
- •1 Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялық байланыс негізінде қалыптастырудың теориялық негіздері
- •1.1 Оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру мәселелерінің теориялық зерттелуі
- •1.2 Интеграциялық байланыс негізінде оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың мәні
- •1.3 Оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудағы интеграциялық байланыстың орны және дүниетану пәнінің мүмкіндіктері
- •2 Оқушылардың дүниетанымын интерграциялық байланыс негізінде қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік эксперимент
- •2.1 Интеграциялық байланыс негізінде оқушылардың дүниетанымының қалыптасу деңгейінің диагностикасы
- •Сауалнама нәтижесінде төмендегідей қорытынды жасалды:
- •Диагностикалық эксперименттің әдістеме бойынша нәтижелері
- •1 Кесте
- •2.2 Интеграциялық байланыс негізінде оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру әдістемесі
- •Оқыту процесінде оқушылардың дүниетанымын интеграциялық байланыс негізінде қалыптастырудың жолдары
- •Дүниетану, 4-сынып
- •Дүниетану, 4-сынып
- •Дүниетану, 4-сынып
- •4) Экологиялық ұғым берудегі бейнелеу өнері арасындағы байланыстар:
- •5) Экологиялық ұғым берудегі музыка пәнаралық байланысы:
- •6) Экологиялық ұғым берудегі еңбек сабағымен пәнаралық байланысы:
- •7) Экологиялық ұғым берудегі денешынықтыру пәнаралық байланысы:
- •2.3 Интегациялау арқылы оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру экспериментінің нәтижелілігі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- •1. «Қорғалжын тобы»
- •2. «Марқакөл» тобы
- •3. «Барсакелмес» тобы
- •4. «Наурызым» тобы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Көзейбай Гулзинат
МАГИСТЕРЛІК ДИССЕРТАЦИЯ
Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыру
МАЗМҰНЫ
|
КІРІСПЕ |
3
|
1 |
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫН ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫС НЕГІЗІНДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ |
6 |
1.1 |
Оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру мәселелерінің теориялық зерттелуі |
6 |
1.2 |
Интеграциялық байланыс негізінде оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың мәні |
17 |
1.3 |
Оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудағы интеграциялық байланыстың орны және дүниетану пәнінің мүмкіндіктері
|
31 |
2. |
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДҮНИЕТАНЫМЫН ИНТЕРГРАЦИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫС НЕГІЗІНДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ТӘЖІРИБЕЛІК ЭКСПЕРИМЕНТ |
44 |
2.1 |
Интеграциялық байланыс негізінде оқушылырдың дүниетанымының қалыптасу деңгейінің диагностикасы |
44 |
2.2 |
Интеграциялық байланыс негізінде оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру әдістемесі |
49 |
2.3 |
Интегациялау арқылы оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру экспериментінің нәтижелілігі
|
67 |
|
ҚОРЫТЫНДЫ
|
69 |
|
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
|
70 |
|
ҚОСЫМША |
75 |
КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстан Республикасының “Бiлiм туралы” заңында: “Бiлiм беру жүйесiнiң басты мақсаты - ұлттық және адамзаттық мәдени құндылықтар негiзiнде жеке тұлғаның қалыптасуына қажеттi жағдай жасау” деп көрсетiлген.
Қазiргi экологиялық үрдістер адам мен табиғаттың үйлесiмдiлігін көздейді, сондықтан өскелең ұрпақты өзін қоршаған табиғатпен тұтастықта қалыптастыруды қажет етіп отыр. Қоршаған табиғатты тану процесiнде кiшкене кезден бастап баланың барлық негiзгi қасиеттерi қалыптасады. Бұл міндетті жаңа талаптарға сәйкес бастауыш сатыда жүзеге асыру оқу үрдісіне құрылымдық, мазмұндық тұрғыдан өзгерістер енгізуді қажет етуде.
Бастауыш бiлiм беру мәселесiмен Ы.Алтынсарин, Я.А.Коменский, Ж.Руссо, К.Д.Ушинский т.б. айналысты. Бұл бағытта Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, В.В.Давыдов, Л.В.Занков т.б. теориялық еңбектерi бар.
Бастауыш сынып оқушыларының қоршаған дүниені тануын қалыптастыру мәселесін зерттеуде Н.А.Менчинская, Т.К.Мухина, Р.М.Рогова, М.Н.Скаткин еңбектері нәтижелі болып табылады. Олар бастауыш саты – оқушылардың қоршаған дүние туралы ұғымдарын қалыптастырудың ең қолайлы мерзімі екенін атап көрсетеді. М.Н.Скаткин балаларда қоршаған орта туралы бастауыш мектепте қоғам, табиғат құбылыстары мен заңдылықтары туралы нақты білім қалыптастыруға болатындығын айтады.
Оқушылардың дүниетанымын Ш.Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов еңбектерінің маңызы зор.
Қоршаған табиғат жөніндегі білімдердің жүйесіне олардың дүниетанымының қалыптасуы негізделеді. Оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың маңызды алғы шарттарының бірі – табиғатқа негізделген білім беру.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының қоғамдық өмірінде жүріп жатқан демократиялық өзгерістерге байланысты белгілі әлеуметтік шарттарды ескере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыруды көздеген білім беру жүйесіне қойылатын талаптар күшейе түсуде. Сол талаптардың бірі – оқушының дүниетанымын қалыптастыруда елеулі ықпал жасайтын білім мазмұнын жетілдіру. Білім неғұрлым тереңдеген сайын дүниетанымы да қалыптасып, тұрақтана түседі.
Дүниетанымның қалыптасуына адам, табиғат, қоғам туралы білімдер тірек болады. Адам, табиғат, қоғам - біртұтас дүние. Адам, табиғат, қоғам арасындағы байланысты және олардың үнемі бірлікте дамитынын оқушылар бастауыш сыныптан бастап оқып, түсінуі жолға қойылып отыр.
Әлемдік ғылымда табиғатқа, қоғамға және адам ойының дамуына ғылыми көзқарас бірнеше ғылымдардың өзара байланысы шеңберіндегі білімдер жиынтығы негізінде қалыптасады. Сондықтан, пәнаралық байланыс оқушылардың дүниетанымын интеграциялау арқылы қалыптастыру мәселесін қазіргі дидактиканың маңызды бағыты деп есептейміз.
