Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
istoria_polnaya_versia.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.99 Mб
Скачать

41 Әкімшілік-территориялық басқару жүйесінің дамуына талдау жасаңыз. 1822-1824 ж.Ж. Жарғылар. Қазақстанда хандық биліктің жойылуы жөнінде не ойлайсыз.

ХІХ ғ. 20-30 жылдары орыс-ағылшын бақталастығының шиеленісуіне байланысты патшалық Ресей Орта Азия мен Қазақстанда өз ықпалы мен билігін одан әрі нығайту басты міндеті деп санады. Қазақстанның Ресей мен Орта Азия хандықтарының және Қытай аралығында геосаяси орналасуы Ресей тарапынан қазақ даласын отарлау үрдісін тездетті. Осы мақсатпен Ресей империясы 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы», 1824 ж. «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғыны қабылдады. Ресейдің хандық билікті жоюға асығуы соншалықты, олар әрбір мүмкіндікті пайдаланып, ел ішіндегі ықпалды адамдарды, хандарды, билер мен батырларды бір-біріне айдап сала отырып, алдау, күш көрсету сияқты шараларды қолданды.

1822-1824 жылдардағы Жарғының қабылдануымен Орта және Кіші жүзде хандық билік жойылды. Авторы Сібір әскери губернаторы М.Сперанский болған «Сібір қырғыздары туралы» (1822 ж.) Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор әскери губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 ж.) Жарғы Кіші жүз территориясына таралды.

«Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз территориясы «Сібір қырғыздарының облысы» аталып Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын болды да орталығы алғаш Тобыл, 1839 ж. бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік-батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта жүздің қалған қазақтары сыртқы округтерді құрады. 1838 жылға қарай 7 сыртқы округ құрылды: Қарқаралы (1824 ж.), Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын (1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).

Әр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын генерал-губернатор басқарды, оған сібір қырғыздарының облысы бағынды. Округтердің басшылығында округтік приказдар тұрды және оларды сұлтандар жиналысында 3 жылға сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округке 15-тен 20-ға дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл старшындары басқарды, әр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан рұқсат алуы керек болды.

Жаңа әкімшілік бөлініс қазақтардың дәстүрлі жер қатынасын күйретті де – рулық қауым құлдырады. Сонымен қатар, оған аға сұлтандарға, болыс сұлтандарына, тілмаштарға, казактарға түрлі көлемде жер бөліп беру де әсер етті. Оларға өңдеуге, мал шаруашылығына, омартаға т.б. ыңғайлы жерлер бөлінді және егерде ол жерлер қойылатын талаптар бойынша дұрыс пайдаланылатын болса, онда оның иесі жерге меншік құқығын иеленуге де мүмкіндігі болды. Патша өкіметінің қарауы бойынша Орта жүз жері бөлініске түсіп, бір әкімшілік басқарудан екіншісіне өтіп жатты. Осылайша, Омбы облысы Тобыл губерниясына кірді, Семей және Өскемен уездері Том губерниясына берілді.

1822 ж. Жарғы бойынша сот істеріне де өзгерістер енгізілді, ол өзгерістер бойынша сот үш категорияға бөлінді:

қылмыстық істер (мемлекеттік сатқындық, ұрлық, барымта, билікке бағынбау);

арыз-шағымдар («қазақтардың әдет-ғұрып заңдары» бойынша билер шешетін екінші кезектегі істер);

облыстық басшыға берілетін арыздар бойынша (қазақтардың сұлтандар мен билерге, болыстарға т.б.).

1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырылды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық билік жойылып, оның территориясы: Батыс, Орта және Шығыс болып үшке бөлініп, Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды. Бұл бөліктердің басында аға сұлтандар тұрды. Бірінші аға сұлтандар: Қаратай Нұралыұлы, Темір Ералыұлы, Жұма Құдаймендеұлы болды. Аға сұлтандардың жанына Ресейдің «көзі мен құлағы» саналған 200 адамнан тұратын казак-орыс отрядтары берілді. Сұлтандарға жылына 1200 сом жалақы төленді. 1824 ж. Жарғы бойынша құрамында төраға, төрт кеңесші және төрт ауқатты қазақтан тұратын шекаралық комиссия құрылды.

Осылайша, Ресей империясы Қазақстанды өз отарына айналдыру үшін хандық билікті, яғни, қазақ мемлекеттілігін жойып, орнына орыстың әкімшілік-территориялық басқару жүйесін енгізді. Алғаш Кіші жүз қазақтары шекаралық комиссия арқылы басқарылды, ал Орта жүз қазақтары шекаралық басқармаға бағынды. Кейін 1822-1824 жж. Ресей империясы Орынбор және Сібір ведомстваларының территориясында тұратын Кіші және Орта жүз қазақтарын басқару туралы Жарғыларды қабылдады. Осы және одан кейін жалғасқан ХІХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы реформалар патшалық Ресейдің қазақ жерлерін одан әрі отарлау үшін жағдай жасады. ХІХ ғасырдың 60 жылдарының аяғына қарай қазақ даласы тұтастай Ресей империясына бағынышты болды және жаңа заңдар қабылданып, Ресейлік басқару жүйесіне қарай жақындатылды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]