
- •Макро және микроәлеуметтану
- •Қоғам әлеуметтік жүйе ретінде
- •Әлеуметтанудың ғылымдар жүйесінде алар орны (басқа ғылымдармен байланысы)
- •«Әлеуметтік топ» ұғымының анықтамасы. Оның белгілері. Әлеуметтік топтардың түрлері.
- •19. Девианттық мінез-құлықтың негізгі түрлері
- •27. Тұлға дамуының теориялары
- •40. Әлеуметтік модернизация, индустриалдыққа дейінгі қоғам, индустриалдық қоғам, постиндустриалдық қоғам ұғымдарын сипаттаңыз.
Әлеуметтану ғылымының зерттеу объектісі, пәні, қызметі және әдістері. «Әлеуметтану» ұғымы латын тілінің «Societas» қоғам және гректің logos – ілім, ұғым деген сөзінен шығады.Социология, яғни әлеуметтану қоғамның пайда болуының, ондағы әлеуметтік байланыс, қатынастардың, алуан түрлі әлеуметтік адам бірліктерінің, ұйым, мекемелерінің, институттардың, құбылыстардың, процестердің дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Әлеуметтану ұғымын XIX ғасырдың ортасында атақты француз әлееументтанушысы Огюст Конт енгізді. Оның алғашқы мазмұны қоғамтану болатын. Тек қана кейіннен, әлеуметтану пәнінің осы ғасыр ішінде рет ауысына байланысты ол өзінің дұрыс, дәл атын тапты. Ендігі жерде біз әлеуметтанудың объектісі мен пәнінің орындарының бір-бірімен алмастырып алудан сақ болуымыз керек.Бұл екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, олардың айырмашылығы бар.
Объект дегеніміз – бізді қоршап тұрған объективтік нақтылы өмір, ол қоғам, адамдар, оның алуан түрлі бірліктері (отбасы, топ, тап, әлеуметтік мекемелер, институттар, мемлекет, т.б.), тіпті адамның өзі, оның барлық іс-әрекеті, қызметі, санасы, тәртібі, т.б. Бұлар зерттелетін объекті болғаннан кейін субъектіден тәуелсіз, тыс өмір сүреді. Оларды адам өзінің теориялық немесе практикалық мәселелерін шешу арқылы алға қойған мақсатына жету үшін пайдаланады. Осыдан әлеуметтанудың пәні шығады. Әрбір ғылымның пәні зерттеушінің қалауы мен таңдауының негізінде алынған кез келген қоғамдағы құбылыс. Процесс немесе көкейкесті мәселесінің артықшылығын, қасиеттерін, сапасын, логикалық тұрғыдан жан-жақты талдау негізінде адамдардың немесе әлеуметтік ұйымдардың бірігіп, ұйымдасып еңбек етуін, қызмет атқаруын, жұмыс істеуін, жалпы материалдық, рухани іс-әрекеттердің, олардың арасындағы алуан түрлі қатынастардың бір-біріне әрекетін, түрлерін жан-жақты терең танып, білуді әлеуметтанудың пәні деп айтады. Бұл зерттеулердің басты мақсаты – объект, құбылыс, процесс және мәселелер арасындағы басты, қажетті, тұрақты, қайталанатын, мәнді, маңызды байланыс, қатынастарды логикалық тұрғыдан зерттеу. Бұл байланыс-қатынастардың сапалық жағынан өзгешелігін көрсету. Әлеуметтану пәнінің байланыс, қатынастар жиынтығы «әлеуметтік» қоғамның біртұтас жүйесін құрайтын нақтылы ұғымдарға кіреді. Олар әрбір объектіде, құбылыста, процесте ерекше ұйымдастырылған белгілі бір әлеуметтік жүйе ретінде болады. Ал, әлеуметтану пәнінің қалыптасуы объектінің қасиеті мен зерттеушінің алдына қойған мәселелерінің мақсаты мен сипатына, оның ғылыми білімінің деңгейіне және өз дүние – танымында қолданатын құрал-тәсілдеріне байланысты. Зерттеу пәні әр уақытта зерттеу объектісін қажет етеді, бірақ, оған кірмейді, онымен тең емес,өйткені бір ғана әлеуметтік объект өмірдің алуан түрлі мәселелерін шешу үшін зерттелуі мүмкін. Осыған орай әлеуметтанудың пәні зерттелетін объектінің шекарасын белгілейді. Сондықтан әлеумттану пәнінің басты міндеті - әлеуметтік жүйелерді типологизациялау (яғни, ортақ белгілеріне қарай жіктеу, топтау – А.И.), әрбір әлеуметтік объектінің байланысы мен қатынастарын заңдар деңгейінде зерттеу – бұл заңдылықтардың әрбір әлеуметтік жүйесін басқару, оның тәртібін реттеу, оның іс-әрекет, қызмет ету тетіктерін анықтау болып табылады. Сонымен, әлеуметтік - әлеуметтік байланыс пен қатынастарды ұйымдастырудың негізгі бастамасы ретінде болса, ал, әлеуметтік заңдылықтар бұлардың мәні мен мазмұнын түсінудің негізі болып есептеледі.
