
- •Мазмұны
- •1. Түркілер дәуіріндегі түрлі мәдени байланыстар тарихи зерттеулерде
- •1.1. Түркі дәуіріндегі Батыс пен Шығыстың мәдени байланыстарына зерттеушілердің көзқарастары
- •1.2. Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланыстарының тарихнамасы.
- •2. Түркі халықтары мен тайпаларының орталық азия халықтарымен мәдени байланыстары тарихнамасы
- •2.1. Түркі-соғды мәдени байланыстарына тарихшылар көзқарасы
- •2.2. Түркілердің мұсылмандық Иран мемлекетімен мәдени байланыстары: мәселенің зерттелуі.
- •3. Түркілердің қытай және славян мәдениетімен байланыстарының зерттелуі
- •3.1. Түркілердің Қытай империясымен мәдени байланыстарының зерттелуі
- •Қорытынды
- •Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Қорытынды
Түркі дәуірінде Қазақстан жерінде өмір сүрген түркі халықтары өз заманының алдыңғы қатарлы мемлекттерімен терезесі тең қарым-қатынастар орнатқан. Бұл мемелекеттермен бірде жауласса, бірде бейбіт қарым-қатынастар орната отырып, мәдени байланыстар арнасына түскен. Түркі қағанаттарының көрші халықтармен мәдени байланыстарының тарихнамасын талдай келе мынандай қорытындыларға келеміз.
Аталған мәселе түркі халықтырының тарихын зерттеумен тікелей байланысты қойылды. Сондай-ақ халықтыр арсындағы әлемдік мәдени байланытар мәселелерін теориялық түрғыдан зерттей отырып, зерттеушілер дамуы жағынан төмен тұрған халықтар жоғарғы мәдени жетістіктерді қабылдай алмайды деген қорытындыларға келген. Осы тұрғыдан алғанда түркілер, жалпы көшпелі халықтар дамуы жағынан артта қалған, кембағал мәдениет иелері деген пікірлер қалыптасты. Батыс тарихнамасында бірінші кезеңде көшпелілер табиғат заңдарына бағынышты, ешқандай материалдық құндылықтар өндіруге құлықсыздар қоғамы ретінде бағаланды (А. Тойнби). Бірақ, әлемдік дамуда орын алған өзгерістер, сондай-ақ тарих ғылымының, әсіресе археология ғылымының тамаша жетістіктерге жетуімен мәселені зерттеуде жаңа кезең басталды.Сондықтан түркі халықтарының көрші халықтармен мәдени байланыстарының мәселелері өткен ғасыр басында жандана түскен археологиялық зерттеулердің нәтижелеріне байланысты көшпелі мәдениет пен отырықшы өркениеттердің өзара байланысы мен әсерлесуі деген мәселе төңірегінде көтерілді.
Бұл мәселеде де тарихнамалық ойдың дамуының алғашқы кезеңдерінде көшпелілер қоғамы өркениет ошақтарын қиратушылар мен отырықшы әлемге тәуелділер қоғамы ретінде көрсетілді. Қала мен дала мәдени байланыстарының зерттелу бағыттары түркі дәуірі кезіндегі халықаралық мәдени байланыстарды талдаудың теориялық-методологиялық бағыттарын анықтайды. Бұның нақты мысалы ретінде әуелгі ортағасырлар кезіндегі түркі-соғды мәдени синтезі мәселесінің зерттелу бағыттарын айтсақ болады. Салыстырмалы түрде алып қарасақ екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан екеуінің де зерттелу барысы бір бағытта даму жолын басынан өткізгенін көреміз.
Аталған кезеңдегі түркілердің Орта Азия халықтарымен мәдени байланыстары жоғарыда атап өткен көшпелілер мен отырықшы халықтардың қарым-қатынастары мен ортағасырлық Қазақстан тарихы мен мәдениетіндегі соғдылықтардың рөлі мәселелері төңірегінде талданды. Сондықтан түркілердің Орта Азия халықтарымен мәдени байланыстарының зерттелу барысын жоғарыда аталған проблемалар шегінде қарастыра отырып, мынанадай қорытындыларға келдік.
Жалпы тарих ғылымында қалыптасқан көшпелілердің тарихтағы рөлі туралы жағымсыз пікірлер олардың мәдениеті мен көрші халықтармен байланыстарын талдауда үстем болып келді. Тарих ғылымының, әсіресе археология, нумизматика ғылымдарының дамуымен көшпелілердің мәдениетінің тамаша ескерткіштері ашылды. Таза көшпелілік туралы түсінік жоққа шығарылды. Дегенмен, алғашқы кезеңде қалалық мәдениет пен оның жетістіктеріндегі көшпелелір рөлін жете бағаламау орын алды. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағындағы қалалық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуындағы отырықшы халықтардың өкілі болып саналатын соғдылықтардың орны асыра бағаланды.