Оқу – тәрбие процесін пәнаралық байланыс негізінде зерттелген психолог- педагогтардың: ТМД елдерінде (И.Д.Зверев, В.В.Давыдов, В.Н.Максимова, С.А.Рубинштейн, Д.Б.Эльконин, т.б.) ал Республикамызда (Р.Г.Лемберг, А.А.Бейсенбаева, Г.И.Иванов, С.М.Мұсабаев, Р.Б.Лотшейн, М.А.Құдайқұлов) еңбектері жарық көрді. Олар пәнаралық байланыстың философиялық, психологиялық, педагогикалық мәнін, құрылымын әдіснамалық деңгейде қарастырған. Оқу – тәрбие процесіндегі мазмұнын, ұйымдастыру жолдары мен әдістерін ғылымдар жүйелілігі мен байланыстылығы негізінде жан-жақты талдаған.
Сондықтан бүгінгі күні білім мазмұнын кіріктіріп оқыту арқылы оның ғылыми деңгейін көтеру мәселесі қойылып отырған жағдайда бастауыш сыныпта оқушыларға табиғат, адам, қоғам жайында беретін білім негізінде олардың дүниетанымын қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі.
Мұның өзі уақыт талабына сай бастауыш сынып оқушыларының табиғат туралы білімдерін интеграциялау арқылы қалыптастырудың қажеттілігі мен бұл мәселені жеткілікті зерттелмеуі арасында қарама-қайшылықты тудырады.
Бұл қайшылықты шешу зерттеу жұмысының тақырыбын «Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыру» деп таңдауға мүмкіндік береді.
Зерттеу мақсаты - Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыру және оның тиімділігін тәжірибе негізінде анықтап, әдістемелік ұсыныстар беру.
Зерттеу объектісі - Бастауыш сыныптағы оқыту процесі.
Зерттеу пәні- Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыру
Зерттеу болжамы -
Егерде оқушылардың дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастырудың негізгі бағыттары анықталса, оқушылардың дүниетанымының алғашқы деңгейі есепке алынса, дүниетану пәнін оқыту барысында түрлі әдіс-тәсілдер мен формалар жүйелі қолданылса,онда оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру тиімді нәтижеге жетуі мүмкін.
Зерттеу міндеттері -
-Зерттеу проблемасына байланысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, оқу-әдістемелік әдебиеттерге талдау жасау;
-Тәжірибелік эксперимент материалдарын дайындап, өткізіп, талдау, қорытындылау;
-Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыруға әдістемелік ұсыныстар беру.
Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: тұлға дамуының жалпы диалектикалық теориясы; таным теориясы; аксиологиялық және жүйелілік қарым-қатынас теориясы; сәйкестілік теориясы, этнопедагогикалық және этномәдени білім тұжырымдамалары; тәрбие жұмысын ұйымдастыруға қатысты психология және педагогиканың негізгі қағидалары; зерттеу проблемасы бойынша философиялық, педагогикалық-психологиялық ілімдер мен зерттеулер, педагогикалық эксперимент жүргізу және математикалық статистика ілімі.
Зерттеудің көздері: зерттеу проблемасы бойынша философтардың, педагогтардың, психологтардың еңбектері, ресми құжаттар: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы, ҚР жастар саясаты тұжырымдамасы, мамандықтардың білім беру стандарттары және жұмыс оқу жоспарлары; жоғары оқу орындарының жұмыс оқу бағдарламалары; оқулықтар; зерттеу мәселесі бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары (диссертациялар, монографиялар, авторефераттар).
Зерттеу әдістері. Жалпы ғылыми әдістер: талдау, жинақтау, қорытынды жасау. Зерттеу тақырыбы бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық, ғылыми-әдістемелік еңбектерді теориялық талдау, алынған ақпаратты салыстыру, аналогия арқылы өңдеу, жіктеу, жүйелеу, жалпылау. Үлгілеу әдісі, әңгімелесу, сауалдама, интервью, тестілеу, ранглеу, педагогикалық бақылау және эксперимент, зерттеу деректерін статистикалық өңдеудің математикалық әдістері.
Зерттеудің кезеңдері
Бірінші кезең - зерттеу мәселесі бойынша философиялық, педагогикалық-психологиялық, ғылыми-әдістемалік әдебиеттер туралы материалдар жиналып, талдау, қорытынды жасалып, жүйеленеді; қарама-қайшылықтар анықталып, зерттеудің нысаны мен пәні, мақсаты мен міндеттері анықталып, болжамы жасалды, анықтаушы эксперимент жүргізілді.
Екінші кезең - анықталған педагогикалық-психологиялық шарттар мен жасалған үлгіні эксперимент жүзінде тексеру және зерттеудің болжамын растау мақсатында қалыптастырушы эксперимент жүргізілді.
Үшінші кезең - тәжірибелік-педагогикалық жұмыстардың нәтижесі талданып, жүйеленіп, қорытындыланды; алынған нәтижелерге статистикалық өңдеулер жасалынды; зерттеу нәтижесінде алынған материалдар диссертациялық жұмыс түрінде рәсімделді.
Зерттеудің негізгі базасы: Астана қаласы Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәнділігі:
Бастауыш сынып оқушыларын дүниетанымын инциялау негізнде қалыптастырудың теориялық негізделуі;
«дүниетаным», «интеграция», «интеграциялау» ұғымдарының зерттеу проблемасы тұрғысынан нақтыланды;
педагогикалық процесс барысында бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастырудың жолдары анықталып, эксперимент жүзінде тексерілді;
Зерттеудің практикалық мәнділігі:
педагогикалық процесс барысында бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастырудың жолдары анықталып, оны жүзеге асыру әдістемесінің жасалуында;
педагогикалық процесс барысында бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыру әдістемесі бойынша жүргізілген эксперименттік жұмыстардың нәтижелері ретінде тұжырымдардың дайындалуында;
Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі және негізділігі: зерттеу мәселесін жан-жақты әдіснамалық және теориялық талдаумен, зерттеу барысында педагогика әдіснамасының талаптарының сақталуымен, зерттеу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес әдістерді қолданумен, тәжірибелік-педагогикалық зерттеу бағдарламаларының педагогикалық мақсатқа сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы нәтижелерін салыстырып қорытындылаумен, ұсынылған әдістеменің тиімділігімен, жоғары оқу орнының оқу-тәрбие процесіне ендірілуімен қамтамасыз етіледі.
