
- •2011-2012 ҚазБсқа Философия Жамалов к..
- •Қолданылған әдебиеттер:
- •1. “Философия” д.Кішібеков, ұ.Сыдықов – Алматы 2007.
- •2. «Философия» Серік Мырзалы Философия. Оқулық, Алматы, 2008
- •Қолданылған әдебиеттер:
- •1. “Философия” д.Кішібеков, ұ.Сыдықов – Алматы 2007.
- •2. «Философия» Серік Мырзалы Философия. Оқулық, Алматы, 2008
2011-2012 ҚазБсқа Философия Жамалов к..
Казақ Басқару сәулет-құрылыс академиясы Жалпы гуманитарлық дайындық факультеті Активті үлестірмелі материал «Философия » ЖГПФ барлық мамандықтарға 3 кредит 4 семестр Лекция № 2 «Ежелгі Шығыс философиясы» 2011-12 оқу жылы Ассоц. профессор Жамалов К.Ж. |
ЕЖЕЛГІ ҮНДІ ФИЛОСОФИЯСЫ. Үнді – байырғы «діндер елі». Ежелгі Үнді философиясында діндарлық бағыт ашық көрініс тапты, ол түбірімен өз бастауын б.д.д. II-I мыңжылдықтар шамасында пайда болған Вед әдебиетіне (қасиетті ән-жырлардың ертедегі жинақтары т.б.) негізделген діннен алады. Осы уақытта Үнді жерінде мемлекеттік құрылымдар да пайда болып, діннен қолдау тапқан, қоғамның касталық бөлінуіне негіз болған төрт түрлі варналық қатынас өмірге енеді: абыздар (брахмандар) варнасы; әскер басы ақсүйектер (кшатрии) варнасы; жер өндеушілер, қолөнершілер, саудагерлер (вайшьи) варнасы; төменгі (шудра) варнасы. Текті абыздар отбасы қоғамда үлкен ықпалға және сауаттылық пен арнайы білімге ие болып, діни әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің дамуына әсерлерін тигізді.
Үнді әдебиетінің көне ескерткіші – Вед кітабы. Мұнда байырғы діни дүниетанымдық көзқарастармен астасқан әлем туралы, адам туралы бірсыпыра философиялық түсініктемелер көрсетілтен. Вед әдебиеті төрт түрлі топқа немесе бөлімдерге бөлінеді. Ең ескісі - Самхита. Ал баска бөлімдердің шығармашылық мазмұны осы Самхитаға жасалған толықтырулар мен түсіндірмелерден тұрады. Самхита төрт түрлі жинақты қамтиды. Олардың ең ертеде шыққаны - Ригведа, шамамен б.д.д. 1500 жылы жазылған діни гимндердің жинағы деп болжанады. Екінші бөлігі — Брахмандар - діни салт - жоралғылар жинағынан тұрады. Бұған буддизм дініне дейін өмір сүрген брахман діні сүйенеді. Вед әдебиетінің үшінші бөлігін - Араньяки, дуана, дәруіштердің мінез-құлық, жүріс-тұрыс ережелер жиынтығы құрайды. Біздің дәуірімізге дейінгі 1000 жылдық шамасында пайда болған— Упанишада Вед әдебиетінің соңы. Онда философиялық сананың бастапқы элементтерімен қатар, алғашқы идеалистік, материалистік дүниетанымдық көзқарастар орнын тапқандықтан, ол шын мәнінде философиялық шығарма ретінде қарастырылады.
Ертедегі Үнді философиясы белгілі бір құрылым немесе мектептер шеңберінде дами отырып, үлкен екі түрлі топқа: ортадоксалдық (Ведалар әдебиетінің беделін мойындайтын) және бейортадоксалдық (Ведалар әдебиетінің беделін мойындамайтын) деп бөлінеді. Ортодоксалдық негізінен діни, идеалистік бағыттағы мектептер болды, мысалы: веданта, миманса, санкхья, йога, ньяя, вайшешика. Ортодоксалдық емес, немесе бейортадоксалдық философияның материалистік бағытын ұстағандар: джайнизм, буддизм, червак-локаятиктер.