Тарихи білімдердің кеңеюі мен жаңа деректер тобының ғылыми айналымға енуі нәтижесінде кейінгі зерттеулер көпшелілер мен олардың мәдени мұрасы туралы қалыптасқан пікірлерді қайта қарастыруды қолға алды. Орыс және отандық тарихнамада ғана емес, шетелдік зерттеулерде де жаңа көзқарастар қалыптаса бастады. Мәселені тікелей қарастыру барысында Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аумағындағы қалалық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуы және осы кезеңдегі соғдылардың рөлі туралы нақты зерттеулер жүргізіліп, дәлелденген кесімді пікірлер айтылды. Бірақ, тарихнамалық ойдың даму үрдісін бақылай отырып, кей зерттеушілердің тарихнамадағы ескірген көзқарастар шеңберінен әлі де болса шыға алмай отырғандығын көреміз.
Түркі халықтарының көрші халықтармен мәдени байланыстарының келесі кезеңі, Қазақстан мен Орта Азия аумағына ислам дінінің таралуы, жаңа діннің аталған халықтардың мәдени дамуы мен өрлеуіне тигізген әсері туралы мәселемен тығыз байланысты зерттелген. Аталған мәселені зерттеу бұрынғы тарихнамалық ой-пікірлердің бағыттары мен кемшіліктерін есепке ала отырып, оның жаңа тың тұжырымдарын қалыптастыруда тың зерттеу еңбектерін жүргізген зерттеушілер тәуелсіз Қазақстан тарихнамасының өкілдері болып табылатынын атап өтеміз. Бұл еңбектерде мынандай тың тұжырымдар негізделген:
Орталық Азия аймағында, жалпы түркі халықтарының мәдени дамуының, мәдени өрлеудің болуының басты факторы – ислам дінінің таралуы мен араб-мұсылман мәдениетінің оң ықпалы және түркі халықтарының мұсылман мәдениетін қабылдауға әзір болуы. Арабтардың келуіне дейін-ақ түркілердің бай мәдени дәстүрінің қалыптасуы, олардың жаңа дінді қабылдай отырып мәдени дамуында жаңа сапалы сатыға көтерілуіне негіз болды.
Арабтар түркілер жеріне жаулап алу соғыстарын жүргізбеді. 751 жылғы Талас шайқасы түркілерге емес, керісіне түркілермен біріге отырып Қытай экспансиясына қарсы бағытталды. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу исламның гүлденген өлкесіне айналды. Теология, әдебиет пен сәулет өнері дамыды. Түрік-ислам синтезінің нақты жемісі - Қожа Ахмет Иссауи атымен байланысты мұсылмандық мистицизмнің, түркілік дәстүр және оның бастауында тұрған ұлы ақын Жүсіп Баласағұнның классикалық түркі тілді әдебиеті болды.
Қалалық мәдениет пен отырықшылық өмір салты кең дами түсті. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өлкесінде қалалар саны өсіп, Іле аумағында жаңа отырықшы-қалалық мәдениет ауданы пайда болып, ол Орталық Қазақстан аумағына дейін созыла түсті.
Орталық Азия далаларынан шыққан түркілер Таяу Шығыс елдерінде ислам шекарасын сыртқы жаулардан қорғаушыларға айналды. Олар билеушілер мен қолбасшылық дәрежеге дейін өсе отырып, өздері басқарған мұсылман елдерінің эканомикалық және мәдени өсуіне оң ықпал етті.
Түркі қағанаттарының келесі бір алып көршісі болған Қытай мемлекетімен мәдени байланыстары туралы зерттеулер аса күрделі проблемалар қатарына жатады. Қытай тарихы мен мәдениетінің мәселелеріне сәйкес проблемалар төңірегінде көтерілгендіктен, қытай мәдениетінің ықпалы мен түркілердің мәдени әсерлері туралы мәселе кеңестік тарихнамада кеңірек зерттелгенін көреміз. Кеңестік тарихнамада ресми қытай тарихнамасының бұл мәселелерді талдаудағы өзіндік ерекшелігі ашып көрсетіліп, оның кемшіліктері нақты талданған. Бірақ түркі мәдениетінің ықпалы жайлы мәселеде, кеңестік тарихнама мәдени байланыстар теориясының мәдени алмасу, еліктеу, мәдени диффузия, миграция сияқты факторларға қалыптасқан теріс көзқарас негізінде бір жақты пікір қалыптастырды. Кеңестік тарих ғылымы аталған халықтар арасындағы мәдени байланыстар туралы тамаша материалдар беретін деректер тобын (жазба, археологиялық, нумизматикалық және т.б.) ғылыми айналымға енгізгенімен, оларды мәдени әсерлесу факторы тұрғысынан талдауда қалыптасқан стереотиптерден арыла алмады, мәдени байланыстар мәселесі бір жақты тұрғыдан, өркениеті Қытай мәдениетінің әсері тұрғысынан ғана қойылды.