«Әлеуметтік» деген ұғымға ғылыми терең анықтама, түсінік берген К.Маркс пен Ф. Энгельс болды. Олар қоғамды, ондағы үдірістер мен қатынастарды зерттегенде екі ұғымды қолданды. Бірі – «қоғамдық» , екіншісі – «әлеуметтік», Маркс пен Энгельс қоғамның әр салаларының байланысы туралы әңгіме еткенде «қоғамдық», «қоғадық қатынастар» ұғымдарын, ал, адамдардың бір-бірімен қатынастарының табиғатын, мазмұны мен мәнін, олардың қоғамдағы жағдайын, ондағы оның алатын орнын, рөлін меңзегенде «әлеуметтік» ұғымын кең қолданып, осыған, сәйкес «Әлеуметтік қатынастар» ұғымы туралы айтқан.
Маркс пен Энгельс еңбектерінде кейде «әлеуметтік» ұғымы «азаматтық» ұғымымен алмастырылған. «Азаматтық » деген ұғымды олар қоғамдағы адамдардың белгілі бір байланыс пен қатынастарын зерттеуде қолданып отырған.
Батыс елдерінде Маркс пен Энгельстің жолын ұстаушылар «қоғамдық», «әлеуметтік», «азаматтық» ұғымдарын одан әрі шатыстырды. Бұл жерде біз «әлеуметтік» ұғымының мазмұнын терең түсінуіміз керек.
«Әлеуметтік» дегеніміз, нақтылы қоғамдағы қоғамдық жиынтығы. Бұл қатынастардың жиынтығы жеке тұлғалар мен олардың белгілі бір тобының белгілі бір кеңістікте, уақытта іс - әрекеттерінде атқарған қызметтерінде байқалады.Қандай да бір қоғамдық қатынастардың жүйесі (мысалы, экономикалық, саяси, т.б.) әр уақытта адамдардың өзара қарым – қатынасынан және қоғамға қатынасынан көрінеді. Сондықтан әрбір қоғамдық жүйенің әлеуметтік жағы болады. Қорыта айтқанда, әлеуметтілік - әр түрлі жеке тұлғалардың бірігіп істеген қызметінің жемісі, нәтижесі. Бұл олардың бір-бірімен байланыс- қатынастарынан тікелей көрінеді. Ал, олардың қоғамдық құрылымындағы алатын орны, атқаратын рөлі және әр түрлі жағдайлары бір – бірінен өзгеше қоғамдық үдірістерге қатынасынан көрінеді.
Әлеуметтану пәнінің қалыптасуы әруақытта оның категориялары арқылы жүзеге асырылады. Категориялар (яғни, жалпы ұғымдар) өмірдің нақтылы шындығын, әлеуметтік құрылымның дамуындағы маңызды жақтарды, ондағы қатынастар мен байланыстарды бейнелейді. Олар осы қатынас байланыстардың тұрақты, қайталанын, маңызды түрлерін және құбылыстар мен процестердің өзара іс-қимылын көрсетеді. Бұл категориялар (яғни, жалпы ұғымдар) бір-бірімен тығыз байланыста, қатынаста болады, олар ешуақытта бір-бірінен бөлек, оқшау тұрмайды.
