
Құқық жүйесі мен нысандары
Барлық заңдық нормалар бір-бірімен тығыз байланысты, өзара тәуелді, өзара негізделген және біріңғай жүйе құрайды. Құқық жүйесі – нақтылы түрде қалыптасқан құқықтың ішкі құрылымы. Құқық жүйесін заңдылық жүйесінен айыра білу қажет, олар мән мен нысан ретінде сәйкес келеді.
Құқық бөлшектерінің ұйымдастырылуы және өзара байланысу тәртібін көрсететін ішкі құрылымын құқықтың жүйесі деп атаймыз. Құқық жүйесі төмендегідей бөлшектерден тұрады:
құқық саласы –бір-бірінен құқықтық реттеудің заты және әдісімен ерекшеленетін біріңғай құқықтық қатынастарды реттеуші құқық нормаларының жиынтығы, (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, экологиялық, іс жүргізу т.б.);
құқық институты – біріңғай қоғамдық қатынастардың жеке, шартты түрде дербес түрлерін реттейтін құқық нормаларының жиынтығы, (сайлау институты, меншік институты, қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босату институты);
құқықтық норма – қоғамдағы қатынас субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін реттеп, басқарып отыратын жалпыға бірдей мемлекетпен қамтамасыз етілетін ереже-қағида. Құқықтық норманың құрылымы: диспозиция, гипотеза, санкция.
Диспозиция –тікелей мінез-құлық ережелері.
Гипотеза - аталған норма әрекетке түсетін мән-жайлар.
Санкция – нақтылы диспозицияны орындағаны немесе орындамағаны үшін қолданылатын жазалау немесе көтермелеу шараларының түрі.
Құқықтық реттеу әдістері солардың көмегі арқылы негізделген қоғамдық қатынастарды реттеу жүзеге асырылатын амал-тәсілдердің жиынтығы. Ол тікелей қоғамдық қатынастарды, құқықтық және ұйымдық қатынастарды реттейтінпроцессуалдық нормаларды қамтитын құқықтық материалдық салаларын білдіреді. Қазіргі кезеңдегі құқықтың негізгі материалдық салаларына: конституциялық құқық, қылмыстық құқық, еңбек құқығы, отбасылық құқық, жер құқығы, экологиялық құқық, кедендік құқық жатады. Процессуалдық салаларға: азаматтық - процессуалдық, қылмыстық -процессуалдық, әкімшілік - процессуалдық құқық жатады. Бұл аталған барлық нормалар сол немесе басқа мемлекеттің ұлттық жүйесін құрайды. Құқықтың ерекше саласы ретінде халықаралық құқық айқындалады, өйткені оның негізгі субъектілері мемлекет пен халықаралық ұйымдар болып табылатындықтан, ол ұлттық жүйесіне енбейді. Қазіргі заманғы халықаралық құқық нормалары шарттық және императивтік сипатқа ие және халықаралық келісім-шарттарда, халықаралық әдет-ғұрыптарды және халықаралық ұйымдардың резолюцияларында айшықталады.
Құқықтың нысаны – мемлекеттік биліктің нормаға, заңға айналу түрлері, олар:
1. Құқықтық әдет-ғұрып. Бұл құқықтың негізгі қоғам тарихында мемлекеттің қалыптасу кезеңінде өмірге келген құқық нысаны. Әдет-ғұрып нормалары адамдардың қарым-қатынасында ғасырлар бойы қолданылған, өмірде жан-жақты тәжірибе арқылы қалыптасқан.
2. Құқықтық прецедент – соттың және әкімшілік органның нақты бір істі – мәселені қарап, реттеп, шешім қабылдаған кесімдері басқа істерді, реттеп шешуге негізгі норма бола алады. Бұл шешімдер нормативтік актілердің бір түрі.
3. Нормативтік шарттар – қоғамдағы қатынастардың негізі бола алады. Мысалы: Германия Федеративтік Республикасы мен Германия Демократиялық Республикасының бірігу шарты, мемлекеттердің арақатынасындағы шарттар, кәсіпшілер одағының ұжымдық шарттары т.б.
4. Референдумда қабылданған нормативтік кесімдер – заңның бір түрі. Сондықтан бұл кесімдер құқықтың ең күрделі, ең басым негізі. Референдум жалпы мемлекеттік түрде және жергілікті мақсатпен өткізіледі.
5. Нормативтік-құқықтық кесім – мемлекеттік органның қабылдаған, бекіткен кесімі. Қоғамдағы қарым-қатынастардың басым көпшілігі осы нормативтік кесімдер арқылы реттеліп, басқарылады.
Барынша көп тараған құқықтық қайнар көздерінің бірі, мінез-құлықтың жалпы міндетті ережесі, мемлекеттің органдары жасаған не бекіткен ресми іс-құжаттардың жиынтығын нормативтік-құқықтық актілер болып есептеледі. Нормативтік-құқықтық акт – референдумда қабылданған не уәкілетті орган немесе мемлекеттің лауазымды адамы қабылдаған, құқықтық нормаларды белгілейтін, олардың қолданылуын өзгертетін, тоқтататын немесе тоқтата тұратын белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат.
Құқық жүйесінде заңдар ерекше орын алады. Өзінің заңдық күші және маңыздылығы жағынан жетекші орынға ие нормативтік-құқықтық актілердің бірі заңдар. Заңдар - белгіленген тәртіппен қабылданғаннормативтік құқықтық актілердің жиынтығы. Заң – қоғамдық қатынастарды реттейтін, Қазақстан Республикасының Парламенті және Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайтын нормативтік құқықтық акт. Заң басқа нормативтік-құқықтық актілерден заңдық күші жағынан жоғары тұрады. Сондықтан басқа нормативтік-құқықтық актілер заңға қайшы келмей соның аясында, шеңберінде әрекет жасайды.
Нормативтік - құқықтық актілер ішінде заңдық күші жағынан ең жоғары тұрған Қазақстан Республикасы Конституциясы. Конституция – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттің негізгі заңы.
Нормативтік - құқықтық актілердің бірі кодекс. Кодекс - дегеніміз біртектес қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар біріктіріліп, жүйеге келтірілген заң.