Зерттеудің нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру эксперимент жүргізу барысында жүзеге асырылды және халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды, зерттеу жұмысының мазмұны 2 еңбекте жарияланған мақалаларда көрініс тапты.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
1. Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыруды ғылыми-практикалық тұрғыдан негізделуі.
2. «Дүниетаным», «интеграция», «интеграциялау» ұғымдарының зерттеу проблемасы тұрғысынан сипатталуы.
3. Педагогикалық процесс барысында бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыруға негізделген әдістеме.
4. Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыруға ұсынылған әдістеменің тиімділігін растайтын тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері.
Диссертация құрылымы. Магистерлік диссертация жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттерден, әдістемелік ұсыныстардан және қосымшалардан тұрады. Кіріспе бөлімде тақырыптың көкейкестілігі анықталады. Зерттеу жұмысының мақсаты, міндеттері, зерттеудің объектісі, пәні, болжамы, әдістері сипатталады.
«Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялау негізінде қалыптастыру» атты бірінші тарауда философиялық, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерге, проблеманың зерттелу деңгейіне талдау жасалынды. Екінші тарауда дүниетану пәнін оқыту барысында оқушылардың дүниетанымын интерграциялау негізінде қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік эксперимент бағытталған тәжірибелік эксперименттік жұмыстар баяндалады, нақтылы ұсыныстар беріледі.
1 Бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын интеграциялық байланыс негізінде қалыптастырудың теориялық негіздері
1.1 Оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру мәселелерінің теориялық зерттелуі
Қазақстан Республикасының егемендік алған алғашқы жылдарынан бастап білім беру мәселесінің дамуына аса мән берілуде. Білім беру барысында оқушының жеке тұлғасын жан-жақты жетілдіруге, олардың танымдық әрекетін дамытуға, ой-санасын қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр.
Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында болашақ қоғам мүшелері – жастардың қандай болуға тиіс екендігін айта келіп, білім беру жүйесін баса дамытуға, оның дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне аса мән берді [2]. Осыған байланысты білімнің мазмұнын, оқыту әдістері мен сабақты ұйымдастыру нысандарын жетілдіруді нақтылай түсу қажеттілігі туындайды. Білімнің әрбір бөлігі оқушы оқу икемдігін қалыптастыруға септігін тигізіп, олардың әлем туралы ой жүйесін дамытуға негіз салуы тиіс. Орта білім стандартында «Мектептің әрбір саласында жеке тұлғаны дамыту міндетіне сай білім мазмұнының толық жүзеге асуын қамтамасыз ету» талабы қойылып отыр. Мұнда әсіресе, оқушылардың оқуға деген ынтасын қалыптастыру мәслесі басты орынды алмақ [1,363 б.]
Оқушыларды табиғат туралы білімі мен қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу, жалпы тұлғаның ой- өрісін дамытудағы педагогикалық бағыттардың бірі болып саналады. Адамзат баласына табиғат туралы білім мен тәрбие берудің маңыздылығы IX – XV ғғ. әл – Фараби, Ж. Баласұғни, Қожа Ахмет Иассауи, М. Қашқари, С. Бақырғани тағы да басқа шығыс ғұламаларының тіл, этика, психология, метафизика тағы басқа ғылымдары жайлы жазбаларында көрініс тапқан. Сонымен қатар халқымыздың ұлы ағартушы ғалымдары, ақын - жазушылары Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердиев еңбектерінде табиғатқа деген сүйіспеншілік көшпенді елдің өмірімен (жайлауға шығу, қыстауға қайту, аң аулау, егін салу, егін ору т.б.), ұлттық әдет – ғұрыптарымен тығыз байланыстырылып берілді.
Әл – Фараби: «Тиянақты білім аламын десең, табиғаттың ұлы кітабын оқы» деген табиғаттың құдіреттілігін білдіретін сөзі бүгінгі күнге дейін мәнін сақтап келеді.
М.Жұмабаев: «Табиғат – адам баласын дүниеге келтіріп, бойындағы бар махаббат мейірі мен шұғылалы шуағын жүрегімізге ұялатқан Ана» деп табиғат – ана жайлы өзінің терең толғанысын білдіреді.
А.Байтұрсынов: «Біздің көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі – не табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе...» дей келе, өзімізді қоршаған ортадағы тіршілікті сақтау адам баласының қолында екендігін ескертеді.
Ұлы педагогтар Я.А. Коменский, Ж.Ж. Руссо, И.Песталоцци балалардың адамгершілік сезімдерін қалыптастыруда табиғаттың тәрбиелік маңызына баса назар аударған. Мысалы, Я.А. Коменский «Мир чувственных вещей в картинках» деген трактаты балаларға жазылған энцеклопедиялық еңбек. Онда адам организмінің құрылысы, жер және аспан әлемндегі денелер туралы түсініктер беріледі.
Я.А. Коменский «Табиғат жер бетіндегі бақыттың, байлықтың көзі, бұл көзді иемдену үшін табиғатты білу керек, ол үшін білім қажет» деді
[3,37б].
Ж.Ж. Руссо өзінің педагогикалық трактатында Я.А. Коменскийдің табиғат жөніндегі ойын қолдай отырып, оны тәрбиелеу идеясымен толықтырып, әрі қарай дамытты. Тәрбиелеу жұмысы балалардың жас ерекшелігіне сай келіп қана қоймай, табиғатпен тікелей қарым – қатынаста жүргізу керектігін айтты [3, 39б].
И. Песталоцци тәрбиенің негізгі мақсаты – қоғам өміріне белсене қатысатын жан – жақты дамыған адамды қалыптастыру. Адамға пайдалы істерге баланы араластырып жаттықтыру арқылы ғана дұрыс мінез – құлыққа тәрбиелеуге болады, - деді [3, 39б].
