Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оригинал жауаптар ШМКТ.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
94.89 Кб
Скачать

34.Ұлы Карл және франк мемлекеті

Қортық Пипин франктер мемлекетіндегі жаңа әулеттің негізін қалады. Бірақ ол Пипиннің емес, оның әкесі Карл Мартелдің атымен Каролингтер (Карлдың латынша аты Каролус болатын) әулеті деп аталды. Ол әулеттің ең атақты королі Ұлы Карл болды. Ол 768-814 жылдары билік кұрды. Карл ұзын бойлы, алып денелі, батыл адам болған. Оның ерліктері мен тапқырлығы жөнінде көп аңыздар мен өлеңдер жазылды. Тіпті «король» деген сөздің өзі соның атынан шыққан.

Ұлы Карлдың билік кұрған жылдарының бәрі соғыспен өтті. 53 әскери жорықтың 27-сін Карлдың өзі басқарды. Оның жорықтары Испанияға, герман тайпаларына және Италияға бағытталды. Франктер Рим папасына көмектесу үшін Италияға екі рет жорық жасап, лангобардтарды талқандады, Италияның көпшілік бөлігін өз иелігіне қосып алды.

778 жылы Карлдың Испанияға жасаған жорығы сәтсіздікке ұшырады. Тек 801 жылы арабтарға қарсы соғыста жеңіске жетіп, Испанияның шағын аймағын жаулап алды. 772-804 жылдары Карл сакстарға қарсы сегіз рет қанды жорық жасап, әрең дегенде олардың аксүйектерін өз дегеніне көндірді. Саксония бірнеше графтықтарға бөлінді. Графтықтар басшылығына король ақсүйек франктер мен сакстарды тағайындады. Сакстар Карлдың күштеуімен христиан дінін қабылдады. 788-803 жылдары франктер славян тайпаларымен одақтаса отырып, VI ғасырда қалыптасқан аварлар қағанатын Паннонияда (қазіргі Венгрия аумағы) талқандады.

Ұлы Карл билігінің соңына қарай Франк корольдігі өзінің жер көлемі жағынан бұрынғы Батыс Рим империясына жақындады. Карл империясының астанасы Аахен қаласы болды. Қиын кезде өзіне көрсеткен көмегіне алғыс ретінде папа 800 жылы Римде Карлға тәж кигізіп, император деп жариялады. Сөйтіп Батыста жаңа империя өмірге келді.

Империяның ыдырауы

Қарудың күшімен және Ұлы Карлдың беделімен ғана құрылған Франк империясы ұзақ өмір сүре алмады. Ұлы Карл өлгеннен кейін-ақ оның империясы ыдырай бастады. 843 жылы Карлдың балалары мен немерелері Верден қаласында империяны бөлісу жөнінде келісім жасады. Кіші ұлына империяның батысы, ортаншысына - шығыс бөлігі, ал ең үлкен немересіне Италия тиді.

Сөйтіп Ұлы Карлдың империясы үшке бөлініп, үш корольдік пайда болды. Кейіннен олардың орнында Франция, Германия және Италия мемлекеттері дүниеге келді.

Ұлы Карл кезіндегі империя мәдениеті

Ертедегі орта ғасырлардағы Еуропа мәдениетінің дамуына IV ғасырда мемлекеттік дін деңгейіне көтерілген христиан діні елеулі үлес қосты. Жаңа дін сауатты қызметшілерге мұқтаж болды. Сол себепті монастырьлық мектептер көптеп ашылды. Халықтың сауатын ашып, білімін көтеруге Ұлы Карл қамқорлық жасап отырды. Ол өзінің білімі аз болса да, ұлан-ғайыр мемлекетті дұрыс басқару үшін сауатты адамдар керек екендігін жақсы түсінді. Император өз сарайына Италиядан Павел Диакон, Испаниядан гот Теодульф сияқты көрнекті оқымыстыларды жинады.

Білім беру саласында, әсіресе ағылшын-сакс Алкуин көрнекті рөл атқарды. Ол тек оқыту ісін үйымдастырумен шектеліп қоймай, оқулықтар жазумен де айналысты. VI ғасырдағы ойшылдар Боэций мен Кассиодор антикалық мектептегі білімнің негізін құраған «жеті ерікті өнерді» тривиум (грамматика, тіл өнері, диалектика) және квадривиум (геометрия, арифметика, астрономия және музыка) деп екіге бөлді.

Карлдың сарайында да мектеп болды. Ол мектепте императордың жан-жақтан жинаған окымыстылары сабақ берді. Сондай-ак сарайда Академия деп аталған үйірме құрылды. Аңыз кейіпкері Академнің атымен аталған бұл философиялық мектептің негізін б.з.б. IV ғасырда Платон қалаған еді. Оның мүшелері өлеңдер жазды, философиялық мәселелерді талқылады, ежелгі авторлар мен шіркеу басшыларының еңбектерін оқып үйренді.

Ертедегі орта ғасырлардағы еуропалық мәдениеттің жетістіктері жинақталып, кітаптарға жазылды. Ол кітаптардың сапасын жақсартуға Ұлы Карл көп көңіл бөлді. Осы кезде кітаптардың сапасы да жақсара бастады. Кітаптар арнаулы өңделген бұзаудың немесе қойдың терісі - пергаментке жазылатын.

Ұлы Карл тарихқа, тарихи шығармаларға зор мән берді. Оның сарайында аннал (латынша «жыл») деп аталған маңызды оқиғалардың шежірелік тізбегі жазылып отырды.

V ғасырда Рим империясын жаулап алған варварлар ежелгі мәдениетті құлдыратып жіберген еді. Ұлы Карл ол мәдениетті, әсіресе ежелгі Рим мәдениетін қалпына келтіруге, одан әрі жетілдіріп, дамытуға үлес қосты. Сондықтан да Карл мен оның мұрагерлері билік жүргізген кезең тарихта «Каролингтердің қайта өрлеуі» деп аталып кетті.