Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Макфуза радио жауаптар.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
126.45 Кб
Скачать

25.Радиохабардағы сценарийлық жобаның маңызына мысалдар келтіру

Тікелей эфирге арналып алдын-ала жазылған мәтін-сценарийлік нұсқа. Енді соған жан бітіріп, хабардың реңін ашу үшін не істеу керек? Әлбетте, ең алдымен хабардың шақыру белгісін әзірлеген жөн. Оны мынадай төрт түрлі жолмен жасауға болады.

  1. Музыкалық шақыру белгісі.

  2. Арнайы мәтін жазылған шақыру белгісі.

  3. Ресми атауын айтып хабарды немесе бағдарламаны ашу.

  4. Әуенмен айтылатын шақыру белгісі.

Бұл, әрине, әрбір радиостанцияда өз имиджіне сәйкес, жаңалықтар оқыларда, уақыт айтыларда беріліп жатады. Ол қазіргідей ақпарат ғасырының талғамы жоғары тыңдарманы үшін аздық етеді. Шақыру белгісін тыңдарманды баурап алудың алғашқы қадамы ретінде тікелей эфирді жүргізетін журналист ұтқыр қолдана білуі тиіс. Келесі кезекте тыңдарман назарын аударатын роликтер мен тақырып мазмұнын ашатын джинглдар жасап оны бағдарлама барысында пайдалану жүргізуші-журналистің аудитория алдындағы сенімін күшейтсе, екінші жағынан тыңдарманды жалықтырып алмауға мүмкіндік береді.

Негізінде, шақыру белгілерін тыңдарман құлағына сіңіру үшін тұрақты түрде берген дұрыс. Ал роликтер мен джинглдарды әр хабар сайын мың құбылтып ұсыну журналист шеберлігінің бір қыры болмақ.

Бағдарламаның берілу мерзімі және эфирдегі уақыты - түсінікті ұғымдар. Ал бағдарлама нысаны - журналист таңдаған тақырып аясындағы ақпарат көзі, оның зерттейтін обектісі, бақылайтын ортасы. Бағдарлама сипатын белгілі бір дәрежеде журналистің кәсіби деңгейінің барометрі деуге болар еді. Қарап тұрсаңыз қазіргі тәуелсіз радио арналардағы бағдарламалардың дені көңілашар, ойын-сауық сипатында болып келеді. Бағдарламаға қатысушылар қарапайым студия қонағы, күнделікті хабардың кәдімгі кейіпкері болып көрінгенмен олардың ролі бағдарлама авторы үшін де радиоарна үшін де орасан зор. Өйткені, дүйім жұртқа таралатын әуе толқынында кім көрінгенді кез-келген жағдайға байланысты сөйлете беруге болмайтыны белгілі. Кейде олардың керемет үлкен пайдасы тисе, кейде кесірлері шаш етектен болуы ғажап емес. Сондықтан бағдарламаға кімді және қалай, қандай жағдайда қатыстыру туралы түбегейлі шешіп алған дұрыс. Бағдарлама демеушісі бағдарламаны жарыққа шығару үшін қажет. Жақсы демеуші таба алмаған талай-талай үздік жобалардың қағаз жүзінде қалып қоятыны да жасырын емес. Сондықтан да, журналист бағдарлама авторы болумен қатар өз ісінің маркетингі болуы тиіс. Бұл заман талабы. Демек, журналист еңбегі осындай жоба арқылы жүзеге асады. Тек, кәсіби шеберлік сонымен шектелмейді. Журналист жасаған жобасы арқылы өзін-өзі дәлелдеуге кіріседі, журналистикадағы өз әлеміне қадам басады. Сонымен, тағы да бір журналистке ең керек нәрсе “Іс-әрекет мазмұны” кестесіндегі келесі бір ұғым – сенім. Күш-қуаттың қайнар көзі – біздің өзіміздің ақыл-ойымыз. Адамның сенімі – оның өмірінің бейне көрінісі.

26.Радиохабары – дыбыс өнері екендігін мысалдармен дәлелдеу

Радионың өзі дыбыс өнері. Дыбыс адамның нәзік түйсігіне соғып, ұғым туғызатын эмоциялық құбылыс. Дыбыс өнері өмір шындығын, көркем образдарды естірту арқылы бейнелейді. Бұл оның бейнелеу тәсіліндегі өнердің басқа салаларынан өзгешелігі, өзіне тән ерекше сипаты.

