
- •1.1 Термидорлық Конвенттің соғыстары
- •1.2 Бонапарттың Италияға жорығы
- •1.3 Египет пен Сирияға жорық
- •2.1 1799 Жылғы мемлекеттік төңкеріс
- •2.2 Наполеон үкіметінің ішкі саясаты. Наполеон кодексі
- •2.3 Императорлық Францияның Еуропа картасын қайта пішуі
- •2.4 Экономикалық саясат. Соғыстар және континенталдық блокада
- •2.5 Империяның жаулап алу соғыстары және оның күйреуі
- •Қорытынды
- •Қолданылған әдебиеттер тізімі
2.3 Императорлық Францияның Еуропа картасын қайта пішуі
Барлық билікті қолына алған бірінші консул өзін-өзі мәңгі консул деп, ал 1804 жылдан бастап «француздардың императоры» деп жариялады. Францияда іс жүзінде тағы да монархия қайта орнады, бірақ енді ол феодалдық монархия емес, буржуазия билігін жүргізетін буржуазиялық монархия болды.
Наполеон Рим папасымен конкордат (келісім) жасады. Бұл конкордат бойынша католик шіркеуі Наполеон үкіметін қолдауға міндетті болды, шіркеулерде: «О тәңірім, консулдарға (1804 жылдан бастап — императорға) амандық бере гөр» дейтін ерекше дұға оқылатын болды. «Менің жандармдарым мен дін басыларымның арқасында қолымнан бәрі де келеді»,— деп мәлімдеді Наполеон.
Эмигрант дворяндарға амнистия (кешірім) берілді, олардың Францияға қайтуына рұқсат етілді, оларға сатылып кетпеген имениелері қайтарылды, бірақ оларға өкімет тарапынан бақылау қойылды. Аман қалған якобиншілдерді қатал қуғынға салды, оларды тұтқынға алды, Франциядан басқа жаққа жер аударды.
Өз басқаруының алғашқы қадамынан бастап-ақ Наполеон буржуазияның мүддесін көздеп, өнеркәсіпті барынша қолдады. «Ұлттық өнеркәсіпті мадақтайтын қоғам» құрылды. Бұл қоғамның ең ірі жарнашылары Бонапарттың өзі, оның чиновниктері мен генералдары болды. Өнеркәсіп көрмелері ашылып тұрды. Француз өнеркәсібінің дамуының Англиямен күресте маңызы зор болды.
1804 жылғы француздық азаматтық кодекс (Наполеон кодексі).
1804 жылы «Азаматтық кодексті» құрастыру аяқталды. «Азаматтық кодекс» заңдардың жүйелі жинағы болды, мұның ең негізгі міндеті буржуазияның өз меншігін пайдалануды қамтамасыз ету болды.
Кодекс жобасын дайындаумен айналысқан комиссияның құрамына Тронше, Порталис, Малльвиль, Биго-Преамке сияқты Францияның ұлы заңгерлері енді. Жоба төрт айдың ішінде жасалды. 1804 жылғы 21 наурыздағы заң барлық 36 титулды (тарауларды) біртұтас Азаматтық Кодекстің құрамына біріктірді. 1807 жылдан бастап ол Наполеон Кодексі деп аталды. Бұл акт 1789 жылғы “Адам және азамат құқықтары декларациясында” бекітілген келесі азаматтық-құқықтық қағидаларды одан әрі дамытқан: заңды теңдік, заңдылық, құқықтар мен бостандықтардың тұтастығы. Кодекстің құрылымына рим құқығы әсер еткен. Ол институциялық жүйе бойынша құрастырылған.
Кодекс кіріспелік титулдан және үш кітаптан тұрған. Кіріспелік титулда заңдарды жариялау, қолдану және олардың күші туралы айтылған. Бірінші кітап тұлғаларға, екінші кітап мүліктер мен меншіктің түрлеріне, үшінші кітап меншікті иелену тәсілдеріне арналған.
Наполеон кодексінің атақты 544-статьясында былай делінді: «Меншік дегеніміз — мүлікті пайдалану мен оған билік жүргізудің неғұрлым шексіз правосы...».
Буржуазиялық семьяның негізін баянды етуді көздеген кодекстің басқа бір статьясында: «Ері өзінің зайыбын қорғауға міндетті. Әйелі өзінің еріне мүлтіксіз бағынуға міндетті. Ері мен зайыбы бірге тұруға, қайда жүрсе де ерімен бірге болуға міндетті». Бұл заңдар Францияда, сондай-ақ басқа да буржуазиялық елдерде осы күнге дейін қолданылып келеді.
Кодекс революция кезінде алынған меншікті жаңа иелерінің меншігі етіп бекітті және барлық азаматтың заң алдында теңдігін жариялады. Алайда 1802 жылдың өзінде-ақ Наполеон француз отарларында якобиншілдер жойған құлдықты қайта орнатты.
Наполеон Құрылтай жиналысының жұмысшыларға қарсы шығарған заңын бекітті. Жұмысшылар одақтарына бұрынғысынша тыйым салынды, стачка жасаушылар қатаң жазаланды.
Жаулап алынған көптеген елдерде ішкі межелер мен кедендік алымдар жойылды, бірқатар мемлекеттерде конституция енгізілді, өнеркәсіп пен сауда дамыды. Бірақ бұл қайта өзгерістердің бәрі бұл елдерді француз буржуазиясының қанап езуімен жүргізілді.