Өткен кезеңнің тарихи зерттеулерінің тамаша жетістіктерін жоққа шығаруға болмайды. Кеңестік тарих ғылымының мектебіне тарихнамада өзінің лайықты бағасын беруіміз керек. Дегенмен бұл мектептің жетістіктерімен қатар, кемшіліктерін де ескере отырып, жалпы түркі мәдениетінің әлемдік мәдениет қорына қосқан үлесін де нақтылайтын зерттеулер жүргізу қажет.
Сондықтан ең алдымен түркілердің төл мәдениеті туралы жан-жақты ғылыми негізделген зерттеу жұмыстары жазылуы керек. Бұл еңбектер жалпы тарих ғылымындағы көшпелілер мен олардың мәдениеті туралы ортақ бағаны өзгертуі тиіс.
Жалпы алғанда, кеңестік кезеңде, әсіресе орыс зерттеушілері аталған мәселеде көшпелілер мәдениетінің ешқандай да кемшін мәдениет еместігі, керісінше олардың әлемдік мәдениет қазынасына қосқан үлестері лайықты түрде бағаланды. Көріп отырғанымыздай аталған жетістіктеріне қарамастан орыс тарихнамасы да бір жақтылыққа бой алдырды. Мұның себебі XVІІІ-XІX ғасырларда қалыптасқан орыс тарихнамасының жалпы бағыттары мен сипаттарына байланысты болса керек. О. Сүлейменовтың сөзімен айтсақ империялық статус алған тұста пайда болып, қалыптасқан орыс ғылымы тек орыс халқының ғана мүддесін көздеді. Кейін бұл мүдде кеңестік тоталитарлық жүйемен ұштасып кетті. Орыс халқының басқа халықтарға “ағалық” рөлі туралы идеяны басшылыққа ала отырып, кеңестік тарихшылар мәдени дамуы жағынан жоғары деңгейде тұрған орыс халқының басқа халықтарға, соның ішінде түркі халықтарына да тигізген жағымды әсерлерін тарихи тұрғыдан негіздеп, бұл процестің негіздерін соншалықты ерте кезеңдерден бастау алатынын негіздеуге ұмтылды.
XVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс тарихындағы көшпелілер проблемасын алғаш көтерген авторлар көшпелілердің шапқыншылықтары, оның Руске тигізген аса ауыр қасіреттері туралы жазды. Осыдан келіп басты назар Русь пен көшпелілер арасындағы мәңгілік күрес пен Рустің Еуропаны құтқарып қалушы рөлі туралы мәселеге аударылды. Кеңестік тарихнама өкілдері 20-30 жылдары дәстүрлі, тұрақты тұжырымға айналған бұл пікірге де күмәнмен қарай бастады. Көшпелілердің тек қана қиратушылар ғана емес, сондай-ақ біршама жоғарғы мәдениет өкілдері ретіндегі өркениетті рөлі туралы пікірлер айтыла бастады. Алайда бұл еңбектер “көшпелілерің мәдени деңгейі мен славяндарға тигізген мәдени ықпалын асыра сілтеп көрсеткен” еңбектер ретінде бағаланды. Бұдан кейін жарық көрген еңбектер көшпелілердің басқа халықтрға тигізген мәдени ықпалы емес, олардың мәдени деңгейі туралы мәселеге де күдікпен қарады.
Кейінгі орыс тарихнамасының өкілдері де осы бағыттың жақтаушылары екендігін көреміз. Алып Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін ұлы орыс ұлты және оның басқа халықтарға “ағалық” рөлі туралы тұжырымдар да дағдарысқа түсті. Осы кездегі қоғамдық және саяси өмірде басталған өзгерістер орыс тарихшыларына да өткенге қайта көз тастап, орыс халқының тарихи тағдыры мен тарихи миссиясын әлемдік тарих деңгейінде қайта саралауды қолға алды. Орыс халқының тарихы мен мәдениеті туралы зерттеулер жүргізуде олар қазақстандық тарихшылармен салыстырғанда тарихты саясат пен өз мүдделері үшін пайдалануда көш ілгері кетті. Олар орыс тарихнамасындағы славянофилдер және тағы басқа ғылыми мектептер мен ағымдардың “орыс идеясын” жалғастырды.
Бүгінгі таңда көшпелі түркі халықтарының мәдениеті мен мәдени байланыстары, оладың әлемдік мәдениет қазынасына қосқан үлестері туралы тың тұжырымдар жасалуда. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары одан әрі жүргізіле бармек. Бірақ, аталған мәселедегі тарихнамалық ойдың жеткен жетістіктері, жаңа тұжырымдары тек қазақстандық ғалымдар мойындаған ғана шыңдық ретінде қалып қоймауы тиіс. Сондықтан аталған мәселені зерттеудің егемен елеміздің болашақ даму стратегиясы мен әлемдік тарихтағы ролін анықтаудағы маңызын ескере отырып, қазақстандық зерттеуші ғалымдар мәселені жан-жақты зерттеп, жалпы тарихи ой үрдісінің дамуына ықпал жасауға тиіс.