К.Д. Ушинский балалар табиғат туралы оқығандарын түсініп қана қоймай, сонымен бірге табиғаттағы заттарды дұрыс ұғып, олардың айырмашылықтары мен ерекшеліктерін байқай білуге үйренулері керек деп есептей отырып, оқытуда табиғат обьектілері мен құбылыстарын пайдалану қажеттілігін атап көрсетті [3,51б].
Сонымен, педагогикада табиғат туралы білім мен табиғатқа деген қарым – қатынасқа тәрбиелеудің шешуші ролі туралы тұтас пікір қалыптасқан. Оқушылардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын қалыптастыруда тек білім мазмұны ғана емес, оқыту және тәрбиелеу әдістері ерекше мәнде болу керектігі айқындалды.
Табиғат байлықтарын есепсіз, бақылаусыз жұмсауға болмайтынын, қоршаған орта бүлініп, істен шығуы оңай екенін адамдар ХХ ғасырдың басында түсіне бастады. Осы кезден бастап қоршаған ортаны қорғау деген ұғым пайда болды.
Қоршаған ортаны қорғау деген ұғымға табиғат байлықтарын сақтау, ұтымды пайдалану, ортаның зиянды қалдықтармен, улы және басқа да тіршілік үшін қауіпті заттармен ластанбауын қамтамасыз ету жөнінде қабылданған мемлекеттік заңдар, қаулылар, халықаралық және мемлекет аралық келісімдер, шарттар, конвенциялар кіреді.
«Табиғат – қоғам - адам» жүйесіндегі қарым – қатынастардың жылдан – жылға күшейіп, шиеленісуі экологиялық білім мен тәрбие беру қажеттілігін алға тартты.
Н.С. Сарыбеков өз еңбегінде табиғатты қорғауды ең маңызды экологиялық проблема ретінде қарастырады. Ол оқушыларға қоршаған табиғи орта туралы білімді үздіксіз білім берудің біртұтастық, жүйелендіріліп кіріктірілген ұстанымдарына сүйене отырып жүзеге асыру қажеттілігін көрсетеді.
Программалық білім, білік, дағдыларды игеру бастауыш оқытудағы ақыл – ой дамуының сипатын анықтайды. Кіші мектеп жасындағы балалар дамуының тереңірек деңгейіне ауыса бастайды. Абстрактылай және жинақтай білу – бастапқы теориялық білімдерді игерудің басты шарты. Оқу жетекші іс - әрекетке айналады.
Адамның мінез – құлқы, ұжымда, табиғатта өзін ұстай білуі, қоршаған ортаға айналасындағы адамдарға көзқарасы мен ықыласы, қарым – қатынастағы енжарлығы не белсенділігі оның психологиясы болып табылады. Психологиялық, физиологиялық ерекшеліктерді ескеру – тұлғада экологиялық мәдениетті қалыптастырудың шарты.
Оқушылардың табиғат туралы білімін қалыптастыру мәселесінің теориялық негізін айқындау «білім», «табиғат» ұғымдарының бірлігі мен ерекшеліктерін қарастырумен тығыз байланысты. Бұл ұғымдардың сипаттамасының маңызын белгілеу мақсатында оның ғылыми әдебиеттерде кездесетін қайнар көздерін, түпкі нәтижелерін анықтауға назар аударылды. Осыған байланысты табиғат туралы білімнің мәні, құрылымы және қызметінің мазмұны ашып көрсетіледі.
Қазақ ұлтының болмысы өмір салтымен және онымен кіндіктес төлтума мәдениетімен де даралайды. Осы орайда Шоқан Уалиханов: «Көшпелі елдердің қай – қайсысының болсын бір өзгешелігі – олар өлең – жырға бай, шебер келеді. Мұндай қасиеттердің болуына алаңсыз көшпелі өмір әсер етті ме, әлде ұшы – қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай тізілген жұлдыздары көп ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме кім білсін» деп жазды [4, 156-184].
Ойшыл ретінде тек шығыс мәдениетінің бесігінде қалыптасып қана қоймаған, дүниетанымында Батыс пен Шығысты бірдей сіңірген Абайдың көзқарастарының маңызы зор. Ол адамзат мәдениетін дүниежүзілік мұхитқа құятын үлкен өзенге теңеп, онда дәстүрлер сабақтастығын қуатты тетікпен салыстырады.
Тұтас дүние туралы ол былай дейді: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды». Абай үшін басты нәрсе адам мен табиғаттың бірлігі жөніндегі парық: адам ол үшін табиғаттың ең мәнді бөлшегі. Абай филоофиясы туының этикалық мәні, айналып келгенде, адамның өмірде алатын орны мен ролін бағалау. Оның ұғымынша, адамның тұла бойы парасат пен иманға, еңбеккерлік пен білімге, достық пен сүйіспеншілікке толы болмаққа керек. Күн мен ай – аспан шатырының, ағаш пен жеміс – тау – тастың өңіріне тағылған алтын болса, піл сауырлы қара жердің құты мен әшекейі - адам [4, 156-184б].
Абай ілімін одан әрі жалғастырған қазақ халқының рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі - Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынды. Оның ойынша, бұл адам азаматтық етудің басты шарты - туған елдің бүкіл тарихи, мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану. Тәңірі, Нұр, Күн, Табиғат - ол үшін қасиетті киелі ұғымдар.
В.М. Межуев: «мәдениет адамның табиғатқа қарым – қатынасын жоққа шығармайды, ол адам үшін табиғатпен оның байланысының, бірлігінің арнайы формасы ретінде көрінеді. Мәдениет - бұл алдыменен тарихтың даму барысында пайда болатын және оның белгілі бір басқышында толығымен ашылатын адамның табиғатқа қарым - қатынасы», деп сипаттайды [8, 11б].
Біз табиғатқа «қарым – қатынас» ұғымының маңызын нақты сипаттау мақсатында экологиялық білім мен тәрбие беру проблемасын зерттеген философтардың, әлеуметтанушылардың, психологтардың, педагогтардың еңбектерін басшылыққа алдық.