Категориялардың негізінде әлеуметтанудың заңдары қалыптасады. Әлеуметтанудың категориялары алуан түрлі болады. Бұған адам қоғамына тән қасиеттердің бәрі кіреді: «әлеуметтік жүйе»; «әлеуметтік байланыс»; «әлеуметтік қатынас»; «әлеуметтік процесс»; «әлеуметтік тұлға»; «әлеуме әлеуметтікттік бірлік»; «әлеуметтік құрылым»; «әлеуметтік ұйым»; «әлеуметтік институт»; «әлеуметтік бақылау»; «әлеуметтік басқару»; « әлеуметтік ережелер»(бұған құқықтық ережелер, оның жартылай бөлігі); «стратификация», «әлеуметтік рөл», «әлеуметтік статус»,« әлеуметтік тәртіп», «әлеуметтік сана», «әлеуметтік талап-тілек», «әлеуметтік топ», «әлеуметтік мүдде», «әлеуметтік тұтыну», «әлеуметтік қауіпсіздік», «әлеуметтік қорғау», «әлеуметтік белсенділік», т.б.
Социология ғылым ретінде теориялық және эмпириялық зерттеу әдістерінің органикалық бірлігіне, өзара әсеріне негізделеді. Теориялық және эмпириялық зерттеу әдістерінің арақатынасы проблемасының ғылыми танымда функционалдық және генетикалық жақтары бар.
- функционалдық - ғылымның теориялық аппараты мен эмпириялық негіз арасындағы арақатынасқа қатысты;
- генетикалық - теориялық аппараттың, оның ішінде ғылыми теорияның қалыптасуына, эмпириялық кезеңнен теориялық кезеңге өтуге байланысты.
Социологияның негізгі қызметтеріне гносеологиялық, болжамдық, праксеологиялық, идеологиялық міндеттер жатады.
Гносеологиялық қызмет ғылымның танымдық құралдары жүйесінде жүзеге асады. Бұнда тұтас қоғам, оның жекелеген бөліктерінің өмір сүру, даму заңдарын ашатын жалпы және арнаулы теориялар қолданылады.
Таным құралдарына эмпириялық деректер жинаудың жолдары мен тәсілдері, мәліметтерді өңдеу, логикалық және математикалық фактілерді сипаттау және түсіндіру, яғни жаңа әлеуметтік білімдерді қалыптастыру жатады.
Болжамдық қызмет әлеуметтік жүйенің болашақтағы мүмкін боларлық келбетін сипаттау, қоғамның немесе оның жеке буындарының әлеуметтік дамуын ғылыми тұрғыдан болжау арқылы жүзеге асады.
Праксеологиялық қызмет әртүрлі басқару құрамдарына қатысты социологтар ұсынатын практикалық ұсыныстар ретінде қолданбалы социологиямен тығыз байланыста жүзеге асады. Бұл ұсыныстар басқару шешімдерін қабылдауға негіз болып, социология қоғамдық өмірге белсене араласа түседі.
Идеологиялық қызмет қоғамдағы әртүрлі топтардың әлеуметтік мүдделерін білдіре отырып, ғылыми зерттеулердегі әлеуметтік себептердің зерттеу авторларының саяси бағыттарының принциптеріне байланыстылығын, саяси идеяларды теориялық жағынан негіздеуді қарастырады.
Социологияның қызметін теориялық және қолданбалы деп бөлуге болады. Теориялық (іргелі) социология басқа да ғылымдармен бірге әлеуметтік зерттеулердің методологиялық негізі болатын көзқарастық қызмет атқарады. Теориялық социология осы ғылымның пәнін зерттеуге қажетті ұғымдар мен түсініктер аппатарын жасайды, әлеуметтік заңдар мен заңдылықтарды ашып зерттейді, әлеуметтік дамудың теориясы мен тұжырымдамасын негіздейді.
Сонымен, қазіргі заманғы социология – бір-бірімен тығыз байланысты және бәрі қосылып біртұтас ғылым құрайтын теориялар мен білім түрлерінің көп деңгейлі жиынтығы.
