
- •Негізгі капитал
- •2.1. Жалпы ережелер
- •2.2. Негізгі қорлардың құрылымы мен жіктелуі
- •2.3. Негізгі қорларды есепке алу мен бағалау
- •2.4. Негізгі қорлардың тозуы мен амортизациясы
- •Ерекшеліктері
- •2.7. Негізгі қорлардың орташа жылдық құны
- •2.8. Амортизациялық аударымдарды есептеу әдістері
- •2.9. Негізгі қорлардың жай-күйі, қозғалысы, серпіні
- •2.10. Негізгі қорларды пайдалану көрсеткіштері
- •2.11. Өндірістік қорларды пайдалануды жақсартудың негізгі бағыттары
К
әсіпорын
экономикасы
ІІ ТАРАУ
Негізгі капитал
2.1. Жалпы ережелер
Капитал – өндіріс факторларының негізі болып саналады. Капитал – тауар өндіру мен қызмет көрсетуге пайдалану үшін жасалған ресурс. Кең мағынада капитал – табыс әкелетін нәрселердің бәрі. Негізінен алғанда капитал – табыстың жұмыс істеп тұрған қайнар көзі, ол іске өндіріс құрал-жабдығы, ақшалай қаражат, зияткерлік меншік түрінде жұмсалады.
Нарықтық экономикада капиталды – негізгі және айналмалы капиталдарға бөлу қажет. Негізгі капитал – кәсіпорынның мүлігі. Оларға үйлер, ғимараттар, жабдықтар, т.б. жатады. Негізгі капитал – өндірістік процесте бірнеше рет қатысады және өзінің құнын дайын өнімге біртіндеп бөліктер бойынша көшіреді. Есеп тәжірибесінде "негізгі қорлар" мен "негізгі құралдар" сияқты терминдер пайдаланылады.
Өндіріс процесіне бірнеше рет қатысатын және өзінің заттық нысанын сақтайтын, өзінің құнын дайын өнімге бөліп көшіретін еңбек құралдарын - негізгі қорлар дейді.
Сонымен негізгі қорлар – материалдық өндіріс саласында, өндіріс емес салада заттай нысанда ұзақ уақыт бойына жұмыс істейтін және өз құнының тозуына қарай, бөліктер бойынша жоғалтатын материалдық-заттай жиынтық. Бухгалтерлік есепте ақшалай түрде алынған негізгі қорларды – негізгі құралдар деп атайды.
Кәсіпорында өнім өндіру процесі үш элементтің өзара іс-әрекетіне негізделген олар: еңбек құралдары, еңбек заттары және еңбек ресурстары. Еңбек құралдары мен заттары, кәсіпорынның өндірістік қорларына жатады және оның материалдық-заттай негізін құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қорлары: негізгі қорларға және айналмалы қорларға бөлінеді. Олар өндіріс процесінде атқаратын рөліне және өзінің құнын дайын өнімге айналдыру сипатымен байланысты. Егер негізгі қорлар ұзақ уақыт бойы өндіріс процесіне қатыса отырып, заттай нысанын сақтап және өз құнын тозуына қарай бөлшектеп, дайын өнімге көшіретін болса, онда айналмалы қорлар – әр өндірістік циклде тұтынылады да, өзінің табиғи нысанын өзгертіп, өз құнын дайын өнімге толық көшіреді. Кәсіпорындардағы негізгі өндірістік қорлар құрамындағы негізгі қорлардың үлесі – 75-80 %. Тау-кен өнеркәсібіндегі негізгі қорлардың ерекшеліктері мынадай:
– олардың қымбат тұратындығы, кейбір объектілердің бағалары бірнеше млн теңге тұрады (шахталық оқпандар, экскаваторлар мен карьерлік автотүсіргіштер, т. б.);
– олардың қызмет ету мерзімі өте ұзақ, мысалы ғимараттар мен үйлердің пайдалану мерзімі 40-50 жылдан асады;
– ғимараттар құрамына күрделі кен қазбалары кіреді (шахта оқпандары, күрделі қазбалар, орлар).
2.2. Негізгі қорлардың құрылымы мен жіктелуі
Негізгі қорлардың құрылымын жетілдірудің экономикалық маңызы зор. Өнім өндіруге тікелей өндірістік жабдықтар, машиналар мен агрегаттар қатысатыны белгілі. Демек, өнім өндірудің көлемі мен қарқыны, солардың бірқалыпты жұмыс істеуі мен сапасына байланысты. Ал, үйлерді, ғимараттарды алатын болсақ, олар өнім өндіруге ғана жағдай туғызады. Осы себептен негізгі қорлар екі бөліктен: актив және пассивтен тұрады.
Негізгі қорлар қызметі мен пайдалану саласы бойынша: өндірістік және өндірістік емес қорларға бөлінеді. Өндірістік емес негізгі қорлар – кәсіпорынның өндірістік емес мақсатқа пайдаланатын мүлігі. Оларға: баланста, есепте тұрған үйлер, бала бақшалар, мектептер, клубтар, ауруханалар, басқа да денсаулық сақтау, ғылым, білім беру, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету объектілері, сондай мақсатта тұтынатын жабдықтар, көліктер, аспаптар мен басқа да заттар жатады.