Психолог - педагогтар А.Н.Леонтьев, И.Ф. Харламов қарым – қатынас ұғымына мотив ұғымының мазмұнын; В.Н. Мясищев оны қажеттілік ұғымының мазмұнымен теңестіреді. Кейбіреулері қарым – қатынастың бағыттылықпен (Н.Д. Левитов), позициямен (Б. Г. Ананьев, А.К. Маркова), сезіммен (С.Л.Рубинштейн), мінез – құлықпен (Б.Н. Теплов), қызығушылықпен (П.И. Иванов, А.П. Архипов), әлеуметтік белсенділікпен байланыстылығы (Б.Ы. Мұқанова) туралы пікірлер айтады.
«Қарым - қатынас» ұғымын педагогика мен психология ғылымына алғаш А.Ф. Лазурский енгізген. Ол тұлғаның сыртқы объектіге, адамға, рухани байлыққа, материалдық дүние мен табиғатқа, әлеуметтік ортаға қатынасын білдіретін ұғым. Ол бұл ұғымды «жеке тұлғаның сыртқы ортаға, табиғатқа, материалдық заттарға, адамдарға және олардың рухани байлығына қатынасы», - деп түсіндіреді [9, 10б].
Адам мен табиғаттың өзара қарым – қатынасының адамгершілік аспектісін ашуда, ақыл – ой мен сезімін тәрбиелеуде, сананы қалыптастыруда адамның экологиялық мәдениеті жетекші орын алады.
Сондықтан, біз Д.С. Лихачевтің төмендегі тұжырымын басшылыққа алдық: «табиғат пен адам» арасындағы қарым – қатынас өздеріне тән «мінез – құлық ережелері» бар, әлеуметтік екі мәдениеттің қарым – қатынасы. Екі мәдениет тарихи даму жемісі, оның ішінде, адам мәдениеті табиғаттың ықпалымен дамыса, ал табиғат адам мәдениетімен тығыз байланыста дамиды [10, 173-179б].
Ғалымдар И.Д. Зверев, А.Н.Захлебный, И.Т.Суравегина экологиялық білім мен тәрбиенің міндеті табиғатты қорғаудың қоғамдық қажеттілігін ішкі қажеттілік пен қызығушылыққа толығымен өзгерту деп айқындайды [13,15б]. Осыған байланысты, біз табиғатты қорғаудың қоғамдық қажеттілігін ұғынуды білім, сезім, сенім, іс - әрекет деңгейінде жүргізіп, деңгейлердің өзара байланыстылығын жүзеге асыру қажет деп есептейміз.
Н.И. Мамедов және И.Т. Суравегина білім берудің мақсаты мен мазмұнын жаңартудың қажеттілігін сана дамуының деңгейімен, адамның адамгершілік түсініктерімен, оның тұлғааралық байланысының сипаты және кеңдігімен, әлеуметтік өмірге араласу дәрежесімен, адамдардың тіршілік әрекетінің құнды мақсаты мен ниет – тілегі ретінде көрсетеді [15, 4-18б].
Танымдық қызметі оқушыларға табиғаттың эстетика әлемі мен адамның өмір сүру ортасы екендігін танып білуге көмектеседі. Өсіп келе жатқан ұрпаққа экологиялық білімді қоршаған ортаны зиянды әсерден құтқаруды мақсат етуде қолдануына ой салады.
Дамытушылық қызмет балалардың ойлай алуына, өмірде бар өсімдіктер мен жануарлармен қарым – қатынас жасауына, табиғатпен өзара жақсы қарым – қатынасты ұйымдастыруына септігін тигізеді.
Табиғат туралы білімнің тәрбиелік қызметі оқушының табиғатқа ұнамды және эстетикалық қатынасымен сипатталады. Жауапкершілік және міндет сезімі оқушының дүниедегі барлық әдемілікті, ұлылықты қабылдау сезімімен ұштасып жатыр. Бұл қызмет оқушының табиғатты қорғау сезімін оятады. Туған жердің табиғатына терең үңілген баланың патриоттық сезімі қалыптасып, дамиды.
Табиғат туралы білімін қалыптастыру қызметі оқушылардың табиғат қорғаудағы белсенді әрекетінен тұрады. Олар жерді пайдаланғанда, құрылыс материалдарына орман байлығын пайдаланғанда қорғау заңымен шектелетінін түсіне білу қажет.
Ал табиғат туралы білімнің болжау қызметі оқушылардың болашақта болатын мүмкін істерді білуге үйретеді. Табиғатты бүлдірген жағдайда, қандай апаттарға әкелетінін, оны болдырмау үшін табиғатқа қандай маңызды шараларды өткізуді жоспарлауға үйренеді.
Қорыта айтқанда, табиғат туралы білімнің нақты әлеуметтік және табиғи мүмкіндіктерге сәйкес қоғам мен табиғаттың ара – қатынасының проблемаларын тиімді шешудегі көзқарастардың, теориялар және сезімдердің жиынтығы .
Табиғат туралы сенімді қалыптастыру үшін теорияның нәтижесін практикалық іс - әрекетте қолданудың маңызы зор. Оқушы табиғи ортаны қорғаудың нақты жұмысына қатыса отырып, бұл әрекеттің ерекшелігімен танысып қана қоймайды, сонымен қатар, нақты мысалдарда экологиялық заң мен ережелерді сақтау қажеттілігін түсініп сезінеді, түрлі сипаттағы экологиялық маңызды жағдайлардың нәтижесін ойлайды. Ол тұлғаның эмоционалдық сферасын қозғап, санасында терең із қалдырады. Нәтижесінде оқушыда табиғатты пайдалану практикасымен байланысты факторлар мен құбылыстарға тұрақты тұлғалық қарым – қатынасқа дағдыланады, экологиялық принциптер мен ережелерді сақтау, қоршаған ортаны қорғау қажеттілігіне сенім қалыптасады. Қорыта келгенде, табиғат туралы сенім теория мен практиканың, білім мен мақсатты бағытталған іс - әрекеттің арасындағы байланыстырушы буынның қызметін атқарады. «Адам – қоғам - табиғат» жүйесіндегі қатынастарды ізгілердіру адамның іс - әрекетінің түрлі сферасын экологияландырмайынша мүмкін емес.