Қоғамдық сана мен индивидтердің іс-әрекеттерін, олардың экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани қарым-қатынастар жағдайындағы өзгеру тенденцияларын талдау қазіргі заманғы социология ғылымының негізгі зерттеу міндеттерінің бірі болып саналады.
Макро және микроәлеуметтану
макросоциология – социумның өмір сүруі мен даму заңдылықтарын анықтауға негізделген; микросоциология - әлеуметтік құбылыстар мен процестерді жеке адамдардың іс-әрекеті, өзара ықпалдастығы, тәртібі, мінез-құлқы тұрғысынан зерттеуге негізделеді. Функционалдық анықтамалар, оларға сәйкес сан қырлы әлеуметтік жүйелер, яғни адамдардың өзара қарым-қатынасының қандай да бір реттелген жиынтықтары социология объектісі деп жарияланады.Мәселен, В.А.Ядов социология пәнін былай тұжырымдайды: социология - әлеуметтік қауымдастықтар мен олардың өзін-өзі ұйымдастыру нысандары: әлеуметтік жүйелердің, әлеуметтік құрылымдар мен институттардың қалыптасуы, дамуы және қызмет етуі туралы ғылым. Бұл әлеуметтік субъект - қауымдастықтардың белсенділігінен болатын әлеуметтік өзгерістер туралы ғылым; алуан түрлі әлеуметтік қауымдастықтардың арасындағы өзара байланыс және өзара әрекет механизмдері ретіндегі әлеуметтік қарым-қатынастар туралы ғылым; әлеуметтік іс-әрекеттер мен бұқаралық мінез-құлықтың заңдылықтары туралы ғылым.С.С.Фроловтың пікірінше, социология - қоғамның құрылымдарын, олардың элементтері мен өмір сүру шарттарын, сондай-ақ сол құрылымдардағы әлеуметтік процестерді зерделейтін ғылым.Үшінші топтағы социология пәнін түсіндіруде антропоорталықтық көзқарас жатыр, оған сәйкес адам компоненті социология пәнін анықтауда негізгі компонент болады. Волков Ю.Г., Нечипуренко В.Н. және басқалар “социология - адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастар процесінде, жеке адамдар мен топтар арасындағы өзара әрекет пен өзара байланыс процестерінде пайда болатын себеп-салдар байланыстарын ашып көрсетуді алдына мақсат етіп қоятын адамның мінез-құлқы туралы ғылымның саласы” деген қорытынды жасайды .Адамтану аспектісі А.И. Кравченконың оқулықтарындағы зерттеу проблемаларын талдаған кезде байқалады. Оның тұжырымдауынша, социологияның негізгі пәні – мәртебесі мен рөлі болып табылады, мәртебесі пәннің статистикалық бейнесін, ал рөлі - динамикалық бейнесін береді.Ж.Т. Тощенконың анықтамасы бойынша социология - азаматтық қоғам мүшелері ретіндегі адамдардың санасы мен мінез-құлықтарының қозғаушы күштері туралы ғылым. Социология пәні мыналарды қамтиды: өзінің барлық қарама-қайшы дамуындағы шынайы қоғамдық сана; санада қалыптасатын білімдердің, ұстанымдардың, құндылық бағыт-бағдарлардың, сұраныстар мен мүдделердің пәндік көрініс табуы (нысаны мен мазмұны бойынша) ретіндегі адамдардың қызметі, шынайы мінез-құлқы; адамдардың шынайы санасы мен қызметі, шынайы мінез-құлқы дамитын және жүзеге асатын жағдайлар. Жоғарыда аталған анықтамаларға жасалған қысқаша шолу барлық көзқарастардың макро- не микросоциологиялық парадигмалармен арақатынаста болатынын көрсетеді. Макротеоретиктер қоғамның ғаламдық заңдарын ашып көрсетуге талпына отырып қоғамның, мәдениеттің, әлеуметтік институттардың, әлеуметтік жүйелер мен құрылымдардың, ғаламдық әлеуметтік процестердің ұғымдарын пайдаланады. Микротеоретиктер қоғам туралы философияшыл болудан бас