Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Е. Н. Дауенов Дәстүрлі қазақ этнографиясы оқу-...doc
Скачиваний:
6
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.58 Mб
Скачать

Саумалық

«Саумалық» (ырым). Наурыз туып, жер көктеп, күн жылынғанда өлеңмен айтылатын дәстүрлі тілек. Бұл кезде әр адам, от басы мүшелері:

Саумалық, саумалық

Жаңа келген жақсылық

Жаңа келген береке

Жаңа келген мереке

Көрмедік пе, Көрдік пе?

Саумалық, саумалық

Сүт көп, көмір аз,

Өмір көп өлім жоқ —

деп тілек тілеп, бата жасайды.

Сауын айту

Сауын айту (ғұрып. «Мырза өз әкесі Өсекеңе ас берем деп, Қөкшетауға сауын айтып елді жиды ғой» (М. Әуезов). Бір елде ас, үлкен той болатын болса, ол күні бұрын (бірнеше ай, жыл) жан-жаққа хабарланып сауын айтылады. Бұл жәй шақыру емес, әр ел салт-дәстүрмен яғни батыр, палуанымен, жүйрік атымен, ақын, жыршысымен, сойыс, сабасымен келсін дегенді білдіреді. Және асқа, тойға келгендер де бір-бірінен асып түсуге тырысады. Өзінің әйгілі «Құлагер» дастанында I. Жансүгіров былай деп толғайды:

«Сан сойыс Сағынайдың бұл асына

Мал қайдан келіп жатыр расында?

Жан-жақтан топ-тобымен төгіліп мал,

Көтерген малын керей үй басына.

Мал айдап жан-жақтан жүрт оннан, бестен,

Көп саба келіп жатыр елдей көшкен...

Сауын айтудың екінші жағы оның көптің күші мен малы арқылы атқарылатындығында жатыр. «Жиынға қымыз әкелгендердің ыдысына сойылған малдың жіліктерін салып жіберу ырымы болған» (С. Мұқанов).

Сауын алу

Сауын алу (салт). «Ердің күйін сұрама, Жұрттан сауын сауған соң» («Ел аузынан»). Малы жоқ адамдар ауқатты адамдардан сүтін пайдалану үшін «сауынға» деп белгілі бір мерзімге сауа тұратын бие, немесе сиыр сұрап алады. Сауын алушы өз алған малының төлімен аман әкеліп тапсыруына кепілдік береді.

Сәлем беру, сәлем ету

Сәлем беру (салт). «Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты» (Ел аузынан»). Алыс жолдан келген жолаушы, немесе сол елдің адамы ауыл ақсақалдарына, немесе белгілі адамдарға әдейі іздеп келіп сәлем беру, қалыптасқан ұлттық дәстүріміз. Кейде «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» дегендей жөн білетін үлкен дердің өзі барып сәлемдесетін де жол бар. Егер сәлем ер адамға қатысты болса «сәлем берді» деп айтылады.

Сәлемнің басқа түрі де бар. Мысалы сыйлы ата, ене, қайынағаларына кездескенде, көргенде келіні оларға иіліп сәлем қылады. Үлкен кісілерден табақ қайтқанда да келін сәлем ету керек. Ондайда біреу «келіндеріңіз сәлем істеп жатыр» деп хабарлайды. Үлкендер оған риза болып, батасын береді. Келіннің сәлем етуі әдептілік пен сыйлаудың белгісі ретінде қабылданады. Сәлем әйел адамға қатысты болса оны «сәлем етті» дейді.

Сәлем қылудың тағы бір өзгеше түрі де бар. Егер бір адамның мойны құяң болып, басын бұра алмай қалса, онда ол кербез адамның сыртынан сәлем қылуы керек. Халық ұғымы бойынша кұяң сонда жазылып кетеді деген сенім болған. Мұндай сәлем қылудың аяғы көңілді күлкіге жалғасып жатады.

Сүйінші

Сүйінші (салт). Халқымызда біреу екінші адамға жақсы хабар жеткізіп қуантса, сүйінші кәдесін алатын салт бар. Бұрынғы әдет-ғұрып заңы бойынша жоғалған қымбат затты тауып, не оның қайда екенін көрсеткен, не ұрыны ұстаған адамдар иесінен сүйінші дәметкен, егер иесі бұны беруден қашқақтаса, биге жүгінуге хақылы болған.