Адам биосферасыз өмір сүре алмайды және барлық қарым – қатынастардың жүйесі адам мен табиғат арасындағы зат алмасу процесін қолдау үшін болады, онда қарым - қатынастардың жиынтығы, экологиялық қатынастар сияқты бір жағынан, адамды қоршаған табиғатпен байланыстырса, ал екінші жағынан, адамдардың бір – бірімен қарым – қатынастарының қажетті буыны болып табылады. Олай болса, экологиялық іс - әрекет сияқты элементтері арқылы өзінің негізін құрайтын экологиялық қарым – қатынастың деңгейін көрсетеді.
Ғалымдар көрсеткендей, табиғатқа қарым – қатынас адам қарым – қатынасының жүйесінде, үш аспектіде көрінеді:
материалдық өндірісте;
экологиялық өзара әрекеттер жүйесінде;
табиғи ортаны зерттеу мен қорғауда.
А.П. Сидельковский «оқушылардың табиғатқа қарым – қатынасы күрделі де, кешенді әлеуметтік құрылым ол алдымен, сыртқы – практикалық іс - әрекеттік сферада - жеке тұлғаның өмірінде және оның ішкі сферасында - психикасында дамиды», - деп көрсетті [19,176б].
Сонымен қатар, Н.А. Рыков және Б.Г. Иоганзен зерттеулерінде табиғатпен қарым – қатынастың төмендегідей мотивтерін айқындайды;
азаматтық – патриоттық мотив – Отанға сүйіспеншілік, оның байлығын көбейту мен қорғауда қоғам алдындағы борышын түсіну;
гуманистік мотив – іс - әрекеттерде мейірімділік, қамқорлық көрсету, табиғатты қорғауға ниет ету;
эстетикалық мотив – табиғаттың әсемдігін сезіну және түсіну [20,3-6б].
Адамдардың табиғатпен қарым – қатынастарында, олардың өзара әрекеті процесінде қалыптасып, біртіндеп ішкі өзгеріске ұласады. Осы ішкі процесс адамның ісі мен қылығын, әсерленуін, этикалық, эстетикалық өлшемдерін анықтайтын бағалау қарым – қатынасын қалыптастырады деп, тұжырымдауға болады.
Табиғат туралы білім тәрбиенің мазмұны және табиғи ерекшелігімен айқындалады. Табиғат туралы білімнің құрылымдық қалыптасу процесі барысында жеке тұлғаның меңгерген табиғат туралы білімі, сенімі, мінез – құлық ережелеріне айналып, табиғи ортадағы оның іс - әрекетінің сипатын анықтайды.
Сонымен табиғат туралы білім – табиғи ортаның тіршілікке қажетті құндылықтарын меңгеру мен сақтаудағы адамның саналы шығармашылық іс - әрекеті, қоғамдық белсенділігі мен саналылығының маңызды көрсеткіші болып табылады.
Табиғат заттарын оқып білу арқылы адам табиғат байлығын керегіне пайдаланады. Сонымен қатар, бүкіл білімін, дағдысын, шеберлігін жұмсап, оны өндіру үшін еңбек етеді. Осының нәтижесінде жасалған заттарды әлеуметтік өмірде қолданып, қажетіне жаратады.
Ғылым мен техника дамыған сайын әлеуметтік өмір деңгейі де өзгереді. Осының бәрі табиғат байлығын игерудегі адам миы мен күшінің жұмысы. Адам, табиғат, қоғам - біртұтас дүние. Тұтас дүниені өз мәнінде бір-бірімен байланысты қабылдау таным үрдісі арқылы жүзеге асады.
Дүниетану ұғымы диалектикалық дамудың қарама-қарсылығы мен біртұтастығына сүйенбей өте алмайды. Дүние - ол тек бізді қоршаған табиғат қана емес, ол - адам, адам мен адамның қарым-қатынасы, ол – табиғат, табиғат заттары мен құбылыстары, ол қоғам. Әр қоғамның өркендеуіне адамның ойы мен білімі қандай керек болса, табиғат пен оның байлыға да сондай керек. Осының өзі дүниенің бір-бірімен байланысты дамитын, оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын орта екенін көрсетеді.
Дүниетану – «дүние» және «тану» деп аталатын екі бөліктен тұрады. Алдымен нені танып-білу керектігін анықтауымыз керек. Оқушыларға танытқалы отырғанымыз – дүние. Сол дүниені танып-білу әдістері мен оларды қаруландыру жолын іздестіріп, тиімділерін іс жүзінде қолдануға ұсынбақпыз. Дүние – қоршаған орта, табиғат, бүкіл әлем, олай болса бұған енбейтін, оның құрамына кірмейтін бірде бір зат не құбылыс жоқ. Адам дүниені өмір бойы танып, білумен, оның таусылмас ерекшеліктерін бақылап, байқаумен айналысатыны анық. Бірақ оның сырын түгел біліп шегіне шыға меңгеру мүмкін емес. Дүниені өз дәрежесінде танып-білу әр адамның меңгерген білім деңгейі мен оның мазмұнына байланысты жүзеге асады [8,15б].
Жаңа заманда ғылым қоғамның үлкен өндіріс күшіне айналуына байланысты өндіріс күшін өндірістік қатынастан бөліп қарауға болмайды. Керісінше, қадағалау арқылы ғылыми-техникалық революцияның қоғамға тигізер пайдасымен қатар, табиғи ортаға, адам тіршілігіне келтіретін қиындығын түсіну қажет.
Ғылым мен техниканың дамуына байланысты адам баласы табиғи дүниемен қарама-қайшылыққа түсіп отыр. Себебі дамыған техниканың әсерінен айнала қоршаған орта ластанып, табиғи объектілердің, заттардың түрлері азайып, адам денсаулығы мен өміріне қауіп төнуде. Түрлі машиналардан, зауыттар мен өндіріс орындарынан шыққан улы газдар көбейіп, тіршілікке қауіп туғызуда. «Адамзат өмір сүретін табиғат аясы да азып-тозып барады. Ендігі жас ұрпақтың қандай табиғат жағдайында өмір сүретіні күрделі мәселеге айналуда».
Қазіргі кезде орын алып отырған экологиялық апаттар еліміздің түкпір-түкпіріне зиянын тигізуде. Бір ғана Арал теңізінің апаты бүкіл жер жүзіне зиян келтіретіндігі белгілі болып отыр.