тарта отырып, жалпы жеке адамдардың түрлі әлеуметтік жағдайлардағы мінез-құлқын, олардың әрекеттерінің себеп-салдарын, жеке тұлғалар арасындағы өзара әрекет механизмдерін және басқа да нақты мәселелерді зерделеумен шұғылданады. Осыдан барып социологияны анықтаған кезде бір-бірінен мүлде бөлек екі көзқарас келіп шығады: бірі - оның пәнін қоғамдық организмнің тұтастығы, әлеуметтік ұйымдар мен жүйелер туралы ғылым ретіндегі өрістету бағытында болса, екіншісі - әлеуметтік процестер мен бұқаралық мінез-құлықтар туралы ғылым ретінде анықтау. Бірінші көзқараста социология демографиялық, экономикалық және саяси ғылымдармен ұштасса, екіншісінде әлеуметтік психологиямен ұштасады. Макросоциологияның дамуы қазіргі заманғы теориялық социологияның қалыптасуына, ал микросоциологияның дамуы эмпирикалық (қолданбалы) социологияның қалыптасуына алып келді деген түсінік бар. Мұндай баға негізсіз емес, бірақ толық мәнінде ақиқат нәрсе деп мойындауға болмайды. Макросоциологияда да, микросоциологияда да теориялық және эмпирикалық деңгей бар. Макросоциологтар (Э.Дюркгейм, М.Вебер, Ф.Теннис, П.Сорокин, т.б.) эмпирикалық социологиялық зерттеулермен белсене айналысқан, ал микросоциологтар (мысалы, американ социология мектебінің өкілдері) маңызды социологиялық теориялардың негізін қалаған. Қазіргі микро- және макросоциологияның жақындасуы оның объектісі мен пәнін қазіргі заман тұрғысынан түсіну үшін аса маңызды. Бұл жақындасу макротеоретиктер де, микротеоретиктер де материяның әлеуметтік нысанының алғашқы “клеткасы” болатынын және қоғамды да, нақты адамдардың мінез-құлқын да социологиялық талдау ісін содан бастау қажеттігін мойындауда бір-бірімен үндес екендігінен көрінеді.В.А. Ядовтың пікірі бойынша, қазіргі заманғы социологияның пәндік саласы іс жүзінде екі бағытта қайта қаралуда. Біріншіден, әлеуметтік кеңістіктің ауқымы мен сапасын басқаша көру тұрғысынан оның жаһандануы бағытында (оның негізінде жалпыадамзаттық проблемаларды шешу үшін барлық мектептердің, бағыттардың социологтарының күш-жігерін, теориялық-әдістемелік көзқарастарын біріктіруге ұмтылыс жатыр). Екіншіден, “әлеуметтіктің” өзге талдамалық бірлігін іздеу тұрғысынан. Егер де классикалық социологияда мұндай бірлікті қоғамдық тұтастықтың құрылымдық нысандары (әлеуметтік институттар, қауымдастықтар, мәдениеттің нормативтік үлгілері және т.б.) деп түсінетін болса, ал модернистік кейінгі көзқараста әлеуметтіктің бұл “клеткасы” болатын нәрсе қоғамдық субъектінің немесе әлеуметтік агенттің іс-әрекеті ретінде әлеуметтік өзара байланыстардың күрделі жүйесіне енген әрекетшіл, шығармашыл бастамасы мағынасындағы құбылыс болып табылады .Социология оқшауланбай, басқа қоғамдық ғылымдармен тығыз қарым-қатынаста дамып келеді. Социология пәнінің анықтамасы ғылым ретінде оның басқа қоғамдық ғылымдардан өзгешелігі неде екендігін көрсетіп қана қоймай, қоғамдық ғылымдар жүйесіндегі орнын неғұрлым дәл анықтауға, сондай-ақ олардың жеке түрлерімен қаншалықты тығыз байланысты екендігін айқындауға мүмкіндік береді. Қоғамды зерделеуге деген социологиялық көзқарастың ерекшелігін нақты анықтап алу үшін социологияның әлеуметтік философиямен, тарихпен, саясаттанумен, экономикалық ғылыммен және басқа қоғамдық ғылымдармен арақатынасын және өзара әрекетін қарастырудың маңызы зор.