Идеалистік ілімдер Вед әдебиетіне сүйеніп қана қоймай, оны қасиетті кітап есебінде қарастырды. Мысалы, миманса Ведалық мәтіндерді ең жоғарғы бедел ретінде қабылдап қоймай, одан абсолюттік, мәңгі өмір сүретін өте жоғарғы сезімтал әмбебап субстанцияны да көреді.
Миманса философиялық мектебінің өзіндік ерекшелігі - ведалық салт жоралғыларды ардақтап, таным теориясы мен қисын сұрақтарына үлкен көңіл бөледі. Таным теориясының көмегімен заттарды дұрыс пайымдап, мәніне жетіп қана қоймай, оның негізі болатын метафизикалық түсініктер сырын, мазмұнын ашуға болады. Дұрыс білімнің бастауын зерттейтін кейбір ұғымдар қисын түсініктерімен салыстырылады. Сезімдік таным білімнің айрықша бастауы ретінде қарастырылады. Қабылдау нысандары әр түрлі шынайы объективтік белгілерге ие болады деп сипатталады. Сезімдік қабылдаудан басқа қисындық тұжырымдар, салыстыру, қасиетті кітаптардың беделді куәліктері де танымның бастауы деп есептеледі.
Идеалистік бағытта дамыған Веданта мектебінің негізін Бадараяна қалаған. Жан мен құдайдың қарым-қатынасына деген пайымдаулар айырмашылығы бұл ілімнің сан алуан түрінің өмірге келуіне себепші болды.
Бұлардың біріншісі жан мен құдайдың шын мәнінде айырмашылығы бар екендігін мойындаса, екіншісі толық бірлігін мойындайтын көзқарас.
Бірінші ілімді Мадхва, ал екіншісін Шанкара дамытты. Бұл философиялық құрылымның мазмұны оның атында бейнеленген, веданта - тікелей аударғанда «Веданың соңы» дегенді білдіреді. Өз негізінде веданта упанишадты, вед мәтіндерін көбінесе мистикалық негізде жүйелі қайта өңдеп көрсетеді.
Ежелгі Үнді философиясының ең көнесі санкхья ілімі. Осы кезге дейін жеткен мәліметтерге сүйенетін болсақ, оның негізін қалаушы Капила б.д.д. 600 жылдар шамасында өмір сүрген.
Алғашқы жазба деректер мазмұнында санкхья «дүниенің негізінде санадан айрылған белгісіздік жатқандығы» туралы ілім деп аталады. Дүниенің алғашқы материалдық (пракрити - материя, табиғат) себебінің бар екендігін дәріптейді. Алғашында пракрити аморфтық, бөлшектенбеген түрде өмір сүрді. Оның сезімдермен қабылданатын мәндер мен дүниелер әлеміне айналуы үш сапалық элементтердің әсерінен жүзеге асады. Олар: раджас (талап, ынта), тамас (қараңғылық) және саттва (тазалық, пәктік). Әрбір затта оның өзіндік ерекшелігіне байланысты айтылған элементтердің біреуі басым болады. Әсемдікке, ақылдылыққа, шындыққа бет бұрғанда саттва басым болады, ал тамас - енжарлықтың, шектеулілік пен қараңғылықтың шешуші элементі. Барлық белсенділік, айбындылық, жігерлі қайраттылық негізінен раджаспен байланыстырылады.
Санкхья философиясында пракритимен қатар әлемнің материалдық негізіне тәуелсіз абсолюттік жанның (пуруши) бар екені мойындалады. Оның бар болуы, барлық заттар мен жан иелеріне қатысты болатынына қарамай, оны бақылауға, танып білуге болмайды. Пракрити мен пурушидің (табиғат пен жан, рухтың) қосындысынан 25 алғашкы негіз, түпкі бастама пайда болады, олардың ортасында материалдықпен қатар (су, ауа, жер т.б.) жан, руханилық та өмір сүреді (парасат, сана-сезім).