Есепсіз кесілген ағаш, есепсіз пайдаланылған судың қоршаған ортаға тигізіп отырған зияны ұшан-теңіз. Ағаштың азаюынан топырақ құрғап кетуі, судың тартылуынан аса бағалы халық байлығы – балықтың азаюы – осының бәрі де бізді қоршаған дүниеге адам баласының өз қолымен жасап отырған зияны.
Күннен күнге, өсіп дамып келе жатқан халық саны, азайып бара жатқан табиғи ресурстар адам, табиғат, қоғам арасындағы байланыстың мәнісіне түсініп, сауатты қатынас жасауды керек етеді. Адам, табиғат және қоғамның бір- бірімен байланыссыз бір де бір ғылым дамуы мүмкін емес. Сондықтан да орта білім беру саласына биологиялық білімнің бастамасы болып саналатын дүниетанымдық мазмұны енуін және оны оқытуды бастауыш сыныптан қолға алу қарастырылып отыр.
Көптеген ғылым салаларында дүниетанымдық көзқарас философиялық тұрғыдан қарастырылады. Қазақ халқының қоғам, адам, табиғат туралы философиялық ойлары ертеден –ақ адамгершілік, ізденгіштік, ізгілікті көксеу, имандылықты дәріптеу, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу, мемлекет пен адам тағдырының мәнін түсіну тұрғысында қалыптаса бастаған. Мәселен, ақындар, жыраулар, хандар мен батырлар, билер – осылардың бәрі де әділдік, адамгершілік, табиғат байлығын меңгеру сияқты тіршілік қамына тікелей байланысты мәселелер тұрғысында ой қозғады.
Халық арасынан шыққан ақындар табиғат пен әлеуметтік ортаның байланысы туралы біршама шығармашылық үлгі көрсетті. Философия ғылымы біртіндеп дами отырып, заттар мен құбылыстардың мәнін, олардың байланысын, қоғам, адам, табиғат арасындағы ішкі – сыртқы тұтастықтары жайында тиімді ойлауға, сол арқылы дүниені танып-білудегі қайшылықтарды шешуге тырысады. Әр қоғамда да білім мен сананың байланысы айқан байқалады. Адам санасы меңгерген біліміне, өмір тәжірибесіне, алдыңғы қатарлы даналық пікірлер жиынтығына байланысты дамиды.
Қазақтың ауыз әдебиетіндегі ойшылдар (Асан қайғы, Бұхар жырау, Шал ақын, Шортанбай, Ақтамберді, Шалкиіз, Дулат, Майлықожа, Ақан сері, Махамбет, Шернияз, Сүйінбай және т.б.) өздерінің дүниетанымдық көзқарастарында матриалдық рухани байлықтарды, ақыл-парасатты, адамгершілік, қоғамдық байлықты игеру мақсаттарын паш етті. Бұл дүниетанымның ақыл-ой мен парасаттылық деңгейіне көтерілген шегі болатын. Олардың көксегені теңдік, бостандық, жерді сақтау, табиғи ортаны қорғау, адамдар арасындағы қарым-қатынас, үлкенді сыйлау және т.б. өмір тіршілігіне тікелей қатысы бар мәселелерді дәріптеу болды.
Жүйелі жолға қойылған оқу-ағарту жұмысынсыз баланың дүниетануын ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға болмайтыны белгілі. Осыны ескеріп, қоршаған дүниеден білім беруді мектеп қабырғасында жүзеге асыруды көздеген қазақтың алдыңғы қатарлы ойшыл ағартушылары еді. Олардың еңбектерімен, айтып кеткен қағидаларымен танысу арқылы мынадай ой түюге тура келеді:
адам мен табиғаттың біртұтастығы жайында пікір айтып, ұлағатты ой тұжырымдарын қалдырған ағартушы-ойшылдарымыз аз емес. Соның ішінде Абай, Шоқан, Ыбырайдың жастардың дүниетанымын кеңейтуге қосқан үлесі жеке зерттеуді керек етеді [25,184-б].
Ы.Алтынсарин оқушылардың дүниетанымын кеңейту жайында пікір айтумен ғана шектелмей, табиғат пен адам тіршілігінің байланысын ашатын материалдарды оқу-әдістемелік құралдарға енгізді. Ол білім дегеніміз - өзімізді қоршаған шындықты танып-білу деген тұжырым жасады [24,169-б].
М.Жұмабаев пен Ж.Аймауытовтың педагогикалық және психологиялық ілімдері айналадағы заттар мен құбылыстарды сезіну арқылы дүниетанымды қалыптастыруға болатынын дәлелдеді. Олар қоршаған ортаны сезіну арқылы қабылдауды жоғары бағалады. Ұғымның пайда болуы мен сөз түрінде сыртқа шығуы қоршаған дүниені көріп, сезініп, қабылдау арқылы жүзеге асатынын ашып көрсетті [15.239-б].
заттар мен құбылыстардың бала санасына айқын сәулеленуі арқылы дүниені танудың нәтижелі болатындығы жайындағы пікір де бес арыс еңбектерінде кең орын алған.
зерттеушілерге, педагогтар мен әдіскерлерге, дүниені танудың психологиялық жақтарын ашып көрсетіп, тиімді жол сілтейтін М.Жұмабаевтың ғылыми көзқарастары деп айта аламыз.
Дүниетанымның психологиялық негізі адамның жекебас ерекшелігіне тікелей байлынысты. Сонымен қатар, дүниетанымға ұлттық психологияның әсері де күшті. Ұлттық психология өмір сүретін ортаға қарай салт-дәстүр тұрғысынан көрініп, адамның мінез-құлқы арқылы көзге түседі. «Ұлттық мінез-құлықты халықтардың өзі жасаған тарихтағы, материалдық және рухани тіршілігінің бейнеленген көрінісі деп түсінеміз [15,160б].
Мінез-құлық арқылы адамның дүниеге көзқарасы, талғамы, эмоциясы, мұқтаждығы байқалады. Талғам қоршаған дүниені тануға, түсінуге талпынады. Талғам күшейген сайын адам тек материалдық мұқтаждығын қанағаттандырып қоймайды, оның рухани мұқтаждығы дамиды. Неғұрлым қоршаған дүние сырын түсініп, оны меңгерген сайын талғам да өсіп, өзгереді, дүниетаным да кеңейе түседі.
