
2.4 Мемлекеттің социалистік типі
Социалистік мемлекеттің экономикалық негізі – жерге қоғамдық меншік құқығы. Негізгі таптары – жұмысшылар мен шаруалар. Әлеуметтік тапша ретінде интеллигенция қарастырылады.
Социалистік мемлекеттің функциялары:
а) мемлекет, қоғам және еңбек етушілердің бостандықтарын қорғау;
б) экономикалық;
в) әлеуметтік.
Мемлекеттік билікті ұйымдастырудың нысаны – республика, федерация, унитарлы мемлекет.
Социалистік типтегі мемлекеттің экономикалық негізін жұмысшы және шаруалар табының өндірістік құрал-жабдықтарға меншігі құрайды, ал саяси негізі пролетариат және шаруалар табының билігі ретінде бағаланды. Социалистік мемлекет пролетариат диктатурасы ретінде пайда болып, дами келе жалпы халықтық мемлекетке айналады. Қоғамның басқарушы күші ретінде жұмысшы табының коммунистік партиясы танылады. Социалистік мемлекеттің оған дейін пайда болған мемлекеттерге қарағанда адамның әлеуметтік жағынан тиімді қорғалудың тетіктерін (жұмыссыздыққа жол бермеу, ақысыз медициналық көмек, ақысыз білім алу, т.б.) іс жүзіне асырады. Бұл прогрессивтік бағана. Сонымен қатар, социалистік мемлекетке бір меншіктің түріне, бір партияға шексіз монополия беріледі, адам құқы аяққа тапталады, бір ғана идеология үстемдік етеді, билікті болу идеясы қабылданбайды және плюрализмге жол бермейді. Халыққа қарсы күш қолдану және үркіту-қорқыту мемлекеттік саясаттың негізгі құралдарына айналады.
Кеңестік социалистік мемлекет, алпауыт қызыл империя қанау мен күштерді үш бағытта жүргізді:
- Меншікке қарсы жүргізген күштеу саясаты. Меншікті күшпен тартып алудың нәтижесінде халық езгіден құтылған жоқ. Керісінше, адам партиялық номенклатура билеген мемлекеттің шексіз езгісіне душар болды. Мемлекет жеке адамға артық табыс табуға тыйым салды, тер төгіп төккен жалақысының 36% ғана иемделінді, қалғандары мемлекеттің қалтасына түсіп отырды.
- Өмірдің барлық саласына мемлекеттік көлемде жоспар құру (түйме жасаудан, космос корабіліне дейін) және бәсекелестікті жою саясаты мемлекеттік мәні бар идеология ретінде танылады.
- Жеке адамға қарсы күш қолдану, адам құқын аяққа таптайды, еркін пікір білдіруге қатаң түрде тыйым салады. Оның барлық қимыл-әрекеттері мемлекет тарапынан бақылауға алынады. [18]
Социалистік мемлекет жеке адамды қакпанда ұстайды. Соның нәтижесінде тек ғана 1919 жылы 1 миллион 114 мың қазақ құрбандыққа ұшырады [12,77бет], меншікті тартып алудың салдарынан 1930-32 жылдары, колдан жасалған этноцидтен үш миллионға жуық қазақ қырылды, 75 мың бетке ұстар перзенттеріміз қуғын-сүргінге ұшырап түрмелерде қаза тапты, оның 22 мыңы атылды. Бұл социалистік типтегі мемлекеттің қазақ жеріндегі көрінісі.
1991 жылдан кейінгі социалистік мемлекеттерде социалистік жүйе ыдырап, нарықтық экономикалық елдерге айналып, демократиялық қоғам құру саясатына көшті. Кейбір мемлекеттер социалистік жолынан тайған жоқ (Куба, Солтүстік Корея, Қытай, Вьетнам).
Тәжірибеде социалистік мемлекет идеясы осылайша, нақты іске аса алмады, арман, қиял болып қалды. Шын мәнінде бұл үлкен деформацияларға ұшырап, социалистік типке ауысушы мемлекеттер болған шығар. Бүгінде қытай теоретиктері біраз реалистік болды, олар Қытайды социализмді орнату үшін онжылдықтар емес, жүзжылдықтар қажет екенін дәлелдеді. Одан басқа, теориядағы догматизм, волюнтаризм, субъективизм, ұдайы алға шабушылық тәжірибелік қызметтегі көптеген деформациялар мен қателердің себебі болып отыр. Дегенмен, социалистік мемлекеттілікті қалыптастыру тәжірибесі терең талданылуы, зерттелуі тиіс: қателер, кемшіліктер мен жетістіктер, әлбетте, қазіргі өмір сүріп жатқандарға да, келешек ұрпаққа да пайдалы болмақ. [17]
ІІІ Өркениеттік типі