Патанджали негізін қалаған Йога философиясының шығармалары біздің дәуіріміздің II ғасырынан бастап жарық көреді. Оның қысқа, ықшам стильде жазылған еңбектеріне Вьяса (ІVғ.), Вачаснати сияқты көптеген авторлар жиі түсініктемелер беріп, бұл мектептің ілімін толық қарастырып, терминологиясы мен басқа да жайларын байытуға талпынған. Психологиялық оқытуларға және психологиялық категорияларды зерттеуге назар аударған Йога философиясы көп жағдайларда ертеден келе жатқан әр түрлі кұрылымдардың медитация туралы қағидаларынан бастау алады.
Бағытты психологиялық жаттығулар ережелерін баяндау барлық құрылымның маңызды элементі болады; оның жекелеген элементтерінің ішінде өзін ұстай білу (яма), дененің белгілі бір жағдайларында тыныс алуды меңгеру (асана), сезімді сыртқы әсерлерден айыру, оқшаулау (пратьяхара), ойды жинақтау (дхарана), медитациялар (дхьяна) және соңғысы, күшпен тартып алушылық күйі (самдхи) - денелік сыртқы қабықтан босану бар. Бұл жаттығулардың техникалық аспектілерін жете зерттеген йога философиясы өзінің соңғы даму деңгейінде абсолюттік жан иесінің өмір сүретінін, яғни ишвараны мойындайды. Ол өз мәнінде жетілген және өз мектебі жақтастарының жаны карма мен самсара ауыртпалықтарынан құтылуына көмектеседі.
Тағы бір үнділік құрылым - вайшешика мектебінің негізін Канада (б.д.І ғ.) қалады. Вайшешика құрылымында нақты ғылыми дүниетанымдық тенденциялар бар. Мектептің негізгі тезистері - тоқтаусыз, үздіксіз өзгерістер болады, циклдік үдеріс, пайда болу мен құлдырау мәңгі дегеннен басталады. Дегенмен, бұл үдеріске тұрақты элемент атом (ану) тән. Вайшешиктер түсінігінде атомдар мәңгі, жоқ болын кетпейді, ешкім жасамаған. Осыған қоса, олар он жеті түрлі сапалықтарға (гуна) ие. Атомдардың барлық уақытша қосылуларынан біздің сезімімізбен түсінуге оңай жанды және жансыз денелер пайда болады және өмірге қайта келу – атомдардың үздіксіз қосылулары мен ажырауларының нәтижесі. Вайшешикада материалдық емес субстанциялардың бар болатыны да мойындалады, бұл психикалық сапалықтардан тұратын - жан (атман). Жан материалдық емес, мәңгі және шексіз, екі түрде өмір сүреді: ишвара немесе параматман (абсолютгік немесе жоғарғы жан). Өз мәнінде жетілген және барлық жерде бар өзіндік жандар өмірдің шексіз айналмалы құйынында қыдырып жүреді.
Ньяя мектебі ұстанымдары вайшешиктермен тығыз байланысты. Ньяя гносеологиясында, логика, соның ішінде, сенімді үрдістерге, ақиқат танымға (прамана) айрықша көңіл бөлінеді, оған сезіну және ұқсастық тәсілімен қортындылау тәрізді танымның бірнеше бастауы енгізіледі. Кейбір мектептерде бұл бастауларға шабда (сөз) қосылады, вед мәтіндері мен басқа да бастаулардың беделіне сілтеме жасалады. Таным түрі ретінде тек сезімдік танымды ғана қолдады.