«Дүниетану» деп айқын аталмағанымен, қай кезеңде де бастауыш сынып оқушыларына қоршаған орта, табиғат, адам еңбегі мен тұрмысы жайында білім беріліп келді. Оқушылардың ойын, тілін дамыту осы қоршаған орта материалдарын оқыту, білім беру барысында жүзеге асырылды. Дегенмен, әр кездегі оқу-ағарту саласының алдына қойылған талап пен міндеттерге және қоғамдағы ғылым мен мәдениет жетістіктеріне байланысты дүниетану материалдарының бастауыш сыныпта берілу көлемі де, мазмұны да оны оқытудың әдіс –тәсілі де өзгеріп отырады.
Қорыта айтқанда, жоғарыда айтылған пікірлер және философиялық, педагогикалық, психологиялық еңбектердегі деректер бойынша мынадай тұжырым жасауға болады.
Оқушыларға бастауыш сыныпта өздерін қоршаған дүниеден жан-жақты білім беру қай қоғамның болса да алдында тұрған басты міндеттерінің бірі болды. Бірақ, бұл талап өз мәнінде тиімді әдістемелік деңгейде жүзеге аспады. Оның басты себебі, бастауыш сыныпта берілетін білім мазмұнының үнемі өзгеріске ұшырап отыруы және осы пәнді оқытуға арналған ғылыми әдістемелік еңбектің болмауы еді.
Оқушыларға берілетін білім қоршаған ортадан, табиғаттан, қоғамннан алшақ кете алмады. Бірақ осыларды оқытуда тек көрнекі –сөздік әдісінің басым орын алуына байланысты оқушылардың ізденушілігін дамытатын, белсенділігін арттыратын, шығармашылығын қалыптастыратын жұмыс түрлері мен әдіс-тәсілдері өте аз қолданылды.
Қоршаған орта, табиғат, қоғам тынысы жайындағы күнделікті ақпараттарды сабақта пайдалану арқылы білім беруді жергілікті жағдаймен байланыстыру жағы төмен болды. Оқушылардың дүниетанымы үнемі мұғалімнің айтқанын тыңдау, күнделікті кездескен табиғат заттары мен құбылыстарын көріп байқау арқылы азды-көпті жүзеге асқанымен, жоғарыда айтылған себептерге байланысты олардың білімдерін ғылыми тұрғыда жүйеге келтіру жағы жетіспеді.
Адам табиғатты танып, біліп меңгереді, оны керегіне жаратады, сол арқылы қоғамға да әсер етеді. Ол табиғатты тануға білім, ақыл-ой арқылы жететіні белгілі. Адамға рухани әлем тән. Рухани дүние арқылы адам басқа тіршіліктен айырма жасайды. Рухани дүниесі байыған сайын адамның дамуы да күшейе түседі, сөйтіп, «тұлғаға» айналады. «... Адам өмірден және жалпы тіршілік дүниесінен өзінің орнын іздейді, сондықтан дүниетанымның басты категориялары адам мен дүние болып табылады» [8,12б].
Білім, ақыл, ерік, қажеттілік, көзқарас және басқа әлеуметтік, психологиялық сипаттар арқылы адамның «тұлғаға» айналуы жүзеге асады. «Тұлға – адамның қоғамдық бет пердесі. Ол адамның дамуының қорытындысы, жемісі». Адам білімі, ақыл – ойы, дүниетанымы кеңейген сайын тұлғаға айналады. Кез-келген адам тұлға дәрежесіне жетеді деу қиын. Жеке басы жете дамыған, білімі жоғары адамның бар мүмкіндігі шындыққа айналады. Тұлға өзін-өзі басқара алатын, өзіне-өзі баға бере алатын айналадағылармен (адам, табиғат, қоғам) тиімді қарым-қатынас жасайтын адам. Тұлға біртіндеп дамиды.
Адамның жеке басының дамып, тұлғаға айналуына тек мектеп қабырғасында берілетін білім ғана емес, бүкіл оны қоршаған орта әсер етеді. «Бала кезінде адамның тұлға ретіндегі қасиеттерінің 70% қаланады, сол себепті дұрыс тәрбие өте қажет». Балаға әсер ететін оны қоршаған орта: жанұя, ата-ана, мектептегі, мектептен тыс қарым-қатынастар және күнделікті көпшілік ақпарат құралдары (радио, теледидар, газет және т.б.)
«Табиғат туралы білім тұтастай алғанда адамның білімі мен нанымы, ар-ождан, мұраттары мен әлеуметтік құлықтың реттеушісі, саяси бағыт-бағдар, қоршаған ортаға психологиялық және эстетикалық көзқарас».
Сонымен, жоғарыда айтылған жағдайлардың нәтижесінде мынадай қорытындыға келдік:
қазіргі таңдағы табиғат туралы білім туралы философиялық ойлар әлеуметтік, халықтық, ұлттық, соның ішінде қазақ халқының сана-сезімінің, ой-өрісінің біліми, мәдени деңгейінің дамуы тұлғасынан талданып, танылып отыр;
адамға табиғат туралы білім дүниенің дамуына әсер ететін, өзінің іс-әрекетін саналы реттейтін субъект ретінде қарау қағидасы жолға қойылды;
табиғатты саналы түрде тануы, оны меңгеруі арқылы адам басқа тіршіліктен жоғары тұрады. Ол табиғат туралы ілімді сезініп, көріп, танып, қабылдап қана қоймай, оны зерттейді, ізденеді, сөйтіп, керегіне қарай өзгертеді, пайдаланады. Пайдалану саналылық, ізгілік, адамгершілік, білімділікпен орындалады;
табиғатпен саналы қатынас жасау жүйелі берілген білім мен тәжірибенің нәтижесінде жүзеге асады. Рухани дүниесі бай, білімді, ой-өрісі дамыған адамның дүниетанымы да дұрыс дамиды;
жүйелі алған білім мен тәрбие негізінде адам өмірге белсенді қатысатын жекебасты жетілген тұлға деңгейіне көтеріледі. Мұндай деңгейге жеткізу елімізде «Орта білімнің мемлекеттік стандартын» жүзеге асыру барысында орындалады.