Сүйінші көлемі хабаршының көрсеткен қызметіне және жоғалып табылған заттың бағасына байланысты анықталған. Мәселен, ұрланған малды тауып әкеліп берген, одан әлгі малдың құнының 20-дан бірін, ал ұрыдан тартып алса, 5-тен бірін, ал ұрының өзін әкелсе, ұрланған малдың жарты құнындай сый алған. Егер хабаршы жоғалған малды көрмей, оның қайда екенін естуі бойынша жеткізсе, құлақ сүйінші алған. Ұры жоғалған малды өзі әкеп берсе, әрине, сүйінші дәметуге хақысы жоқ. Егер жоғалған малды табуға, не ұрының мойнына қойып беруге уәде етіп, сүйінші алған адам уәдесін орыңдамаса, алған сүйіншісінің белгілі бір бөлегін қайтаруға тиіс.

Жалпы қазақ халқында сүйінші жақсылықтың нышаны. Беті балбұл жанып сүйінші сұрай келген адамға қалағанынды ал, деп қолын еш қақпаған. Күні бүгінге дейін бұл дәстүр жалғасын тауып, сүйінші сұрау жақсылықтың, қуаныштың нышаны болып келеді.

Сыбаға

Сыйлы адамға тартылар табақта міндетті түрде мүшелі ет болады. Ол "сыбаға" деп аталады. Қойдын басы, ірі малдың шекесі, жылқының бұғана-кабырғалары, сүбе қабырға, төс, кәрі жілік, ортан жілік, тоқпақ жілік, жамбас, белдеме, ұзын омыртқа, жүрек, бүйрек сияқты мал мүшелері сыбағалы тағам қатарына жатады.

Сыбаға әдетте сыйлы адамдарды елеп-ескергендіктің белгісі ретінде соғым етінен сақталады. Жүріп-тұруы аз, қарт адамдардың сыбағасын қатынасқан адамнан беріп жіберетін де дәстүр бар. Мұндайда, әсіресе, қарттар риза болып, батасын беріп, елеп-ескерген үйдегі келіншектің атына мадақ сөз айтады. Мұның өзі төнірегіндегі естіп тұрған жастарға кісіліктің жолындай, бауырмалдықтың дәнекеріндей өнеге болады.

Тасқорық

Торғай шырылдағанда отарын өргізген қойшы қойларын шырқата жайып келіп, көлеңке аяқ астына тығылған шақта өзіне таныс бұлақ басына немесе өзен жағасына малын иіреді. Әрине түскі тамақ ішу үшін отарына шаң қаптырып, түс кезінде топырлатып ауылға айдап келу малдың қас-қабағына қараған елдің әдетінде болмайды. Әсіресе, отарлап бағатын қойдың аяқ оты қанып, тұяғы жеткен су көзіне іліксе болды – күн ыстықта тойынған мал шөлін басқан соң бырдай болып жусайды, бауырларын су табанындағы салқын шымға басып рақаттанады.

Сол кезде қойшы түскі тамағын әзірлеуге кіріседі. Алдымен айналасынан тезек теріп, шақатты тақырлау жерге от жағады. Дөңгелене қаланған тезек ортасына қаз жұмыртқасындай алты-жеті тас тастайды. Сонсоң белінен саптыаяғын шешіп алады да, өзіне мәлім сауын қойлардың үш-төртеуін сауып алады.

Мұнан әрі қойшы саптыаяқ толы сүтін алып отбасына келгенде шоқайна ортасындағы манағы тастардың әбден қызып, бал-бұл жанып жатқанын көреді. Іле тал-теректің айыр бұтағын шымшуыр етіп алып, қызған тастың біреуін от ортасынан шымшып алады. Шымшып алған күлін үріп жіберіп, саптыаяқтағы сүтке батырса быж-ж етіп күйген сүттің иісі ен даланы кернеп кеткендей болады. Осылайша қойшы екінші тасты, үшінші тасты сүтке батырып алады. Ал төртінші, бесінші тасты батырғанда саптыаяқтағы сүт суынан арылып, сап-сары болып қойылып, бүлк-бүлк етіп қайнай бастайды. Сол кезде тасқорықтың дәмін білетін қойшы суығанша шыдамы таусылып, сілекейін жұтынады. Қоржынынан құрт-ірімшігін алып, тасқорықтан ұрттап қойып отырғанда Сахара қойшысының реңінен осы тірлігіне әбден риза пейіл аңғарылар еді.

