3 Билет
Амандасу салты
Әр халықтың амандасу салты әр түрлі. Мысалы, славян халықтары бір-біріне қол беріп амандасса, жапон, қытай үнді халықтары қос қолын бірлестіріп, маңдайына тигізіп тағзым ету арқылы амандасады. Ал мұсылман халықтарында ертеде оң қолын жүрегінің басына апарып тағзым ету арқылы амандасу салты болған.
Көп жыл бойына көріспеген құрдас, ағайын-туыс адамдар қауышып амандасады.
Халқымызда алыстан келген ағайынға жиналып келіп амандасу, немесе алыс сапарға кетіп бара жатқан адамға жиналып барып «жол болсын!» деп тілек айту дәстүрі бар.
Ұлтық тәрбиесі әліппесі сәлемдесуден басталады. Салям – салям ( салам) арабша – мұсылманның « ассаляму лейкум» ( саған тыныштық тілеймін) деген сәлемінен шыққан тыныштық пен сәттілік тілегі. Бұған алейкум ас-салям ( сізге де тыныштық тілеймін), немесе бұдан да толығырақ « ва алейкум ас-салям рахмат-уллахи ва баракатуху ( сізге де тыныштық болсын Алланың рахымы түсіп, береке берсін) деп жауап қайтару қажет. Қазір сәлемдесудің түрлері көп, бірақ « Ассалаумағалейкум!» -ге жетері жоқ. Әкеміз: « Үлкен кісіні көрсең, оны танысаң да, танымасаң да алдымен сәлем бер», -деп отыратын. «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бергенде үлкен кісілердің жүздері жарқырап: « Шырағым, кімнің баласысың?» деп сұрар еді. Халықтық педагогика: « Болар елдің баласын сәнінен емес, сәлемінен танимын?», « Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені, Шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені», « Сәлемің түзу болмай, ісің түзу болмайды», « Сәлем бермеу мен сәлемді алмау – күнәнің ауры» деп, атан түйеге татитын аталы сөздерін еске салып отырған. Сәлем, сәлем беру – қазақ халқының адамгершілігі мен ұлттық тәлім – тәрбиесінің, кісілік мінез – құлқының әліпбиі. Қазақ кісіні сәлеміне қарап таныған. Дұрыс сәлемдесу болмаған жерде, айтарлық нәтиже де бола қоймайды. 347-хадис.Сәлем – Алланың жердегі есімдерінің бірі,- дейді. 655-хадис. Сәлем беріп кірмеген адаммен қарым – қатынас жасама,-дейді. « Сөздің саласын табу қиын емес, Анасын табу қиын», - деген жүз жасаған Жамбыл атамыз. « Сәлем – сөздің анасы», дейді аталарымыз. Ендеше адамдық кейпімізді кемітпеуді осы бастан үйренейік, балалар!
4 Билет
Ата-бабамыздың келе жатқан игі дәстүрлерінің бірі – қонақжайлық. Қандай жағдайда да «құдайы қонақпын» деп келген адамды кеудесінен итермей, жылы шыраймен қарсы алып, «қолдағы барымен» дегендей шамасы келгенше сый-құрметін көрсетіп аттандыру - әркімнің парызы сияқты болатын. Қонақ болу үшін оның таныс болуы шарт емес. Әрбір жолаушы кез-келген қазақ үйінде қонақ асын «бөлінбеген еншім» деп талап етуге ерікті болған.
Бұл сөздің шығу тегін халық аңызы Алаша ханның атымен байланыстырады. Қартайғанда шағында Алаша хан бар мал-мүлкін теңдей төрт бөлікке бөліп, үш бөлікті үш баласы – Ұлы, Орта, Кіші жүзге беріп, төртінші бөлікті қонақ сыбағасы болсын деп, үшеуінің ортақ меншігіне қалдырады.
Қазақ «қырықтың бірі - қыдыр» дейді. Бұл қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса екіншісінен құт келеді деп есептегендіктен болса керек. «Қонақты қуа берсең, құт қашады» деу де содан.
Қазақ халқы қонақ күтуді де, қонақ болып қыдыруды да қызық көрген. Сондықтан халық мәтелі: «Асың барда ел таны – беріп жүріп, атың барда жер таны – желіп жүріп» деп, ер азаматқа үйінде отыра бермей , ел көр, жер көр, көппен аралас деп кеңес бергендей сыңай танытады.
Қазақ халқының дәстүрлі өз ұлттық тағамдары бар. Олар — қазақша ет, қуырдақ, шелпек, бауырсақ, қымыз, шұбат, айран, сүзбе, ірімшік, құрт, тағы басқалар.
Ет тағамдарының өз атаулары бар. Олар — қазы, қарта, жал, жая, шұжық, т.б.
Қазы — жылқының қабырғаларындағы еттер, қарта — жылқының семіз, жуан шегі, жал — жылқының мойын етінің семіз бөлігі, шұжық — жылқы,сиыр еттерінен жасалған шұжық (колбаса). Қуырдақ — көбінесе қойдың, сиырдың еттерінен немесе шек-қарын, өкпе-бауырдан майға қуырылыпжасалатын тағам.
Сүт тағамдарының да өз атаулары бар. Қымыз — бие сүтінен, шұбат — түйе сүтінен, айран — ашыған сүттен, ірімшік — ашыған сүтті қайнатуарқылы жасалады. Құрт — ірімшіктен жасалады.
Нан тағамдарына шелпек, бауырсақ, таба нан, таңдыр нан, күлше жатады. Шелпек — майға қуырылған жұқа дөңгелек нан, бауырсақ — ашытылғанқамырдан кішкене бөлшектерге бөлініп, майға қуырылады, таба нан — табада піскен нан. Талқан — қуырылған бидайдың немесе тарының үгіндісі, жент- талқаннан сары май, қант, изюм қосылып жасалады.
