
Коммерциялық емес акционерлік қоғам
АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ИНСТИТУТЫ
Автоматты электробайланыс кафедрасы
Ақпараттар теориясы
050704 - Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету
мамандығының барлық оқу түрлерінің студенттері үшін есептеу-
графикалық жұмыстарды орындауға әдістемелік нұсқаулар
Алматы 2008
ҚҰРАСТЫРУШЫЛАР: Қ.С. Чежимбаева, Ж.А. Абиров. Ақпараттар теориясы. 050704 - Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығының барлық оқу түрлерінің студенттері үшін есептеу-графикалық жұмыстарды орындауға арналған әдістемелік нұсқаулар
Әдістемелік нұсқауларда 100 нұсқадан тұратын екі есептеу-графикалық жұмыстарды берілген мәндеріне байланысты орындауға арналған тапсырмасы, сонымен қатар ЕГЖ-ны өңдеу әдістемесі, ұсынылатын әдебиеттер тізімі берілген.
Әдістемелік нұсқаулар 050704 - Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығының барлық оқу түрлерінің студенттеріне арналған.
Алғы сөз
«Ақпарат теориясы» пәні әртүрлі бағыттағы байланыс құрылғылары мен жүйелерін, қазіргі заманғы анализ және синтез әдістерін меңгерген бакалаврларды дайындауға арналған фундаментальді пәндердің бірі болып табылады.
Қазіргі бакалаврлар нақты техникалық сұраныстарды қанағаттандыратын байланыс жүйесін жобалай отырып, жобаланып отырған байланыс жүйесінде кодтаудың, таңдалған тарату әдісінің, модуляцияның потенциялдық мүмкіндіктерінің толық орындалуын бағалай білу қажет, сонымен қатар байланыс жүйесінің сипаттамаларын потенциалдыққа жақындату үшін оларды жақсарту жолын анықтай білу керек.
Бұл пәннің мақсаты байланыс арнасы бойымен ақпарат тарату әдістері мен негізгі заңдылықтарын, таратудың дұрыстылығын жоғарылату және қабылдау әдістерін оқып үйрену болып табылады. «Ақпарат теориясы» пәнінде хабар тарату үшін қолданылатын сигналдарының сипаттамаларын, хабардың, сигналдың және бөгеуілдердің математикалық көріністерінің тәсілдері, сигналдардың пайда болу әдістері мен олардың электірлік тізбекте құрылуы, электробайланыс жүйесінің өткізу қабілеттілігі мен бөгеуіл тұрақтылық анализінен туындайтын сұрақтар, бөгеуіл тұрақтылық кодтау, хабарды тиімді қабылдау әдістері, көпарналы тарату принциптері, байланыс жүйесінің тиімділігінің сұрақтары қарастырылады. «Ақпарат теориясы» курсын келесі пәндерде оқытылатын байланыс техникасының теориялық негізін құрайды.
«Ақпарат теориясы» пәнін студенттер 2-курстың ІV-жартысында оқиды. Бұл пәнді оқу барысында, нәтижесінде студенттер байланыс жүйесін құру, осы жүйенің тиімділік анализі туралы, сонымен қатар олардың қабылдау кезіндегі бөгеуіл тұрақтылығын жоғарылату туралы білім алады.
Төртінші семестрде студенттер бұл пән бойынша кешенді түрде емтихан тапсырады. Бірінші 30 сұрақтан тұратын тестілеу жүргізіледі, одан өту үшін 16 немесе одан да көп сұраққа жауап беру қажет. Тесттен өткен студенттер қанағаттанарлық деген баға алады. Ал одан жоғары баға алу үшін пән бойынша жазбаша емтихан тапсыру керек. Емтихан билетіне 1 есеп және 2 теориялық сұрақ кіреді. Жақсы баға алу үшін есепті дұрыс шығарып, оның шығарылуын жазбаша түрде талдау қажет. Өте жақсы баға алу үшін толық 2 теориялық сұраққа жазбаша жауап беру керек және емтихан қабылдаушы мұғалім талап еткен жағдайда, оның мағынасын ауызша жауап беруге дайын болуы қажет.
«Ақпарат теориясы» пәні бойынша есептік – графикалық жұмыс орындалады.
Оқу кезінде орындалатын есептік – графикалық жұмыс студенттерге бұл курстың негізін толық ұғуға көмектеседі.
«Ақпарат теориясы» пәнінің ЕГЖ-сі практикалық сабақтарда кездесетін есептерді шығаруға үйретеді.
ЕГЖ-да екі есеп кездеседі: бірінші есепке цилиндрлік кодтың кодері мен декодерінің сұлбасын салу кірсе, екінші есепке байланыс жүйесінің оптималды сұлбасын салу және оның параметрлерін есептеу кіреді. Олардың біріккен шешімі тапсырманың негізгі мақсаты – телекоммуникациялық жүйені модельдеудің орындалуын ашады. Студенттер өз нұсқасы бойынша телекоммуникациялық жүйені моделдеуге арналған «System View» дестесін қолдана отырып, модуляция мен демодуляция көмегімен цилиндрлік кодтың кодалаушы және декодалаушы құрылғыларының сұлбасын жинау керек. «Ақпарат теориясы» бойынша тапсырмаларды орындамастан бұрын, ең алдымен нұсқаны таңдау әдісімен және ЕГЖ-ні сәндеуге және орындауға қойылатын талаптармен танысу қажет.
1. ЕГЖ-ні өңдеуге және орындауға қойылатын талаптар
1.1 Нұсқаны таңдау
Нұсқаның нөмері сынақ кітапшасының соңғы екі санына (алдыңғы және соңғы) сәйкес келеді. Мысалы, егер сынақ кітапшасының саны 200002 болса, онда вариант номері 02 болады.