Тәбәрік

Қандай да бір қазақ ойынының немесе жыртыстарының жүлдегері алған сыйын бөліседі. Осы бөліп алған зат «тәбәрік» деп есептеледі.

Жасы жүзге келіп, немесе жүзге жақындап өлген қарттардың тірі кездерінде тұтынған заттарын, тәбәрік деп бөлісіп алады. Ол бізге де жұғысты болсын, немесе, біз де сондай жасқа жете берейік, деген тілекті білдіреді. Ондай үлкен кісілердің өмірлерінде тұтынған заттарын өзара бөлісіп алады. Тәбәрікке әжелердің жиған зергерлік бұйымдары, киген киімдері, сандығына салып сақтаған заттары, қарт аталардың қамшылары, ер тоқымдары, бас киімдері мен киген киімдері және жеке тұтынған заттары жатады.

Тоқым қағу

Ашамайға мінген соң іле-шала бәсіресіне мінген бала бірінші рет үйінен алысқа жолаушылағанда әке-шешесі бір малын сойып, оның тоқым қағарын өткізеді.

"Қазақта мектеп те жоқ, Медресе аз. Надан, балалары тәрбиесіз"— деп ат кеудесімен басып кете жаздатып жүргендер — шетінен тойдала, пілге үрген иттей, олар қанша үрсе де түйенің үстіндегі қазақты қаба алған жоқ. "Тоқым қағу" соларға қаққызбаудың, соғысса женілмеудің алғашқы сабағы.

Біз осы "тоқым қағарға" дейін баланың он жас айналасындағы кезін сөз еттік. Бұған дейінгінің бәрін қазақ балалық кез дейді. Жүген-құрықсыз дербес шақ дейді де, оннан аса еңбек мектебіне кіргізеді, оқытады. Біз бұны қазақтың жасты бөлуімен түсіндірейік.

Қазақ ұлы оннан асысымен қозы жасы атайды. Бұл шақта баланың міңдеті, істейтіні — қозы бағу. Бұл еңбекке баулудың қазақша бастауыш класы іспетті. "Қозы жасы" атауы да содан.

Жоғарыда өзіміз сөз еткендей қағаз-қалам ұстап партада отырған оқушысы болмағанымен, өрісте қолына ақ таяқ ұстап, еңбекке шынығып жүрген баласы бар қазақ бір жағынан зиян тартса, бір жағынан пайда тауып жатады. Түбінде оқу-ғылым теріс емес қой. Бірақ түйенің өзі — түйе, құмалағы түйе болмайтынындай, оқығанның бәрі ойлаған жерден шыға бермейді... Ал қозы жасы деп аталатын еңбек мектебіндегілер шетелдікке қанша айтқанмен бейім келеді.

Бұл арада біз оқудан ат-тоңды ала қашудан аулақпыз. Әңгіме қазақтың ертедегі әлқиссасы жөнінде болып отырған соң, сол кездегі қазақтардың бала тәрбиесі, оқытуы болмады дегеңдерге ескерту жасау ғана.

Өйткені казақ балаға жастайынан қатал қараған, баули білген. Кей халықтың қозы жасындағылары сары далада сарылып қозы бақпақ тұрғай, жеңіл-желпі киініп есік алдына шықса ауырып қалады.

Алматының кейбір биік үйінен басқаны көрмеген он жасты қойып, жиырмадағы баласы ауылға келгенде отын бұтай алмай тыраңдап жатқанына талай куә болғанбыз.

Қазіргі халыққа қозы жасындағы балаға жүз қозыны итарқасы қиянға апарып жаю өте қиын көрінгенімен, ол кезде ол жастағыларға онан жеңіл жұмыс жоқты.