Мысалға “Жүрегім соғып тұрғанда” спектаклі тек радиода тууы мүмкін. Өйткені, оның басталуы театрға мүлде келмейді. Онда репортажға тән жазбалар; Ұлы Отан соғысы кезінде әйелдер полкінің түнде ұшатын бомбардировчиктері штурмандары мен ұшқыштарының сөзі бар. Олардың табиғи дауыстары; бірін-бірі аттарымен, әскери шенімен атауы, полктың тарихын айтуы, ұшқышты еске түсіруі, сөз жоқ, шығарма құнын арттырып тұр.

Мәселен, “Алматыдан сөйлеп тұрмыз!” дегенді естігенде-ақ, осының артында аса маңызды бір құлақтандыру жатқанын сезе қоямыз да қалт етпей тыңдай қаламыз. Бұл Әнуарбек Байжанбаевтың даусына таңданғанымыздан емес, оның ғажап бір оқиғаны бейнелеп тұрғандығынан. Ол эфирден соңғы хабар да, очерк, корреспонденция да, баяндама да оқиды, одан мұндай эмоциялық күшті сезбейміз. Өйткені, бұл оның әдеттегі табиғи даусы.

Әрине, мұнан кез-келген мәнерлі дыбыстың бейнелеу қабілеті бар деген ұғым тумайды. Дыбыстың көркем образды бейнелейтін шығармашылық сипаты да, табиғи сипаты да болады. Мысалы, радионың тілшісі оқиға ортасына барып, бір кейіпкерді микрофонға шақырды. Ол бұрын сөйлеп көрген жоқ. Сондықтан тілші оған “былай сөйлеңіз, даусыңызды былай шығарыңыз” деп үйретеді. Ол солай сөйлейді де. Бірақ мұнда ешқандай өнерге тән бейнелеу құдіреті жоқ, факт ғана болып шығады. Көркем образды бейнелеу шығармашылық. Шығармашылық жоқ жерде өнер де жоқ.

Бұл арада радиоөнердің өз алдына өсу жолы бар дербес өнер деуге бола ма деген жанды сұрақ тууы да мүмкін.

Радиоөнердің сипатына қарағанда, ол өнерді жұрттың құлағына құю, жүрегіне жеткізу қызметін атқаратын қатынас құралы ғана сияқты. Ал оның эмоциялық күшімен, эстетикалық әсерімен, бейнелеу қабілетімен санассақ, өзіндік сипаты бар, қабылдаушысы бар, үлкен өнердің тамырлас бір саласы, яғни радиолық түрі екенін мойындаймыз.

Дауысты құбылтып, түрлендіріп беру тәсілімен дыбыстық картиналар жасау арқылы электронды хабар берудің сипаты өзгеріске түседі. Ресми маңызды деген хабардың өзін бір қалыпты дыбыспен беру адамның логикалық ойлау жүйесін іске қосқанымен, сезіміне әсер ете алмайды. Яғни хабардың эмоциялық ықпалы нөлге тең. Мұндай адам психологиясына әсері жоқ хабарлардың қабылдануы ауыр болғандықтан, тыңдарман аудиториясын тез шаршатып, жалықтырып жібереді. Сондықтан да, хабардың мазмұнын ғана емес, эфирден берілу формасы, естілу ерекшеліктері ескеріліп, тыңдаушыны тартып, жетелеп отыруы тиіс. Дәлірек айтқанда, негізгі жүкті көтеретін, басты қызмет атқаратын нәрсе- сөйлеушінің дауыс ырғағы. Адам даусының ырғақтарын, үн реңдерін қағазға түсіру мүмкін емес. Қағазға жазылған сөз өзінің қосымша бейнелеуші қасиеті- үннен жанды дауыстан айырылады, сол арқылы оның мазмұны да кемиді. Сондықтан да, радиохабарларының естілу арқылы жасайтын әсері басқа бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда басымырақ.

Музыка өмірді күй ырғағы, ән әуені арқылы бейнелесе, сурет өнері бояумен, балет тілсіз қимыл әрекетімен бейнелейді. Егер өнер өмірді бейнелеу арқылы көрсететін болса, радиоөнері де жоғарыда айтқанымыздай, өмірді дыбыс арқылы бейнелейді.