Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Е. Н. Дауенов Дәстүрлі қазақ этнографиясы оқу-...doc
Скачиваний:
6
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.58 Mб
Скачать

Әмеңгерлік

Әмеңгерлік (салт). «...Жібектің әмеңгерлікке көнбегені үлкен ерлік» (Ғ. Мүсірепов).

Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі «ерден кетсе де елден кетпек жоқ», «аға өлсе іні мұра» деген қағидамен әмеңгерлік жолмен куйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен де негізделген. Күйеуі өлген жесірді басқа жаққа жібермеудің бірнеше әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туыс-туғанынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған.

Бата

Бата (бата беру, бата алу). «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» (мақал). Бата халықтың рухани қуат алатын құдыретті сенім күші. Ол ел сенімін ақтайтын абзал азаматтарға, талапты жастарға, көптің жүгін көтерген адамдарға немесе үлкендер жақсы ісіне риза болған жағдайларда берілетін ұлы адамдар мен ел ақсақалдарының ақ тілегі, әрі өмірлік жолдамасы. Мұның бірнеше түрлері бар:

1) жас талапкерге бата. «Сырым батыр жас кезінде батасын алайын... деп Бөкен биге барыпты». Бұл ерлік, өнер, өмір жолына, ұзақ сапарға аттанар алдында әдейі барып тілейтін бата. Қошқарұлы Жәнібек жас кезінде Қаракерей Соқыр Абыздан бата сұрай барғанда ол кісі былай депті:

Бедеуің белдеуіңдегі байлаулы болсын,

Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын.

Есігің ашық болсын,

Кабағың жазық болсын.

Сонда ағайының кетпес қасыңнан

Жақыныңа бұрмай төрелікті түзу бер,

Сонда қаумалаған халқың кетпес қасыңнан.

Мұндай баталар талапты, халық сүйген, ер-азаматтарға ғана берілген;

2) дастарханға бата. «Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын» («Ақ бата»). Батаның екінші түрі дастарханға ризашылықпен беріледі. Дұрыс мүшелі қонақасы берілмесе шешен, өткір тілді адамдар бата арасына сол үйдің сараңдығын да қосып айтып жіберетіндер болған;

3) алғыс батасы. «Бақ берсін, бас берсін, Өміріңе ұзақ жас берсін» (Ақ бата»). Үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата береді. Батаның тәрбиелік мәні зор. «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» - деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Ендеше бата да сол ұлы қасиеттерге бастаушы әрі тудырушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, тақпақпен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. Батаны құрметті, елге өте сыйлы адамдар береді;

4) теріс бата. Бұл «бата» деп аталғаны болмаса қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. «Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр... Бұл теріс батаның, қарғыс батаның белгісі». (М. Әуезов). Мұндай бата сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкенің қолын теріс жайып берген қарғыс батасы. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылған және ол атадан балаға ұмытылмайтын таңба болып қалған. Атаның теріс батасын алғандарды халық та жек көрген.

Байлау

Байлау (салт). «Бері кел, байла мынаны!» (Ғ. Мүсірепов). Соғып алған аңды, олжаны, тауып алған затты әр адам жанындағы кісілерге сыйға тарту керек. Мұны қазақтар «байлау» деп айтады. Ол мәрттіктің белгісі. Бұл дәстүрді бұзған адам тәртіпті бұзған адаммен бірдей саналған. Торғайда Жолдас атты тапқыр, шешен адам қалам тауып алыпты. Жанындағы адам «байлаңыз» дегенде Жөкең «байламаса да тұрады» депті. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген сонда серігі.