Үнді елінде пайда болып, әлемдік дінге айналған Буддизм философиялық ілім. Оның негізін қалаған Үнді елінің шакья тайпасынан шыққан Гаутама Сидхартка (б.д.д. 563-483ж.ж.). Будданың ашқан «Төрт ақиқаты»:
- Бұл жалған дүние зардапқа толы, адам ауырып зардап шегеді; әке-шешесінен, ағайын-туғанынан, сүйген жарынан, жолдас-жораларынан айырылып қайғырады. Өмірде тілегеніне жете алмай, қиналады, «Өтпелі пенденің өмірі азапқа толы» болады. Азапты жеңу үшін оның шыққан қайнар көзін, мынандай себептерді жою көрсетіледі:
- Өмірге деген құштарлық, өмірге деген іңкәрлік, ләззатқа тоймаушылық. «Құмарлықтан күшті от жоқ; жек көруден артық пәле жоқ; денеден артық бақытсыздық жоқ; тыныш өмірден артық бақыт жоқ». «Ол мені аяғына басты, ол мені ұрды, ол мені жеңді, ол мені жалаңаш қалдырды». Мұндай ойларды ішінде сақтаған адамның жек көруі тоқталмайды. «Адамдар дамыл таппай, қорқып қашқан қояндай, айнала жүгіріп жүр».
- Азаптың себебі анықталғаннан кейін оны жоюға болады, «өйткені ешқашанда бұл дүниеде жек көруге, кек алуға, өшпенділікке шек қойылмайды, тек қана оның негізін, жеккөруді жою арқылы оны тоқтатуға болады... Егер адам құмартудан құтылса, надандық пен жек көруден арылса, еш нәрсеге байланбаса ғана әулиелік жолға түседі!»
- Азаптан құтылудың жолдары бар. Олар: дұрыс көзқарас, дұрыс сөйлеу, дұрыс бағытта ойлау, дұрыс өмір салты, дұрыс жүріс-тұрыс, дұрыс бетбұрыс, дұрыс күш салу, дұрыс зейін қоюда болады.
Ләззат пен құмарту жолына түскен адамдар тұрпайы, дөрекі, пайдасыз, сонымен қатар, денесімен күресіп, оны қинаған адамдар да азаптан құтыла алмайды. Тек ортаңғы жол, дүние ақиқатын ашатын білім, адамды тынышталуға, құдіретті білімдарлыққа, даналыққа, нирванаға алып келеді. Тек Будда көрсеткен жолға түскен адам ғана толығынан азаптан құтылады, нирванаға жетеді.
«Нирвана бар, оған зердемен жетуге болады. Ақиқат жолымен өмір сүріп жүрген оқушы, сезімдік құмартуларынан айырылса, мирванаға жетеді. «Дүниеде жел бар ма?» «Бар». Онда маған желдің түсін, бітімін, көлемін үлкен бе әлде кіші ме, ұзын ба әлде қысқа ма, көрсетші», - дейді Будда. Шәкірті: «Ол мүмкін емес, мен оны көрсете алмаймын, желді қолмен ұстауға, құшақтап қамтуға болмайды, бірақ ол бар», -дейді.
Будда жауап ретінде: «Сол сияқты, нирвана бар болғанымен, мен оны саған көрсете алмаймын», - деп қорытады. Нирвана дегеніміз – өмірден бас тарту, бейболмысқа өту.
Буддизм философиясы бірінші болып адам рухын, оның құдіретті күшін көрсеткен философия. Мұның гуманистік-адамгершілік жақтары – ой тазалығы, іс-әрекет тазалығы, тіршілік иелерін зәбірлемеу, зұлымдыққа зорлықпен қарсы шықпау, дүние қумау, кемтар адамға қол ұшын беру, т.б. адамзат рухының әрі қарай шыңдалуына зор әсерін тигізді.
Материалистік ілімдер. Үнді философиясындағы натурфилософиялық көзқарастар дүниені 5 тұрақтыдан құралады деп есептеген. Олар - жер, су, от, ауа, кеңістік. «Осы дүниеде бес тұрақты қосылған, оған джива неге керек (джива - жан-дүние). Егер 5 тұрақтының бірі болмаса, онда бұл қосынды жоқ. Ет, қан, май, сүйек, оларды біріктіретін сіңірден дене құралады. Бірақ дживаны (жанды) ешкім көрген жоқ. Жұрт джива естіледі, деп айтады. Бірақ құлақпен біз естиміз бе?» - деген материалистік көзқарастар кездеседі. «Джива (жан) дегеннің өзі - дене. Ал дененің бәрі жетіледі, өзгереді, қартаяды, жойылады. Ең алдымен ескіріп, тесіліп, содан кейін құлайтын үй тәрізді. Сезім, ақыл (манас), ет пен қан, сүйек те шіріп, әрқайсысы өзін тудырған заттарға айналады», - деген пікірлер кездеседі.
