгінгі ақпараттық тасқынның да бастау бұлағы — радиотехнологиялар. Ол миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудырып, эмоционалды-экспрессивті ықпал ете алады.

20.Радио ең жедел, икемді, әрі аз шығынмен жұмыс істейтін бұқаралық құрал екендігін мысалдармен дәлелдеу.

Радионың бірінші табиғи қасиеті — жеделдігі. Қалыптасқан БАҚ жүйесінде бірде-бір басқа құрал мұндай жеделдікті қамтамасыз ете алмайды. Газет ақпараты оқырманына жету жолында күрделі бірнеше процесті: деректі жинау, терім, беттеу, көбейту және тасымалдауды бастан өткеріп, бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейінгі уақытты қамтуы мүмкін. Телевизияда соңғы жылдары ғарыштық байланыс құралдары арқылы оқиға ортасынан тікелей хабар беру үрдісі жолға қойылды. Бірақ ол көп шығынды, қымбат техникалық құралдарды қажет ететіндіктен екі телеарнаның бірінің шамасы жетпейді, сондықтан сирек, үлкен компаниялардың ғана тәжірибесінен орын алған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы уақытта радио тәсілін қолдану етек алып келеді, яғни тікелей эфирде телефон арқылы ақпарат беру жиі кездесіп жүр. БАҚ қатарына соңғы жылдары қосылған Интернеттің де өзіндік шектеулері бар. Дүниежүзілік компьютерлік желіде ақпарат сайтқа орналастырылған сәттен бастап, оны кез-келген шартараптан оқуға мүмкіндік туады. Ол үшін де тұтынушының ақпарат таратушы сайтын тауып, ондағы дерекке жол табуы үшін кәсіби машығы болуымен қатар іздеуге уақыт жұмсауына тура келеді. Радиожурналист болса оқиға ортасында жүріп, көрген-білгенін тікелей эфирге шығып баяндай алады. Соңғы жылдары қауырт дамып, кең қолданысқа ие болған ұялы телефондар бұл үрдіске жаңа тыныс әперді, радионың мүмкіндігін бұрынғыдан да арттырды. Радиотілші төтенше жағдайлар болсын, тез өзгермелі спорт жарыстары болсын, ақпаратын жеткізу мақсатында орталық студия арқылы байланысқа қосылып, тікелей эфирде жұмыс істей алады. Қазіргі заманғы байланыс технологиясы радио ақпарат таратуды аз шығынмен тікелей эфир жағдайында жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Яғни, ақпаратты тұтынушысына жеткізу жеделдігі жағынан телевизия да, Интернет те радионың алдына шыға алмайды. Радио ең жедел, икемді, әрі аз шығынмен жұмыс істейтін бұқаралық құрал болып қала береді.