Өндірістік негізгі қорлар – заттай тұлғада өндірістік процеске қатысатын және құнын бірнеше өндірістік цикл бойы дайын өнімге бөлектер бойынша көшіретін өндіріс құрал-жабдығы.
Негізгі өндірістік қорлар, көп санды әр түрлі объектілерден тұрады. Олар өндіріске қатысу қызметі бойынша, пайдалану мерзімі, өндіріс нәтижесіне әсері жағынан, бір-бірінен ерекшеленеді. Осылардың арқасында негізгі қорларды топтастыру керек.
2001 жылғы 12 маусымдағы Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне ("ҚР кейбір заң актілеріне салық салу мәселері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2003жылғы қарашаның 29-ғы Заңы) сәйкес Қазақстан республикасында негізгі қорлар мына топтарға бөлінеді:
Үйлер, құрылыстар.
Ғимараттар.
Беріліс құрылғылары.
Қуат машиналары мен жабдықтары.
Қызмет түрлері бойынша жұмыс машиналары мен құрал-жабдықтары (икемді көліктен басқа).
Басқа машиналары мен құрал-жабдықтар (икемді көліктен басқа).
Икемді көлік (ұтқыр көлік).
Компьютерлік, перифериялық құрылғылар мен деректер өңдейтін құрал-жабдықтар.
Басқа топтарға енгізілмеген активтер.
Күрделі кен қазбалары – ғимараттарға жатады, олар кенорнын ашу, пайдалы қазбаларды өндіруге дайындау үшін қызмет атқарады. Кен қазбаларымен жүк тасылады, материалдар мен жабдықтар жеткізіледі, кеніш ауасы тазарылады және жұмысшылар жүреді.
Жерасты тәсілмен пайдалы қазбаларды өндіретін кәсіпорындарда күрделі қазбаларға мыналар жатады: тік және көлбеген оқпандар, квершлагтар, жартылай қуақаздар, бремзбергтер, еңістер, әр түрлі камералар, оқпан алабы, т. б.
Ашық тәсілмен пайдалы қазбаларды өндіргенде күрделі қазбаларға – күрделі және жарма орлар, сондай-ақ сутөкпе шахталары жатады.
Ғимараттарға - күрделі қазбалардан басқа, шахталық коперлер, эстакадалар, тиеу шанаптар, кіріс жолдар, бос жыныс үйінділері, қоймалар жатады. Басқа топтарға қатысты негізгі қорлар құрамы 1-кестеде көрсетілген.
Негізгі қорлар құрамына ішкі фирмалық бухгалтерлік есептерді қолайландырып және жеңілдету үшін қызмет мерзімі бір жылдан асқан материалдық активтер енгізіледі.
Негізгі қорлар арасындағы өзара қатынасты – олардың құрылымы дейді. Негізгі қорлар құрылымы әр түрлі болады, олар пайдалы қазбаларды өндіру тәсілдеріне, кеннің сипаты мен түріне, т.б. байланысты. Мысалы, кен өндіру саласында үйлер мен құрылыстар үлесі 20 %, ғимараттар (күрделі қазбаларды қосқанда) – 35 %, жабдықтар – 30 % болуы мүмкін.
Әр кәсіпорын негізгі қорларының актив бөлігінің үлес салмағы, негізгі қорлардың жалпы құндылығында жоғары болғанын қалайды. Неге десеңіз, негізгі қорлардың актив бөлегі көмегімен өндіріс барысында еңбек құралдарына тікелей, белсенді түрде ықпал жасайды. Оларға жұмыс машиналары мен жабдық, көлік құралдары, аспаптар, т. б. жатады.
Өндіріске тікелей қатыспайтын, бірақ еңбек процесі үшін және негізгі қорлардың актив бөлігінің қалыпты жұмыс істеуі үшін жағдай жасайтын, адамды және өндіріс құрал-жабдығын сыртқы ортаның әсерінен қорғайтын өндірістік негізгі қорлардың бөлігін – пассив бөлігі дейді.
Өндірістік процестер неғұрлым механикаландырылған және автоматтандырылған тау-кен кәсіпорындарында негізгі қорлардың актив бөлігінің үлесі, анағұрлым жоғары. Ол өндірістік процесс жоғары өнімді техникамен жарақтандырылғандығы мен еңбектің электрмен қамтамасыз етілгенін білдіреді.
Үйлер мен құрылыс – өндіріс процестері үшін қажетті жағдай жасайтын және машиналар мен жабдықтардың сақталуына жәрдемдесетін сәулеттік-құрылыс объектілердің, беріліс құрылғылары энергияны, сұйық пен газ тәрізді заттарды беруге арналған қондырғылардың да маңызы зор.