Мәселені тереңнен қараған материалистердің, дүние алғашқы материядан - пракритиден жаратылғанына меңзейді. Пракритидің: саттва, раджас және тамас аталатын үш гуны (гун - қасиеті) бар.
Саттва - тазалық, оған ешқандай таңба түспеген және ол бізге біліммен бақыт әкеледі. Раджас - құмарту қасиеті, ол іс-әрекетке итереді. Тамас - жайбарақаттық пен жалқаулықты, ұйқы мен миғұлалықты көрсетеді.
Үнді материалистерінің ойынша, пракритидің бұл 3 гуны бір-бірімен күресте болады. Егер раджас пен тамас жеңілсе, онда саттва үлкейеді. Раджас пен саттва жеңілсе, онда тамас ұлғаяды. Тамас пен саттва жеңілсе, раджас күшейеді.
Саттвада жасы ұлғайған адам өмірден озғанда таза әлемге жетеді. Раджаста жасы ұлғайған адам өмірден озғанда, тағы карма шеңберінде өмірге қайта келеді.Тамаста жасы ұлғайған адам өмірден озғанда, адасқандар арасында дүниеге қайта келеді.
Бірінші мыңжылдыктың ортасында ведалық брахман дінінің дәстүрлі идеологиясына қарсы шыққандардың және материалистік көзқарастарды жариялағандардың ортасында бірінші кезекте Аджита тұрды. Дүниеге келгенде пенденің денесімен бірге пайда болатын, ал өлгеннен кейін қазаға ұшырап, алдағы уақытта ешқашан қайта өмір сүрмейтін жан да осы элементтерден құралады. Өлі денеде рухтың бар-жоғын табу үшін оны сойып, жарып қарап, егжей-тегжейлі зерттеп, ол ешқандай мәңгі өмірді дәлелдейтін деректерді таппағанын көрсетті.
Локоятиктерше - адам төрт түрлі минералдық элементтерден тұрады - жер, су, от, ауа. Олардың пікірлеріне қарағанда сығылу, қысылу арқылы дене, сезім мүшелері және осылардың негізінде рухани бастау пайда болады. Адамның өлгеннен кейін өмір сүретін ешнәрсесі болмайтындықтан, локоятиктер осы ақиқат өмірді пайдалана білу қажеттігін, оның әкелгенінің бәрін қабылдау, өмірдің жағымды жақтарын, жамандық пен қасірет шегуді теңесіретінін мойындау керектігін айтады. Мәтінде, «өмір сүргенде қуанышты өмір сүр, өйткені өлімнен ешкім де қашып құтыла алмайды. Дене отқа жанғанда күлге айналады, одан қайта тіріліп, өмірге келу ешқашан жүзеге аспайды». Бұдан локаятиктер өмірде тек ләззат алу мен рахаттануға ұмтылған деген жаңсақ пікір айтуға болмайды. Олар өздерінің көзқарастарын логикалық ой желілерімен дәлелдеп, дәстүрлі доктриналарға күмән келтіреді. Мысалы, «Егер құрбандыққа шалынған жануар тікелей аспандағы құдайларға баратын болса, онда құрбан шалушы неге өзінің әкесін өлтірмейді, сөйтіп оның тезірек аспанға баруына көмектеспейді?» - деген сұрақ қойылады.
Үнді философиясында дүниені екі бастамадан — пракрити (материя) және пурушадан (жан) шығармақ болған ағымдарды да кездестіруге болады. «Білгің келсе, пракрити мен пуруша екеуінің де бастауы жоқ; біл, сананың өзгеруі пракритиден шығады; себеп пен іс-әрекеттің қайнар көзі пракритиде. Пуруша пракритидің тудырған гундарынан (қасиеттерінен) ләззат алады», - дейді.